Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Адастырушы діни ағымдар

07 қараша 2023, Сейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
АДАСТЫРУШЫ ДІНИ АҒЫМДАР

Мақсаты: Қазіргі кезде қоғамымызды, адам санасын улап жатқан діни ағымдардың саны уақыт өткен сайын көбейіп барады. Олардың қаншама біз білмейтін түрлері бар. Сонымен қатар оның адам санасына, өміріне деген қаншалықты зиян келтіріп жатқанын көптеп естіп жүрміз. Міне осы діни ағымдар туралы оқушыларға мәлімет бере отырып, біздің мұсылман дінімізде оларды қолданудың, қабылдаудың зияны мен күнәсі көрсетілген. Осы адастырушы діни ағымдар туралы оқушыларға мәлімет беру, біле отырып, олардан аулақ болуды түсіндіру.

Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Интерактивті тақта арқылы діни ағымдардың тыныс тіршілігінен үзінді көрсету.
ІІІ. Қазіргі жастар арасындағы еліктеушілік пен жауапкершілік туралы пікірталас.
Пікірталасқа талқылауға ұсынылатын сұрақтар:
1. Ислам дінінің Қазақ еліндегі дәрежесі
2. Жастар арасындағы ислам дініне деген көзқарастар
3. Басқа діндерге деген ой пікірлеріңіз.
IV. Басқа діндерге бас ұрған қазақ азаматтарының тұрмыс тіршілігі туралы бейне көрністер
Талқылау:
• Сіздің пікіріңізше барлық діндердің дәрежесі бірдей ме?
• (Паранжа) Орамал тартқан жас қыздарға деген көзқарасыңыз қандай?

Бүгінгі археология, антропология ғылымдары діни сенім-наным жолдары мен жүйелерінің тым ерте дәуірлерден бері адамзаттың даму, өркендеу және кемелдену барысымен біте қайнаса жалғасып келе жатқанын дәлелдейді. Кейбір биохимия және генетика саласы ғалымдары (Rebecca Cann, Mark Stoneking, Douglas Wallace) дүниежүзінің көптеген аймақтарындағы адам нәсілдерінің генетикалық ерекшеліктерін салыстыра отырып, бүгінгі адамзаттың түр-тұқиянында бір атадан тарағаны туралы қорытынды жасаған. АҚШ-тағы Станфорд университеті профессорларынан Луиги Лука Кавалли-Сфорза (Luigi Luca Cavalli-Sforza) және әріптестері 40 жыл бойы дүниежүзіндегі 5 мыңдай тілді зерттей келе, оларды ірілі-ұсақты 17 топқа бөліп, түп негізінде барлық тілдер бір көне тілден тараған деген тұжырымға келген. АҚШ Коломбия университетінен Ральф Солеки (Ralph Solecki) Солтүстік Ирақтағы Шанидар (Shanidar) үңгірінде 1957 жылы жүргізген қазба жұмыстарында табылған заттар осыдан 60 мың жыл бұрын өмір сүрген неандерталь адамдарының діни нанымының болғандығын дәлелдеген (көбірек мәлімет үшін мына еңбекті оқыңыз: Roger Lewin, The Origin of Modern Humans, W.H. Freeman and Co., New York, 1993).

Адамзаттың ойлау деңгейі биіктеген сайын, ғылым-білім саласындағы табыстар көбейіп, өркениет сатысы өрлеген сайын, діннің қоғам өміріндегі рөлі мен маңыздылығы да күшейе берген. Адам баласының дамуы мен діни сана-сезім және қатынастардың да дамуы бірге жүрген десек қате болмас. Көне Мысырдағы перғауындардың ел мен дінді қатар билеуі, Рим императорларының ең биік діни мәнсапқа ие болуы, Үндістанды билеген Ашоканың (м.б. ІІІ ғ.) буддизмді тарату жолындағы қанды жорықтары, христиандардың шармық (крест) жорықтары, пайғамбарлардың ғибратты өмірі зерттелгенде тарихтағы ең елеулі уақиғалардың басы қасында діннің жүргендігі байқалады. Алып мемлекеттердің күйреуі яки пайда болуы, төңкерістер, соғыстар, көштер көбінде не белгілі бір дінді жою үшін немесе белгілі бір дінді орнату яки тарату үшін жасалған.

Осы соқтықпалы-соқпақты жолды бастан кешкен адам баласы діннің ең кәміл формасы ретінде исламға қол жеткізді. Миладтан кейінгі VII-ғасырда әз елші Мұхаммед Абдұллаһұлы (569-632) арқылы күллі адамзатқа жіберілген ислам діні Жаратушының жаратылғандарға жіберген ең соңғы һәм ең кәміл өмір сүру, ойлау, сезіну, ұйымдасу және даму жолын ұсынды...

Адам баласы жаратылысындағы оң және теріс қабілеттері, күшті һәм әлсіз жақтары бойынша Жаратушының саф дініне қол сұға отырып, көпшілік жағдайларда дінді бұрмалап, дінге өзгерістер енгізіп, діннің бақилық сипатын фәнилендіріп, ізгілік пен бақытқа жеткізуші арнасын ауыстыруға талпынумен болды. Тарихта болған күрделі уақиғаларды терең зерттегенімізде есі сау адамға қорқынышты яки жиіркенішті көрінуге тиісті көптеген іс-амалдардың «дін үшін» немесе «діншіл» атанған топтың бастамасымен болғандығын көреміз. Еуропадағы инквизация жылдарында (1184-1834) шіркеудің бұйрығымен өлтірілген он мыңдаған ғалымдар, кінәсіз өртелген жүз мыңдаған әйелдер, Америкада еш жазықсыз қырылған миллиондаған үндістер, Африкада құлдыққа әкетілген миллиондаған бейкүнә адамдар т.т. осы пікіріміздің айғағы. Әлемдегі барлық діндер өзінің негізгі формасынан ауытқып, басты мақсатынан ажыратылған тұста діндердің ішінен діндер бөлініп шығып, олардың өзі қырқысып, ондаған, тіпті, жүздеген бағыттарға бөлініп, бүгінгі аса күрделі һәм бақылануы неғайбыл діни ахуал пайда болды.

Мұсылмандар да осы фәнилендіру зобалаңының, дінге іріткі салу фитнәсінің қиянатшыл уә жойқын тепкісіне душар болды. Пайғамбарымыздың кезінде бөлінбеген және Құранда «ешқашанда жіктерге бөлінбеңдер!» (Құран, Әли Имран сүресі, 3/103) бұйрығының болғанына қарамастан мұсылмандар бастапқыда саяси топтарға бөлінді, оның арты сенім және құқық қағидалары бойынша жіктелуге ұласты. Осы бөлінудің мұсылмандарға еш жақсылық әкелмегені, әлбетте, белгілі. Алайда, бүгінгі діндер және мәзһәб уә тариқаттардың (конфессиялар уә секталар) пайда болу және қалыптасу тарихын аса мұқияттылықпен зерттеп, талдап, ғибрат алған жөн. Тек қана Аллаһ Тағаланың меншігіндегі «діни алаңға» фәнилердің қол сұғуы жалғасқан сайын, дін ішіндегі бөлінушілік болған сайын, ізгілік пен бақытқа кенелтетін діннің, өкінішке қарай, азап пен адасушылыққа апаратын сипатқа ие болатынына куә боламыз. Осындайда, белгілі философ һәм идеолог Карл Маркстың (1818-1883) «дін – халықтың апиыны» деген мәшһүр сөзі еріксіз еске түседі. Карл Маркстың йаһұди (еврей) жанұяда дүниеге келіп, христиан қоғамда өскендігін ескергенде, оның түсінігіндегі діннің қандай дін екені өздігінен белгілі. Дегенмен, ізгілікке баулитын сипатынан айырылған және фәни пенделерге яки пұттарға құлдық ұруға үгіттейтін діннің шын мәнінде апиын болатыны да даусыз...

«Күдіксіз, мұминдер бауырлар-дүр! Ондай болса, бауырларыңның арасын татуластырыңдар!» (Құран, Хұжұрат сүресі, 49/10)«Аллаһтың желісінен бәрің бірге жабыса ұстаңдар және ешқашанда жіктерге бөлінбеңдер!» (Құран, Әли Имран сүресі, 3/103)
Жоғарыдағы аяттардың талаптары көрініп тұр. Енді, бұрмаланған діннің, фәнилердің қол сұғуына ұшырап, рухани қанау қолшоқпарына айналған нахақ жолдардың адамзатқа қаншалықты зиянды бола алатынын нақты мысалдармен келтірейік:

Африканың кіндігінде орналасқан Уганда еліндегі Канунгу қалашығында 18 наурыз 2000 жылы «Құдайдың 10 бұйрығын жаңғырту» (Restoration of the Ten Commandments of God) христиан сектасына мүше 500-ден астам адам өздерін өртеп өлтірген. Секта көсемі Жозеф Кибветере (Joseph Kibweteere) секта мүшелерінің бәрін бір салтанатты мұрасымға шақырып, дастарқан дайындаған екен. Жас балалар мен көпшілігі әйелдерден құралған өзін-өзі өлтіру жамағаты шіркеудің есік-терезелерін жауып, алдымен діни әндер айтып, билеп, сонсоң өздерін өртеп жіберген. Өрт өшіру қызметі анықтағандай, суицид амалы барысында мүшелер арасында жанжал болмаған. Жозеф Кибветере «31 желтоқсан 1999 жылы қиямет қайым болады, барлық мүліктеріңді сатыңдар», деп үгіттеген.

Айтылған уақытта еш нәрсе болмаған соң ол болжамын 31 желтоқсан 2000 жыл деп өзгертеді. Бұл да болмаған соң араға бірнеше ай уақыт салып, пенделерімен массалық суицидті уйымдастырады. Уганда Сыртқы істер министрі Амама Мбабази (Amama Mbabazi) баспасөзге берген сұхбатында үкіметтің осы секта жөнінде мағлұматы болмағанын, егер болғанда тиісті шараларды алдын ала қолдануға болатындығын айтқан. Ол, сонымен қатар, діни жамағаттарды бақылауды күшейтудің қажет екенін білдірген. Уганданың солтүстігінде 1980-ші жылдары қалыптасқан «Киелі Рух қозғалысы» (The Holy Spirit Movement) деп аталатын христиан сектасы да жүздеген адамдарды өзін-өзі өлтіруге итермелеген-ді...

Адастырушы діни ағымдар мен секталардың қаншалықты қауіпті һәм кесапатты екенін көрсететін жуық тарихта болған тағы бір мысалды айталық: АҚШ азаматы христиан көсемі Жим Жонс (Jim Jones) 1957 жылы «Халықтың ғибадатханасы» (The People’s Temple) деп аталатын сектаны бастайды. Ол өзін Иса Мәсіх пен Лениннің тірілген формасы санайтын, ядролық қырғын ұйымдастыруды көздейтін. Өзіне бағынған адамдармен бірге Оңтүстік Америкадағы Гуянаға көшіп барып, өз атындағы Жонстаун (Jonestown) деген қалашықты салады. Осы жерді екі жыл мекендеген ол 1978 жылы 638 ересек және 294 жас өспірім, жиыны 932 мүридіне цианид ішіп өлуді бұйырады. Бұйрықты орындамағандарды атып өлтірген. Сонда, Жонсты және оның мүридтерін өз өздерін өлтіруге итермелеген қандай күш, қандай сенім еді? Осыншама жүздеген адамның ішінен ақыл-есі сау бір кісінің де табылмағанын қалай түсіндіреміз? Әрине, бұл дін психологтары мен дін социологтарының зерттеу тақырыбы. Біздің айтпағымыз, қандай теріс дін болса да, көр-соқыр сенімнің дүлей күшінің орасандығы...

АҚШ-тың Техас штатындағы Вако елді мекенінде 1993 жылғы көкекте болған қанды қырғын күллі әлем жұртшылығының назарын аударған-ды. Бұл жерде христиан секта көсемі Дейвид Корештің (David Koresh) фермасы орналасқан. Кореш мұнда 80 мүридімен тұратын. Ол өзін дүниенің соңғы кезеңінде жер бетіне келіп Құдай патшалығын орнататын Иса Мәсіх деп жариялаған. АҚШ құқық қорғау органдары фермаға кіруге әрекет қылғанда секта мүшелерінің табанды қарсылығына тап болады. 51 күнге ұласқан қоршаудың ең соңғы күні Кореш мүридтеріне өз-өздерін өлтіруді бұйырады. Сақшылармен болған қақтығыс және өрт салдарынан сектаға мүше 86 адам көз жұмады.

Әлемнің ең бай елдерінен Швейцарияда 1987 жылы Лук Журет (Luc Jouret, 1947-1994) және Жозеф ди Мамбро (Joseph di Mambro, 1926-1995) негізін қалаған «Күн ғибадатханасы низамы» (The Order of The Solar Temple) атты адамдарды зомбиге айналдыратын сектаны айтпасқа болмайды. Оның негізінде күнге табыну культі бар еді. Секта Швейцариямен қатар Франция және Канада қатарлы дамыған елдерде де мүридтер жинаған-тұғын. Секта көсемдері адамдарды олардың рухын Цириус жұлдызына жеткізіп, өлімсіздік шәрбатын ішкіземіз деп алдайтұғын. Жұмаққа жету үшін адамдар өздерін өртеп өлтіруге тиіс болған. 1987, 1995 және 1997 жылдары жасалған суицид амалдарында секта көсемдерімен бірге 48 адамның күлге айналған денелері табылған. Секта мүшелерінің дені жоғары білімді, әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етілген азаматтардан құралған екен. Оларды осындай азғындыққа, жан түршіктірер жауыздыққа жетелеген не еді?

Дамыған елдерде жуырда ғана болған адам сенгісіз уақиғалардың бірін тағы айталық: АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан «Аспанның қақпасы» (Heaven’s Gate) сектасының мүшелері сол кезде планетамыздың жақын маңынан өтіп бара жатқан Һейл-Бопп (Hale Bopp) кометасының артында жасырынып тұрған ғарыш кемесі оларды жерден алып кетуге келе жатыр деп сенетін. Сан Диего қаласындағы бір үйде жиналған сектаның 39 мүшесі улы шырын ішіп бір мезетте өз жандарын қиған. Секта мүшелерінің барлығы да бірдей киінген екен. Әрқайсысының қалтасында 5 долларлық қағаз ақша болыпты. Сектаның негізін қалаған протестант уағызшы Маршал Апплеуайт (Marshall Applewhite, 1931-1997) және Бонни Неттлес (Bonnie Nettles, 1938-1985) тастап кеткен хаттарында төменгі өмір сатысынан жоғары бір өмір сатысына көтеріліп бара жатқандарын жазған. Осы сектаның да мүшелері негізінен тіс дәрігері, инженер, заңгер, дәрігер сияқты сауатты да ауқатты адамдар екені таң қалдырады. Жоғарыда келтірілген мысалдардың барлығы да аталмыш адастырушы секталардың әуел баста ақылды желіден шығарып, адамды есуасқа айналдырумен және тәуелді етумен іске кірісетінін көрсетеді. Елімізде де кейбір эзотерикалық ағымдарды, оның ішінде діни мистицизм, оккультизм, каббала ілімі мен суфизмді уағыздап жүрген ағымдардың ішінде жоғары білімді, тіпті позитивті ғылымдардың мамандары, ғылым докторлары мен профессорлары бар екені осыған саяды...

1985 жылы қыркүйек айының 19 күні Филипиндер еліндегі Миндано аралын мекендейтін Ата тайпасының 60 адамы тариқат көсемі Дату Мангайанонның (Datu Mangayanon) бұйрығымен у ішіп өздерін өлтіреді. Оңтүстік Кореядағы протестант әйел көсем Парк Сун-Жаның (Park Soon-Ja) 32 мүриді шағын дозада у ішіп, өз өздерін бауыздап өлтірген. Жапонияның Вакаяма жағалауында «Шындықтың достары шіркеуінің» 7 әйел мүшесі өздерін өртеп өлтірген. Олар тастап кеткен хаттарында өз-өздерін тариқат көсемі Киохару Миямотоның (Kiyoharu Miyamoto) құрметіне өлтіргендерін жазған. Жапониядағы экстремист буддист секта «Аум Синрикё» нацилер ойлап тапқан және адамзатқа белігілі ең улы газдың бірі саналатын зарин газымен (ғылыми аты – Isopropyl Methyl Phosphonfluoridate) метро станцияларында жасаған террор шабуылдарымен әйгілі болды. Токйодағы Касумигасеки бекетінде 1995 жылы жасалған шабуылда 12 адам қаза тауып, 5,500 адам ауыр жарақат алды.

Осы террор амалынан кейін мәселені жан-жақты зерттеп, талдаған жапон қоғамтану ғалымдары топтық тәртіп пен топқа тәуелділікті көбірек дәріптеп, жеке ойлауды оқшаулайтын жапон білім беру жүйесін айыпты деп тапқан. Бұған қоса көптеген ғалымдар Американың 1945 жылғы жеңісінен кейін жапондардың ұлттық діні синтоизмнің әлсіреуі салдарынан олардың рухани бопсалауға душар болғанын алға тартады. Шизуока университетінің социология профессоры Кимиаки Нишиданың (Kimiaki Nishida) пікірінше рухани вакуумда қалған жапон жастарын рок концерттерін жиі ұйымдастыратын және видео техниканы шебер пайдаланатын Аум Синрикё сектасы бірден өзіне тартқан. Осыған ұқсас әдістер бізде де жасалып жатқан жоқ па, деп еріксіз өзіңе сұрайсың. Қазақстанда да өзін Мәсіх яки Мәһди деп жариялаған адамдар мен олардың секталары ұқсас әдістерді пайдаланып, кең көлемді насихат жасап жатыр деген ақпарат баспасөзде жиі кезігетін болды.

Бүгінгі күні Қазақстандағы діни ахуал да мозаиканың тастары іспетті түрлі-түсті. Сырттан кіріп, емін-еркін үгіт-насихат жасап жатқан діни ұйымдар мен ағымдардың елімізге қаншалықты қажеті бар екені лайықты деңгейде зерттеліп жатқан жоқ. Жоғарыда есімдері аталған адастырушы һәм құпиялығы басым тоталитарлық секталарға ұқсас құрылымдардың елімізде де тамыр жайып келе жатқаны туралы айтуға қорқасың. Алайда, басқа елдерде болған және болып жатқан өрескел жағдайлардан ғибрат алып, қатаң шара қолданатын кез келген сияқты. Себебі, Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік, саяси-құқықтық және экономикалық жағдайы кез келген үгітті таратуға аса қолайлы. Сол себепті, мемлекеттің дін мәселесіне шұғыл бет бұрып, дін мәселесін бөтен күштердің қолынан өз қолына алатын уақыты жетті деп айтар едім. Егер мемлекет дін мәселесімен айналыспаса, болашақта дін мәселесі мемлекеттің өзімен айналысатын болады. Карл Маркстың апиынға теңеген діні ізгілік пен бақытқа бастайтын діннен озып кететін болса, ондай қоғамда аса қауіпті уақиғалар болады деу сәуегейлік емес...

Бүгінгі күні Қазақстанда христиандықтың елімізге кейінгі жылдары келімсектер арқылы келген жаңа формалары миссионерлер арқылы кең таратылуда. Лютерандар, баптистер, методистер, меннониттер, 7. күннің адвентистері, пентекостал шіркеулері, пресвитериандар, елуліктер, мун шіркеуі, виссериан шіркеуі, евангелистер, Йеһоуа куәгерлері деп тізбектеп санап шыға алмайсың. Бұларға қоса елімізде «ұлттық ислам» мен «ұлтсыз ислам» орнатуға ұмтылатын «уникалды» топтар да бар. Жалпы, сектология ғылымы елімізде әлі қалыптасқан жоқ десек артық болмас. Бұл дәл бүгінгі күні өте өзекті һәм аса қажетті ғылым саласы.

Жоғарыда айтылған мәліметтер негізінде еліміздің болашағы халқымыздың бірлігінде, ал халқымыздың бірлігі халықтың діни бірлігінде екенін тағы да айтқым келеді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын бүгінгі 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, барлық мұсылмандар фәни адамдар мен фәни ұғымдарға табындыратын ағат жолдарды тастап, Діни басқарма төңірегінде, Құран Кәрімнің саф жолы бойынша Ислам жолында бірігейік деп тілек айтқым келеді. Аллаһ Тағалам баршаңызды жарылқасын!

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кентіндегі №5 кәсіптік лицейдің
математика пәнінің мұғалімі
Қараев Дархан Жылқайдарұлы
26 649
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бүгінгі таңдағы ең өзекті мамандық - Дінтану
Бүгінгі таңдағы ең өзекті мамандық - Дінтану
Діннің қазіргі жағдайы өте ахуалды екені барлығына белгілі. Себебі қазіргі қоғамда дін атын жамылған діни ағымдардың лаңкестік әрекеттері әр адамзат өміріне қауіпті.Бүгінгі таңда бұл лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемде орын алуда. Оның ішінде
Дүниежүзінің діни алуан түрлілігі неден көрінеді?
Дүниежүзінің діни алуан түрлілігі неден көрінеді?
Дүние жүзі халқының діни құрамы мен діндердің таралу аймақтарын анықтайды.
Қоғамға керек мамандық
Қоғамға керек мамандық
Дінтану білім беруді ізгілендіру үдерісінде өзіндік рөл атқарады. Діни мәдениет пен шынайы руханилық бұл маңызды гуманистік құндылық. Бүгінгі өмір дінтану пәнінің оқытушысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Дінтану пәнінің оқытушысы ақыл -
Оқушылардың бойында этностық және діни толеранттылықты тәрбиелеу
Оқушылардың бойында этностық және діни толеранттылықты тәрбиелеу
Автор:Рахметова Батима Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс - салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету спектрі күшейіп, кеңейе түсуде.
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы А. Жанпейісов атындағы № 105 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бисенбаева Анар
Қазақстан Республикасындағы экстремизм мен терроризмнің қауіп қатері
Қазақстан Республикасындағы экстремизм мен терроризмнің қауіп қатері
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, №25 Тұрар Рысқұлов гимназия мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Шукурбекова Сауле Боранбековна "Үздік презентация" номинациясы бойынша
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×