Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Тіл, әдебиет білгірі

27 наурыз 2016, Жексенбі
Тараз қаласы, Ю. Гагарин атындағы
№29 орта мектебі пән мұғалімі:
Бекназарова Жарқынай

Тіл, әдебиет білгірі
Мақсаты: Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиет пәнінен осы кезге дейін өтілген материалдарды меңгеруін, білім деңгейін тексеру.
Міндеттері: 1) оқушылардың білім – білік дағдыларын қалыптастыру;
2) ана тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу, көркем әдебиетті сүйіп оқуға, ізденімпаздыққа баулу;
3) оқулық пен қосымша материалдар деректерін пайдаланып, ғылыми – танымдық әрекеттерін жетілдіру.

Көрнекілігі: слайд,
Пәнаралық байланыс: ауыз әдебиеті, өнер, халық педагогикасы.
Барысы: 1. Ұйымдастыру.
1) алдын – ала тағайындалған топтарды шақыру.
2) әділқазылар алқасын сайлау.

Қымбатты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі 8 - сынып оқушыларымен өткізілгелі отырған «Тіл, әдебиет білгірі» атты сайысқа қош келдіңіздер!
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден – ақ бағдарлап, сөз өнерін барлық өнердің басы санаған. Сөз өнері – халық даналығының жемісі. Әдебиет – халқымыздың рухани өмірінің айнасы, ана тіліміздің өміршеңдігінің, ұлттығымыздың, халықтығымыздың белгісі. Олай болса, бүгінгі сайыс барысында осы қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша оқушыларымыздың ой – өрісін, білімдерін, ақылы мен ептілігін сарапқа салатын боламыз.
Топтарды таныстыру.
Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса, озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден – жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол – еңбектену, жалықпау.
Ендеше, ортамызға қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша ерінбей еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүретін алғыр оқушыларымызды шақырамыз.
«Білгірлер» тобының мүшелері: 8 «Б» сынып оқушылары.
«Алғырлар» тобының мүшелері: 8 «Ә» сынып оқушылары.

Әділқазы, ақ қазыға сәлем бер,
Әділдікке бас иеді күллі әлем.
Жүйрік озар, сайыстарда неше бір
Сарапқа сал, әділдікпен шеше біл, – дей келе, сайысымызды бағалайтын әділқазылар алқасымен танысыңыздар.
(Әділқазы алқасымен таныстыру)

Бүгінгі сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейін:
І. «Бәйге» кезеңі
ІІ. «Кейіпкерлер әлемі» кезеңі
ІІІ. «Салт – дәстүрлер» кезеңі
ІҮ. «Жорға» кезеңі
Ү. «Сұрақ - жауап» кезеңі
ҮІ. «Тапқырлық» кезеңі
ҮІІ. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кезеңі ( ситуациялық сұрақ)
ҮІІІ. «Ойтоғау» кезеңі ( эссе жазу)

І. «Бәйге» кезеңі

Білім деген – биік шың,
Бақытқа сені жеткізер.
Білім деген – ақылшың,
Қиындықтан өткізер, – деп сайысымыздың алғашқы «Бәйге» кезеңін бастаймыз. Бұл кезеңде сіздерге қазақ тілі пәні бойынша 10 сұрақ және әр дұрыс жауапқа 5 ұпайдан беріледі. Жауап бере алмаған жағдайда келесі топ қолдарындағы қызыл белгісін көтеріп жауап беріп, 5 ұпайды иеленуге болады.

«Білгірлер» тобына:
1. Қазақ тіліндегі тыйым салуға қатысты сөздер қай терминге жатады? (табу)
2. «Компьютер» сөзін оңаша түрде тәуелдеңіз.
3. Жұрнақтың түрін ата. (сөз тудырушы, сөз түрлендіруші)
4. «Көкпеңбек», «аппақ» сөздері күрделі сөздің қай түрі? (қос сөздер)
5. Есімше қалай жасалады? (- ған, - ген – қан, - кен, - ар,- ер,- р,- ма+с,- атын,- етін,- йтін,- йтын, - мақ,- мек,- бақ,- бек,- пақ,- пек жұрнақтары арқылы)
6. «Біздің мектеп» байланысудың қай түрі? (матасу)
7. «Ақ көйлек» тіркесі қандай тәсіл арқылы байланысқан? (орын тәртібі)
8. Қашан? Қалай? Қайтіп? Не үшін? деген сұрақтар қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (пысықтауыш)
9. «Ат», «от» сөздері қандай буынды сөздер? (тұйық буын)
10. да, де, та, әрі, және, мен шылаулары арқылы байланысатын салалас құрмаласты ата. (ыңғайлас салалас)

«Алғырлар» тобына:
1. Тілімізде сыпайы сөйлеу қалай аталады? (эвфемизм)
2. «Ұстаз» сөзін жіктеңіз.
3. Жалғау түрлерін атаңыз. (көптік, септік, жіктік, тәуелдік)
4. «Әкел», «апар» сөздері күрделі сөздің қай түрі? (біріккен)
5. Көсемше қалай жасалады?( - а,- е,- й,- ып,- іп,- п,- ғалы,- гелі,- қалы,- келі жұрнақтары арқылы)
6. «Жаңа мектеп» байланысудың қай түрі? (қабысу)
7. Бұл – кітап. Қандай тәсіл арқылы байланысқан? (интонация арқылы)
8. Қандай? Қай? Қанша? Неше? деген сұрақтар қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (анықтауыш)
9. «Апа», «аға» сөздері қандай буын? Ашық буын)
10. не, не болмаса, немесе, я болмаса, яки, өйтпесе, әлде, әйтпесе жалғаулықтары арқылы байланысатын салалас. (талғаулы салалас)

ІІ. «Кейіпкерлер әлемі» – бұл кезеңде біз өзіміз оқыған шығармалардағы кейіпкерлердің сөздерінен үзінді беріледі. Шығарманың аты мен сол кейіпкерді табасыздар. Ұпай саны 10 ұпайдан.

«Білгірлер» тобына:
1. – Биыл оның жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол – аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала – бозбаланың қалпына бейімделген. Бірақ әлі сол мүсінде, үлкендік жоқ.
Кімнің, қандай шығармасындағы қандай кейіпкердің портреті?
(М. Әуезов «Абай жолы» романы, Абайдың портреті)

«Алғырлар» тобына:
Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шақпақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап көзқарасы, бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей - жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай.
Кімнің, қандай шығармасындағы қандай кейіпкердің портреті?
(М. Жұмабаев, «Батыр Баян» қалмақ қызының портреті)

«Білгірлер» тобына:
3. – Атам маған кітаптағы араб әріптерін көрсете бастайды. Айтуға бір оңайы болса игі, бірінен – бірі өткен қиын. Бұл кітап – Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап ден қоюмен өткен Әуез оның өлеңдерін кітап қып көшіріп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады.
Кімнің сөзі? (М. Әуезов «Менің өмірбаяным»)

«Алғырлар» тобына:
2. – Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жапа бір кезде осы тауларда көшіп – қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде қақаған қыстың боранды күнінде туыппын.
Қай ақынның сөзі? ( Ж. Жабаев «Менің өмірім»)

«Білгірлер» тобына:
«... Екі қан ауыр болар бір өзіңе,
Сүйсінбе бұл рақымсыз мінезіңе.
Айырған екі асықты оңа ма екен,
Деп тұрсың алғыс айтар кім өзіңе?
Тілегім келді орнына, арманым жоқ,
Артында (сүйгенімнің) қалғаным жоқ.
Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,
Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ.»
Қай шығармадағы кімнің сөзі?
(Ш. Құдайбердіұлы, «Қалқаман - Мамыр» Мамырдың соңғы сөзі)
«Алғырлар» тобына:
«Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу жоқшылық бір құлатты. Аямас дұшпан соққы жазасы әпкетті, міне – бар дәрменімді... Нем қалды?...» «Кегім... кегім кетті!..» Қай шығармадағы кімнің сөзі?
(М. Әуезов, «Қараш - қараш оқиғасы повесті» Тектіғұлдың соңғы сөзі)

ІІІ. «Салт – дәстүрлер»
– бұл кезеңде өздеріңіз оқыған шығармадан үзінділер беріледі. Сіздер сол шығарманың атын және ол жерде айтылған қазақ халқының салт - дәстүрін табасыздар. Әр дұрыс жауап 5 ұпай әкеледі.
«Білгірлер» тобына:
1. – Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, тоғызыншы ұлым бір төбе. Кенжекейің тоғызыншы ұлымдікі болсын, - деп бай тоғыз қызға қандай салт - дәстүрдің түрін жасап келіпті.
Қай ертегіден алынған? Қандай дәстүр бар? («Ер Төстік» ертегісі, құда түсу)

«Алғырлар» тобына:
2. – Мен айыптымын, менен бір қателік болды, шайтанның азғырғанына ердім. Оған себеп – мына уәзірлер. Бұлар енді я саған, я маған бір қатер қылар. Сен енді іргеңді көтер, бөтен елге көш деп, – хан өзінің досына разы болып, бірнеше түйеге асыл заттар арттырып, мал беріп, досын Ақша ханның еліне көшіріп салады.
Қай ертегіден алынған? Қандай дәстүр бар?
(«Аяз би» ертегісі, енші беру)

«Білгірлер» тобына:
Сұм ажал бүгін жылатты,
Құрығын салып құлатты,
Бектердің бегін сұлатты,
Қыршын да ғұмыр қырқылды – ау.
Ажал жұтып алғаны,
Жауыз жайлап барады,
Жақсының өшіп жанары,
Дүние азып барады.
Қай дастаннан алынған? Қандай дәстүр бар?
(«Алып Ер Тоңа» дастаны, жоқтау)

«Алғырлар» тобына:
Тұла бойың ұяр - ар едің,
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, кәріге кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?!
Қай шығармадан алынған? Қандай дәстүр бар?
(А. Құнанбайұлы «Әбдірахман өлгенде», жоқтау)

ІҮ. Олай болса, «Жорға» кезеңіне өтсек.
Бұл кезеңде бізде әдебиет теориясы бойынша сұрақтар беріледі. Әр сұраққа жауап 5 ұпай әкеледі.
1. Көркем әдебиетте адамның сырт бітімін, кескін - кейпін, жүріс - тұрысын суреттеуді не деп атайды? (Портрет)
2. Табиғат құбылыстарын жандандырып, кісі кейпінде суреттеу тәсілін не деп атайды? (Кейіптеу)
3. Затты не құбылысты кішірейте суреттейтін көркемдік құрал не деп аталады? (Литота)
4. Көркем әдебиеттегі табиғат көрінісін суреттеу не деп аталады? (Пейзаж)

Ү. «Сұрақ - жауап» кезеңі – бұл кезеңде туыстық қатынас, ұлттық мейрамдар, ойындар туралы сұрақтар қойылады.
Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай. Жауап жоқ болса «келесі» деген сөзді айтып, келесі сұрақты тыңдау керек, уақыт 1 минут
«Білгірлер» тобына:
1. Нағашы деген кім?
2. Наурыз көже деген не, қай кезде беріледі?
3. Ұлттық киімдерді ата.
4. «Бет ашар» туралы не білесің?
5. Тұсау кесу деген не?
6. «Асық» қалай ойналады?

«Алғырлар» тобына:
1. Жиен деген кім?
2. Айттық деген не, қай кезде беріледі?
3. Ұлттық тағамдарды ата.
4. Шілдехана деген не?
5. Сырға салу деген не?
6. «Алтыбақан» қалай ойналады?

ҮІ. «Тапқырлық» кезеңі.
Берілген мақалдарды жалғастыру. Дұрыс жауап - 5 ұпай.
«Білгірлер» тобына:
1. Тіл жарады, тас жармаса........... (бас жарады)
2. Бал тамған тілден.........( у тамған)
3. Тау, тасты жел бұзар, адамзатты..........(сөз бұзар)
4. Жақсы сөз............(жарым ырыс)
5. Шебердің қолы ортақ, шешеннің.........(сөзі ортақ)
«Алғырлар» тобына:
1. Бас кеспек болса да,..........(тіл кеспек жоқ)
2. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі.............(ой өсіреді)
3. Ең ащы да тіл, ең..............(тәтті де тіл)
4. Жылы - жылы сөйлесең, жылан............(інінен шығады)
5. Тілге құрмет,.......(елге құрмет)

ҮІІ. «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
кезеңіне де жеттік, бұл кезеңде ситуациялық сұрақтар яғни жағдаяттар беріледі. Бір топ ақтаса, бір топ даттайды. Бұл жерде сіздердің ой - пікірлеріңізді білеміз. Кезеңнің аты айтып тұрғандай, өз ойларыңызды қаншалықты дәрежеде ашып жеткізе алатындарыңызды, шешендіктеріңізді көрсете алуларыңыз керек. Ұпай саны – 10
«Білгірлер» тобына:
Сабақ үстінде оқушы партаға жазу жазып отырды. Мұғалім оған ескерту жасады, бірақ оқушы жазуын бұдан кейін де жалғастыра берді. Оқушы мәдениеті туралы не айтуға болады? Әр топ өз қөзқарастарын қорғайды.
Даттаушы топ (Білгірлер): Оқушының сабақ үстінде партаға сызуы дұрыс емес, қоғам мүлкін бүлдіруге болмайды, оқушы мәдениетінің төмендігін көрсетеді.
Ақтаушы топ (Алғырлар): Оқушының сабаққа қызығушылығы жоқ, мұғалімнің сабақ өтуі оған ұнамайды, сондықтан оның іші пысып отырғандықтан солай істейді.
Даттаушы топ (Білгірлер):
Ақтаушы топ (Алғырлар):
«Алғырлар» тобына:
Оқушы анасынан би кешіне баруға рұқсат сұрады. Ол бұл жайында достарына алдын – ала уәде беріп қойды. Анасы баласына рұқсат бермеді. Ана мен бала арасында ренжісу, сөз алысу болды. Оқушы мәдениеті жайында не айтуға болады? Әр топ өз қөзқарастарын қорғайды.
Даттаушы топ(Алғырлар): Оқушы анасының айтқанын істеуі керек, анасымен сөз алысуы дұрыс емес, ана баласына ешқашан зиян ойламайды, бұл тәрбиесіздік, мәдениетсіздікті көрсетеді.
Ақтаушы топ (Білгірлер): Оқушы достарымен уәделесіп қойған, егер ол уәдесін орындамаса, достар арасында бір - біріне сенімсіздік туады, оқушы ыңғайсызданады. Сол үшін анасымен сөзге келді, онда тұрған ештеңе жоқ, бәрібір анасы кешіреді.
Даттаушы топ(Алғырлар):
Ақтаушы топ (Білгірлер):

ҮІІІ. «Ойтоғау» кезеңі
Қазір сіздерге «Наурыз – жаңару мерекесі» деген тақырыпқа эссе немесе өлең жазу тапсырылады. Дайындыққа 3 минут уақыт беріледі.

Қорытынды. Осымен сайысымыздың барлық кезеңдерін де аяқтадық.
Болмасын ешбір сын – өкпе,
Әсері қалды жүректе.
Қазылар берген бағалар,
Ұштассын айтар тілекке!
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан топты анықтасақ.
Әділқазы алқаларына сөз
1.
2.
Демеңіз біз өнерді аяп келді,
Уақыт біраз жерге таяп қалды.
Көріскенше сау болып тұрыңыздар,
Осымен сайысымыз аяқталды!
4 151
0
  • 20
1 дауыс


Жаңалықтар
Әдебиет көшбасшысы зияткерлік сайысы
Әдебиет көшбасшысы зияткерлік сайысы
Оқушылардың білім - білік дағдыларын қалыптастыру, әдебиет пәніне қызығу - шылығын арттыру Ана тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу, ізденімпаздыққа баулу.
Әдебиет және өнер
Әдебиет және өнер
Әдебиет және өнер (слайд)
Тіл сайысы
Тіл сайысы
Қазақ тілі пәнінен өтілген материалдарды меңгеруін, білім деңгейін тексеру. Оқушылардың білім - білік дағдыларын қалыптастыру
Тіл білгірі
Тіл білгірі
Қазақ тілінде ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын әдебиет пәнімен ұштастыра отырып қалыптастыру арқылы өз тілін, туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Әдебиет шыңына апаратын соқпақ (Халық ауыз әдебиеті)
Әдебиет шыңына апаратын соқпақ (Халық ауыз әдебиеті)
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Аманкелді жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сүлейменова Алтынай Өміртайқызы
Әдебиет көшбасшысы (зияткерлік сайыс)
Әдебиет көшбасшысы (зияткерлік сайыс)
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы № 6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жолдасова Айкенже Жалмағанбетқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×