Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Музыка тілі

09 наурыз 2016, Сәрсенбі
Категориясы: Музыка
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы,
«Жансүгіров атындағы орта мектебі» музыка пәнінің мұғалімі
Сапарғалиева Айгул Мантиқызы

Сабақтың тақырыбы: Музыка тілі
Сабақтың мақсаты: Музыка тілінің құдіреттілігін сезімталдықпен ұғыну үшін музыка әлеміне жетелеу. Музыка арқылы оқушылардың эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.
Білімділік: Кәсіби композиторлардың шығармаларын тыңдатып, оқушыларға музыка мен өмірдің тығыз байланысын ұғындыру. Ән үйрету және әнді орындату барысында дауысқа жаттығу жасау. Музыканы саралау сұрақтарын қою арқылы оқушылардың дыбысты ажырату және елестету сезімдерін жетілдіру.
Дамытушылық: Оқушылар бойына музыкалық шығармаларды талдап және баға бере білу дағдыларын қалыптастыру. Әнді интонациямен таза орындау қалыптарына назар аудару. Көрнекіліктерді пайдалана отырып, оқушылардың алған әсерлерін, ойларын жүйелі айтуға, суреттеуге машықтандыру, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушылардың музыкалық туындыларға деген қызығушылықтарын оята отырып, олардың бойына эстетикалық және мәдениет құндылықтарын сіңіру.

Сабақтың даму барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
2. Жаңа білімді қалыптастыру
3. Музыка тыңдату
4. Дауысқа жаттығу жасау
5. Ән орындату
6. Үй тапсырмасын сұрау.
7. Сабақты қорытындылау.
8. Бағалау.
9. Үйге тапсырма беру.

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Оқушылар: Сәлеметсіз бе, апай!
М: Балалар, бүгін сендер менімен бірге музыка әлеміне саяхат жасайсыңдар. Музыка - дыбыс өнері. Сондықтан ол дүниеде дыбыс шығара алатын көп нәрсенің барлығын болмаса да бізді қоршаған ортамен табиғат аясындағы көптеген дыбыстар мен шуларды жаңғыртып, қайталап бере алады. Біз одан күннің күркірі мен құстардың үнін, желдің гуілі мен қоңырауды, ұшқан араның ызыңын, батырлар мінген аттардың тарпуын, сылдырап аққан бұлақтың үні мен теңіз толқындарының шуын естіген болар едік.
(Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні тыңдалады).
М: Бұл ән сендерге қандай әсер қалдырды?
О: Бұлбұл құсының сайрағанын естігендей болдық.
М: Сендер дұрыс таптыңдар. Бұл композитор Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні. Ал, әнді орындаған қазақтың белгілі әншісі Бибігүл Төлегенова. яғни әнші апамыздың бұлбұл құсындай сайрағаны табиғатпен бірігіп, біртұтас болып кеткендей әсер қалдырды. Бұлбұл әні бізді дыбыс әлемінің көкжиегіне қарай жетеледі.
Мысалы, өздерің бір нәрсеге ренжіп тұрған сәтте көңілді музыка ойналса қандай күйде болар едіңдер?
О: Көңілденеміз, күлеміз, билейміз.
М: Демек, музыка адам жанын өзгерте алады!
О: Иә, өзгерте алады.
М: Ал, енді музыканы тыңдайтын адамды кім дейміз?
О: Тыңдаушы.
М: Дұрыс айтасыңдар тіпті музыка үніне жан - жануар да елтиді екен. Мысалы, мына бір әуенді мұқият тыңдаңдар (орыстың халық әні «Калинка» сырнай аспабымен тартылады). Ал енді бұл әуеннен бөлек мынандай әуенді тыңдаңдар. («Қамажай» әнінің әуені естіледі)
М: Балалар, екі әуенде қандай ұқсастықтар бар?
О: Екі әуенде көңілді.
М: Дұрыс, бұл орындалған шығармалар қай елдікі?
О: Орыс пен қазақ ұлттарының шығармалары.
М: Ал, енді музыкалық шығармадан алынатын әсер ұлтқа бөліне ме?
О: Жоқ, бөлінбейді.
М: Яғни орыс тілін түсінбейтін адам орыс әнінің көңілді екенін ұғына ала ма? Егер ұғынса, қандай тіл арқылы?
О: Музыка тілі арқылы.
М: Дұрыс айттыңдар. Енді мына бір күйді тыңдап көрелік («Ақсақ құлан»)
М: Күйдің сарыны қандай?
О: Күйдің бастауы жігерге толы. Ортасына таман қайғыға ұласатын сияқты
М: Көздеріңе не елестеді?
О: Кең далада аттар шауып бара жатқандай.
М: Күй не айтқысы келеді?
О: Күйде бір тынышсыздық, алаңдаушылық бар.
М: Балалар, сендердің қазіргі тыңдаған шығармаларың «Ақсақ құлан» атты аңыз күй. Осы күйді естігендерің бар ма? Бұл күйдің негізгі кейіпкерлері кімдер?
О: Шыңғыс хан, оның баласы Жошы, өнерпаз жігіт және құландар.
М: Кім маған осы аңыз - күйдің қысқаша мазмұнын айтып бере алады екен?
О: Шыңғыс ханның жалғыз ұлы Жошы құлан аулауға құмар екен. Бір күні ханзада әкесінен ұрланып, аңға өзі шығып кетеді. Бір жерлерге келгенде жайылып жүрген құландарды ата береді. Мұны көрген көсем құлан оны қос тұяғымен теуіп, айдалада өлтіріп кетеді. Сөйтіп ханның баласы үйіне келмейді.
Бір сұмдықты сезген хан жаман хабарды естуге дәті бармай, былай деп жар салады:»Кім де кім баламның өлгенін естіртер болса, аузына қорғасын құямын». Мұны естіген соң еш пенде баланың өлгенін айтуға батылы бармайды. Бір күні Шыңғыс ханның алдына қолында домбырасы бар кісі келеді. Хан «Жолаушым, білгеніңді түгел жасырмай айт»,- дейді. Сонда күйші қолына домбырасын алып, бір күйді тарта жөнелген екен. Күй басталған бетте ханның бетіне қан жүгіріп, шырайлана түседі. Бір мезетте домбыра адамша жылап, егіледі. Хан қатулана қалады да, жүзін жас жуып, екі алақанымен бетін басып отыра қалады. Бірақ есін тез жинап алып былай дейді «Жалғыз ұлымның жаһанда мерт болғанын естірттің, жазаңды ал»- деп, домбыраның көмейіне балқыған қорғасын құйдырған екен.
М: Бұл күйде ешкім Шыңғыс ханға хабар берген жоқ. Ал Шыңғыс хан баласының қазасын қалай түсінді?
О: Музыка тілі арқылы.
М: Бұл күйді баяндауға қандай аспап арқау болды?
О: Домбыра аспабы.
М: Ал, енді домбырадан басқа тағы қандай музыкалық аспаптарды білесіңдер?(Оқушылар музыкалық аспаптарды атайды)
Қобыз аспабында тыңдаған «Қасқыр» күйінің оқиғасын кім баяндап береді.(Оқушылар баяндап береді)
Олай болса, қарт қобыздың орындауында аңыз күйін тыңдап көрейік.
Музыка тыңдау: Ж. Қаламбаев.«Қасқыр».
Қазір жылдың қай мезгілі?
О: Күз айы.
М: Күзде қандай құбылыстар болады?
О: Жеміс - жидектер пісіп, жапырақтар сарғайып, күн суыта бастайды. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
М: Жыл мезгілдерінің ауысуы, табиғатта болатын өзгерістер ақын - композиторлардың шабытын оятып, олардың бойында ән мен күй тудырды. Сондай әндердің бірі Н. Тілендиевтің «Құстар әні».
Ағайынды Еркін және Жанель Нұржановтың орындауында осы әнді тыңдайық.

Ән тыңдау: «Құстар әні».
Енді музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жаңа бір ән үйренейік.
Алдымен дауысымызға жаттығу жасайық. Үйренетін әніміз Т. Молдағалиевтың өлеңіне жазылған Т. Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда»әнін үйренеміз.
Мына суретке назар аударайық: Бұл 1678 - 1741 жж аралығында өмір сүрген итальян композиторы Антонио Вивальди. Вивальди жылдың 4 мезгіліне арнап «Жыл мезгілдері» атты
4 циклдан тұратын концерт жазды. Бұл туынды 4 - ғасыр өтсе де, өзінің өміршеңдігімен, өлмес туынды болып бізге жетіп отыр.
Музыка тыңдау: А. Вивальди«Күз».
Балалар музыка қандай екен?
Осы музыка арқылы біз музыка тілінің адамзатқа ортақ екеніне тағыда көз жеткізіп отырмыз. Ендеше, осы музыканы тыңдай отырып, алған әсерімізді бейнелеу өнерімен, шағын эссемен, көркем сөзбен бейнелейік. Оқушыларды 3 - топқа бөле отырып, 3 түрлі тапсырма орындату. Оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Бүгінгі сабақтан не үйрендіңдер, не білгілерің келеді? Алдарыңдағы стикерге өз ойларыңды түсірулеріңді сұраймын.
Бұл сабақта бәріміз музыка әлемі пернесінің толқынында бірге жүздік. Енді осы толқынысты Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйімен әрлесек.(Ерекше жауаптарымен көзге түскен оқушыларға жақсы және үздік баға алады).
«Қаздар қайтқанда»әнін жаттауға.«Көңіл толқыны» күйін қайта бір ой елегінен өткізіп, өз сезімдеріңді, қиялдарыңды жазбаша түрде қағаз бетіне түсіріп келіңдер.
5 379
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Би музыкасы
Би музыкасы
Би музыкаларының мінездемелері мен тарихы жайлы сараптама жасайды.
Тұсау кесер
Тұсау кесер
Қазақтың тұрмыс - салт әндері мен музыка өнерінің байланысын ұғады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға музыкалық тәрбие берудің жалпы мәселелері
Мектеп жасына дейінгі балаларға музыкалық тәрбие берудің жалпы мәселелері
Оқыту мен тәрбие егіз - деп бекер айтылмаған. Сондықтан біз өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, халқымыздың ұлттық музыкасы арқылы олардың бойына өз елінің жетістіктері мен табыстарына, музыкалық мәдениетіне деген үлкен
Қазақ кәсіби музыка мәдениетінің қалыптасуы. С.Бәйтерековтің «Наурыз» әнін үйрену
Қазақ кәсіби музыка мәдениетінің қалыптасуы. С.Бәйтерековтің «Наурыз» әнін үйрену
ШҚО, Үржар ауданы, Қабанбай ауылы, «Жарбұлақ орта мектебі» КММ - нің музыка пәні мұғалімі Байшойынов Ғазиз Сейілғазыұлы
Кавказ халықтарының музыкасы
Кавказ халықтарының музыкасы
Қызылорда облысы,Байқоңыр қаласы, Қ. Тоқмұхамедов атындағы №14 мектеп Музыка мұғалімі Ильясова Гулзира Кенесовна
Музыканың дамуы
Музыканың дамуы
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, Тоқмұхамедов Қ. Х атындағы №14 мектептің музыка пәні мұғалімі Ильясова Гулзира Кенесовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×