Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Септік жалғау

07 қаңтар 2013, Дүйсенбі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы,
М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Полатова Айнұр Мүслімбекқызы

Сабақтың тақырыбы: Септік жалғау.
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік: Септік жалғаулары туралы алған теориялық білімдерін оқушы есінде қайта жаңғырту, тереңдете түсу.
2.Тәрбиелік: Ұлтымыздың салт-дәстүрін бағалап, дәріптеуге тәрбиелеу.
3.Дамытушылық: Өткен сабақтардан алған білімдерін қайталауға арналған әр түрлі жаттығулар арқылы балаларды тез ойланып, жауаптарын тиянақты, жүйелі айта алуға дағдыландыру. Мәнерлеп оқуға баулу.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілі: сұрақ-жауап, тақтамен, үлестірмелі кеспе қағаздармен , мәтінмен ауызша, жазбаша жұмыстары.
Сабақтың көрнекілігі: лингвистикалық кесте.
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті, халықтық педагогика
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: 1.Оқушылармен сәлемдесу
2.Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру
3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару
II. Үй тапсырмасын тексеру:
1. 40 жаттығу
2. Тәуелдік жалғау

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру:
1. Тақтаға жазылған сөйлемдер арқылы түсіндіру.
Инженердің жаңа жоспарынан біздерге тиетін көмек өте көп
Атау ------ кім? не? ---- бала шеге
Ілік ------- кімнің? ненің? ----- баланың ----- шегенің
Барыс --- кімге? неге? -------- балаға--------- шегеге
Табыс -----кімді? нені? -------- баланы --------шегені
Жатыс ---- кімді? неде? ------- балада --------шегеде
Шығыс ---- кімнен? неден? --- баладан------ шегеден
Көмектес --- кіммен? немен? ---баламен --- шегемен

2. Теориялық білім беру.
Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің түрлену жүйесінің бірі – септік жалғауы. Септік жалғауы да тәуелдік, көптік жалғаулары сияқты сөз бен сөздің арасын байланыстырып, оларды өзара қарым-қатынасқа түсіріп тұратын категория. Септік жалғауының сөздерді байланыстыратын қасиеті мына түрде түсіндіріледі. «Инженердің жаңа жоспарынан біздерге тиетін көмек өте көп» деген сөйлемді тақтаға жазып, инженер сөзіндегі –дің, жоспар сөзіндегі –нан, біздер сөзіндегі –ге қосымшаларын сүртіп тастап, инженер... жаңа жоспары... біздер... тиетін көмек өте көп деген тіркесті қайта оқытып, оқушылардың өздеріне қандай өзгеріс барын аңғарттырамыз. Сөйтіп, сөздердің қарым-қатынасқа түсе алмай, айтайын деген ойдың үйлесімсіз тұратынына оқушылардың көздерін жеткіземіз. Мұнан соң инженер, жоспар, біздер деген сөздердің қарым-қатынасқа түсіп тұрған тіркесін аңғартып, бұл үшін тіркестің өзара бір-бірімен септік жалғауының қосымшалары арқылы қарым-қатынасқа түсіп тұрғанын айтамыз.

Тақтаға ақ, қызыл бормен септік жалғауының аттары мен сұрақтарын жазып, әрбір септіктердің өздеріне тән арнаулы сұрақтары, қосымшаларының бары айтылады. Бұл жұмыс былайша орындалуға тиіс: тақтаға 7 септіктің атаулары бірінен соң бірі ақ бормен рет-ретімен баған ретінде тізіліп жазылады да, оқушыларды қатыстыра отырып «Тілімізде неше септік жалғауы барын көріп отырсыңдар?» деген сұраққа жауап аламыз. Осылайша оқушылардың назарын аударған соң, тақтадағы септіктердің қатарына қызыл бормен әрқайсысының сұрақтарын жазамыз. Ол сұрақтардың кім? не? деген негізгі түбірден өрбігенін аңғартып, әр септіктің өздеріне тән арнаулы қосымшалары барын, ол қосымшалардың кім? не? Жалғанып тұрған жалғаулар арқылы түрленетіні түсіндіреміз де, әр септіктің тұсындағы кім? не? Сұрағына қосылып тұрған септік қосымшаларының астын сызып көрсетеміз. Сонымен қатар әр септіктің білдіретін мағынасына да тоқталып өткен жөн.

Атау септік. Атау септігі сырт тұлғасы жағынан да зат есімнің түбірі тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе де, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар, олармен тепе-тең, бірақ нольдік формалы септік жүйесінің бір түрі болып табылады. Атау септігі белгілі бір заттарды атап көрсетеді, сондықтан атау септігіне қойылатын сұрақтар кім? не? деген жалғаусыз формада жұмсалады.

1. Ілік септік. Ілік септігіндегі сөз үнемі тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысты болады. Ілік септіктің білдіретін басты мағынасы – грамматикалық меншіктілік, иелікті, меншіктілік-қатыстықты көрсету. Ілік септігі кімнің? ненің? қай? деген сұрақтарға жауап болады. Ілік септігінің қосымшалары ашық та, жасырын да қолданылатыны өзара салыстырыла әңгімеленуі керек. Мысалы: мектептің маңы – мектеп маңы, есіктің тұтқасы – есік тұтқасы.

Барыс септік. Барыс септігінің де өзіндік ерекшелігі бар. Барыс септігі сөз бен сөзді байланыстырып, мекенді, бағытты, мақсатты, мезгілдік ұғымдарды білдіреді. Барыс септігінің сұрағы мен қосымшаларын түсіндірген соң, дейін, шейін, тарта, қарай, жуық сияқты шылау сөздер өзінің негізгі сөздердің үнемі барыс септікте тұруын керек ететіні аңғартылады. Мысалы: үйге дейін.

1. Табыс септік. Табыс септігі зат пен қимылды ұштастырып, өзара байланыстырып тұрады. Табыс септігі қимылдық ұғымды білдіретін кейбір етістіктердің лексикалық мағыналарымен тікелей байланысты болып, олармен табиғи жағынан да қарым-қатынаста келеді. Мысалы, «Тақтаны сулы шүберекпен сүрту керек» деген сөйлемді тақтаға жазып, сүрту керек деген тіркестің баяндауыш екенін, оған нені? деген сұрақтың тікелей қойылатыны аңғартылады.

Демек, сүрту керек деген сөз тіркесі тақтаны деген сөздің табыс септікте тұруын қалайтыны ескертіледі.
Жатыс септік. Жатыс септіктегі сөздер де етістіктен болған сөйлем мүшелерімен байланысып, мекендік, мезгілдік мағыналарды білдіреді. Мысалы: ол мектепте болды.
Шығыс септік. Шығыс септігі – септік жалғауларының ішіндегі оңай меңгерілетін категориясының бірі. Шығыс септіктегі сөздер де етістікпен байланысып, қимылдың болған орнын, мезгілін, себебін, нәрсенің неден істелетінін білдіреді. Мысалы: Олар Мәскеуден келді. Шығыс септігіндегі сөздердің мағынасы мен сөйлемдегі қызметі төмендегі мысалдар арқылы түсіндіріледі:

1. Ғарышкерлер Байқоңырдан (қайдан?) ұшырылады.
2. Еңбек сабағында пластилиннен (неден?) ат жасадық.
3. Асқарды алыстан жүрісінен (несінен?) таныдым.
4. асқардан (кімнен?) Омар жақсы оқиды.
Бірінші сөйлемдегі Байқоңырдан деген шығыс жалғаулы сөз қайдан? деген сұраққа жауап беріп, шыққан орынды білдіріп, екінші сөйлемдегі пластилиннен деген сөз неден? деген сұраққа жауап беріп, заттың неден істелгенін білдіріп, сөйлемде толықтауыш болып тұр.

Көмектес септік. Көмектес септік сөздер де етістіктен болған мүшемен байланысып, іс-әрекеттің құралын, тәсілін және амалын білдіреді. Демек, көмектес септігі бір заттың екінші бір затқа көмекшілік қызметінде жұмсалатынын білдіреді. Мысалы: Адам еңбегімен бағаланады. Көмектес септігінің –мен, -бен, -пен түрлері жиі қолданылады, ал –менен, -бенен, -пенен түрлері қазіргі тілімізде көп жұмсалмайды. Көмектес септіктің қосымшаларының басқа септіктерден бір ерекшелігі – олардың жуан варианты жоқ. Бұлардың түбірге үнемі жіңішке тұлғада жалғанып, буын үндестігіне бағынбайтыны, көмектес септіктің беретін мағыналары да, сөйлемдегі қызметі де түрліше болып келетіндігін сөйлем талдау арқылы түсіндірген ұтымды болады. Мысалы:

1. Еңбеккерлер трактормен (немен?) жер жыртады, комбайнмен (немен?) астық орады. Қасым жолдастарымен (кімдермен?) экскурсияға кетті. Біз баяндаманы ықыласпен (қалай?) тыңдадық.
Бұл сөйлемдердегі трактормен, комбайнмен деген сөздер немен деген сұраққа жауап беріп, істің нендей құралмен істелетінін білдіріп тұр. Сол сияқты жолдастарымен деген сөз кімдермен? Деген сұраққа жауап беріп, істің бірлестігін білдіріп тұр.
Сөйтіп, оқушыларға түсіндірген септік жалғауының түрін, сұрағын, мағынасын, қосымшаларын жинақтап, өздеріне бала, шеге деген екі сөзді ауызша септетіп, олардың жауабын ақ, қызыл бормен әр септіктің тұсына жазып тұру керек. Осындай жұмыстың нәтижесі тақтада мына түрде көрінуі тиіс:

1. Атау ------- кім? не? ------------- бала ------------ шеге
2. Ілік -------- кімнің? ненің? ---- баланың ------- шегенің
3. Барыс ----- кімге? неге? ------- балаға ---------- шегеге
4. Табыс ----- кімді? нені? -------- баланы -------- шегені
5. Жатыс ----- кімді? неде? ------- балада -------- шегеде
6. Шығыс -----кімнен? неден? --- баладан ------ шегеден
7. Көмектес --кіммен? немен? -- баламен ------ шегемен

Бұл көріністен жоғарыда айтылғандардан басқа бала, шеге сөздеріндегі септік жалғауларының дәл кім? не? сұрақтарындай түрленіп тұрғанын, буын үндестігіне байланысты қосымшалардың жуан, жіңішке түрлерге варианттанып тұрғанын айту қажет. Бұдан соң дыбыс үндестігіне байланысты да әр септіктің қосымшаларының түрлі вариантта келетінін мына кесте арқылы түсіндіреміз.

Септіктер ------------- Септіктердің жалғаулары
1. Атау ----------------- жоқ
2. Ілік ----------------- - ның, - нің, - дың, - дің, - тың, - тің
3. Бары--------------- - ға, - ге, - қа, - ке, - на, - не, - а, - е
4. Табыс ------------- - ды, - ді, - ты, - ті, - ны, - ні, - н
5. Жатыс-------------- - да, - де, - та,- те, - нда, - нде
6. Шығыc------------- - нан, - нен, - дан,- ден, - тан, -тен
7. Көмектес --------- - мен,- бен, - пен

Бұл көрнекі құралды жаңа материалды жинақтап қорыту ретінде пайдаланамыз. Септік жалғауының жалғанатын сөздерінің соңғы дыбыстарының әуеніне қарай түрліше болып келетіні осындағы жалғауларды көрсету арқылы түсіндіріліп, сөздердің осындай жалғаулар арқылы түрленуі септеу делінетіндігі тұжырымдалады.
Сонымен қатар мектеп бағдарламасында септеудің жай септеу мен тәуелді септеу деген түрлері кездеседі. Жай септеу деп жалғауларының тікелей зат есімдердің және басқа есім қызметін атқаратын сөздердің тура түрлеріне жалғануын, септелуін айтсақ, ал тәуелді септеу деп септік жалғауының зат есім немесе зат есім қызметін атқаратын басқа сөздердің тәуелді түрлеріне жалғануын айтамыз. Септік жалғауының жай септеу түрі мен тәуелді септеу түрін салыстырып оқытуға болады.

жай септеу --------- тәуелді септеу
1. қалам ------------- қаламым
2. қаламның ------- қаламымның
3. қаламға ---------- қаламыма
4. қаламды ----------- қаламымды
5. қаламда ------------қаламымда
6. қаламнан ----------қаламымнан
7. қаламмен ----------қаламыммен

IV. Жаңа сабақты бекіту.
Оқулықпен жұмыс
41-жаттығу (ауызша)
42-жаттығу (жазбаша)
Толқын
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқын мен толқын жарысад.
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын ептет ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп. (М.Жұмабаев)
43-жаттығу (ауызша)
44-жаттығу (ауызша)
45-жаттығу (жазбаша)
Төмендегі сөздерге барыс септігінің жалғауын жалғап көшіріңдер де, ол жалғаудың неліктен түрліше болғанын түсіндіріңдер.
(қайда?) қалаға
(кімге?) әкеме (Т.Ж І)
(кімге?) атасына (Т.Ж ІІІ)
(неге?) күрекке
(неге?) сағатқа
(неге?) үйге
(қайда?) інісіне (Т.Ж ІІІ)
(кімге?) апама (Т.Ж І)

46-жаттығу (жазбаша)
Көп нүктенің орнына қажетті септік жалғауын қойып жазып, қай септік екенін анықтаңдар.
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсына,
Жайраңдасып жас күлер құрбысына.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысына.
(Абай)
Үлестірмелі кеспе қағаздармен жұмыс.
1-кеспе қағазы. Берілген сөйлемді құрылысына, сөйлем мүшелеріне талдап, кездескен септік жалғауларының түрін ажырат.
Қазақ баласын ағаш бесікке салып асырайды.
2- кеспе қағазы. Сөйлемге морфологиялық талдау жаса.
Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналатын салт-дәстүрдің бірі – шілдехана.
3-кеспе қағазы. Сөйлемде кездесетін септік жалғауларының түрін ажыратып, асты сызылған сөзге фонетикалық талдау жаса.
Асық ойыны баланы ептілікке, мергендікке үйретеді.
(«Қазақ халқының салт-дәстүрлері»)
V. Үйге тапсырма беру:
1. Септік жалғау туралы түсінік
2. 47-48 жаттығу.

VІ . Оқушыларды бағалау.
117 744
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бастауыш сынып сабақ жоспарлары
Бастауыш сынып сабақ жоспарлары
Бастауыш сынып мұғалімі Кусикбаева Света
Зат есімнің септелуі
Зат есімнің септелуі
Атырау қаласы, Еркінқала орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмағалиева Нүргүл Қайыржанқызы
Шығыс септік
Шығыс септік
Қызылорда қаласы, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Умиралиева Молдир Балгабаевна
Зат есімнің септелуі
Зат есімнің септелуі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мирамкүл Жөлекеш
Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау
Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау
Оңтүстік Қазақстан облысы , Арыс ауданы, М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Дауысты дыбыстардың емлесі
Дауысты дыбыстардың емлесі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×