Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақтың ою - өрнектері

04 тамыз 2013, Жексенбі
Категориясы: Бала-бақша
Білім беру саласы: Шығармашылық.
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекет түрі: Сурет.
Тақырыбы: Қазақтың ою - өрнектері.

Мақсаты:
Білімділігі: Балаларды ұлттық ою - өрнек элементтерімен таныстыра отырып, олардың ою - өрнек туралы білімділігін тереңдету. Олардың әр – түрлі бейнесін бере білуге үйрету және оның бір – бірінен ерекшелігін байқай білуге машықтандыру. Сәндік композиция мен симметриялы пішін жөнінде білім бере отырып, әртүрлі бояу түстерінің әдемі үйлесімділігін білуге үйрету. Сөзді байланыстырып айту шеберлігін арттыру.
Дамытушылығы: Баланың бақылай білу қабілет дамыту. Баланы өмірдің өнердің, табиғаттың таңғажайып сырына қанықтырып, оны бейнелеу өнеріне баулу және көркемдік талғамын дамыту. Сурет салуға қажетті құралдар (маркер, фломастер, таяқша) пайдалану икемдіктерін дамыту. Қиялдай білу, елестету қабілетін шыңдау. Әр баланың бейнелеу өнеріне деген жеке көзқарасын бақылай отырып, оның шығармашылық деңгейін көтеру. Іскерлік дағдыларын саусақ, қол моторикасын дамыту.
Тәрбиелігі: Баланы қазақ халқының ұлттық нақышын білуге тәрбиелеу. Сурет салуға соның ішінде ою – өрнекке деген ынта – жігерін тәрбиелеу. Әдемілікті сезіне білуге және мәдениетті сөйлеуге тәрбиелеу.

Әдіс – тәсілдері: Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ - жауап, қиялдау, елестету, болжау, бағалау, практикалық.
Сөздік жұмыс: Қоржын, аяқ - қап, камзол.
Пәнаралық байланыс: Тіл дамыту, көркем әдебиет, дене тәрбиесі.
Сабақ түрі: Саяхат сабақ
Қажетті құрал - жабдық: маркер, фломастер, гуашь, таяқша, әр түрлі пішіндегі ақ қағаз, сүркіш, үлгі нұсқа.
Пайдаланылған көрнекілігі: Мұражай, зергер шеберханасы, әшекей бұйымдар, ұлттық киімдер.

Сабақтың барысы:
Баяу күй ойнатылып тұрады
Тәрбиеші: Балалар бір сәт көзімізді жұмып, алдағы күндерді қуанышты етіп елестетейікші. (Балалар көзін жұмады)
Тәрбиеші жәй баяу үнменен: - Әсем күй ойналып, туған жер әдемі әуенге тербелуде. Кереметтей дөңгеленген ақ шаққан киіз үйлер қатар - қатар тігілген. Ондағы тамаша ою - өрнектер алыстан көз тартады. Осы киіз үйдің жанында бүрмелі көйлек, кимешек киген апа - әжелер, қынама бел камзол мен сәукеле киген қыз – келіншектер өте көңілді. Олар ән айта жүріп, киіз үй маңындағы үлкен ошақтарға ас әзірлеуде. Қандай керемет, барлығы өте әдемі екен, осы тойға қатысып жүрген мен бақыттымын, бақыттымын - деп жатып оянып кеттім.
Балалар: -«Наурыз мерекесі», «Наурыз тойын» тойлаймыз.
Тәрбиеші: - Наурыз мерекесінде апа - әжелеріміз қандай ас әзірлейді екен?
Балалар: - Наурыз көже дайындайды.
Тәрбиеші: - Ал, есімізге түсірейікші, осы наурыз тойында қандай киім киесіңдер? Не болмаса қандай киім кидіңдер?
Балалар: - Өзіміздің ұлттық киімімізді кидік.
Тәрбиеші: - Дұрыс, ал қазақтың бүрмелі көйлегін, бешпетін, тақиясын, камзолын, сәукелесін басқа ұлт киімдерінен қалай ажыратасыңдар?
Балалар: - Бұл киімдерге біздің ою - өрнектер бейнеленеді?
Тәрбиеші: - Ендеше осы ою - өрнектер туралы тағы көбірек біле түсу үшін біз бүгінгі мұражайға саяхат жасап қайтайық.
Азамат: - Апай, мұражай дегеніміз не?
Тәрбиеші: - Мұражай дегеніміз балалар, ата - бабаларымыздан қалған мұра заттарды сақтайтын орын.
(Балалар мұражайға жақындайды)
Мұражай қызметкерімен амандасады.
- Сәлеметсіз бе?
- Амансыңдар ма, балалар қайдан жүрсіңдер?
Жансая: - Біз № 7 «Балдырған» балабақшасынан келдік. Біз бүгін мұражай және ондағы сақталған заттар туралы білгіміз келеді.
Тәрбиеші: - Өзіңіз таныстырсаңыз.
- Мен осы мұражай қызметкері Мира Алдамжарқызы боламын.
Уәлихан: - Мира апай, сізден сұрауға болады ма екен, осыншама асыл қазынаның бәрі әсем бұйымдар бізге қайдан келген?
Ертегі терапиясы.
«Ою хан мен Жою хан» ертегісінен үзінді оқылады.
Тәрбиеші: - Мира Алдамжарқызы біздің балаларымыз қазақ қыз - жігіттерінің сәндік әшекей бұйымдарын көргісі келеді. Сіздерде бола ма екен?
Мира: - Әрине, олар сәндік бұйымдар шеберханасында сақталады. Мен қазір телефон шалып көрейін.
- Алло, бұл шеберхана ма?
- Амансыз ба?
- Бізде мұражай қонақтары қазақ қыз - жігіттерінің сәндік әшекей бұйымдарын көргісі келеді. Сізге баруға болады ма?
- Өте қуаныштымын келсін.
Мира: - Сіздерді зергер Гүлбану апайларын күтеді, бара берулеріңізге болады. (Балалар зергер шеберханасына жақындап амандасады )
Тәрбиеші: - Амансыз ба? Біздің сәндік бұйымдар көргіміз келіп еді.
Гүлбану апай: - Төрлетіңіздер, Қош келдіңіздер!
Б - Балалар, сендер мына бұйымдардың қалай аталатынын білесіңдер ме? Кім айтып береді?
Балалар: - Білезік, сақина, сырға, алқа, тұмар, қапсырма.
Гүлбану: - Дұрыс айтасыңдар. Қараңыздаршы, мына әшекейлер өте әдемі жасалып, өрнектелген. Біздің халқымыз әдемілікті дұрыс көре білген. Әдемі заттар болмаса, өміріміз сәнсіз, көңілсіз болатын сияқты.
Азаткүл: - Гүлбану апай, мына бұйымдарға неге сурет салынбаған?
Гүлбану апай: - Мен бұл бұйымдарды әшекейлеп ою - өрнек салуға үлгере алмай жатырмын. Сендер маған көмектесіңдер ме?
Тәрбиеші: - Өте жақсы, Гүлбану апай, біздің балалар ою - өрнекті өз көзімен көргісі келіп еді, әрине көмектеседі.
Гүлбану апай: - Ендеше менің шеберханама жайғасып жұмысқа кірісулеріңізге болады.
Тәрбиеші: - Балалар, өздерің көзбен көргендей ою - өрнек күнделікті өмірде жиі пайдаланып жүрген заттарда көп кездеседі екен. Сендер қалай ойлайсыңдар, басқа тағы қандай өнер түрлерін білесіңдер?
Манзура: - Тіл өнері.
Азамат: - Күй өнері.
Нұржан: - Ән өнері.
Берекет: - Қол өнері
Жұлдыз: - Би өнері
Тәрбиеші: - Ою - өрнек қай өнер түріне жатады?
Азаткүл: - Ою - өрнек қол өнеріне жатады.

Тәрбиеші: - Осы өнер түрлерін біз сабақта мерекелік ертеңгілікте кеңінен қолданамыз. Ертеде халқымыз тұтынған заттардың бәрін оюмен әшекейлеп безендірген. Мысалы: үй төсеніштерін, мүліктерді, ұлттық киімдерді, зергерлік бұйымдарды ою - өрнекпен әшекейлеген. Осылардың бәрі өнерлі адамдардың қолынан шыққан. «Өнер таусылмас азық, жұтылмас байлық» дейді дана халқымыз. Ою белгілі бір заттың пішінін білдіреді. Осыған орай ою - өрнек бірнеше түрге бөлінеді.

Ал балалар мен сіздерге сұрақ қоя отырып, ою - өрнек түрлері жайында түсіндіре отырайын
1. Аспан әлеміне байланысты оюды атаңдаршы:
Айжан: Айшық, жұлдыз. Бұл оюлар айға, аспандағы жұлдызға ұқсайды, бұл оюды сандық, кілемде қолданады.
2. Жан - жануарлар дүниесіне қатысты ою - өрнекті білесіңдер ме?
Нүркеш: Ботакөз, қошқармүйіз, түйетабан, ботамойын. Бұл оюды сырмақ, текемет, киіз, аяққап, қоржынға қолданады.
3. Аңға, аңның дене мүшелеріне байланысты ою - өрнекті кім атай алады екен?
Азамат: Арқармүйіз, бұғымүйіз. Бұл оюды шапан, текеметте болады.
4. Құрт - құмырсқа жәндіктерге байланысты қандай ою - өрнекті білесіңдер?
Перизат: Көбелек, тышқан ізі. Бұл оюды зергерлік бұйымдарға салады екен.

5. Құстарға байланысты ою - өрнекті кім айтады?
Мақсат: Құстұмсық, құсқанаты. Бұл оюлар шиде, зергерлік бұйымдарда, ән – күй аспаптарында әшекейленеді.
Тәрбиеші:

6. Сонымен бірге жер, су, өсімдік бейнелі өю-өрнектер де бар. Оларға: Қайнер толқын су, бүршік, қызғалдақ жатады. Бұл оюды текемет, алаша, ыдыс - аяқтарда кездестіруге болады.
7. Құрал - жабдықтарға байланысты ою - өрнек түрлері де бар. Балта, тарақ,
Бұл оюлар сырмақ, текеметте болады.

8. Геометриялық денелерге байланысты - тұмар, омыртқа, сынық мүйіз сияқты оларды басқұр, алаша, кілемдерге ояды екен.
Балалар, біздің қолымыздан шығатын ою - өрнектер әдемі болып шығу үшін, саусағымызды жаттықтырып алсақ артық болмайтын сияқты.

Сергіту сәті
- Ал балалар тұрайық,
Ою - өрнек сызайық.
Түйетабан, ботакөз,
Қой ізі мен қосмүйіз.
Қарға тұяқ, тышқан із.
Бүршік пен Гүл әдемі
Ою - өрнек әлемі
Түрлі бояу алайық
Сәнді өрнек салайық.

Тәрбиеші: рахтем балалар! Ендеше шеберханаға өз қолтаңбамызды қалдыратын уақытта жеткен сияқты. Балалар, алдарыңызда баланың белбеуі пішіндес және қыз баланың сәндік бұйымы сырға пішіндес әшекейленбеген бұйымдар бар. Енді біздің міндетіміз осы бұйымдарға қошқар мүйіз, құсқанаты, тышқан ізі сияқты ою - өрнекті бейнелейік.
Жұмыс жасайтын кеңістік әр - түрлі пішінде болғандықтан мен тақтада салу жолын көрсетейін.
Балалар, жұмысқа кіріспес бұрын қандай түсті бояумен бояйтынымызды шешіп алайық. Көз алдымызда елестетейікші жаңа біз көрген бұйымдарда оюлар қандай түспен әшекейленген?
Балалар: қызыл, жасыл, сары, көк түсті бояулармен әшекейленген.
Тәрбиеші: бір сөзбен айтқан да ашық түспен боялған екен.
(Балалардың жұмысы)
Гүлбану апай, Сізде балалардың жұмысын бақылар отырсаңыз...
(Балалар жұмысын аяқтаған соң, зергер шеберханасына қойылады)
Тәрбиеші: Көрдіңіздер ме, балалар! «Шебердің қолы алтын» демекші қазақ халқы өнерлі болған, соның арқасында бізге осындай әдемі де әсем ою - өрнектер жетті. Бұл ата - бабаларыңның өздеріңізге қалдырған мұрасы. Ал, өздеріңіз достарыңның жұмыстарын, еңбегін қалай бағалар едіңдер?
(Балалар жұмысқа мақал - мәтел айту арқылы талдау жасайды)
Мысалы:
Жансая:
Ою - ойғанның ойы ұшқыр
Әсия:
Өнерді үйрен де жирен.
Уалихан:
Өнерлі бала сүйкімді
Азамат:
Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда.
Перизат:
Өсер халықтың қанаты - оның өнері
Мерует:
Өнер – бұлақ, білім - шырақ.
Ғани:
Өнерлі елден, өнерлі ұл - қыз шығар.
Мақсат:
Өнерлі болсаң өсерсің
Дәулет:
Өнерлі бала тон пішіп, тас жонады.
Дамир:
Өнерлінің өзегі толмас
Ленара:
Өнер - өлмес мұра.
Тәрбиеші: тамаша, рахмет балалар.
Мен де сендердің кереметтей жұмыстарыңа қарап, бір шумақ оқысам:

Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз тауып,
Шешен болар ма, екенсіңдер?
Бармақтарың майысып
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма, екенсіңдер?
(Сабақты қорытындылау)
13 901
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бейнелеу пәні бойынша ойындар
Бейнелеу пәні бойынша ойындар
Әртүрлі пішіндер мен элементтерден өз бетімен өрнек құрастыру. Балалардың шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту.
Үйірма. Сиқырлы бояулар
Үйірма. Сиқырлы бояулар
«Жас суретші» үйірмесі эмоциялық - бейнелі, көркемдік ойлау түрін қалыптастыруға бағытталып тұлғаның рухани қызметі қалыптасуының шарты болып табылады. Пәнді тереңірек танып білуге бағытталады. Оқушының шығармашылық қабілетін дамытады.
Сырлы бояу сыр шертеді
Сырлы бояу сыр шертеді
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутин ауылы, "Ақбота" балабақшасының бейнелеу пәні мұғалімі Дуймбаева Райхан Аманжоловна
Өнерлі екен он саусақ
Өнерлі екен он саусақ
Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Шежін орта мектеп - балабақшасы мектепалды даярлық сынып тәрбиешісі Айжарикова Гульбану Талаповна
Қазақ халқының ұлттық  ою- өрнектері
Қазақ халқының ұлттық ою- өрнектері
Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Нұрбұлақ ауылы Бирманов Нуржан Аманкелдиулы
Қазақтың ою-өрнектері №2
Қазақтың ою-өрнектері №2
Қазақтың ою-өрнектері №2 Бұл бумадан қазақтың көптеген ою-өрнектерін таба аласыздар.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×