Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Алтайдың асқақ жыршысы

31 наурыз 2019, Жексенбі
Алтайдың асқақ жыршысы
Мақсаты: (1 - слайд) жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру, туған жерге деген мақтаныш сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, жазушының шығармалары арқылы адамгершілікке, жауапкершілікке, барлық жақсы қасиеттерге тәрбиелеу, әдеби кітап оқуға тарту.
Көрнекілігі: Кітап көрмесі, интерактивті тақта, суреттер, қанатты сөздер, слайдтар.

Барысы:
1 Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті көрермен қауым! (2 - слайд)
«Алтайдың асқақ жыршысы» атты Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған әдеби кешімізді бастаймыз. Мәңгілік ақ қар жамылған асқар шыңдары, ал етегінде ағысы асаудай тулап жатқан Бұқтырма өзені бар, қазақ Алтайының киелі топырағында дүниеге келіп, аса дарынды талантымен барша қауымды таңғалдырған, Қатонқарағай ауданының «Құрметті азаматы», Қазақ ССР Мемлекеттік Абай сыйлығының, Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, «Молодая гвардия», «Жалын» баспалары сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» орденінің иегері жерлес жазушымыз Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 75 жыл толып отыр.

Жазушы Д. Исабеков «Оралхан Бөкей... Осы бір есім қазақ әдебиетінде небәрі 25 - 26 жыл ғана өмір сүріпті. Сол аз ғана ғұмырдың ішінде ол туған әдебиетінің аспанында құс жолындай айқын із қалдырды» деп жазған еді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерінің қатарына қосылған, туған жері, Алтайының мөлдір тау бұлақтарындай бірден шөлді қандыратын туындылар қалдырып кеткен талант иесі, философ, публицист, драматург, Оралхан Бөкей өмірінен біраз сыр шертпекпіз.

Б. Өскенбаев
«Ауылым». Әнін жазған Т. Базарбаев. Өлеңін жазған Ж. Бейсеков
(3 - слайд) 2 жүргізуші: Қазақ халқы қастер тұтатын киелі есімдердің біріне айналған, шығармалар орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, венгр, араб, қытай т. б. көптеген халықтар тілдеріне аударылып шыққан сүлей суреткер Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде (4, 5, 6, 7, 8, 9 - слайд) Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Керемет дауысы бар әнші, өлең шығаратын қасиеті де болыпты. Отбасында жалғыз ұл Оралхан жөне Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия атты бес қыз болған. Оралхан дүниеге келгенде соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Орал қаласына еңбек майданына аттанған кез екен. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман - есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойыпты.

А. Искакова
«Туған ел» Әнін жазған М. Сағатов. Өлеңін жазған Н. Әлімқұлов
1 жүргізуші: (11 - слайд) О. Бөкей 1961 жылы Шыңғыстайдың Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектебін тамамдап, сонда пионер вожатый, кейін «Алтай» кеңшарында тракторшы болып еңбек еткен. Әдебиетке деген құштарлығы 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне алып келді. Сонда да ол өмірден қол үзбей, сырттай оқып, ауылдағы жұмысын жалғастырды. Университеттің екінші курсынан бастап аудандық газетке ауысты. 1968 жылы университетті тамамдап, өз өңіріндегі «Большенарым» ауданындағы «Еңбек туы» және Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде тілшілік қызметтер атқарды.(12 - слайд) Ара - тұра Алматыдағы «Лениншіл жас» газетіне мақала - очерктерін жіберіп тұрады. Қаламы жүйрік, ойлары отты, жалынды жасты газеттің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның қырағы көзі қалт жібермеді, Оралханды өзіне жұмысқа шақырды. Сөйтіп 25 жастағы жас журналист Оралхан Бөкей Алматыға келіп, «Лениншіл жас» кәзіргі «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. Публицистикаға даңғыл жол осылай ашылды.
Бұдан кейін 1974 - 1983 жылдары «ЖҰЛДЫЗ» журналының проза бөлімінде қызмет атқарды. 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1991 жылдың қазан айынан осы газеттің бас редакторы болып тағайындалды. (13, 14, 15 - слайд)
Оралхан Бөкей бүл газетте өзінің өшпес қолтаңбасын, қалдырған. Сол қолтаңба - өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа айдарлар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Мысалы, «Құмсағат» айдары үлкенді - кішілі оқиға, жаңалықтарға баға берер оқырман хаттарын жариялап тұрды. Сол арқылы белгілі бір кесімді уақыт аралығында не жоғалттық, не таптық деген сауалға жауап іздеді. «Сыр сандықты ашып қара» айдарының арамыздан ерте кеткен ақын - жазушылардың бұрын жарияланбаған шығармаларын, жазысқан хаттарын, естеліктерін жарыққа шығаруда уақыт уыты мен замана желі сарғайтқан қолжазбалар, көне фотосуреттерді іздеп тауып, оқырмандарға жеткізудегі маңызы зор болды.

Абдыкаримова Гүлнүр
«Тілдескен туған дала табиғатпен...»
Жаз шықса да сезіледі ызғар әлі,
Алтай да қабақ түйіп сызданады.
Қарағайлар көз тігед Алматыға,
Қайда жүр - деп Мұзтаудың мұзбалағы.
Қосылған аламанға бала кезден,
Сақта оны, деуші едік тіл мен көзден.
Қазағының пырағы, Құлагері,
Қара сөзі артық ед, өлең сөзден.
Пір тұтып жастайынан даналарды,
Үлгі етіп Шерхандайын ағаларды.
Тау баласы екенін мойындатып,
Тың сүрлеуге ол талай дара барды.
Тілдескен туған дала, табиғатпен,
Еліткен замандасын ақиқатпен.
Бұқтырмадай арынды, үлкен талант,
Келісіп қалай жатыр бақилықпен.
Оралмай өзі шыққан тұғырына,
Жем бермей өз қолымен кер бұғыға.
Өмірі сағынышын болса алмаған,
Бір келмей Шыңғыстайдай ауылына.
Сөз - өнерден арадай бал іздеген,
Тілдеспей қайда кетті Қар қызымен.
Аспан шал да тілейді көрісуді,
Аспан шал да тілейді көрісуді,
Бөкейдің тұлпар тұяқ жалғызымен.
Биігіне өнердің самғай барып,
Пенделікпен төменде тұрмай қалап.
Халқының жүрегіне орын алды,
Қазақтың үркеріне өзі айналып.

2 жүргізуші: Оралхан Бөкейдің мақалаларындағы еркіндік, ешкімге жалтақтамайтын турашылдық, батылдық, ол заман үшін үлкен жаңалық еді. Оның Қазақстан ғана емес Ресей қармағындағы қандастардың қамын ойлап, жоғын жоқтауы азаматтық тұлғасын айшықтай түсті. «Қазақ әдебиеті» газетінің Астрахань облысындағы күндерінен туған «Еділдің бойы ен тоғай» (Қ. Ә. 28. 12. 89) атты мақаласында: Астраханьді қоныстанған 140000 қазақтың әлі күнге дейін мәдени орталығы ұйымдаспағанын, қазақ тілінде БАҚ - ы жоқтығын айтқан.(16, 17 - слайд) Сондай - ақ Шалкиіз, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Құрманғазы сынды бүтін бір елдің маңдайындағы жарық жұлдыздары ескерусіз, елеусіз қалғанын; Қазақ халқы мен хандықтарының тарихы, архитектуралық мұрамыз - көне қалалар мен сарайлардың орны жып - жылмағайланып, жермен жексен күй кешіп жатқандығын; (18 - слайд) КСРО халық депутаттығына бірде - бір қазақ сайланбағанын ашып айтты. Бұл өз кезінде ешкімнің батылы барып қозғай бермейтін тақырып еді. Оралхан Бөкей публицистикасын парақтағанда оның ұлт тілінің шын жанашыры болғанын көреміз.
Тоқтамысов Еркебулан
О. Бөкейге арналған «Біртуар» атты өлеңі оқылады. Ақ бас Алтайдың ақ бұқақ Ақыны -
Кербұға секілді Қазақтың кербезі!
Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай Сезімі тәкәппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы;
Бұрыңғы Әулие. Кешегі Жыраулар жалғасы -
Сұнқардай шүйіліп,
Лашындай түйіліп,
Тұйғындай толғанған;
Тілегі Алашқа,
Жүрегі Алтайға айналған,
Қаламы ғарышпен сүйісіп,
Кіндігі Еліне байланған -
Оралхан!
Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,
Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.
Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған -
Көкірек көзінен аққудай сұңқылдап,
Еркіндік қырандай қомданған!
Әттең - ай!
Дүния - ай, не деген шолақсың?!
Найзағай отындай жарқ етіп Бес Күннен,
Жан аға, о, неге тым ерте көштің сен?!
Сендегі әр Сөзде - Қос Әлем шалықтап,
Құдайдың «дауысы» құпия естілгендей!
Жанардан сорғалап жалғанға жаңбыр - мұң,
Өкіндік өртеніп, өксік жеп опындық...
Қайтеік, Сұп - суық сызығы сызылса Тағдырдың...
Жан Аға! Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге
Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!
1 - жүргізуші. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген қаламгер оқырманын өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасымен таңғалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты тұңғыш повесттер мен әңгімелер жинағы ерекше үнімен оқырмандарды елең еткізді.
«Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған оқиғалар туралы естеліктерге толы, - деп жазды ол. - Менің жерлестерім - қазақтар, сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын.

Шығыс Қазақстан обылысы, Аягөз қаласы,
«№10 қазақ мектеп - гимназиясы»КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Шаншарбаева Алмагуль Жуматаевна
Алтайдың асқақ жыршысы жүктеу
5 967
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Оразақын Асқар өлеңдері
Оразақын Асқар өлеңдері
Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүниеге келген.
Кітап - ақылшы досың
Кітап - ақылшы досың
Кітаптың адам өміріндегі орны туралы түсінік беру. Кітапқа деген оқушылардың қызығушылықтарын арттыру, сөйлеу мәнерін дамыту, танымдық - ойлау қабілетін, зейінін дамыту.
О. Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі Тортай бейнесі
О. Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі Тортай бейнесі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті Филология факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы 4 курс студенті Мухтарова Айгерім Матайбекқызы
Оралхан Бөкей (1943 - 1993)
Оралхан Бөкей (1943 - 1993)
Екібастұз қаласы, №11 жалпы орта білім беретін мектебі Кітапхана меңгерушісі Шарбекова Саулет Қабиболлақызы
Өмірі өнермен өрнектелген
Өмірі өнермен өрнектелген
БҚО, Орал қаласы, №42 "Ақ ниет" гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі Абдушева Армангүл Айдарқызы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×