Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Желтоқсан желі

30 қаңтар 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Желтоқсан желі
Мақсаты: Оқушылардың ойында елжандылық сезімін қалыптастыра отырып, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарауға тәрбиелеу;
Көрнекілігі: Желтоқсан оқиғасының құрбандарына, желтоқсан оқиғасына байланысты жасалған слайд;

Барысы:
Әнұраным жан ұраным
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім – сағынарым
Мәңгі бақи шырқалады,
Республикам гимні,

Қаракөз: 1986 жылы 17 желтоқсанда бұрынғы астанамыз, қазіргі бас қаламыз Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олар: Тәуелсіздік керек! Қазақ елінің өз көсемі сайлансын! деген тілек білдірді. Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігінің талап етіп шеруге шыққан жастарға бұзақылар, ұлтшылдар, нашақорлар деген кінәлар тағылды.
Міне, біз бүгін тәрбие сағатымызды желтоқсан оқиғасына байланысты ой толғап, тәуелсіздікке өз үлесімізді қоспақпыз.
Бүгінгі «Қазақстан елім менің», деген рубрикамен өтілетін «Желтоқсан желі» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңына жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата - бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қ. Рысқұлбеков, Л. Асанова, С. Мұхаметжанова, Е. Сыпатаев апаларымыз бен ағаларымыз қатысты.
Аягөз: Желтоқсан - заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Қайрат, Ләззат пен Сәбира
Құрбаны болған жаланың.

Ұлдана: «Нашақор» деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.

Сәбираның Мұхаметжанованың суреті көрсетіледі

Қаракөз: Сәбираның оқу орнында ата - анасын шақырып үлкен жиналыс өткізеді. Ұзақ кінәлап, жала жауып «Қызыңыз тентек» деген ұстаздарының сөзі жанына аяздай батты Ақ самайлы анасын аяды.
Күтпеген жерден: «Бәріне кінәлі мен, жазалаңдар мені. Оларды оқу орнынан қумаңдар! Шеруді де мен ұйымдастырдым. Бәріне мен жауап беремін»,- деп кесіп айтқан сөзінен жиналғандар сілтідей тынды. Сәбира жиналысты тастай, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Сол бойымен намысшыл қыз жатақханасының бесінші қабатынан секіріп кетті. Оның өмірі ерте үзілді. Семсердей өткір айтқан сөздері ол оқыған оқу орнынан бірде бір қазақ қызын қудалатпай, оқуынан қудырмай, жала жапқызбай сақтап қалды.

Шолпан: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның!

Ләззат Асанованың суреті көрсетіледі

Қаракөз: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін - өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың алаңда болғаны анықталады.

Оңталап: Қаймықпады ызғарынан, бұлтынан
Қалтыратты империя іргесін.
Халықтардың бостандыққа ұмтылған,
Бастап берді бір көшін.

Асхат Қайрат Рысқұлбековтың суреті көрсетіледі
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты құрбандық
Атам десең, атыңдар!»

Қаракөз: Желтоқсан оқиғасы Қарат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова тәрізді батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді.
Ендеше, сол желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық

Желтоқсан / Алишер

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.

Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.

Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.

Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.

Серпіп бұлтты басқан елдің бар мысын,
Туды күнім әділетті арлы шың.
Алыс жолдан зарықтырып, шаршатып
Келдің бе сен, Азаттығым, армысың!

Қаракөз: Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың желтоқсан айының 16 - сы күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Биыл, міне, 21 жыл толып отыр.
Міне, бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Біздің өзіміздің туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Егеменді Қазақстан мемлекетіміз.

1992 жылы 4 маусымда егемен еліміз ҚР рәміздері қабылданды. Олар ҚР гимні, ҚР мемлекеттік елтаңбасы, ҚР туы.
Яғни Ата заңымыздың 9 - бабында көрсетілген. Және де осы заңның 34 - бап, 2 - тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» - делінген.
Олай болса өз еліміздің рәміздеріне тоқталып өтейік. (слайд рәміздер)
Рәмізіміз елдігімнің белгісі,
Білу керек бала дағы ең кіші.
Рәміздерім әнұран, ту, елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

Мемлекеттік туымыз бірыңғай көгілдір түсті. Көк түс - Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын білдіреді. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Тік жолақ ұлттық оюлармен өрнектелген.
ҚР мемлекеттік туының авторы суретші Шәкен Ниязбеков.
Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков - ҚР мемлекеттік туының авторы, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы 12 - қарашада Тараз қаласында дүниеге келген.
Нұрсұлтан:

Елтаңба негізі - шаңырақ. Шаңырақ мемлекеттің түп негізі - отбасының бейнесі. Тұлпар - дала дүлдүлі, ер - азаматтың сәйгүлігі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол - өлмес өмірдің бейнесі. Бесбұрышты жұлдыз «бағыңыз ашылып, жұлдызыңыз жарқырай берсін» деген асыл тілекті айқындап тұр. «Қазақстан» жазуы қазақ елінің айғағы.
Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібекұлы сәулетші. 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Шот Аман Уәлиханов Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші. Белгілі қоғам қайраткері. 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген.

Ажар: Әнұран мәтінінде ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрініс табады. Сонымен қатар асыл мұрамыз - еліміздің кең байтақтығы, жер мен ел байлығы көрініс тапқан. Әнұран салтанатты жиындарда, мәжілістерде, ғимараттар, ескерткіштер ашылғанда орындалады.
Әнұранның авторлары: Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжмединов, Н. Ә. Назарбаев.
Арайлым: Тәуелсіздік – биігі бұл санамның,
Тәуелсіздік – таза ауасы даламның,
Тәуелсіздік – бұл арманы бабамның.
Тәуелсіздік – бақ дәулеті баламның!

Қаракөз: «Ынтымақты елге ырыс енші». Аталардан қалған аңыз да соны меңзейді. Сондықтан бостандығымыз баянды болу үшін өзімізбен мидай араласып кеткен жүздеген ұлт өкілдерімен арамызға сызат түсірмеуіміз керек. Қазыбек би бабамыздың сөзімен айтқанда «Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Бір сөзбен айтқанда қалайтынымыз бейбітшілік, тыныштық, бостандық, еліміздің босағасын нығайту. Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға баса береміз.

«Желтоқсан желі» атты бейне клип

Бүгінгі «Тәуелсіздік таңы - атқан күн!» атты тәрбие сағатымызды көріп тамашалағандарыңызға рахмет!. Сау болыңыздар
27 263
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Тәуелсіздік таңы
Тәуелсіздік таңы
Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, оқушыларға желтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға - апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету.
Менің тәуелсіз, Отаным Қазақстан
Менің тәуелсіз, Отаным Қазақстан
Тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің сан қилы тарихын әр баланың санасына жеткізу. Әр жеткіншектің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Тәуелсіз еліміздің өсіп - өркендеуі, қол жеткізіп отырған табыстары, ел мен жердің өркениетті елдер
Желтоқсан жаңғырығы
Желтоқсан жаңғырығы
Өткізгендер: Нұртазаева Қалдығыз Бегимбетова Нұргүл
Тәуелсіздік – тұғыры
Тәуелсіздік – тұғыры
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Суықбұлақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Матина Жанар Ескендровна
Тәуелсіздік - ел тілегі
Тәуелсіздік - ел тілегі
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, ГКС-12 орта мектебінің мектепалды даярлық тобының мұғалімі Тулебова Назира Джеткергеновна
Қайратым - қайсарым
Қайратым - қайсарым
Қызылорда қаласы №172 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Абишева Ақзейнеш
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×