Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

08 ақпан 2020, Сенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тәрбие сағатының тақырыбы:«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі».
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Өнерге, мәдениетке, өткен тарихқа, отаншылдыққа өз көзқарастарын тәрбиелей отырып, отбасының алтын арқауы - негізі болуға үйрету. Мейірімділік пен қамқорлық қасиеттерін, ізеттіліктерін қалыптастыру.
Дамытушылық мақсаты: қыз баланының қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғынуға, адал достықты, таза махаббатты түсінуге тәрбиелеу.
Тәрбиелік мақсаты: қыз баланы ұқыптылыққа, тазалыққа, үлкенді және достарын сыйлауға, мектепте өзін - өзі ұстауға, қыздардың мінез тұрақтылығын қалыптастыра отырып инабаттылыққа, әдептілікке, ізет пен мәдениеттілікке тәрбиелеу
Сабақтың түрі: Түсіндіру, сұрақ - жауап, баяндау әңгімелесу.
Көрнекілігі: Слайд - шоу.
1. «Қыз өссе - елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі».
2. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю».
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі:
Сынып жетекші:
•Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайылық қарым - қатынасқа тәрбиеленген қыздар, болашақта да ертең еңбек еткенде де жақсы жақтарымен көпшілік құрметіне бөленуі сөзсіз. Қыздардың бірі - жаңа буырқанған бұлақтың бастауы болса, екіншілері - ағысы қатты арналы өзен сияқты, бірі момын да, жуас, енді бірі өткір де өжет.
Қыз баланың физиологиялық, психологиялық даму кезеңдерін басшылыққа ала отырып жүргізілетін тәрбие жұмыстары өз нәтижесін бермей қоймайды.
Қыз бала алдында қоғамның, елдің, ұлттық тыныс - тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғанын олардың санасына жасынан құйып, әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік нәрімен сусындатып, білікті, білімді, жан - жақты жетілген қыз баланы тәрбиелеуіміз керек.
• Қазақ отбасында қыз баланы қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.
Қазақ халқының әдет - ғұрып, салт - дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт - берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алғаны нұр үстіне нұр болып отыр.
Әсима:
Біз ата - ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе». Ұлттық салт - дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда, әсіресе, қазақ қыздары үшін ауадай қажет.
Сынып жетекші: Қыз тәрбиелей отырып - ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді, мәселе қай кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып, үлгі - өнеге көрсету қажет.
Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс аяқты салдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, ұсынған кесені төмен қарап беру, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ басқанына, киім киісіне, қимыл - қозғалысына, дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді.
Сынып жетекші:
Жазушы Ә. Нұршайықовтың мына бір сөздерін әрбір қыз баланың бойына
сіңірсек құба - құп.
– Қыздар! Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған
осынау бір елімізге адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл
болыңдар! Еңбекшіл адам ең ардақты адам.
- Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
- Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
- Қыздар ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
- Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
Қыз бала тәрбиесі қай кезде де назардан тыс қалып көрген жоқ.
Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран кезеңде қыз балаларды жан - жақты тәрбиелеудің уақыт күттірмейтін мәселе.
Оралсын:
Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы - болашақ ұрпақтың дені сау, жаны таза болуы, бойларына жалқаулық, құнсыздық - жауапсыздықты дарытпау, өздерін сергек ұстауы - бұл да тәрбиенің бірден бір міндеті.
Қыз баланың бойына сыпайылық мейірбандылық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кішкентайынан бастап дамытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Сондықтан қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтық, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік үлкен қауіп деп санаған. Қалыңдық үшін болашақ күйеуінің мінез - құлқы, ой – өрісі мен мәдениеті, білімі мен инабаттылық болмысы, жақсы - жаман әдеттері жайында жақсы білуі өте маңызды. Қыз бала тойларда, көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, сергек сезімталдығымен, ептілігімен, шеберлігімен жұртқа танылады.
Олай болса, бүгінгі қыздың, ертеңгі келіннің қолынан іс келіуін халқымыз міндетті деп ұққан.
Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата - анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Қыз баланы құрметтеп, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болып, жиын - тойларда сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен.
Киім тіге білу, дәмді тамақ пісіру сынды күнделікті күйбең тұрмыс - тіршілік істерін ұсақ - түйекке баламай, оны көңілге қонымды етіп отбасы тіршілігін толыққанды жағдайға келтіреді, әрі келген жері үшін – келіннің, күйеуі үшін – әйелдің қадірін асырады.
Иә, қазақ қызы сөзі сыпайы, өзі әдепті, терең ойлы болуға тиіс.
Сондай - ақ, сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп күймейтін, баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы - жаманның жөнін біліп тұратын әдемі, дене бітісі жинақы, сөзі салмақты, ісі тиянақты, көз жанары өткір, бет әлпеті бал - бұл жанған, тәні шымыр, шырайлылық – қазақ қыздарына тән қасиеттер.
«Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз», - деп ұлы Абай айтқандай, қыз балалар осындай қасиеттерді меңгеруге талпынуы керек – ақ.
К. Қожақметова Қыздар ережесін төмендегідей етіп көрсетеді.
- Қысқаша амандасу рәсімін орындау.
- Орынсыз еліктеп, әлем - жәлем киініп ерсіленбеу.
- Әдепсіздік пен азғындық жолға баспау.
- Ойлы, ұстамдылық жолмен лайықты жар таңдау, алданбау.
- Спиртті ішімдіктер ішуден, темекі тартудан аулақ болу.
- Әйел адамға тән өнер түрлерінің барлығын, үй шаруасын меңгеруді үйрену.
- Ұлдар мен ер азаматтар тәртібіне қыздар әдептілігінің зор ықпалы бар екенін дұрыс түсіну.
- Үлкендердің алдын орағытып, жолын кеспеу.
- Өтірік, өсек айтпау.
- Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы қоғамның бір бөлшегі.
Барлық халық қыздары өмірдің жалғасы, болашақ ана, өмірлік жар, ол – еңбекқор, ол – қоғам қайраткері деп бағалаған Зейнеп Ахметова. «Қыз баланың мына өмірдегі міндет - парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, күйеу күтетін адал жар, ата - ене сыйлайтын қамқор келін» - деген.
Әрбір қалыңдық – болашақ ана! Ол өз өмірінің жалғасын, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақты өмірге әкеледі. «Жігітті тәрбиелеген – әскерді тәрбиелейді, қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» - деген ғой дана халық. Халықтың рухы, жаны, тарихы, арман - үміті болып табылатын тілді де, басқаша емес, «ана тіл» деп атау тегіннен тегін емес екені анық. Бұл – ұлттық тіл арқылы дәстүрі, тарихы, әдебиеті мен мәдениетті жас ұрпақ бойына ана сүтімен дариды деген сөз.
Қыз баланың өзінің сырт пішініне, киім сәніне немқұрайды, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің жетімсіздігін мәдениетінің төмендігін көрсетеді.
«Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» - деп қараған халқымыздың ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың ісі болып саналған.
Қыздарды үй шаруасына үйретудегі негізгі дұрыс ереже:
1. Бала кезден әсемдікке баулу. Мысалы: үйде гүлдер егу т. б.
2. Қол өнеріне үйрету: тігу, тоқу, кесте.
3. Үйді ұқыпты, жинақы ұстауға үйрету.
4. Аспаздық өнерге баулу.
5. Бірден бәрін түгел үйретемін деуге болмайды. Ол үшін сіз төзімді, шыдамды, болуыңыз керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетесіз.
6. Қызыңыздың қызығушылығын қолдап, еркіндік беріңіз. Сіз тек жағдай жасаңыз.
Егер қызыңыздың қолынан бірдеңе келмей жатса, сөкпеңіз, ұрыспаңыз.
Қорытынды:
Сынып жетекші: Бүгінгі тәрбие сағатынан соң кейбір оқушылар өз бойындағы кемшіліктен арыла білуі керек, бұл әрбір адам болам, азамат болам деп құлшынған жанның қолынан келер нәрсе. Бүгінгі бозбала – ертеңгі қамқор әке, баланың панасы, әулеттің тірегі, бүгінгі бойжеткен - ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйтқысы.
2 574
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қыздар тәрбиесі туралы сауалнама
Қыздар тәрбиесі туралы сауалнама
Қыздар тәрбиесі туралы сауалнама
Қыз қандай болу керек?
Қыз қандай болу керек?
Қазақ халқының әдет - ғұрып, салт - дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана алдында қоғамның, елдің, ұлттың тыныс - тіршілігі
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
Тәрбие тұжырымдамасының бағыттарын басшылыққа ала отырып жасалған 2019 - 2020 оқу жылының 8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
6 - сыныптың тәрбие жұмысының жылдық жоспары
6 - сыныптың тәрбие жұмысының жылдық жоспары
6 - сыныптың тәрбие жұмысының жылдық жоспары
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
Қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс - қимыл, жүріс - тұрыс дағдысы, қыз намысы, сымбаты туралы жан - жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани - адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту.
"Қыз өссе - елдің көркі" ашық тәрбие сағаты
"Қыз өссе - елдің көркі" ашық тәрбие сағаты
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Дусипова Бақыт Рысқұлқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×