Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

31 қаңтар 2013, Бейсенбі
Категориясы: Технология
Тақырыбы: Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Мақсаты: Оқушыларды ұлттық салт-дәстүр негізінде білімін кеңейту. Адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Татулыққа, ынтымақтыққа, бірлікке шақыру.
Көрнекілігі: Слайд, өнер жайлы қанатты сөздер мен мақал - мәтелдер

Барысы:
Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата - аналар, оқушылар! Сіздер бүгін «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты 7 - сыныптар арасындағы жігіттер сайысына қош келдіңіздер. Жігіттеріміз өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, біздің салт - дәстүрімізді, шеберліктерін, онымен қоса білімділіктерін көрсетеді. Олай болса жігіттерімізге сәт - сапар тілей отырып, сайысымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін қолдамақ.
Жігіттер шықсын ортаға,
Ел намысын қорғамақ
Қайсысы күйші, кім биші,
Талабына қарайық.
Кімдер зерек, кім жылдам,
Таланттарын табайық.

Ортаға сайысқа қатысатын топтарды шақырайық.
1. 7а сыныбы -«Бәйтерек» тобы
2. 7ә сыныбы - «Қыран» тобы
3. 7б сыныбы - «Болашақ» тобы
4. 7в сыныбы - «Дарын тобы

Сайыстың кезеңдері:
1. Сәлем - сөздің анасы (Әр топ өздерін таныстырады)
2. Тәуелсіз елім - тұғырым (Тәуелсіз Қазақстан жайлы өлеңдер мәнерлеп оқу)
3. Білімді мыңды жығар ( Пән бойынша сұрақ-жауап)
4. Ойлы болсаң, озып көр (Мақал айту жарысы)
5. Салт - дәстүрім – қазынам ( Дәстүрге байланысты сұрақтар)
6. Ойлан тап (Жұмбақ шешу сайысы)
7. Батаменен ел көгерер ( Бата айту сайысы)

1 - кезең: Сәлем - сөздің анасы (Таныстыру)
Ал қанеки, қырандар!
Босқа қарап тұрмандар,
Бастап жігіт өнерін,
Алыстарға самғаңдар!
Таныстырып өзіңді
Топ намысын қорғаңдар..
Әр топ өздерін таныстырады.

2 - кезең: Тәуелсіз елім - тұғырым (Мәнерлеп оқу)
Тәуелсіздік алғанымызға аса көп уақыт болмаса да біздің еліміз әлемге әйгілі мемлекеттер қатарында. Осындай бейбіт елімізде, ата - баба жерімізде білім алып бақытты өмір сүріп жатырмыз. Егемен еліміздің тыныштығы мен абыройы мына сендердің қолдарыңда. Сендердің тұла бойларыңда Отанға, елге деген патриоттық сезім болуы тиіс. Олай болса, Тәуелсіз елімізді мақтан етіп жырымызға неге қоспасқа!
3 - кезең: Білімді мыңды жығар (Білім сайысы)
Білекті жықса біреуді,
Білімді мыңды жығады
Инемен құдық қазғандай,
Білімнің шыңына шығады - деп келесі кезекті білім сайысына береміз.

Оқушылардың технология пәнінен алған білімдері тексеріледі.
1. Егіншіліктің 3 жүйесін атап бер. (Қарапайым, экстенсивті, интенсивті)
2. Парға қалдыру дегенді қалай түсінесің? (Бір жаз бойы егін екпей, жерді өңдеу)
3. Интенсивті жүйесі қай елде, қай ғасырда пайда болды? (Англияда, 18 ғасырда)
4. Ел арасындағы «екінші нан» қай дақыл? (Картоп)
5. Картоп +18 - 25 температурада неше күнде көктеп шығады? (13 - 15 күн)
6. Картоп егу ара қашықтығы қанша см? (70см)
7. Малдың түріне қарай шөпті қалай әзірлейді? (Ірі қараға 4 - 5см, жылқыға 3 - 4см, қойға 2 - 3см)
8. Шөп ұнын немен әзірлейді? (Арнайы агрегатпен)
9. Ағаш өңдейтін токарь станогының маркасы? (СТД 120 - М)
10. Мөлдір экран не үшін қажет? (Көзді сақтау үшін)

4 - кезең: Ойлы болсаң, озып көр (Мақалдың жалғасын табу)
Ата - дәстүр абырой көтергенге,
О, бұл сөздер сүйектен өтер демде!
Тоқталамыз енді біз, ал халайық,
Қанатты сөз мақал мен мәтелдерге.

Конверт ішінде жасырылған мақалдардың жалғасын табу керек. Әр топқа бес мақалдан.
1. Өнерлінің қолы алтын, (Өлеңшінің сөзі алтын)
2. Ата көрген оқ жонар, (Шеше көрген тон пішер)
3. Шебердің қолы ортақ,( Шешеннің тілі ортақ)
4. Ерінбеген өнер табар, (Шегіне берген соңына қалар)
5. Еңбексіз өмір жоқ, (Ауырсыз жеңіл жоқ)
6. Еңбек өмірді ұзартады, (Ұят бетті қызартады)
7. Үйренгенің өзіңе құт, (Істегенің еліңе құт)
8. Шебер көп жерде, (Өнер көп)
9. Еңбек етсең ерінбей, (Тояды қарның тіленбей)
10. Еңбек ерлікке жеткізер, (Ерлік елдікке жеткізер)
11. Бармағынан бал тамған шебер болғың келсе, ( Бармақтайыңнан машықтан)
12. Еңбектің наны тәтті, ( Жалқаудың жаны тәтті)
13. Үлгісі көптің өрнегі көп, (Өрнегі көптің ермегі көп)
14. Талаппен бастап, (Талғаммен аяқта)
15. Өнерлінің он саусағы тең, (Өнерсіздің бір саусағы кем)
16. Өнерлі жігіт өрде озар, (Өнерсіз жігіт жер соғар)
17. Өнер алды - бірлік, (Ырыс алды - тірлік)
18. Асыл тастан шығар, (Өнер жастан шығар)
19. Ақыл көпке жеткізер, (Өнер көкке жеткізер)
20. Талапты ерге (Нұр жауар)

5 - кезең: Салт - дәстүрім – қазынам (Дәстүрге байланысты сұрақтар)
Салт - дәстүрлі санамыз гүлденетін,
Ойынымен, биімен гүлденетін.
Әдет - ғұрып, дәстүрді қастерлейік,
Ұрпақ болсаң шынымен ізденетін.

Дәстүрге байланысты сұрақтар конверт ішінде жасырылған. Әр топқа үш сұрақтан.
1. «Сүйінші» деген не? (Қуанышты хабар жеткізу)
2. «Шашу» дегеніміз не? (Қуаныш айғағы ретінде жасалатын дәстүр. Үйлену тойында, құда келгенде, қоныс тойында, т. б.)
3. «Қонақасы» дегенді қалай түсінесің? (Үйге келген қонаққа арнайы мал сойып, сый - сияпат көрсету)
4. «Енші» деген не? (Ер жеткен балаларын дүние - мүлкін беріп ата - анасының бөлек шығаруы)
5. «Байғазы» дегенді қалай түсінесің? (Жаңа зат немесе жаңа киім үшін берілетін ақшалай немесе заттай сыйлық)
6. «Ерулік» деген қандай дәстүр? (Жаңадан көшіп келген көршілерге бұрыннан тұратын көршілердің үйіне қонаққа шақырып ас беруі)
7. «Сыбаға» деген сөзді қалай түсінесің? (Құрметті қонаққа немесе жақын - жуыққа арнайы сақтаған кәделі ет, жілік мүшелері)
8. «Айдар» деген не? (Ер баланы тіл - көзден сақтау үшін қойылатын шаш)
9. Бес дұшпанды ата? (Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақ)
10. Бес асыл істі ата? (Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
11. Бес қаруды ата? (Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)
12. Ат әбзелдерін ата? (Ер - тоқым, жүген, құйысқан, өмілдірік, тартпа, үзеңгі т. б.)

6 - кезең: Ойлан, тап ( Жұмбақ шешу)
Кел, балалар, ойнайық,
Ойнайық та ойлайық.
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық.

1. Жарқылдаған қос қылыш,
Қолға тисе жоқ тыныш. (Қайшы)
2. «Естіртпе»- деп ине - жіптің күңкілін,
Бүтіндейді қағаз, кітап жыртығын. (Желім)
3. Жүрген сайын жүйрігім,
Қысқартады құйрығын. (Ине - жіп)
4. Ұқсайтын шеңберге
Қабырғасы жиылып, керіледі.
Жиһазы мол, кең бөлме,
Төбесінен жұлдыздар көрінеді. (Киіз үй)
5. Адамға сонша пайдалы, басында сансыз көзі бар. (Оймақ)
6. Қылдырықтай бір нәрсе иретілген,
Мойнында ұзын арқан сүйретілген. (Ине, жіп)
7. Көрінген жол үстінде доңғалай бас,
Қолы жоқ, аяғы жоқ бұл қандай бас?
Жанынан шапалақпен жайлап ұрсаң,
Атындай жолаушының жорғалар бас. (Ұршық)
8. Қолымда бір құсым бар екі басты,
Аяғын басқан кезде зәре қашты.
Аузын аждаһадай ашқан кезде,
Бөлектеп атып тастар ішкен асты. (Қайшы)
9. Қатар - қатар тісі бар,
Өзіне тән ісі бар. (Қол ара)
10. Жүзімен жарамын,
Шүйдесімен қағамын. (Балта)
11. Сегіз тарам қайыстан,
Өрімі бар бұзау тіс.
Жұмсақ жағы майысқан,
Айнымаған жылан түс. (Қамшы)
12. Бір тышқанда екі құйрық. (Ине, жіп)

7 - кезең: Батаменен ел көгерер (Бата айту сайысы)
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас.
Батаменен ел көгереді,
Жауынменен жер көгереді.
Әр топтан бір жігіт шығып, өздері білетін бір бата айтады.
Қорытынды

Бойларыңда от бар екен байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен, байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.

Осымен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты 7 кезеңнен тұратын сайыс өз мәресіне жетті.
Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің жауаптары кәміл шықты.
Өнер мен шеберліктің сайысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты – деп сөз кезегін әділқазылар алқасына берейік.
Әділқазы алқасы жеңімпаз топты анықтап, марапаттайды.
17 670
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Оқушылардың математика пәні бойынша меңгерген білімін тексеріп білу, өткен материалды еске түсіру, математика пәніне қызығушылығын арттыру арқылы ой-қабілетін дамыту және өз ойларын жеткізе білу.
Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда 5 - 7 сыныптар
Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда 5 - 7 сыныптар
Оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыру, математикалық ойлау қаблетін дамыту, алған білімдерін тереңдету есептеу дағдыларын жетілдіру.
Айбынды біздің әкелер
Айбынды біздің әкелер
Әкемен, бала мектеп арасындағы байланысты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және кез – келген жағдайдан шыға білетін жеке тұлға тәрбиелеу. - Құрметті ата - аналар, ұстаздар, сайысқа қатысушы әкелер! Бүгінгі әкелер арасында өткізгелі отырған
Жігіт сұлтаны - 2023
Жігіт сұлтаны - 2023
Мұғалім: еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз мейрамын айрықша өткізіп келеді. Наурыздың 22 - ші жұлдызында күн менен түн теңеледі. Қыс өтіп, көктем келіп, мал төлдейді. Бар тіршілік жанданып, айнала құлпыра түседі.
Даналығын халқымның мақтан етем
Даналығын халқымның мақтан етем
Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ақадыр ауылы. Малик Армангуль
Жігіт сұлтаны - 2013
Жігіт сұлтаны - 2013
Жезқазған қаласы Дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×