Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Адамгершіліктің қарапайым қағидалары

28 қаңтар 2013, Дүйсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Мақсаты: Білімділік. Рухани адамгершілік қағидаларымен таныстыру, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстай білуге, ізгілікке, мәдениеттілікке, үлкенді сыйлауға, кішіге үлгі бола білуге үйрету.
Тәрбиелік. Адамгершілік қағидалар арқылы оқушылардың рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, рухани тазалыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық. Адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, оқушыларды әдептілікке-инабаттылыққа баулу.
Сабақтың түрі: Жарыс сабағы.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, мәнерлеп оқу, слайдтар, әдептілік жайында қанатты сөздер, қосымшалар.

Сабақтың барысы: Оқушылар үш топқа бөлінеді.
1 топ – Қарапайымдылар;
2 топ – Бауырластар;
3 топ – Парыз.
І кезең – Әр топ өзін таныстырады;
ІІ кезең – Өлеңді мәнерлеп оқу;
ІІІ кезең – Өнер сайысы;
ІV кезең – Көрініс;
V кезең – Топ басшыларының сайысы.

1 жүргізуші: Сәлеметсіздер ме құрметті ұстаздар мен оқушылар!
2 жүргізуші: Бүгінгі біздің «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1жүргізуші: Олай болса ашық тәрбие сағатымызды әнұраннан бастаймыз.
Ал енді сайысымыздың шартымен таныстырып өтсем: Сайысқа 3 топ қатысады. Сайыс 5 кезеңнен тұрады 1 кезең – таныстыру, 2 кезең – мәнерлеп оқу, 3 кезең – өнер сайысы, 4 кезең – көрініс көрсету, 5 кезең – топ басшылар сайысы.
2 жүргізуші: Жарысатын топтарға сәттілік тілеп, бірінші кезең – Таныстыру кезеңін бастаймыз. Топ басшысы Адилханов Данияр өз тобын таныстырып өтсін.

1 топ – Әйтеке би атамыз кім болсаң да, мейлі бай, мейлі батыр болсаң да, халқыңа пайдаң тисін,- дейді. Ел-жұрт кедей болып, өзің бай болсаң,
Ешкімге пайдаң тимесе, сенің кімге керегің бар,
Ал егер қарапайым болып, ел-жұрт сияқты еңбек етсең,
Елге пайдаң тисе, сенің елге керегің бар. – дегендей біз «Қарапайымдылар» тобымыз.
1 ж: Топ басшысы Алтынбекұлы Имансері өз тобын таныстырсын.

2 топ – Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын – қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын. – деп қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтқандай біз «Бауырластар» тобымыз.
2 ж: Топ басшысы Сәлімгереева Айша өз тобын таныстырсын.

3 топ – «Адамның ең бірінші парызы ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлау. Себебі, ата-анасын сыйламайтын адам жолдасын да, қоғамға да пайда келтіре алмайды.» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай біз «Парыз» тобымыз.

1 жүргізуші: Бәрекелді! Құрметті әділ-қазылар таныстыру сайысы бойынша бағаларын қойсаңыздар.
2 жүргізуші: Сайысымыздың екінші кезеңі-мәнерлеп оқу. Алдарыңызда Қарапайымдылар тобынан шығатын Бейсары Үмітті қарсы алыңыздар!

1 топ. Ана айтты бір өсиет баласына,
Бір жолдың шығарын сан саласына;
- Ей, балам, шамаң келсе жақсылық ек,
Ақ пейіл адамзаттың арасына
Егер де жол үстінде тікен жатса,
Кірер деп аяғына біреу басса,
Ерінбей-ақ иіліп қолыңменен
Сол тікенді көтеріп алып таста
Бұл еңбегің қалмас-ты босқа, бекер
Соны көрген соңғы жас солай етер
Жақсы үлгіні жалпы жұрт дәстүр жасап,
Жол тазарып, жолаушы жолдан өтер.

1 ж: Келесі бауырластар тобынан шығатын Әбілдаев сұлтан.
2 топ. Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма –
Қайғысы түсер басыңа.
Жанашары жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба.

2 ж: Парыз тобынан шығатын Тастанбекова Жансәуле алдарыңызда. Ду қол шапалақ.
3 топ. Адамдық борышың
Халқыңа еңбек қыл
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да, білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін
Өміріңді сары қыл өлгеніңше
Жоба тап,
Жол көрсет
Келешек қамы үшін
Қайтадан қайырылып
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт –
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!

1 ж: Құрметті әділ-қазылар мәнерлеп оқу сайысына өз бағаларыңызды қойсаңыздар.
2 ж: Үшінші кезең – Өнер сайысы.
1ж: Қарапайымдылар тобынан өнер көрсететін Бейсары Үміт жетіген аспабында ойнайды.
2ж: Қазір сахнаға шығып өнер көрсететін Алтынбекұлы Имансері қарсы алыңыздар.
1ж: Парыз тобынан өз өнерін көрсету үшін Кеңесбек Айдананы ортаға шақырайық.
1ж: Құрметті әділ-қазылар өнер сайысы бойынша бағаларын қойып өтсеңіздер.
2ж: Төртінші кезең – Көрініс көрсету.
1ж: Қарапайымдылар тобын өз көріністерін көрсету үшін ортаға шақырайық.

Көрініс. 1 топ. Патшамыздың өнегесі.
Автор: Бір үлкен мемлекетті билеп отырған патша бірде базарға барып бір арқа отын сатып алып, оны жаяу арқалап келе жатады. Үйіне жете бергенде көріп қалған адамдар шулап шыға келеді:
Бір кейіпкер:-О, патша, сіз бір мемлекетті басқарып тұрсыз, қайсысымызды жұмсасаңыз да айтқаныңызды екі етпес едік, патша болып тұрып мына отын арқалап жүргеніңіз не?
Сонда патша:- Мен отында тәкаппар болып кетпеуім үшін арқалап келемін. Жұрт менің де пенде екенімді білсін!
Автор: – деген екен.

2ж: Алдарыңызда Бауырластар тобы өздерінің көріністерін көрсетеді.
Қошеметпен қарсы алыңыздар!
2 топ. Аман қалған нағашы.
Автор: Көне Шам шаһарында Мәлік деген жігіт керуен сарайдың жанынан өтіп бара жатқанда байлаулы тұрған аттардың бірі теуіп жібереді.
Мәлік: «Әй, мырза, атыңа қарамайсың ба!?» десе
Ат иесі: «Өй, боқмұрын, өзіңе де обал жоқ, сырын білмеген аттың сыртынан неге жүресің?!»
Автор: деп өзіне дүрсе қоя беріпті. Екеуі сөзге келіп қалады. Мәлік сәл ұзаған соң кектеніп қалшылдап тұрғанын байқайды. Қайта бұрылып барып әлгі саудагерді шауып тастамақ болады. Қолы қайта-қайта қылыш сабына барып өзін-өзі әзер тоқтатады.
Мәлік: «Қой, кешке барып бір есебін табармын»
Автор: дейді іштей кіжініп. Бір досына барып, сәл аялдап үйіне келсе әлгі өзі шауып тастамақ болған кісі төрде отырады. Сөйтсе, ол туған нағашысы – анасының көп жылдар көрмеген туған ағасы екен. Сол жерде жігіт пен нағашысы екеуі бір-бірінен ағаттықтары үшін кешірім сұрап көрісіпті. Кектеніп, керуен сарайда шауып тастаса нағашысынан айырылғандай екен.

1ж: Ал енді парыз тобының дайындаған көрінісін тамашалайық!
3 топ. Қарыздан қарызға.
Автор: Көктемгі дала жұмыстарының қызған кезі екен. Осындай қайнаған еңбек даласыгда елден ерекше бір жігіт өзіне тиесілі алқапты 3 бөлікке бөліп, 3 бөлек дән егіпті. Әлгіні таңырқай бақылап жүрген бір-екі көршісі маңына таяп,
Көрші: «мұның не, үшке бөліп еккенің қалай»
Автор: деп мәнісін сұрапты.
Жігіт болса: «біреуі – қарызға, біреуі – қарызым, ал енді біреуі – өзіме»
Автор: деп шаруасын жалғастыра беріпті. Жігіттің жұмбақ жауабына әлгілер түсіне қоймапты. Соны байқаған жігіт: «Қарызым дегенім, асырап жеткізген әке-шешеме арнағаным, қарызға дегенім балаларымды асырауға бөлгенім, ал өзімдікі қазіргі күнкөріске кететін өнім»,
Автор:- депті. Азаматтың көрегендігі мен ата-ана алдындағы борышына адалдығына риза болған қауым, оның ісін ауыздан-ауызға таратыпты.
2ж: Бесінші кезең – Топ басшылар сайысы.
1ж: Топ басшылар сайысында әр топ басшы өз тобының атын қорғайды.
2ж: Ондай болса Қарапайымдылар тобынан Даниярды шақырайық.

«Қарапайымдылар» тобы
1. Ізетті
2. Қайырымды
3. Кішіпейіл
4. Қарапайым
5. Жомарт
6. Еңбекқор
7. Ізденімпаз
8. Әдепті
9. Мәдениетті
10. Білімді

1. Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат,
Аймалайтын — анаң қымбат,
Асқар тауың — әкең қымбат

2. Мейрімі мол ананың —
Жүрегі жылы, қолы кең.
Кеңпейілді атаның
Жүзі жылы, жолы кең.
3. Атасы жоқ — мас жетім,
Анасы жоқ — қас жетім.

4. Ата-ананың қарызы,
Ұрпақтың өмірлік парызы
5. Тумақ-парыз, өлмек-қарыз.
6. Адамның ұяты бетінде,
Адамгершілігі ниетінде.
7. Ана алдында - құрмет,
Ата алдында қызмет.
8. Адам болып туған соң,
Адам болып өлу парыз.
9. Ел дегенде езіліп,
Жұрт дегенде жұмылып істе.
10. Өз елімнің басы болмасам да,
Сайының тасы болайын.
1ж: Ал екінші топтың топ басшысы Алтынбекұлы Имансеріні ортаға шақырайық.
«Бауырластар» тобы
1. Нағашы
2. Жезде
3. Ата
4. Іні
5. Әже
6. Апа
7. Қарындас
8. Бөле
9. Жиен
10. Аға

1. Ағайынмен жауласпа — басың азаяды,
Көршіңмен дауласпа — асың азаяды.
2. Бауыр шырын, бас тәтті,
Ағайынмен ішкен ас тәтті.
3. Үйірінен айрылған айғыр ат болады,
Көңілді қалдырған ағайын жат болады.
4. Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
5. Ағайын тату болса – ат көп,
Абысын тату болса – ас көп.
6. Ағаш тамырымен мықты.
Адам дос-жарымен мықты.
7. Үйдің жылы-суығын,
Қыс түскенде білерсің.
Ағайынның алыс-жақынын,
Іс түскенде білерсің.
8. Бетің қисық болса,
Айнаға өкпелеме.
Ниетін қисық болса,
Ағайынға өкпелеме.
9. Өнегелі отаудың өрісі кең.
10. Үйірінен айрылған айғыр ат болады,
Көңілді қалдырған ағайын жат болады.
2ж: Келесі кезекті – Парыз тобының басшысы Айшаға береміз.
«Парыз» тобы
1. Ата-ананы сыйлау
2. Үлкенге құрмет
3. Кішіге ізет
4. Отанды сүю
5. Отанды қорғау
6. Терең білім
7. Балалық борыш
8. Үлгілі тәртіп
9. Құштар көңіл
10. Жақсы көру
1. Құдықтан су ішкен,
Қазғанға рахмет айтады.
Ағашты көлеңкелеген,
Еккенге рахмет айтады.
2. Асыңа тойғызбасаң да,
Ақ ниетіңе тойғыз.
3. Қайырымдылық жасасаң,
Қайырын өзің көресің.
4. Кішіпейілділік-кісінің көркі.
5. Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді.
6. Адасқанның айыбы жоқ,
Қайтып үйірін тапқан соң.
7. Өзінің түйедей мінін көрмей,
Біреудің түймедей мінін көрер.
8Ақкөңілден арамдық шықпас,
Арамдық шықса да жамандық шықпас.
9.. Арғымақтың белгісі,
Аз оттар да көп жусар.
Асыл жігіт білгісі,
Аз сөйлер де көп тыңдар.
10.«Сіз» деген әдеп,
«Біз» деген көмек.
1ж: Құрметті әділ-қазылар топ басшылар сайысы бойынша бағаларын көрсетсеңіздер.
2ж: Сонымен сайысымыз аяқталды. Әділ қазылар қорытынды шығарғанша бір көрермендерге бірнеше сауал қойсақ.
1ж: Олай болса бірінші сұрағымыз Кітапхана ережесін білесіздер ме?
Дастархан басында өзін қалай ұстау керек?
Театрға кешіккен жағдайда не істеу керек?
2ж: Әділ қазылар жеңімпаз атанған топты айтып, ашық тәрбие сағаты туралы өз ойларыңызды білдіріп, қорытындыласаңыздар.
1ж: Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет! Осымен ашық тәрбие сағатын жабық деп жариялаймыз.
10 339
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Спорт – сенің серігің жарыс
Спорт – сенің серігің жарыс
Денсаулық ұғымының адамгершілік құндылығы ретінде мәнін ашу. Денсаулықты сақтау, нығайту қажеттілігі туралы түсініктерін кеңейту. Денсаулығын нығайтуға қызығушылықтарын арттыру. Денсаулығын күтуге, бағалауға тәрбиелеу.
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
Тәрбие тұжырымдамасының бағыттарын басшылыққа ала отырып жасалған 2019 - 2020 оқу жылының 8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
Адамгершілік - адамның нұрлы шуағы
Адамгершілік - адамның нұрлы шуағы
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік - рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түз өсу үшін оған көшет кезінде көмектесу болады,
Әдептілік – тәрбие бастауы
Әдептілік – тәрбие бастауы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, "Абай атындағы орта мектебі" ММ География пәнінің мұғалімі Спанова Маржан
Ізгілік – адамгершіліктің белгісі
Ізгілік – адамгершіліктің белгісі
Т. Амандосов атындағы орта мектеп. Ұйымдастырған: Кайрова А
Балаларды ізеттілік дағдыларымен қарапайым мәдени ережелерді үйрету арқылы адамгершілікке тәрбелеу
Балаларды ізеттілік дағдыларымен қарапайым мәдени ережелерді үйрету арқылы адамгершілікке тәрбелеу
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №7 «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Ерназар Гүлсім
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×