Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қош, сүйікті Әліппем

23 қыркүйек 2013, Дүйсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Тақырыбы: Қош, сүйікті Әліппем!
Мақсаты: Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау. Оқушылардың қабілеттерін, икемділігін, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу. Ата - аналарға балалардың 3 - 4 айда қандай білім игергенін іс жүзінде көрсету. Оқушылардың ата - ана, Отан, ел, болашақ алдындағы борышын сезінуге, Елін, Отанын сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Әліппе, Ана тілі, Математика оқулықтарының мұқабасы, нақыл сөздер, шарлар.
Барысы:
Көрініс: Мектепке алғаш келу
Ақсақал рөліндегі бала немере оқушысын жетектеп шығады. Күй ойнатылып тұрады.
Автор: Жеті жасар баласын,
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде
Қайда әлгі мектеп, - деп
Жетпіс келеді сүрініп,
Жеті келеді жүгіріп.
Ата: Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол тентегім.
Немере: Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.
Немересі жүгіріп мұғалімнің қасына келіп, қолындағы гүлін ұстазына ұсынады. (Олар шығып кетеді де? Ортаға мұғалім шығады)
Толқимыз, толқып тұрмыз баршамыз да,
Мұндай күй болған сірә баршаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
1 «б» сынып оқушыларын ортамызға.
Музыка әуенімен оқушылар ортаға шығады.

Ақжаулықты әжеміз шашу шашады.

Мұғалім: Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар: Ол, сүйікті Әліппе!
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық!
Оқушылар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе:
Армысыздар, жас достар!
Армысыздар, ата – ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім - көрімдік
Болсын сізге халайық!
Не үйреніп, не білдік
Қане, ортаға салайық!

Мұғалім: Балалар, осы Әліппе сөзінің әр әрпін саралап айтсақ.
Алмаз: Ә – әлемді
Баян: Л – легімен
Талғат: І – ізгілікпен
Ақбота: П – парасатпен
Ақылбек: П – паш
Рыскүл: Е – етеміз.
Хормен: Әлемді легімен, ізгілікпен, парасатпен, паш етеміз.

Мұғалім: - Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.
Әліппе, бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
- Балалар, білім алу үшін ең алғаш қайда келеміз?

Оқушылар: Мектепке келеміз

Мұғалім: Мектеп туралы қандай мақал - мәтел білесіңдер?
Әділ: Мектеп кеме, білім теңіз.
Жансая: Мектеп - білім ордасы.

Ән: Әнші балапан

Ринат: Іші толы әріпке
Мынау әйбәт Әліппе.
Барлық ілім - білімнің
Әжесі осы Әліппе.
Қайсар: Әліппем, менің Әліппем
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңі сәуле жарықпен
Аллаберген: Ата - апа атын сен,
Бізге үйреттің Әліппе
Бізге нағыз жақынсың
Сенен білдік әріпті.
Асел: Арта берді кітапқа
Бойымдағы құмарым.
Бірге жүрген қасымда
Кітап болды сыңарым
Нұржау: Әсем ою өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліп пе ем.
Салтанат: Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.
Әліппе оқушыларға тапсырмалар береді. Оқушылар кубикті лақтыру арқылы өздеріне тапсырма таңдайды.
Ойын: «Кім көп біледі?»
1. Қазақстанның Президенті кім?
2. Алфавитте қанша әріп?
3. Дауысты дыбыстарды ата
4. Алфавитті құрастырған алғашқы адам кім?
5. Қазақ даласына алғашқы боп мектеп ашқан кім?
6. Көбелек сөзінде қанша буын бар?

Мұғалім: - Балалар, біз 42 әріпті түгел жаттап алдық. Оқуды, жазуды үйрендік. Әліппемен қоштасу тек біздің ғана мектепте ғана емес, біздің еліміздің мыңдаған балалары «Әліппе» кітабын бітіргендерін мерекелеуде.
Балалар, Әліппеден өткен әріптер туралы қандай өлеңдер білесіңдер?

Әділ: Алфавитің «А» тұрады басында,
Жансая: Әрқашанда «Ә» тұрады қасында
Еркін: Байқайсың ба «Б» тұрады үшінші
Ақбота: Ал, осының сыры неде?
Хормен: А - деген ол аналар ғой ардақты,
Ә - деген ол әкелер ғой салмақты
Б - деген ол балалар ғой әдемі
Біздің елде үшеуі де кәделі

Ән «Әліппе»

Мұғалім: - Балалар, біз Әліппеден оқу, жаза білуді үйренсек, ал математикадан санауды, есептеуді, сандарды жаза білуді үйрендік. Ендігі сөзді математикаға берейік.
(Математика)
Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын
Білім нәрін жұтамын
Біздің келер шамамыз
5 - ке 3 - ті қосамыз
Жауабын тез табамыз.
Мұғалім: - Балалар, математикадан осы уақытқа дейін не үйрендіңдер? Ендеше сандарды сөйлетіп көрейік.
Баян: Бір дегенім - білім,
Білім - жарық күнің
Алмаз: Екі - дегенім - еңбек,
Еңбек бәрін жеңбек.
Талғат: Үш дегенім - үміт,
Үмітсіз жоқ жігіт.
Ақбота: 4 - дегенім талап,
Талмайтұғын қанат.
Ақылбек: 5 - дегенің бірлік,
Бірліксіз жоқ тірлік.
Рыскүл: 6 - дегенің арман,
Атар таңың алдан.
Мәншүк: 7 - дегенің жігер,
Жеңер жолын білер.
Қайсар: 8 - дегенің – сенім,
Сүйенішің сенің.
Еркін: 9 - дегенің талғам,
Тура жолға салған.
Салтанат: 10 - дегенің – Отан,
Отанды сүй ботам.

Мұғалім: Балалар, біз сандарды сөйлеттік. Енді қазір мен сендерге есептер айтып математика пәнінен білімдеріңді тексеремін. Ойланып барып, шешіңдер.
1. Оң қолымда 5 алма,
Сол қолымда 5 алма,
Барлығын қосқанда
Болады неше алма?

2. 5 алманың үшеуін,
Досың сұрап алады.
Айтшы сонда нешеуі
Өз қолыңда қалады?

3. Сымда 5 үйрек отыр еді, екеуін үркітіп жіберсек, нешеуі қалады?

Математиканың тапсырмасы: Оқушыларға берілген суреттерден қандай сан бар. Соны тауып көрсетуін сұрайды.

Мұғалім:
- Балалар, біз әлі бағаланбаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін, бағаларды сөйлетіп көрейік.
1 дегенің жаман баға,
Алады оны жаман бала.
2 дегенің нашар баға,
Інішегім нашарлама.
3 дегенің орта баға,
Сапасы оның орта ғана.
4 дегенің жақсы баға,
Алады оны жақсы бала.
5 дегенің үздік баға,
Оқитын бол үздік қана.
Мұғалім:
- Балалар, ең жаман бағалар қайсы екен?
- Ендеше, ең жақсы бағалар қайсы екен?

Ән: Ұстазым. Әдесова Баян

Мұғалім: - Балалар, біз математикадан да білімімізді көрсеттік. Енді Әліппемен қоштасатын да кез келді. Әліппе бізге қаншама нәрсе үйреткен екен. Біз Әліппенің арқасында жазу жазуға, өз бетімізбен оқуға, сөз, сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше Әліппеге не деуіміз керек?

Хормен: Әліппеге рахмет!

Талғат: Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің.
Әділ: Сөйледі олар тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып,
Тіл біткен тақпақ, жырларды.
Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдап алтыннан
Әліппе - білім бесігі.
Әліппе: - Балалар, сендер мені жақсы игеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын, сау болыңдар!

Хормен: Қош, қош Әліппем!

Ақбота М: Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата - ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп, шықты міне балаңыз.
Мұғалім:
- Міне біз белгілі білім еліне саяхат жасап, білімімізді көрсеттік. Әліппені оқу барысында ата - аналардың қосқан үлесі өте мол. Бақытты балалық шағы үшін, ата - аналар сіздерге көп рахмет! Енді ата - аналармен бірлесіп «Тапқыр достар» атты ойын ойнайық.

Ойын. Балалар мен аналарын ортаға шығарып, аналардың көзін байлап қоямыз. Аналар балаларының бетін сипап, өз баласын табу

Шығыс биі. Малкешова Ақбота
Мұғалім:
- Балалар, сендер « Әліппені» бітірдіңдер. Ендігі сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. Ал енді ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі келеді.

Баян: Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі пәнімін.
Ана тілім - ұраным
Ана тілім - құралым.
Ана тілім болмаса
Мықты болмас тұрағым.
Алмаз: Төтеп беріп сынға
Қайыспаған ауырға
Адал болып досына
Бас имеген жауына
Көрініс «Үш жалқау»
Мұғалім:
Біз 1 «А» сынып оқушылары
Нені үйрендік?
1. Ақбота М: Оқуды
2 - Мәншүк: Жазуды
3 - Баян: есеп шығаруды
4 - Алмаз: ән айтуды
5 - Рыскүл: би билеуді
6 - Талғат: үлкенді сыйлауды
7 - Ақылбек: кішіге қамқор болуды
8 - Жансая: елімізге жақсылық жасауды
Біз нені ажырата білеміз?
9 - Қайсар: жақсылық пен жамандықты
10 - Аллаберген: ақ пен қараны
11 - Асел: арамдық пен адалдықты
Біз нені сүйеміз?
12 - Әділ: Отанды
13 - Салтанат: ата - ананы
14 - Жансая: халқымызды
15 - Еркін: достарымызды
16 - Ақбота: ұстазымызды
17 - Ринат: мектебімізді
Біз кім боламыз?
18 - Нұржау: адал азамат,
19 - Ақбота Б: ақылды ару
20 - Еркін: оқымысты ғалым
Хормен: Тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын
Елін сүйген ер «боламыз»
Ән: Отан
Мұғалім: «Батамен ел көгерер,
Жаңбырмен жер көгерер» - дегендей,
Ақ тілеу, аямайтын баталарын,
Өздеріңнен күш қуат от аламын.
Сынағындай асылдың,
Ақ жүрек, қасиетті паналарым дей келіп, ақ шашты анамыздан бата сұрақпыз.
- Біз сендерден үлкен үміт күтеміз. Қымбатты балалар! Мектептегі алғашқы жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір - біріңмен достыққа, мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! деп құттықтау сөз беру.
Ән: Мұғалім ол біздің
5 283
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Әліппеге мың алғыс
Әліппеге мың алғыс
Өтті оқу сан сабақ Бүгін үлкен салтанат, Оқулықпен достаспақ Әліппемен қоштаспақ Өсті - білім ойымыз Құтты болсын тойымыз!
Қош бол, құтты Әліппем
Қош бол, құтты Әліппем
Атырау облысы, Атырау қаласы, №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Куанова Анар Аманкайыровна
Әліппемен қоштасу (ертеңгілік)
Әліппемен қоштасу (ертеңгілік)
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы, №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сахиева Ләззат
Әліппе, саған мың алғыс!
Әліппе, саған мың алғыс!
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылы Г. Орджоникидзе атындағы №1 мектеп - гимназия Бастауыш сынып мұғалімі Бегайдарова Лейле Айдосовна
Қош бол, Әліппе! (ертеңгілік)
Қош бол, Әліппе! (ертеңгілік)
ШҚО. Аягөз қаласы, «№5 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш класс мұғалімі Аязбекова Дария Сериковна
Әліппемен қоштасу
Әліппемен қоштасу
Семей қаласы, Қ. Рысқұлбеков атындағы № 33 орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі Б.Н. Ажмагамбетова
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×