Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ежелгі Қазақстан тарихы

11 қараша 2012, Жексенбі
Категориясы: Тарих
Ақтөбе қаласы.
Үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясының
тарих пәні мұғалімі Сәрсенбаева Сәулет Жамаладинқызы

«Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі» тақырыбы бойынша жасалған «Томирис патшайым» атты сахналық көрініс.
(6-класс оқушыларына ықшамдалып жасалған)

1-көрініс: Сақ ордасы. Төрде Томирис, Зарлық қария
Томирис: Сақтардың бір ел болып біріккенін аңсаймын. Бірақ бақталастар кедергі болып мүмкіндік беретін емес. Әр тайпаның көсемі өз алдына би болып, бағынғысы келмейді. Қалай ел боламыз, қалай бірігеміз, Зарлық қария?
Зарлық қария: Елің үшін отқа түсіп күйіп жүрсің патшайым! Білемін, барлық ойың - сақтардың басын біріктіріп, ел ету. Сақтарды бөлшектеп басын біріктірмей жүрген тайпа көсемдері ғой. Шыдайық, патшайым. Шаршамайық, ел болу мақсатымыздан танбайық.
Сақшы кіреді: Патшайым, Рүстем батыр келді, кіруге рұқсат сұрайды.
Томирис: Рүстемді осыдан бес жыл бұрын алыс елдерге барлаушы етіп жібергем, келген екен, не айтады екен, тыңдайық. Кірсін!
Рүстем кіреді: Армысың, падишам!
Томирис: Төрлет, Рүстем батыр. Аман –есен оралдың ба еліңе, Қай жерлерге бардың, не көрдің айта отыр, батырым?
Рүстем: Мен көп елді араладым, көп жерді көрдім. Ойыма көп нәрсені түйдім. Грек қалаларын, Египет сарайларын да көрдім. Бірақ, патшайым, осы елдердің бәрі бір патшаны жеңуге жарамады.
Томирис: Не болды, түсінбедім. Кеңірек айтшы, Рүстем?
Рүстем: Парсы елінде Кир деген патша бар. Әскері өте көп, жер қайысады және жақсы қаруланған. Осы Кир патша маңайындағы көп елдерді бағындырды. Енді біздерге соғыс ашпақшы. Соғысқа дайындалуда.
Томирис: Сақ елі ешқашан жаудан қорқып көрмеген. Келсін Кир! Қанша әскері болса да, көрейік! Ертеңге барлық тайпа көсемдерін жинайық. Соғыс жайын талдаймыз.
Зарлық қария: Жауға қарсы бар тайпа бірікпесе болмайды. Жаушы аттандырыңдар. Елімізге қауіп төнді.
Томирис: Сақшы!
Сақшы кіреді, Томирис: Ертеңге барлық тайпа көсемдері жиналсын.
Сақшы: Құп, әміршім!

2-көрініс: Парсы ордасы. Төрде парсы патшасы Кир, қасында елшісі Мардан.
Кир: Сенің қасымда ақылшы, елші болып жүргеніңе көп болды. Мен сақтардың еліне жорық жасамақпын. Жорыққа шығар алдында саған бір жұмыс тапсырмақпын. Сен сақтардың еліне елші болып барасың.
Мардан: Көп елге елші етіп бұрыннан да жіберіп жүрсіз, падишам. Бұл жолы да барамын. Томирис ханымның еліне барайын. Әскерін байқайын. Сіздің сәлеміңізді жеткізейін. Қанша күші бар екен, біле қайтайын.
Кир: Құр сәлемді жеткізбей, дұшпанымыздың күшін санап кел және бізге жақтасатын адам болса, тауып сөйлесіп кел. Алтын –күмісті мол етіп ал. Ал, бара бер.
Мардан: Әміріңізге құлдық!

3-көрініс: Сақ ордасы. Томирис, Зарлық қария, Сыпатай, Сапар, Мардан.
Томирис: Ал, сөйлей бер, елші.
Мардан: Мен парсы елінің патшасы Кир жіберген елшімін. Менің сізге айтарым, Кир патшам Сізге бағынсын деп бұйырады. Біздің әскеріміз көп және өте жақсы қаруланған. Осы сөзге келіссеңіз, Сізді лайықты сыйлықтар күтіп отыр.
Сыпатай: Мына елші не дейді?
Томирис: Отыр, Сыпатай, Елшіге тиісуге болмайды. Мардан, патшаңа айта бар, біз соғысуға дайынбыз. Соғысатын жерін айтсын!
Мардан: Көнбесең, Томирис, біз соғысты бастаймыз. Соғысатын жеріміз –Яксарт –Сырдың жағасы. Кир сақтардың түбіне жетеді!
Томирис: Енді Кирмен соғысты талдайық. Үш күннен соң майданға шығамыз. Сыпатай барлау әскерін басқарасың.

4-көрінісі. Сапар мен Мардан оңаша сөйлесіп отырады.
Сапар: Я, елші, менімен неге сөйлеспек болдың?
Мардан: Сен сияқты батырдың ерліктерін көп естідім, қайран қалып сүйсіндім. Ерліктерің тамаша екен. Бірақ, менің таң қалғаным, ер басыңмен әйел патша – Томириске қалай бағынып жүрсің. Өзің неге патша болмайсың?
Сапар: Иә, патша тағына отыру арманым. Кедергі болып жүрген Томирис.
Мардан: Ақша жағынан қиналма, бізге көмектессең, біз саған жәрдем береміз. Томиристі жеңсек, сақтарға сен патша боласың!
Сапар: Олай болса, мен де саған бір сырды ашайын. Томиристің жалғыз ұлы – Сыпатай соңдарыңнан еріп барлау әскерін бастамақшы.
Мардан: Мына құпияңа көп рахмет. Келістік.

5 –көрініс. Кир ордасы, Мардан, Сапар, Кир.
Мардан: Әміршім, алдыңызға сақ ханзадасы – Сыпатайды әкеліп тұрмын. Тұтқынға алдық. Сапар көмектесті.
Кир: Әкеліңдер, Сақ ханзадасын көрейік.
Сыпатайды аяқ-қолын байлап алып кіреді.
Кир: Сақтың батыр ханзадасы, ержүрек батыр болсаң, әскербасы етіп тағайындаймын. Маған қолбасшы бол.
Сыпатай: Мен елімді ешқашан сатпаймын. Саған қызмет етпеймін.
Кир: Олай болса, өлтіріп, шешесіне жіберіңдер.

6 –көрініс: Сақ ордасы, Томирис, Рүстем, Зарлық қария
Томирис: Кир патша менің жалғыз ұлымды өлтіріп, мені сындырмақ болған екен. Ұлымның қаза тапқаны жаныма батады. Бірақ елімнің тәуелсіздігі бәрінен де жоғары. Атқа қоныңдар, сақтар азаттығы үшін күреске дайындалыңдар!

Шайқастан үзінді көрсетіледі.
Автор сөйлеп тұрады: Жалғыз ұлынан айырылған Томирис мұндай қазаға көз жасымен емес, кек қайтару арқылы жауап беруге бел байлады. Томирис қулыққа көшеді. Қорқып жаудан қашқандай әрекет жасайды. Кирді әскері жасырынған тау шатқалына алып келеді, сол жерде қатты шайқас болып, 200 мың парсы әскерін Кир патшамен бірге жойып жібереді. Тіпті парсылардың жеңілгенін хабарлайтын жаушы да қалдырмай жойып жібереді. Томирис патша сақтарды парсы жаулап алуынан сақтады. Осылайша сақтар тәуелсіздігін сақтап қалды.

7 –көрініс. Сақ ордасы, Томирис, Зарлық қария
Томирис: Қауіпті жаудың бетін қайтардық. Еліміздің азаттығын сақтап қалдық, солай емес пе, Зарлық қария?
Зарлық қария: Иә, патшайым, Халқыңызды дер кезінде басын біріктіріп, сақтап қалдыңыз. Қайғыға берілмей күш – жігеріңізді жинай білдіңіз.
Ел бірлігі мықты болса,
Ешқандай жау ала алмас.
Таптаймын деп келген жау,
Табанына сала алмас.

Бәрі орнынан тұрады, жайлап шығып кетеді.
23 782
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі Конспект Б. з. б. 530 жылы Кир бастаған парсы әскері Сырдарияға дейін келіп, сақтармен соғысты. Томирис патшайымның баласы Спаргапис парсылардың торына түсіп, қаза табады.
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Сақтардың тәуелсіздік үшін жүргізген күресі туралы баяндау, оқушылардың ойлау, сөйлеу, іскерлік дағдысын дамыту, отансүйгіштікке, батырлыққа тәрбиелеу.
Томирис. Қазақ тарихындағы әйелдер
Томирис. Қазақ тарихындағы әйелдер
Әлемге әйгілі 10 әйелдің арасында сақ патшайымы Томиристің аты аталады. Томирис б. з. б. VI ғасырға дейін өмір сүрген (б. д. д. 570 - 520 жж). Ол атақты скиф көсемі Ишпақайдың тұқымынан тараған.
Сақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі
Сақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі
Тарих пәні мұғалімі: Нурпайзова Айнур Кенесбаевна
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ғалым Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Сералина Жұлдыз Ерболатқызы
Сақтардың тұрмысы мен шаруашылығы
Сақтардың тұрмысы мен шаруашылығы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Үстірт орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Толегенова Мончак
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×