Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Нәр берген-ән бұлақтан

29 сәуір 2013, Дүйсенбі
Категориясы: Музыка
Әдеби – музыкалық кештің мақсаты: Ш. Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылық жолымен таныстыру. Композитордың туған елімен жеріне, аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы сезімге деген сүйіспеншілігін оқушылардың бойына сіңіру.
Тәрбиелік: Композитордың әндеріне балалардың сүйіспеншілігін оятып, оны құрметтеуге және жан – дүниесі бай, эстетикалық талғамы жоғары болашақ ұрпақ тәрбиелеу.
Білімділік: Музыканы тыңдату және ән айтқызу барысында шәкірттердің өнерге қызығушылығын арттыру.
Көрнекілік: Портрет, плакат

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар қауымы! Біз бүгін сіздермен туған жер мен ел, аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы сезім туралы әндер жазып, «Қазақ вальсінің падишасы» атанған бірегей талант иесі, қазақ халқының ұлы мақтанышы композитор, ҚР - ң Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Нәр берген - ән бұлақтан» атты әдеби - музыкалық ән кешіне қош келдіңіздер!

1 - жүргізуші:
Кешімізді Ақын ағамыз М. Мақатаевтың өлең жолдарымен ашпақпыз.
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Саған шөлдеп, айызым тамсанады
Өкініш пе білмеймін, қуаныш па?
Өз - өзімнен жүрегім ән салады
Әнсіз өмір - өмір ме, қаңсымай ма!
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма,
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын
Шәміл - ау, Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын.
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!

2 - жүргізуші:
Адам жылап туады,
Жатады оны жұбатып
Және жылап өтеді
Өзгені де жылатып
Жылайтыны туа сап,
Жамандар бар қинайтын
Жылайтыны өлгенде
Жақсылар бар қимайтын
Осылай деген уа, Қадыр аға, неткен ерсің!
1 – жүргізуші: Қазақ вальсінің біртуар перзенті, вальс падишасы атанған Шәмші Қалдаяқов өз заманының, яғни социалистік жүйенің елеусіз құрбанына айналған.
2 – жүргізуші: Дегенмен, ұлы дарын өмірден өткенімен, көңілден кетпеді.
Халқымыздың әсем әуенімен әлдилеген ұлын, ата мекені әлдилеп жүр. Оған дәлел бүгінгі жүректі жылытатын Шәмші әуендері болмақ.
1. Гимн ойналады.

1 – жүргізуші:- Балалар, гимннің авторлары кім?
Сөзі: Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев.
Әні: Ш. Қалдаяқов
2 – жүргізуші:- Ш. Қалдаяқов кім? Шәмші қалай Шәмші атанды?
Қазір сіздерге, Шәмшінің өмірі туралы қысқаша баяндаймыз.
Баяндама
1 – жүргізуші: Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында Сарыкөл деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасына 1927жылы Қалдаяқ деген кедей көшіп келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты - Әнапия екен. Оның оң аяқ балтырындағы үлкен қалын көрген жеңгелері оны Қалдаяқ деп атап кетіпті. Татар гармонын, Қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келеді.
2 – жүргізуші: Көрініс: 9’’ Ә’’класы оқушылары.
- Оу, Қалдаяқ; ұлды болдың!- деген хабарды есітіп, ұйіне асыға келген әкеге жыртық шүберекке оралған баланы ұстата қойыпты. Нәресте болса да ересек адамның қарулы қолын сезе қойған бала шар етеді.
1 – жүргізуші: Басқа балалардай шыңғырып жыламай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап:
- Мен сені қиссадағы Жәмшид патшаның атымен атағалы жүрсем. Бірақ мына даусың патшанікі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен,- депті Қалдаяқ.
- Оу, Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да тақияңа тар келмес,- депті оған Құдайберген деген құрдасы.
- Айтқаның келсін, болсын,- депті баладан басқа байлығы жоқ әрі кедей, әрі өнерпаз әке.
2 – жүргізуші: Жәмшид деген ат алып, аттай 30 жыл өткен соң Шәмші Қалдаяқов болып өсіп жетіліп, вальстың патшасы атанатынын ол тұрғандар білген жоқ.»Падиша» деген аты дардай болғанмен, бұл өмірдегі басқа бақыттан жұрдай болып өтетінін де білген жоқ олар.
1 – жүргізуші: Ия, оған табиғат әннен қанат бітіреді. Әні шарықтап, бүкіл қазақ даласын самғады. Ол әнді өміріне серік етті, әні халыққа рухани азық болды. Әндерінің ғұмыры ұзақ болып, жас ұрпақтарға да жетті.
Шәмшінің сырлы да сыршыл әндері талай ұрпақтардың жан - жүрегін тербеп, рухани дүниесін байытты, сұлулыққа, ізгілікке іңкәр етті.
Ән:
Орындайтын:
2 – жүргізуші: Әр адамға әлемнің жарығын сыйлаған кім?
- Ана.
- Жер бетіндегі тіршіліктің қайнар бұлағы, нәр беруші сол Ана! Ана - теңдесі жоқ таусылмайтын жыр. Өнер қайраткерінің қай - қайсысы болмасын өз шығармаларында арнайы сөз етпей кетпейтін болған. ‘’Ана туралы жырдың’’ шығуы әннің шығуына себеп болған Шәмшіні ән дүниесіне жетелеген аяулы анасы Сақыпжамал Бұқарбайқызының мезгілсіз дүние салуы. Ананың арманда кетуі Шәмшіні қатты тебірентті. Жазылмайтын дертке шалдыққан анасы Алматыдағы баласын шақыртады.

1 – жүргізуші: Көрініс: 6’’Ә’’ кл. оқушылары.
- Балам,- деді көзіне жас алып,- жалғыз тілегім: сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам!
- Апа, қарыздармын саған... Қарыздармын, апа! Сенің басыңа кесенеден ескерткіш орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әсем әннің ең асылынан ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын,- деді Шәмші.
2 – жүргізуші: Бұл 1959 жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші анасына берген уәдесін 2 жылдан соң 1961 жылы орындады. Бұл ән ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезген баланың егіле төгілген көз жасы еді. Бұл ән аналар туралы әнұран болатын.
Ән: Ана туралы жыр. Сөзі: Ғафу Қайырбековтікі
Орындайтын:
1 – жүргізуші: Ш. Қалдаяқовтың әндерін ақ иықты әншілеріміз Бибігүл Төлегенова, Ришат Абдуллин, Жамал Омарова, Алтынай Жорабаева сынды әншілер шырқап жүр. Бұл әншілеріміздің арқасында Шәмшінің әндері әлі күнге дейін жалғасын табуда.
Балғын жаста, кәрі де,
Тауда, таста – бәрі де
Қосылып тұр тербеліп
Шәмші ағаның әніне.
Ән: ’’Өмір - өзен’’ сөзі: М. Шахановтікі.
Орындайтын 10 «а» кл. оқушысы Ерғазина Қаракөз
2 – жүргізуші: Құдіретті жалындаған жастық өмір, ыстық сезім, асау жүрек, алғыр қиял – осының бәрі махаббат жазирасынан орын тауып, композитор творчествосында нәзік те, өрлеу ерекшеліктерімен суреттелінеді. Осындай әннің бірі «Қайдасың»
Орындайтын 9 А кл. оқушысы Утегенова Құралай
1 – жүргізуші: 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш. Қалдаяқұлы 300 – ге жуық ән жазған. Әндері тұнып тұрған лирика, махаббат тақырыбында болған. Бұл әндерді жұртшылық барлық жерде: студенттік, отбасылық кештерде, жұмыс орнында, демалыс кезінде шырқайтын.
Ән: ’’Кешікпей келем деп ең ’’ Сөзі: М. Шахановтікі
Орындайтын 10’’Ә’’ кл. оқушылары Таңатарова Жанерке, Ғабдуллина Ақнұр

2 – жүргізуші: ’’Орынды мысқыл – оқтан да өткір’’ деп Мұхтар Әуезов айтпақшы. Шәмші ағаның әндері бір төбе, әзілдері бір төбе. Ал, ақындығы ше? Ауыз екі әзіл – қалжыңдары ше? Олар қайталанбас бір құбылыс. Енді Шәмшінің ‘’Қара костюм’’ туралы қалжыңын еске алайық: Шәмшіге бірде ел – жұрты костюм – шалбар кигізеді. Алматыға келгесін су жаңа киіммен достарын аралап, түнделетіп келе жатса, қала бұзықтары ұстап алып:
Көрініс: 6’’Ә’’ кл. оқушылары:
- Шешін. – дейді.
- Әй, жігіттер, мен Қалдаяқпын ғой! – дейді.
- Бізге Қалдаяқов емес, қара костюм керек,- дейді.
Сонда жарықтық Шәкең:
- Айналайын, халқым, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Халқым аман болсын! - депті.
1 – жүргізуші: Шәмші Қалдаяқов - «Ақ бантик», «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Сен ғана», «Сыр сұлуы», «Сыған серенадасы», «Бақыт құшағында»т. б. көптеген әндердің авторы. Шәмші ән әлемінде өзіндік ерекшелігімен, сұлу да сырлы сазымен «вальс королі»болып қала бермек. Шәмші – халқының айтар ойын ән арқылы жеткізе білген дарабоз тұлға.

2 – жүргізуші: Ұлтымыздың символына айналған бір ғана «Менің Қазақстаным»әні – бір елдің патриоттық сезімін оятқан туынды. Қазіргі таңда Шәмшінің әні шырқалмайтын той болмайды десек, қателеспейтін шығармыз. Шәмшінің қай әнін алып қарасақ та ұлттық нақышқа толы, бояу - бедерін жоғалтпаған шынайы шығарма екені ақиқат. Қанша уақыт өтсе де қадір - қасиетінен айнымаған қазақи әндері ән - өнерінің алтын үлгісі болып қала бермек. Шәмші - ән аспанында ерекше орын алатын жарық жұлдыз. Ол 1992 жылы 29 ақпанда қайтыс болды. Қазақ халқының ұлы перзентіне айналған азаматымызды дәріптеу - келер ұрпақ алдындағы борышымыз екенін ұмытпайық.
Ән:
1 – жүргізуші:
- Құрметті ұстаздар, оқушылар, Ш. Қалдаяқовтың әндері мен шығармашылығын бір сағатқа сыйғызу мүмкін емес. ‘’Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі’’, - деп заңғар жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бүгінгі Ш. Қалдаяқов әндері дарынды, талантты, өнерлі жеткіншектерге рухани мол қазына болып, олар ән әлеміне, өнер биігіне құлшыныспен өрлеп, сусындай берсін.
2 – жүргізуші: Кешімізді И. Исаевтың өлеңіне жазылған Қ. Құрманғалиевтің ‘’Ән аға немесе Шәмшімен сырласу’’ әнімен аяқтаймыз.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Уақыт бөліп тыңдағандарыңызға рахмет! Бүгінгі Ш. Қалдаяқовтың ‘’Нәр берген ән – бұлақтан ’’ атты әдеби – музыкалық кешіне қатысқан оқушыларға көп рахмет.
5 652
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ән падишасы – Шәмші аға
Ән падишасы – Шәмші аға
Қазақ халқының танымал сазгері Шәмші Қалдаяқовтың өмірімен, шығармашылығымен таныстыру; оның халқына қалдырған мол мұрасын ұрпаққа жеткізе отырып, сазгерді, әндерін құрметтеуге шақыру.
Ән көгінің сұңқары - Шәмші. Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің сценарииі.
Ән көгінің сұңқары - Шәмші. Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің сценарииі.
Ән көгінің сұңқары - Шәмші. Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің сценарииі.
«Ән – аға, Шәмші аға» әдеби - музыкалық кеш
«Ән – аға, Шәмші аға» әдеби - музыкалық кеш
Қарауылкелді орта мектебінің музыка пәні мұғалімі: Жазымова Задаш
Нәр берген ән - бұлақтан
Нәр берген ән - бұлақтан
Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шаған ЖОББМ музыка пәні мұғалімі Шындаулетова Нурлы
Өмірі өнермен өрнектелген
Өмірі өнермен өрнектелген
БҚО, Орал қаласы, №42 "Ақ ниет" гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі Абдушева Армангүл Айдарқызы.
Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы
Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №32 мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Мухамедиева Дәмелі Орынбасарқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×