Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Наурыз думан

11 маусым 2013, Сейсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Сабақтың мақсаты: Ата – аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, халықтық педагогика негізінде салт - дәстүріміз туралы білімдерін байқау, ұлттық ән, би, қолөнер тәрізді халықтық өнерден хабардарлығын анықтау; отбасы Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұжымдылыққа тәрбиелеу.
Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт - дәстүрін, әдет - ғұрпын үйрете отырып, Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Дамытушылық: Оқушылардың санасына халқына деген мақтаныш сезім ұялату, өнерін, мәдениетін қастерлей дамыта оқытып үйрету.
Тәрбиелік: мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасына қарай оқушыларды адамгершілікке, елін, отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Сайыс сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілі: Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ – жауап, көрнекілік, ой – қозғау, бекіту, қорытындылау.
Сабақтың көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакаттар, ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер, көрпе, бесік, киіз, ұршық, жүн, текемет, ұлттық тағамдар, шарлармен безендіру.

Сабақтың барысы: Құрметті ұстаздар, ата – аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, Жаңа жыл келді. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлыс мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!

Уа, ата – аналар, ұстаздар! Өздеріңізбен жүздесуге ақ баталарын беріп, өнегелі өсиеттерін айту үшін XVIII ғасырда ел басына күн туып, етігімен су кешкен заманды халықтың бірлігімен тұтастығына ерен еңбек сіңіріп, түнектен шығар жол нұсқап, көш басшы болған әз бабаларымыз тауып айтқан Төле би, қазып айтқан Қазыбек би, әділ айтқан Әйтеке би ауылы болып, бүгін сіздердің алдарыңызда 3 «Ә» класының ата – аналары үш ауыл болып келіп отыр.
Енді осы үш ауылмен таныстырып өтейік.

Төле би ауылы топ басшысы ата – ана Ержакипова Гульфия.
Қазыбек би ауылы топ басшысы ата – ана Джабасова Замира Бимуратовна.
Әйтеке би ауылы топ басшысы ата – ана Бердеева Тілектес Әбешовна.
Әрбір топтың құрамында 5 адамнан.

Салт дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша!

Бәйгенің аттарындай шабыстары
Ата – ананың ұшқыр болсын табыстары
Қол соғып қошеметтеп отырайық,
Келіпті отбасылар сайысқалы.

Бүгінгі сайысымыздың әділ - қазылар алқасын сайлап алайық: № 34 орта мектептің директоры: А. С. Қорғанбаев, мектептің оқу тәрбие ісінің меңгерушісі: Қ. Қ. Абуова, мектептің бастауыш кластарының оқу ісінің меңгерушісі: С. С. Сәрсенғалиева, мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: Е. Қ. Ырысмағанбет.

Армысыздар, айналайын дана халқым,
Сақтаған ұлтымыздың берік салтын
Ата – баба шежіресін жіктеп - жіктеп,
Таныстыру парызы әрбір топтың
Өнерлерін паш етер отбасылар
Сәтте келіп қалғандай таныстыратын.

Әрбір топ өз ауылын таныстырады.

Өнері өрге жүзер ата – ананың
Таланты талмай ұшар, таң қалмаңыз!
Таңғажайып, әлемі өнер - аты,
Шарпып өтсін лебімен, таңқалмаңыз!

Ата – ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата – ананың қадірі ерекше әспеттелген. Қазақтар – «Төрінен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата – ананың алдында адамның парыз міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата – ананың алған ерекше биік орны, қадір - қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау - өз болашағыңды сақтау.

Текті білу ұрпаққа, біздерге сын,
Құрметтеп ата - баба салт - дәстүрін,
Тыңдайық кезекпенен ауылдарды
Құлшынып ортамызға келген бүгін

Армысыздар, әділ қазы әз жандар,
Үш топтың өнерлерін әділ қып бағалаңыз,
Болмасын алыс - жақын деп алалау,
Туған туыс, дос деп те қарамаңыз – дей келе сайысымызды қадағалап отырған әділқазыларға сөз кезегін береміз.

Тәрбие күш жігер салып көп,
Сыйластықты ата дәстүр қалып деп,
Сол ата - ана ұялатар санаға
Қастерлеуді ұлттық салтты дәріптеп – дей келе, әр топ қазақтың көненің көзіндей болып кеткен салт - дәстүрімізден көрініс көрсетеді.

Әйтеке би: «Тұсау кесу рәсімі»
Қазыбек би: «Наурыздағы көрісу»
Төле би: «Бесікке салу»

Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй – деп Абай атамыз жырлағандай, әр ауылдың өз өнерін тамашалайық.

Әйтеке би ауылы: «Сұлу қыз»
Қазыбек би ауылы: «Ләйлім шырақ»
Төле би ауылы: «Домбыра мен халық әні»

Шеберлердің өнер тамып қолынан
Жаңылмаған ата - баба жолынан
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін
Атадан қалған асыл мұра бұл деп – ұлттық салт - дәстүрімізге сай әр ауылдың шеберлерін байқайық.

Әйтеке би: «Жүн шұлық тоқу»
Қазыбек би: «Құрақ көрпе»
Төле би: «Текемет басу»

Қазақтың әлемге жазылған даңқы бар,
Пәк көңіл, ақ пейіл, мерейлі халқы бар.
Атадан балаға жалғасқан қасиет –
Шеберді құрметтеп сыйлайтын салты бар – дей отыра, әділ қазылардан осы сайыстың қорытындысын сұраймыз.

Шөберелі, шөпшекті,
Керегелі, кескекті,
Сіңірлі де, сабырлы,
Түбірлі де тамырлы
Шежірелі шаңырақтардың үй тапсырмасына кезек берелік.

Қазақтың ұлттық тағамдары.
Әйтеке би ауылы: «Жент құрт»
Қазыбек би ауылы: «Ет тағамы»
Төле би: «Наурыз көже, тары, сары май»
(Жасалу жолдары түсіндіріледі)

Ұршықты иіре білу, ұрпаққа, біздерге сын,
Құрметтеп, ата - баба салт - дәстүрін
Тыңдайық кезекпенен әр ауылды
Құлшынып, ортамызға келген бүгін – дей келе келесі сайысымыз «Ұршық иіру».

Ортамызға сайыскерлерімізді шақырамыз.

Әйтеке би: Клара әже
Қазыбек би: Салиқа әже
Төле би: Ырысбике әже

Эрудиттер байқауы:
О, ата – ана!
Таянышы, тірегі!
Бар бақытты бір басыңа тіледі.
Балаларым жақсы болсын деп қашанда
Лүпілдейді оның қамқор жүрегі – деп ұлттық салт - дәстүрге байланысты сұрақтар береміз. Сұрақтарға ойлануға 1 минут уақыт беріледі.

«Эрудиттер байқауы»

1. «Дәстүрге арқа сүйемегеннің көсегесі көгермейді» деген мақалды қалай түсінесіз?
2. Жанұя адам баласының қандай бесігі? (Өсіп өнер, қаз тұрар, қанат жаяр)
3. Отбасының тірегі кім? Діңгегі кім? (Тірегі – ана, діңгегі - әке)
4. Ата – ананың міндеті не? (Тәрбиелеу және жақсылыққа үйрету)
5. Ата мен ананың ақылы -......(Қазулы қара жолмен тең)
6. Отбасында әке кім? (Қамқоршы, асыраушы) Ана кім? (Ұйытқысы, жылуы, шуағы)
7. Балаға кім сыншы?
8. Ананың парызын бала өтей алама?
9. Жақсыдан жаман туады,
.........................(Бір аяқ асқа алғысыз)
Жаманнан жақсы туады,
......................... (Адам айтса, нанғысыз)
10. Баланың бас ұстазы кім? (ата - ана)
11. «Бала – адамның.......» (Бауыр еті)
12. Баланың жақсысы -......(қызық)
Жаманы -...........(күйік)

Бата беру сайысы

Алдымен сүй ардақты ата-анаңды
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады.
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда
Мейірімінен ата – ананың жасалады.

Әйтеке би: Әділ Тоғанасұлы
Қазыбек би: Ғалия әже
Төле би: Қартбаев Әмидұлла
«Сән үлгісі» сайысы

Әйтеке би: Келіншек бейнесі
Қазыбек би: Би мен бәйбіше бейнесі
Төле би: Келіншек бейнесі

Қазақ халқы өнегелі бай ел екен,
Өнер деген мол қазына, кең екен
Домбыра тартып, ән айтып жырламайтын
Өнерсіз қазақ кемде – кем
Шуақ төгіп мерейлі көңілдерге,
Ұйтқы болсын тыңдаған шәкірттерге.
Сынға түскен үш ауыл, өнерлерін көрсетеді сіздерге.

Қорытынды:
Туған соң адам боп,
Білімсізден жаман жоқ
Ел дәстүрін білмесең
Сауатсыз деп жазғырған
Ата – баба ардақты
Жамандыққа бармапты
Ардақ тұтып үлкенді
Ата жолын жалғапты,
Бауырласқан жанымыз
Бұзылмаған салтымыз,
Кең даланың ежелгі
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Сақталды міне дәстүр, салтымыз – деп бүгінгі Наурыз мерекесіне орай халықтық педагогика негізінде өткізілген «Наурыз думан» ата – аналар сайысын аяқтай келе әділ қазылар алқасынан әділ бағасын сұраймыз.

Әділқазылар сараптамасы.
Әр ауыл алған ұпайларына сәйкес марапатталады.
Әкеге қарап ұл өсер,
Шешеге қарап қыз өсер дегендей ата – баба дәстүрін сақтап, ұл қыздырыңызды ұлттық салт - дәстүрімізге сай тәрбиелеу – ата – ананың парызы. Бүгінгі сайыста жеті атаны жіктей білу, көне де қастерлі мұраларды шеберлікпен айта білу психологиялық сауалдарға орынды жауаптар қайтару және әр ауылдың өнерлерінің сәттілік пен шығуы, бүгінгі сіздердің алдарыңызда «Әйтеке би» ауылы, «Қазыбек би» ауылы, «Төле би» ауылын көркемдеген менің қадірлі де сүйікті ата – аналар сіздерге өзімнің атымнан үлкен алғысымды білдіре отырып, отбастарыңызға тыныштық, береке, бірлік тілеймін. Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын дей отыра бүгінгі кластан тыс шарамызды аяқтаймыз.
5 138
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Наурыз
Наурыз
Халқымыздың салт - дәстүрін, әдет - ғұрпын үйрете отырып Наурыз қазақтың ұлттық мейрамын ашып көрсетіп, балалардың көңіл күйін көтеру. Көктем мезгіліндегі табиғат сұлулығын байқай білуге тәрбиелеу. Наурыз — қазақ халқының жаңа жыл екенін түсіндіру.
Қош келдің, Наурыз!
Қош келдің, Наурыз!
Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;
Наурыз – жыл басы
Наурыз – жыл басы
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Ж. Қалдығараев атындағы орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі Мыңжанова Далухан
Кім жүйрік? (ҰКТ – дағы отбасылық сайыс сабақ)
Кім жүйрік? (ҰКТ – дағы отбасылық сайыс сабақ)
Сабақтың мақсаты: Ата - аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отрып, олардың халық ауыз әдебиеті, салт - дәстүрі туралы білімдерін байқау. Ән - би қол өнер тәрізді халықтық өнерден хабардарлығын анықтау.
«Кім жүйрік?» (ҰКТ – дағы отбасылық сайыс сабақ)
«Кім жүйрік?» (ҰКТ – дағы отбасылық сайыс сабақ)
Сабақтың тақырыбы: «Кім жүйрік?» Сабақтың мақсаты: Ата - аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, олардың халық ауыз әдебиеті, салт - дәстүрі туралы білімдерін байқау. Ән - би қол өнер тәрізді халықтық өнерден хабардарлығын анықтау.
Наурыз тойы – дәстүрлі мереке (сыныптан тыс шара)
Наурыз тойы – дәстүрлі мереке (сыныптан тыс шара)
Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, Наурыздың 22 – інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Ол тіршілік арқауы – тамақ. Малының қыстан аман шығуы. Оның өсіп - өніп төлдеуі.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×