Мемлекеттік сыйлыққа лайық нағыз еңбек!
Менің жолым - Абай жолы
Өмір - өзен! Қамшының сабындай, бес күндік өмірдің мәні неде? Ғұмыр кешуде ең басты себеп қандай? Бұндай сұрақтар адам баласын туғаннан, саналық қабілеттің ашылған сәтінен бастап толғандыратыны мәлім. Өмірді әркім өзінше түсініп, қабылдайтыны да сөзсіз. Алайда, «өмір»атты кітаптың соңғы парағы жабылғанша, адам - заттың көрінісі оның тірі болуында, бар болуында, кеудедегі жүректің дүрсілдеп соғып тұруында. Міне, бұл өмірдің заңы. Ал, осы ғұмырды бақытты және баянды кешуде қандай қағидаларға сүйенген абзал? Адам - заттың өмірлік ұстанымына айнала алатын қасиетті де құдіретті өмір пәлсапасы жәйлі толғансақ...
Өмір сүру этикасы – адам экологиясы, мәдениетімен тығыз байланысты. Ал мәдениет өз кезегінде салт - дәстүр, тәлім - тәрбие, өсиет - өнеге, ырым - тыйым мен дін мен тілге, қоршаған орта сынды көптеген ұғымдармен тікелей байланысты.
Тәлім - тәрбиенің негізгі алғышарты - қалыптасып келе жатқан жеке индивидтың әлеуметтік, күнделікті өмірлік тәжірибені меңгеруі, оның жан - жақты үйлесімді моральді және физикалық дамуы. Адам болмысының дамуы мен қалыптасуы мәселесінің сан ғасырлық тарихы бар, және бұл бағытта ерен еңбек еткен де, еңбек етушілерде жеткілікті. Осындай астарлы, түпсіз терең, тылсым тұңғиықұғымның мәнін ашатын біздің ақиқатымыз бар. Сандар, нақты ғылымдар әлемінде, бір заттың атын көрсететін, оның рөлін анықтайтын формула болады және де ол не талқылануға не өзгертуге жатпайтын, бірқалыпты ереже. Осы ереже іспеттес әдебиет әлемінде, білім мен діннің сабақтастығы көрінісінде, үлкен түйенің өркешіндей, алып пілдің көлеміндей парасатты нақылдар қалдырып кеткен, ізгілікті білім жолының асыл мұрасы атанған «Хакім Абай» біздің бүгінгі ақиқатымыз!
Хакім Абайды танымайтын кіші жоқ, қадірлеп - бағаламайтын үлкен жоқ. Мәселен, бұл өмірде қазыналы ғұмыр кешу үшін Данышпан Абайдың айтқан нақты өсиеті, ережесі бар ол - «Үш сүю»! Адам баласының өмір атты Алланың сынағынан өту үшін арналған, тапжылтпай, бұрмаланбай орындалуға тиіс, көзі ашық, әрбір саналы тірі жанға, қарапайым түсінікті тілде жазылған асыл мұра. Бүгінде Абайдың асыл мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінен бастап, сонау жер шарының қиыр қыртысында паналаған әр - түрлі ұлт өкілдерінің тілдеріне аударылып, барлық адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Себебі, қандай ұлт болса да, ғалым болса да, қандай да бір пенде болсын барлығының ой астындағы толғатып, мазалайтыны – адам болмысы, өмір пәлсапасы жайлы. Әрине, бұл сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар аз емес және бұл үлкен ұғымның сырын, «мейірімді ананың баласының қамын ойлап тамақтандыру мақсатында, жемістің сыртын пышақпен ашып - тазалап бергендей», адам - зат тарихында дұрыс, пайдалы әрі ізгілікті жолмен жүрудің мәнін талқылап берген данышпандар жетерлік. Алайда, Абайды қазіргі таңда Хакім Абай еткен, Абай дегізген данышпанның өз ерен еңбегі, себебі адам баласының жаратылысынан бастап соңғы демінің сәтіне дейін, аузын ашып «Бисмилләһ» дегізіп, біріншісінтәубеге, екіншісін шүкіршілікке шақырып, сол заманның қиын - қыстау соққыларына қарамастан, жүректен жүрекке ерекше өзіндік образбен, стильмен, кейде жылатып, кейде күлдіртіп нағыз психологиялық әдістің маманы болып, ежелгі және кейінгі философтардың қайсы бірі болса да, солардан айқындалып, ұшқындалып, ғалымдар қоғамының өкілдерінен асып кетпесе кем түспегені дөп, міне осылайша Абай дер кезінде өзінің Алладан алып отырған хақ сәулелі білімін өте дарынды жеткізе білгені үшін, біз Абайды Хакім деп танимыз!
Әдебиетті шын сүйген әрбір қаламгерлер, әсіресе Абайдың зор идеяларының мазмұнын кейінгі ұрпаққа танытып, жеткізіп жүрген ғалымдар шүкіршілік, оның ішінде тіпті тек Абай ілімін дәріптеген Абайтанушылар да бар. Бұл ғалымдардың атқарып, үлес қосып жүрген еңбектері бағалы - қазыналы сандықтай. Осы ретте кеше емес, бүгін емес, сонау мектеп қабырғасын аттап, ең алғаш рет Абайдың өлеңін жаттаған сәттен бастап, көкірегіндегі жастық шақтың отымен, қайсар мінезді, палуан батырдай күш – жігерлі, жайнаған қара домалақ көзімен, лапылдаған от болып әдебиет атты әлемге қош келіп, сіз бен біздің арамыздағы Хакім Абайдың ізгілікті мұрасын жеткізуші көпір болып жүрген академик, профессор Ғарифолла Есім ұстаз туралы сөз қозғамау Абайдың даналығын мойындамаумен теңбе - тең!
Бәрін айтта бірін айт, алғашқы еңбек, эсселерімен әдеби қауым мен оқырмандардың назарын өзіне аудара білген жазушы, ғалым, қоғам қайраткері, қаншама жылдар бойы үздіксіз бір салада қызмет жасап келеді. Саналы ғұмырында күні - түні зерттеп, өңінде де түсінде де бағалап, саралап, сол жүкті арқалап, әсіресе мұраны атадан балаға жеткізу жолында тер төгіп, қаламы ұшталып жыл сайын кітап жазып, құдайдың құтты күнінде білім ордаларында жас ұрпаққа дәріс оқып жүрген, сонымен қатар халқына жаны ашып, жүрегі әрбір қазаққа тартып әлеуметтік өмірге де белсенді араласып жүрген, Абайдың жолын жалғаушы, Абайтанушы Ғарифолла Есімең алдымен ұлағатты ұстаз.
Жаңа қазақ тарихында, жаңа ғасырдағы заманауиәдебиет әлемінің, қазақ жас буын ғалымдарының бағына орай Қазақстан Республикасының жаңғыру саясатының өшпес өзекті бір рөлі ретінде Ғарифолла Есімнің орны ерекше. «Ағасы бардың жағасы бар» - демекші, ғылым жолындағы барлық кішісі - үлкені болсын, Тянь - Шань алыптай таудың шыңындай, арқа сүйер үлгі - өнеге алатын, білім жолындағы ағамыздың болғаны бізге абырой, себебі берер ақылы, қалдырар еңбегі әлі түбі жоқ құдықтай. Сөзіміздің дәлелі ретінде, ұстаздың өмірлік ұстанымы ретінде қалыптасқан принциптерімен таныстырсақ.
Бойына рухани мәдениет дарыған ғалымның еңбектеріне үңілсеңіз үнемі адам - заттың адам ретінде қалыптасуы, ғасырлар бойы ата - баба мұралары, халық тәжірибесі, рухани - діни ояну сынды игі мәселелер қозғалатынын байқайсыз. Өз тарапынан академик, қағаз бетінде көрініс тапқан ойын жеткізумен шектелмей, қарапайым пенде ретінде еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге араласып, адамдар қатынасы, күнделікті тұрмыстағы жөнді - саналы өмір сүруге бағытталған трансформациялық идеяларымен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне үлкен көңіл бөледі, сондықтан, әрбір тұлғаның өзінің сана - сезімін, көзқарасын, рухани - діни және саяси дүниетанымын үздіксіз білім мен еңбектің арқасында жетілдіріп отыру керектігін насихаттайды. Осы орайда ұстаздың «Айқын» газетіне жарияланған «Жаңа сөз»атты мақаласы жоғарыда айтылған сөздеріміздің дәлелі. Неге десеңіз, жаңа заманның бастауында қоғам алдында қойылған негізгі міндеттердің бірі - халқымыздың рухани дәстүрлерін кеңінен дәріптеп, жан - жақты дамыған индивидтерді қалыптастыру. Сонымен қатар халқын қастерлейтін, өз еліне адал, білімді, саналы, рухани құндылықтарды бойына толық сіңірген, қоғамда да, жеке өмірінде де өз орнын таба білетін адамды тәрбиелеуге бағыттап қана қоймай, бұл мәселеде шешімі бар, әр қазақтың қолынан келетін жолды нұсқап көрсетеді. Бұл жолды Абайтанушы ғалым, ерекше танымның өкілі ретінде, қазақтың даңқты жазушысы, ғұлама ғалымы Абай Құнанбайұлының өсиетінің шоғырланған мықты концентратты субстанциялық формасын «Ғұлама - Наме» - атты керемет трилогия кітабында атап көрсетеді. Автордың бұл кітабында ұзақ жылдар бойы тапжылмай еңбек етіп, Абайтануда үлкен үлесін қосқан том - том шығармаларының жиынтығы десе болады. Кітап беттерінде, сіз әр заманның, әр кезеңнің салиқалы - салмақты қайталанбас шоқ жұлдыз өкілдерінің салған сара жолымен танысасыз.
«Құмарлық - бірінші кесе, ойын - күлкі - екінші кесе, ляззаттану - үшінші кесе, жындылық - төртінші кесе» - деп, пенденің бір иығында отыратын шайтанның адам санасымен күресін осындай сөз жетпес әсерлі етіп жеткізген атақты ойшыл данамыз Анахарсис Скифскийдіңеңбегімен кітаптың алғашқы беті басталады. Кітап желісі хронологиялық қатарымен барлық уақыт шеңберінде суымас ізін қалдырып кеткен ата - бабаларымыздың құндылықтарымен таныстырады, бұндай ақылдылық академиктің тапқырлығын көрсетеді, себебі Кемеңгер Мұхтармен танысқан адам, оның ұстазымен танысқысы келетіндігі анық. Шәкәрімді таныған адам, Шәкәрімнің «Үш анығының» себебі болып, эврика сыйлаған данышпанымен танысады. Хакім Абайды пір тұтқан жан, Абайдың арғы тегін, манифестін білгісі келеді. Міне осылайша, бір - біріне сүйеу, арқау болып, жеті атадан бір - біріне дарыған талант иелері әр кезеңде үлгі болып рухани сабақтастықтың үздік дәстүрін көрсетті. Сондықтан, тіпті Платонның өзі «Протагор» атты еңбегінде Анахарсисты «Жеті ғұламаның» бірі деп есептеген ойшылдан кітап мазмұнымен танысу басталады.
Тарихта жазу мәдениетінің іргетасын қалаған, «Күлтегін» жырының иесі Иоллығтегінтуралы ең басты ақпараттармен сусындаласыз. Иоллығтегін кез - келген жауды тізе бүктіріп, мойындатқызған ер түріктің ерлігін мойындайсыз. Сол Иоллығтегін дәуірі тұрмыстық қабілеттің дамып, өмірлік тәжірибе байып, сана - сезіммен қолөнердің барлық қырлары өркендеген саналы уақыт болып есептеледі. Төбесінде Тәңірін жарылқауды, астында несібесіне шүкіршілік етуді ұмытпаған дара тұлға, әлбетте барлық түркі халқының, түгел түркі заманының заңғар ғұламасы екені заңды.
Ертеде Қорқыт деген ер болыпты... Аңыз - сол уақытта, сол кезеңде халықтың мұқтаждығынан туған үміт, яки «Ғұмыр, Өмір, Құт»- халықтың көкейкесті сауалдарының бірі болған. Қорқыт ата түркі дәуірінің нағыз «Хикмет ілімін» қалыптастырушысы десек артық етпес. Табиғатқа жан бітірген, өмірдің өшпес формасын тапқан, өнерді өрге алып шыққан бабамыз Қорқыттың ерекше сипатының айнасын тек «Ғұлама - Наме» кітабында ашылған.
Біз мәдениет дегенде екі ұғымды білеміз біріншіден, Әл - Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни адам мәдениетті жан. «Мәдениет – Медина» қала, яки мәдениет деген. Екіншіден, батыстық ілімде мәдениет туралы анықтамалары өте көп, бірақ солардың ішінде негізгісі «мәдениет» жерді өңдеуге қатысты айтылады. Осы тұста бір түсінікке келуге болады, ол мәдениет адамның іс - қарекетіне қатысты, адам іс - қарекеті арқылы түрлі нәтижелерге келеді, олар заттың, не рухани тегі адамның іс - қарекетіне қатысты, бірақ батыстық және араб мәдениетіндегі мәдениет ұғымы мағынасы жағынан алсақ, тегі батыстың мәдениет «культура» деп атаймыз. Мұсылмандардың түркілік үрдісін мәдениет деп атасақ, онда екі ұғымды қатар қолдануға болады екен. Алайда, мәдениет деген ұғым культура деген ұғымнан ертеректе пайда болды және мәдениет культурадан биігірек болып есептелетін кең ауқымды түсінік. Бұл түсінікті өмірге әкелген, пәлсапаның негізін қалаушы, метафизика, арифметика, астрономия салаларының үздің ғұламасы әл - Фарабидің тылсым дүниесіне Ғарифолла Есім шебер түсіндіріп береді.
Түркі әлемі үшін Қожа Ахмет Яссауи және Жүсіп Баласағұн екеуі ажырамас сабақтастықпен және ұқсамайтын ерекше үндерімен танымал екі тақуа. Себебі, «Даналық кітап» және «Құтты білік» шығармалары тақуалықтың ең таза, ең мөлдір формаларына шақырады. Яссауи - шариғат, марифат, тағрифат, хақиқат деп қазынаға бет бұрса, Баласағұн - әділет, құт, ақыл және қанағат деп құт білімді игеруге шақырады. Екі данышпан ғұламалықтың шегі – тақуалық деп танып, биліктің әр саладағы формасына, әр формадағы көрінісіне әділеттілікті насихаттайды.
Осындай бай тарихымыз бар, асылдың сынығы ата - бабалармыз және олардың өсиеті бар, біз бақытты халықпыз. Ата - бабаларымыздың бұлақтай саф таза білімдерін бойына сіңіріп, ізгіліктің ізін жалғастырып одан әрі өркендету заңдылық. Бұндай бақ, Абай, Шәкәрім, Мұхтарға бұйырыпты. Үш асқар тауымыз адам баласын құндылықтар арқылы кемелденуге, мәдени дағдыларды игеруге, жауапкершілігі мол, айтқан сөзде тұратын және әділдік жолымен жүретін дана халық тәрбиелеу жолында көп еңбек еткен. Хакім Абай, Данышпан Шәкәрім, Кемеңгер Мұхтар - кітаптың төрдегі қонақтары.
Адамзат үшін ең маңызды белгілері — оның сана - сезімі, жауапкершілігі, қадір - қасиеті, даралығы деп танып, осы қасиеттерді игеріп, ұрпаққа жеткізу жолында Ғарифолла ұстаз барлық күшін жұмсайды. Шәкірттерінің алдында үнемі «Менің жолым – Абай жолы» деп айтудан жалыққан емес. Профессордың шығармашылық мұрасы өте бай, және Абайтану жолындағы «Ғұлама - Наме» соңғы кітап емес екені айдан анық, ағайдың Абай туралы еңбектері бірінен - бірі өткен мол қазына, себебі Абайды соншалықты жан - жүрегімен зерттеп, танып, әрбір сөзінің астарлы ақиқатын іздеп, оның түп мағынасын ашып, әрбір үтір - нүктесіне дейін зейін қойып, араб - парсы сөздіктерінен аударып, ел білмейтін ақпараттармен бөлісіп, керек десеңіз Абай өміріне қатысты барлық қалың жұртты, тұлғаларды аралап - сұхбаттасып мәлімет алып, кейін түсінікті тілде ортаға салады.
Ұстаз Абай фәлсапасының, тұңғиық мұхиттың көпірі ретінде, бізге Алладан Ғарифолла Есім тұлғасында берілген құндылық және сый, ағайдың шабыты қаншама жылдар бойы тасымаса кеміген емес, сондықтан барлық білімін шөліміз қанғанша сусындап алу керекпіз, өйткені ұстаз Хакім Абай дүниетанымын қарапайым халыққа қара тілмен жеткізушілер кемде кем, ең басты құндылық ол - Абай өсиетін ағайдың тілімен оқыған кезде, әр адамның санасы трансформацияға түседі, яғни ешкімнің көңілі қайтарылмайды, ешкімнің білім қоржыны көбеймесе азаймайды. Біздің ағайдың ерекшелігі оның қасиеттері мен іс - әрекеттері, және өзіне тән ерекшелігінің көрінісі шығармашылық жолы арқылы анықталады яғни өзіндік сара жолы, құндылықтар дүниесінің қалыптасуына оның дүниетаным ықпалының әсеріне тікелей байланысты. Сондықтан, біздің ұстаз Хакім Абай тілінің сөздігі десек, артық айтқандық емес. Абай айтқандай: «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу» демекші, осы жолда аянбай, өмірдің соқпақтарына төзе білген, сүйікті ісін тастамай аманат етіп жүрген ұстазымыз жас бриллиант ұрпақтарды ізгілікті білімге, сауатты өмірге, нұрлы ақылға, жылы жүрекке, ыстық қайратты болуға шақырады.
Абайды әр мүшел жаста оқып, өз өмірін таразыға салып сараптап, Алланың алдына зәмзәм суы іспеттес, таудан сылдырлап аққан мөп - мөлдір бұлақ көзіндей, жанары гуілдеп ағып жатқан сарқырамадай болып тұруға ұмтылдырады. «Ғұлама - наме» - жүрегі Алла содан кейін елім, жерім деп соғатын барлық жанның құнды кітаптар сөресінің төрінен орын алатыны хақ!
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Еліміздің Президенті Қасым - Жомарт Кемелұлының бастамасымен бұл мерейлі той жан - жақты мәдени іс - шаралармен дүбірлетіп өтуде. Сондай мәдени - рухани шаралардың бірі, қорытындысы ретінде Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру.
Лев Гумилев атындағы ұстаздар қауымы және жас буын студенттер алқасы академик, профессор, Абайтанушы Ғарифолла Есім ұстаздың «Ғұлама - Наме» атты құнды трилогия кітабын мемлекеттік сыйлыққа ұсына отырып толық лайықты деп санаймыз!
Қадірлі ұстаз, қаламыңыз ұшталып әлі де «Абай» атты әлемнің қыр - сырын ашатыныңызға біз сенімдіміз!
Лев Гумилев атындағы ЕҰУ
аға оқытушысы, PhD докторы
Рауан КЕМЕРБАЙ,
«Мәдениеттану» мамандығының 2 курс
Докторанты Гүлнара Найзабаева
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.