Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


«Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты қабылдау жиыны

12 желтоқсан 2022, Дүйсенбі
Категориясы: Сценарий
«Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты қабылдау жиыны
«Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты түрде қабылдау жиыны.

Мектеп үздіктері мен екпінділерін Республикалық бірыңғай «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты түрде қабылдау рәсімі
І Туды кіргізу
ІІ Әнұранды орындау
ІІІ Қабылдау рәсімі
ІV Ант беру
V Ұйымның мақсаты мен міндеттерімен таныстыру
VІ Құттықтау сөздер
VІІ Туды шығару 

1 - жүргізуші:
Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,
Бейуақытта бойға тартқан тұмары.
Тәуелсіздік - түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып жанбай қалған шырағы.
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар! Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 2021 жылы 6 шілдеде еліміздің нағыз патриоттарын, еңбекқұмар, білімге құштар, салт - дәстүріміз бен адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін жас жеткіншектерді, отансүйгіш ұландарды тәрбиелеу мақсатында Республикалық Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылған болатын.
2 - жүргізуші:
Тәуелсіздік – берекенің бір басы,
Дәулетің мен сәулетіңнің тұнбасы.
Қазақстан сен бір елсің жаһанға,
Тең танылған таудай асқақ тұлғасы.
Міне, бүгін де еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай мектеп үздіктері мен екпінділерін және белсенділерін «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» ұйымының құрамына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

1 - жүргізуші:
Сөз «Жас Ұлан» ұйымының Президенті 10 сынып оқушысы Тәңірберген Айханға беріледі.
Президент: Мектеп, сап түзеп, тік тұр!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы кіргізілсін!
(Ту кіргізіледі).


2 - жүргізуші:
Түсініп терең, өмірдің мәнін,
Жалынды жастар, сендерсің сәнім
Беретін бойға күш - қуат, жігер
Шырқалсын шаттық Әнұран әнім!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалсын!(Әнұран орындалады).
1 - жүргізуші:«Жас Ұлан» ұйымының негізгі мақсаты - оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ал міндеттері - әлеуметтік тәжірибені байыту және дамыту, мектептегі тәрбиелік әлеуетін жүзеге асыру болып табылады.

2 - жүргізуші: «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымының мүшелері Тәуелсіздік қарсаңында өткізіліп отырған «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау салтанатты жиынына дайындықтары туралы Ұйым Президентіне хабарлама жасасын.

«Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшесі Ұлан Қажығали:
«Жас Ұлан» ұйымы, сап түзеп, тік тұр! Құрметті Ұйым Президенті, «Жас Ұлан» ұйымы Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізіліп отырған Республикалық Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылдау салтанатты жиынына:
«Тәуелсіз еліміздің болашағы,
Туған ел мен Отанын мақтан тұтар.
Салауатты өмір салтын ұстанар,
Біз – патриот жас ұландар!» ұранымен дайын.

«Жас Қыран» ұйымының белсенді мүшесі:
«Жас қырандықтар» сап түзеп, тік тұр! Құрметті Ұйым Президенті, «Жас Қыран» тобы Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізіліп отырған Республикалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатты жиынына.
«Біз – болашақ жас қыран,
Өз Отанын қорғайтын.
Білім сүйер ұланбыз,
Заңғар көкке самғайтын.» ұранымен дайын.
«Жас Қыран» тобы, еркін тұр!
1 - жүргізуші:
Ендеше, тәуелсіздік күніне арнайы орайластырылған оқушыларды «Жас Ұлан» ұйымының қатарына қабылдау рәсіміне көше отыра, алдымен ұйымның мақсат, міндет, ережелерімен таныстыруға рұқсат етіңіздер.
Жасұлан – жігерлі де жайдарлы ұйым
Төл мерекең жыл сайын тойланды ұйым!
Жаңғырып, жанданатын жылдан - жылға
Жасұлан – жалынды ұйым, айбарлы ұйым.
Сонымен, «Жас Ұлан» ұйымы оқушыларының әрбір мүшесі қандай болуы керек екендігін айта кетейік.
(«Жас Ұлан» ұйымының әрбір мүшесі шығып айтады).

1 оқушы - Қабдылқасым: Қоғамдық өмірде, тұрмыста, қазақ ұлттық болмыста, халықтық келбетпен қалыпты сақтай отырып, ата - анасын шынайы сыйлап, олардың өнегелі қасиеттерін бойға сіңіріп, өсиеттерін орындауды перзенттік парыз деп түсінеді. Туған елін шексіз сүйеді.
2 оқушы - Назерке: Қазақстан Республикасының туының түсіндей галстук тағу керек және Республикамыздың мемлекеттік нышандарын құрметтеп, мемлекеттік әнұранды жатқа айту қажет.
3 оқушы - Ақниет: Шет елдердің мемлекеттік нышандары, адамдардың немесе басқа да суреттер салынған, атаулар жазылған, киімдерді киюмен, заттарды пайдаланумен әуестенбейді.
4 оқушы - Ләйлім: Өзін тұрмыста, қоғамдық өмірде сыпайы, қарапайым мінезде ұстайды.
5 оқушы - Жанар: Қазақ тілін еркін меңгеріп елдің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, салт - дәстүрін жақсы білу, дамыта түсу сақтау үшін ынталы еңбектенетін болады.
6 оқушы - Бақдәулет: Жасұлан ұйымының мүшесі - Отанына адал. Жасұлан ұйымының мүшесі - Отанының адал азаматтары.
7 оқушы - Айсұлу: Жасұлан ұйымының мүшесі - Отанының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресуші.
8 оқушы - Айгүл: Жасұлан ұйымының мүшесі - батырларымыздың атын құрметтеп, оның мәңгі қорғаушысы болуға дайындалады.
9 оқушы - Әділет: Жасұлан ұйымының мүшесі - оқуда, еңбекте және спортта өжет те қайсар.
10 оқушы - Қажығали: Жас Ұлан ұйымының мүшесі - шыншыл, адал жолдас, әрқашан да шыншылдық үшін күресуге дайын болуы керек.
(оқушылар 0ол шапалақтап, қошемет көрсетеді).

2 - жүргізуші: «Біз...»
Оқушылар: «Жас Ұлан»

1 - жүргізуші: - ұранымыз:
Оқушылар: «Біздің барлық ойымыз, біліміміз, істеріміз,
Егеменді еліміздің болашағы үшін» - 3 рет.

2 - жүргізуші: Қабылдауға жас ұландар дайын.

1 - жүргізуші:
Егеменді еліміздің тірегі
Мектептің болашағы жігері
Достықпен татулық тілегі
«Жас Ұлан» ұйымының біз түлегі

2 - жүргізуші: Құрметті мектеп әкімшілігі және ардақты ұстаздар! Сіздерді «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларға туымыз түстес көгілдір галстук және төс белгілерін табыстау рәсіміне шақырамыз
1 - жүргізуші: Бүгінгі жиынның ең жауапты сәті, ант тапсыру рәсімін «Жас Ұлан» ұйымы қатарына қабылданушы оқушыларға береміз.
( «Жас Ұланның» 1 мүшесі ант береді, қалғандары «Ант етеміз, ант етеміз, ант етеміз» деп 3 рет қайталайды)

Білім министрі Хамза Қабдылқасым
Анттың мәтіні:
Мен, ____________________, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:
Өз отаным – Қазақстан Республикасының патриоты болуға;
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге;
Туған елім, жерім, Отанымды мақтаныш етуге;
Ата - анамды қадірлеуге;
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге;
Білімге табандылық пен ұмтылуға;
Салауатты өмір салтын ұстануға;
Табиғатты аялауға;
«Жас Ұлан» Ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымнан талап етуге ант етемін.
АНТ ЕТЕМІЗ, АНТ ЕТЕМІЗ, АНТ ЕТЕМІЗ!

2 - жүргізуші: Құттықтау сөз мектеп директоры Кембебаева Гүлнар Зауланбайқызына, мектебіміздің ардагер ұстазы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шинасылова Клара апайға және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сейсеке Ахын ағайға беріледі.

1 - жүргізуші: Құрметті, оқушылар «Жас Ұлан» ұйымына қабылдануларыңызбен құттықтаймыз! Егеменді еліміздің еңселі азаматтары болуларыңызға тілектеспіз.
Мектеп! Тік тұр! ҚР туы шығарылсын!

2 - жүргізуші: Алдарыңызда «Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшелері 10 сынып оқушысы Жансет Аяжан мен 8 сынып оқушысы Мұзарапша Назеркенің орындауындағы «Аталарым - ардагер» әнін қабыл алыңыздар.

1 - жүргізуші:
Білімді – көкіректе нұр деп түсін
Жігерлі, жалынды отты жыр деп түсін.
Аталған мақсат, талап, ережені,
Орындауға бәріңде міндеттісің!

2 - жүргізуші:
Ризамын деп осындай жастық шаққа,
Не жетер «Жас Ұлан» деген лайық атқа.
Келеміз егеменді ел төріне өрлеп,
Ашылып алдымыздан алтын қақпа.

Жүргізушілер: Бірге
“Жас Ұлан” – Қазақстанды сүйеді
“Жас Ұлан” – мектепте үздік оқиды
“Жас Ұлан ” – үлкендерді құрметтейді
“Жас Ұлан ” – тек шындықты айтады
“Жас Ұлан ” – спорт пен еңбекті ұнатады
“Жас Ұлан ” – болашақ “Жас Отан”

1 - жүргізуші: Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өз мәресіне жетті, салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз.

Алматы облысы, Балқаш ауданы,
«Бірлік орта мектебі» мемлекеттік
коммуналдық мекемесінің
педагог - ұйымдастырушысы
Мамырова Карлыга Калкамановна
67 347
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны
- Армысыздар, құрметті ата – аналар, ұстаздар, қадірлі қонақтар және жас ұрпақ, жасөспірімдер! Білім әлеміндегі дәстүрлі мерекенің бастысы, сағынышқа, шаттыққа толы алғашқы қоңырау мерекелеріңіз құтты болсын!
Алғашқы қоңырау мерекесінің салтанатты жиыны
Алғашқы қоңырау мерекесінің салтанатты жиыны
Армысыздар, құрметті қонақтар! Аяулы ұстаздар! Қадірменді ата - аналар! Сыңғырлай соққан қоңырау үніне келген жас бүлдіршіндер мен оқушылар! Сіздерді 1 - қыркүйек білім күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тәуелсіздік - баға жетпес байлығым
Тәуелсіздік - баға жетпес байлығым
Қазақпын, еңселі елмін егеменді, Кеңейттім кең әлемге керегемді. Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар Таныды тепе - тең деп тереземді. Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан, Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қатарының салтанатты қабылдау жиыны
Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қатарының салтанатты қабылдау жиыны
Біз Жас Ұлан – Отан ана өркені Үміт артқан болашағы ертеңі Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені
Тәуелсіздік ұландары
Тәуелсіздік ұландары
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылы, № 98 орта мектеп мұғалімі Ізтілеуова Замзагүл
Ұланымыз ұлы елдің
Ұланымыз ұлы елдің
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 мектебінің тәлімгері Пшанова Айгүл Әбубәкірқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×