Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ана тілі – халықтың қымбаттан-қымбат кені!

13 наурыз 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Ана тілі – халықтың қымбаттан-қымбат кені!

Мақсаты: Студенттерге мемлекеттік тілдің өркендеп, оянуына, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт - дәстүрі, діні, тіл ерекшелігі болатынын түсіндіру. Студенттердің ой - өрісін, дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, жұрт алдында еркін ауыз екі сөйлеуге баулу.
Әдісі: Әуенді шығармашылық
Көрнекілігі: Слайдтар, тақырып бойынша плакаттар

Кіріспе бөлім
Оқытушы сөзі: Тіл – әрбір ұлттың заңы, сезімнің, ойдың жанды бейнесі. Қазақ халқы – сөзге шешен, ойы ұшқыр, мақалдап сөйлейтін халық. Кез - келген дауды атақты билеріміз бір ауыз сөзбен шеше білген. Осыншама жылдар бойы жеңілмей келе жатқан тіл. Ендеше ана тіліміз қазақ тілінің мерейін көтеру болашақ ұрпақ сіздердің еншілеріңізде. Ана тілі - адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан - ұрпаққа сақтап отыратын қазына. Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне деген жырына құлақ салсаң, небір алуан - шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады. Тәрбие сағатымыз студенттердің ана тіліне деген құрметін, қазақ тілін меңгеруін байқап, тіліне деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында, СО - 13 топ студенттері өздерінің тілге деген құрметін өнерлеріммен паш етеді.
Қабыл алыңыздар!
Негізгі бөлім
Ән ұран шырқалсын.
Алтынбек: Қазақстан мемлекетінің тіл туралы заңы
1. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын нақтылау;
2. Тіл саласындағы нормативтік - құқықтық базасын жетілдіру, әсіресе жаңа технология саласында;
3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру міндеттерін орындау үшін шаралар қолдану;
4. Тіл туралы Заңды жүзеге асыруға қажетті ғылыми - әдістемелік, материалдық - техникалық және кадрлық ресурстарды барынша тиімді пайдалану;
5. Тілді оқыту мен үйретудің озық әдістемелері мен жаңа технологияларын енгізу;
6. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызмет аясын кеңейту, іс - қағаздарын кезең - кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруді нақты қолға алу.
Гүлмайра: Түркі халықтарының тілдері туралы:
Ең таза тіл – тек қана бір тілді біліп, парсылармен араласпайтын, жат жұртқа барып - келіп, қарым - қатынас жасамайтын адамдардың тілі. Екі тіл білетін және шаһар халықтарымен араласып тұратын адамдардың тілдерінде шұбарлық болады. Соғдақ, кенжек, арғу тайпалары дәл сондай екі тіл білетіндерге жатады. Дүние жүзінде ең көп тараған тіл қайсы дегенде, біреулер ағылшын тілі десе, енді біреулер қытай тілі деп жауап береді. Бұл екі пікірдің қайсысы дұрыс? Бірінші орынды, сөз жоқ, ағылшын тілі алады, өйткені ол дүние жүзінде ең көп тараған халықаралық тіл болып табылады. Ал егер бір тілде сөйлеушілердің саны бойынша анықтасақ, ағылшын тілі екінші орында тұрады. АҚШ Лингвистика институтының жуырда жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша, сол бір тілде сөйлейтіндердің саны жағынан ең көп тараған тіл қытай тілі екені көрінеді. Бұл тілде 844 млн. адам сөйлейді екен. Ағылшын тілінде – 434 млн., хинди тілінде – 338 млн., испан тілінде – 331 млн. Адам сөйлейді.
Алтынбек: Нұрылдаев Шерханның орындауында « Көк тудың желбірегені» әнін қабыл алыңыздар.
Гүлмайра: Даналардан қалған сөз тыңдаңыздар.
Бекмұрат:
Тәрбие басы – тіл. М. Қашқари
Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел - жұртыңды сүйе алмайсың. К. Паустовский

Халықтың тіліне қиянат жасау – оның жүрегін жаралау. Г. Лаубе
Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек.
Өмірзақ: П. Вяземский
Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады.
Бекмұрат: Г. Гегель
Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Г. Лаубе
Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік. К. Паустовский
Тіл – ұлттың жан дүниесі. Л. Толстой
Қандай да болсын халықтың әдет - ғұрпын үйренгің келсе, алдымен оның тілін үйрен. Пифагор
Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын. Р. Ғамзатов
Тіл жоқ жерде - ұлт жоқ. Ш. Айтматов
Алтынбек: Ахмет Нуриддиннің орындауында – Құрманғазы Сағырбайдын күйі
Гүлмайра: Тіл туралы мақал - мәтелдер
Тоқтар:
Тіл тас жарады,
Тас жармаса,
Бас жарады.
Баска пәле тілден
Бас кеспек болса да,
Тіл кеспек жоқ.
Ең тәтті де – тіл,
Ең ашты да – тіл,
Ең жұмсак та – тіл,
Ең катты да – тіл.
Баярхан:
1. 1. Кімде - кім халқынан алмаса тәлім,
Оны үйрете алмас ешбір мұғалім.
Ж. Баласағұн.
***********
2. Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз.
Сенека.
***********
3. Ештеңе туралы сұрамайтын адам ештеңе үйренбейді.
Т. Фуллер.
***********
4. Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды.
А. П. Чехов.
************
5. «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын»
Альберт Эйнштейн
****************
6."Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет".
Шоқан Уәлиханов.
***************
7. Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу.
А. С. Макаренко
Сапарбек:
Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.
Жүсіпбек Аймауытұлы
***********
Ал екінші бақытым – тілім менің
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей - кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім…
Мұқағали Мақатаев
****************
Нұрсұлтан:
Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.
Ғабит Мүсірепов
***************
Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады.
Мұхтар Әуезов
****************
Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына…
Жүсіпбек Аймауытов
****************
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ғабит Мүсірепов
*************
Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек.
Мұхтар Әуезов
*************
Момышжан:
Тіліңді жоғалту, су қараңғы көзсіз қалғаныңнан да өткен қасірет.
Жалау Мыңбаев
************
«Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелеуші, яғни бар тарихының куәгері, деректі көзі»
С. Аманжолов
************
“Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан - дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған
қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?”
Мұхтар Әуезов
Бекмұрат:
Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін - еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
***********
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады.
*************
Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды.
************
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойына жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар.
Абай
*************
Шерхан:
Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.
Төле би
***********
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ.
Бұқар жыра
************
Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Шыңғысхан:
“ Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,
Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.
Құр жасы елулерге келсе - дағы,
Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл”-
*************
Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт.
Халел Досмұхаммедұлы
***************
Нұркелді:
Көрінеді тілден түйсік, білім де,
Біле білсек жарылқаушы – тілінде.
***************
Білімсіздер тіліне берік болсын,
Білімдінің тіліне ерік болсын.
*******************
Адамға екі нәрсе тірек тегі:
Бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі.
**************
Тіл – елшінің қылышы, тіл қылыштан да өткір.
Үміт:
Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір - қасиеті – кісілік.
Жүсіп Баласағұн
**************
Игі істің басы – тіл, тәрбие басы – тіл.
Махмұд Қашқари
**************
Әдеп басы — тіл.
*************
Мейрам:
Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.
Ыбырай Алтынсарин
*************
Мейіржан:
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
Ахмет Байтұрсынұлы
*************
Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
“Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу - сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғандығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз”
Ахмет Байтұрсынұлы
*****************
Мейіржан:
Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт.
**************
“Біздің тәжірибемізде қазақ тілі — бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек”.
**************
Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш.
Халел Досмұхаммедұлы
***************
Алтынбек:
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда - ақ берген білім!
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
***************
Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
“Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла - қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардың да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі “Тіл құралы” екенін ұмытпасқа керек”.
Міржақып Дулатов
*************
“Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата - бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым - білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата - бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті”, “Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі”.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
*************
Гүлмайра:
“Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік”.
************

“Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі”.
Жүсіпбек Аймауытов
************
Алтынбек: Киіков Сапарбектің орындауыда «Жаса Қазақстан» әнін қабыл алыңыздар.
Гүлмайра: Тіл туралы ақын, жазушылардың өлеңдері
Бағдат:
Ана тілім, дана тілім бақытым
Қазақ тілін білу менің парызым.
Тілім менің ұмытылмас тірлігім,
Кім біледі тіліміздің тағдырын.

Алаңдатты тіл тағдыры бүгінде.
Сен болмасаң болар ертең күнім не?
Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен.
Қазақ болып қалу үшін түбінде.

Қазақ тілім бас иемін мен саған
Тілге деген болу керек кең талғам.
Мемлекеттік тілімізді сыйласақ,
Қазақ тілі біздер үшін жаралған.
Тіліміздің тарихы бар қол жетпес,
Айтсаң оның тарихына сөз жетпес
Мейрам:
Ана тілім - тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы,
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.

Ана тілін білмеген - ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген - халқын сүйіп жарытпас.

Аян:
Туған тілім - бабам тілім - өз тілім,
Туған тілім - анам тілім - өз тілім,
Туған тілім - далам тілім - өз тілім,
Туған тілім - адам тілім - өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып - ақ алыңдар!

Момышжан:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге.
Тоқтар:
Мемлекеттік тіл – менің тілім! Тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс.
Туған тілім.
Туған тілім қазынам, алтын кенім,
Жаңа алыпқа өзіңді алып келдім.
Қош келдің туған өлке, бесігіңе,
Қасиетті бабамның тілі менің.

Дұшпандардың талайын қызыл тілмен,
Қылыштай сүйектерден тілімдедің.
Өтсе де талай ғасыр, қилы заман,
Қасиетті тілім менің бүлінбедің.
Алтынбек: Ильяс Бағдаттың орындауында «Қазақта ел қайда» әні
Қорытынды:
Мұғалім: Ал енді студеттер бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздан не ұғынып, не жаттадық, не үйрендік? Қане, мақал - мәтелдерді құрастырып көрейік:
Мақал - мәтелдер:
1. Тіл тас жарады, тас жармаса... (бас жарады).
2. Дәлелсіз сөз... (желмен тең).
3. Ине көзінен сынады,... (шешен сөзінен сынады).
4. Піл көтермегенді,... (тіл көтереді).
5. Сөз тапқанға... (қолқа жоқ).
6. Жеті жұрттың тілін біл, (Жеті түрлі ілім біл).
7. Шебердің қолы ортақ,... (шешеннің қолы ортақ).
8. Қаһарлы сөз... (қамал бұзар).
9. Бас кеспек болса да,... (тілкеспек жоқ).
10. Айтылған сөз, атылған... (оқпен тең).

1. Бал тамған тілден... (у тамған).
2. Тауды, тасты жел бұзар,... (адамзатты сөз бұзар).
3. Жақсы сөз... (жарым ырыс).
4. Жақсы байқап сөйлер,... (жаман шайқап сөйлер).
5. Тіл қылыштан... (өткір).
6. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі... (ой өсіреді).
7. Жыланның уы тісінде, адамның уы... (тілінді).
8. Көре - көре көсем боларсың, сөйлей - сөйлей... (шешен боларсың).
9. Тілден артық... (қазына жоқ).
10. Сүңгі жарасы бітер,... (тіл жарасы бітпес).
Мұғалім:
Қалың елім қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім жайқала өсіп орман бол,
Шет тілі мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!
Хор: «Атамекен»

Осымен біздің тіл мерекесіне арналған ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
12 592
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Тіл – халық қазынасы
Тіл – халық қазынасы
«Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» - деп Халел Досмұхамедұлы атамыз айтқандай, Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – ана тілінде. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.
Тіл мерекесіне арналған сынып сағаты
Тіл мерекесіне арналған сынып сағаты
Оқушыларға мемлекеттік тілдің өркендеп, оянуына, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт - дәстүрі, діні, тіл ерекшелігі болатынын түсіндіру.
Туған тілім - тірлігімнің айғағы
Туған тілім - тірлігімнің айғағы
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қарашоқат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахет Гүлден Ермекбайқызы
Ана тіліңді құрметте
Ана тіліңді құрметте
Атырау қаласы, Қ. Смағулов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ислямгалиева Ардақ
Ана тілім – ардағым
Ана тілім – ардағым
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жәлімбетова Алмагүл Рзағалиқызы Тақырыбы: « Ана тілім – ардағым» Мақсаты: Ана тілде таза сөйлеуге, тілді құрметтеуге тәрбиелеу.
Ана тіліңді құрметте
Ана тіліңді құрметте
Жезқазған қаласы №10 орта мектеп Наурызбева Айнур Муханбедияровна Ана тіліңді құрметте Мақсаты: Оқушыларға мемлекеттік тілдің өркендеп, оянуына, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлттың
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×