Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абай шығармашылығы: табиғат лирикасы

27 қыркүйек 2015, Жексенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Қарағанды облысы, Саран қаласының
№7ЖББМИ биология және химия мұғалімі
Ермекова Гүлнар Садуақасқызы

Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арнап өткізілген «Абай шығармашылығы: табиғат лирикасы» атты сынып сағатының жоспары
7 сынып
Мақсаты: Абайдың табиғат туралы шығармалары арқылы оқушылардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету, елжандылыққа, туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу. (слайд 2)
Құрал - жабдықтар: интерактивті тақта, таныстырылым, видеоматериал, суреттер.

Абайдың дүниеге келуі туралы 2 минуттық видеоматериал көрсетіледі.
Кіріспе сөз:
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес! – деп қазақтың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаев баға берген кемеңгер Абай осылай дүние есігін ашқан еді.(слайд 3)
Абай өз ауылында арабша хат танығаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде 3 жыл оқиды. Оқуға зерек, ұғымтал Абай діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс классиктері: Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули еңбектерімен танысып, тағылым алады.

Абай ақыл - ой санасы толысқан шағында ел билеу ісінен аулақтанып, ақындық өнер жолына түседі. Өз бетінше шығыс, батыс, орыс елдері ақындарының, ойшыл оқымыстыларының еңбектерін оқып, білімін толықтырады. Өз заманының түрлі әлеуметтік проблемаларын философиялық тұрғыдан көтерумен қатар, Абайдың табиғатты жырлап жазған өлеңдері де көп. Біз бүгін сол өлеңдер арқылы Абай әлемінің бір қырын танымақпыз.

Абайдың табиғат лирикасына арналған сынып сағатымызда бастамас бұрын топқа бөлінейік, ол үшін мен таратқан суреттер бойынша топқа бөлініңіздер. (Оқушыларға қыс, көктем, жаз мезгілдері бейнеленген суреттер таратылады)
Сынып сағатымыз Абайдың табиғат лирикасына арналғандықтан табиғат сөзінің мағынасын ашып алайық. Сіздер табиғат сөзін қалай түсіндіріп бере аласыздар? (Әр топ бір минуттан соң шағын ой - қорытындыларын айтады).

Шынымен, табиғат дегеніміз - бізді айнала қоршаған орта. Ол - тыныс алатын ауамыз, ішетін кәусар суымыз, басып жүрген топырағымыз. Сыңсып ән салған орман, басын иген изен мен селеу, иісі аңқыған жусан, сұңқылдаған аққу, желпілдеген көбелек - бәрі де табиғит сыйы. (слайд 4)
Дала, дала бұл дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген күйсандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген,- деп Мұқағали айтқандай, Абай - ұлы дала ақыны, жырларында сол даланы суреттеді. Біз қала адамдары сайын дала туралы не білеміз? Абай сияқты даланың саф ауасын жұтып, құйрық - жалы сүзілген тұлпар мінбесек те дала туралы биология, география пәндерінен алған білімдеріміз бар. Ендеше сол білімдерімізді көрсетейік. Қазір әр топ далада өсетін өсімдіктер мен мекендейтін жануарларын жазып шықсын. (Оқушыларға 2 минут уақыт беріледі). Одан соң таныстырылым арқылы дала бейнеленген суреттер беріледі. Ондағы жануарлар және өсімдіктер көрсетіледі. (слайд 5, 6, 7, 8)

Сарыарқаның сайын төсін мекендеп, Шыңғыстаудың бөктерінде жауһар жырларын жазған Абай шығармашылығымен қаншалықты таныс екендеріңізді білу үшін топтық жұмыс орындайық, ол үшін табиғат көріністері бейнеленген Абайдың шығармаларының атауларын жазыңыздар. Сіздерге екі минут уақыт беріледі. (уақыт өткен соң топтан бір оқушы шығып, шығармалардың атын оқиды, мұғалім интерактивті тақта арқылы шығармалардың тізімін көрсетіп, оқушылар өз жазғанымен салыстырады.) (слайд 9)

«Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Желсіз түнде жарық ай», «Шоқпардай кекілі бар...» сияқты өлеңдері ірі шеберлердің қолынан шыққан ғажап суреттердей өте көркем, өте ұғымды, сонымен бірге бұл — тек қазақ даласында кездесетін көріністер.

Енді сол көріністерді бір сәт көз алдарыңызға елестету үшін алдарыңызға берілген шығарманы сурет арқылы бейнелеп көріңіздер. (Бір топқа «Қыс», бір топқа «Жазғытұры», бір топқа «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңдері беріледі, әр топтан бір суретші шығып жұмыс істей бастайды )
Енді әр топтан бір оқушы өз жыл мезгіліне сәйкес Абай өлеңін оқып берсін (оқушылар өлең оқиды)
Абай шығармаларына көптеген әндер жазылғанын білесіңдер. Енді бір мезет әнге кезек берейік. (Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні орындалады).
Абай өлеңдерінде табиғат бейнесін сипаттап қана қойған жоқ, табиғат көрінісі үнемі адам бейнесімен, өмірімен астасып жатты. Мысалы, қысты ол: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды... Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды» деп, қазақтың қатаң шалдарына ұқсатады. Сонымен қатар, қазақтың сол кездегі қыста да киіз үйде отыратын тұрмысын елестетіп, «Борандай бұрқ - сарқ етіп долданғанда, Алты қанат, ақ орда үй шайқалды» дейді.
Мезгіл тақырыбына жазған өлеңдерінен табиғат көріністерінен басқа ауылдың әлеуметтік өмірі де, бай мен жарлының тұрмысындағы айырмашылық та, таптық теңсіздік те көрініс беріп тұрады.
Қазақ үшін төрт түлік малдың маңызын айтып жатудың өзі артық болар. Оның ішінде ерекше қадірлегені жылқы түлігі. Жылқы - қазақтың төрт түлік малының сұлуы, мінсе - көлігі, ішсе - қымызы, жауға шапса - жан серігі болған киелі жануар. Абай өз шығармасында жылқының сұлулығын аса шеберлікпен суреттеп берді. Сіздердің назарларыңызға «Аттың сыны» өлеңін ұсынамыз. (слайд 14)
Мұқият тыңдадыңыздар, олай болса, Абайдың жылқыны алдарыңызға берілген суреттегі жануарлармен қалай теңеді? (әр топқа қой, қоян, бөкен бейнеленген парақ беріледі, оқушылар теңеу сөздерді жазуы керек, мысалы - бөкен қабақ)
Абай аудармаларында да жан - жануарлар дүниесі көрініс табады. Абайдың қандай аударма мысалдарын білесіздер? (Оқушылар атап береді, мұғалім интерактивті тақтадан Абайдың аударған мысалдарының тізімін көрсетеді). Ендігі кезекте мектептің драма үйірмесінің әзірлеген «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын тамашалайық.
Крыловтың түпнұсқасы орысша «Стрекоза и муравей» деп аталатынын білесіңдер. Неліктен Абай инеліктің орнына шегіртке деп аударды. Биологиялық тұрғыдан алғанда олардың қандай ұқсастықтары бар? (оқушыларға инелік пен шегірткенің суреті беріледі, олар өз ойларын айтады.)
Суретшілеріміздің шығармаларымен танысатын уақыт келді. (Осыдан соң әр топтың суретшілері өздері салған суретті ұсынып, ойларын жеткізеді.)
Абай әлемі - шексіз әлем. Оны аз ғана уақытта жеткізіп айту мүмкін емес. Абайдың табиғат туралы жазылған шығармаларының шағын ғана бөлігін зерделеуге тырыстық. Абай мен табиғаттың біртұтас екенін білдік. Табиғат бізге өгей ана емес. Бізді аялап, бар жақсысын бізден аямайды. Ендеше, біз де аяулы перзент ретінде туған өлкемізді сүйе білейік.
Өз елімнің басы болмасам да,
Сайының тасы болайын - деген нақыл сөз бар. Өз жерін сүйетін, халқын құрметтейтін елімізге пайдалы азамат болыңдар.
Енді бүгінгі жұмысымызды қорытындылау үшін алдарыңа берілген стикерге бүгінгі шара туралы екі жұлдыз, бір тілектеріңізді жазыңыздар. (Ол жазбалардың 1 - 2 оқылады). Біздің сынып сағатымызға қатысып отырған сыншы достарымыз топ жұмысына баға беріп өтсін. (Марапаттау).
Біздің Абай атамыздың табиғат лирикасына жасаған шағын саяхатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Көріскенше күн жақсы!
6 479
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Абай Құнанбаевтың шығармашылығы бойынша тестік сұрақтар
Абай Құнанбаевтың шығармашылығы бойынша тестік сұрақтар
1. Абайдың шын аты кім? А) Мұхамедканафия ә) Сәдуақас *б) Ибрагим в) Ақжігіт
Абай және орыс әдебиеті
Абай және орыс әдебиеті
Абай, оның өмірі, шығармашылығын қалай меңгергенін анықтау. Өз бетінше іздендіруге, шығармашылық жұмысқа үйрету. Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту, сөздік қорын байыту.
Ұлы Абай, дана Абай, дара Абай
Ұлы Абай, дана Абай, дара Абай
Семей қаласы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жунусова Майрагуль Садырбайқызы
Абайдың тереңіне үңілу
Абайдың тереңіне үңілу
Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Новорыбин орта - мектебі - бақшасы Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Хажат Алма
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе
Әйтеке би ауданы, Комсомол селосы, Т. Жүргенов атындағы орта мектептің бастауыш класс мұғалімі: Искакова Шаригул Садуакасовна
Абай Құнанбаев
Абай Құнанбаев
Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Аралбай селосы, Жангелдин орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қонысбек Гүлсая Тексерген: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Бекенова Индира
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×