Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Тоғас хан

28 ақпан 2016, Жексенбі
Категориясы: Батырлар
Ақсуат ауылы, Тарбағатай ауданы.
(25. 02.(Ақпан). 2015ж. Ертіс өңірі)
Т. Салқынбаев.

Тоғас хан.
Елбасының бастамасымен биылғы жылы тойланғалы отырған қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін шын мәнінде ғасыр тойы деуге болады. Ел мерейін есепсіз арттыратын осы мерейтой қарсаңында Қазақ хандығының керегесін керіп уығын қадасқан, ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлғалар да лайықты бағасын алуы тиіс.

Негізі «бабақазақ» дәуірі сақтардың заманына сәйкес келсе «Атақазақ» дәуірі құдыретті ғұндар мен айбынды түрік қағанатынан бастау алады. Бұлардан кейін де қазақ жерінде Түргеш, Қарлуқ, Оғыз, Қыпшақ, Қарахан сияқты қуатты мемлекеттер құрылып бір - ер ғасырда ыдырап кетіп отырды. Олардың құлауына көбінесе сыртқы жаулардан да гөрі ішкі ұрыс – керіс пен тақ үшін таластың ықпалы көбірек болған. Ең соңғысы – айбынды Найман мемлекеті болса оның құдіретін арттырған Инанш Білге қағанның көзі кеткен соң артында қалған екі баласы Таян мен Бұйрық таққа таласып елді екіге бөліп әкетіп еді. Сөйтіп «бөлінгенді бөрі алады» дегендей наймандар Шыңғыс ханға оңай олжа болды. Жалпы Шыңғыс ханға дейін қазақ жерін ешкім толық жаулап алған емес. Шыңғыс хан империясы ыдыраған соң да қазақ жерінде бірнеше мемлекеттік құрылымдыр дүниеге келіп іштен ыдырап құрдымға кетіп отырды.

Мысалы Қазақ ордасымен қатар құрылған Ноғай ордасы әміршілер мен билердің жақ – жақ болған тартысының салдарынан артына «Бас – басыңа би болсаң Балқан тауға симассың» деген сөз ғана қалдырды. Ноғай халқы дүниенің төрт бұрышына шашырап кетті. Бүгінгі біздің бағымызға қарай Қазақ ордасы ең алдымен Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтанның таққа да, баққа да таласпай бірін бірі қолдаған, ел бірлігін ойлаған даналығының арқасында сақталып кәзіргі дәрежеге жетіп отыр. Қазақ хандығының іргесі нығайғаннан кейін де сыртқы жаулар мен ішкі жаулардың қаупі сейілмеді. «Іштен шыққан жау жаман» демекші қалт етсе болды бір аймақты бөліп алып билей жөнелуге бейім сұлтан - әмірлер әр уақытта дайын тұрды. Сондай бүліншіліктің бірі – Тұрсын ханның бүлігін басуға Есім ханды қолдаған, ел бірлігін ойлаған сұлтандар мен билер, батырлар мен әмірлер жұмыла кірісіп көп күш жұмсады. Өйткені Тұрсын хан да оңай жау емес болатын. 1613 жылы қазақ ұлыстарын екіге бөліп Ташкентте өз билігін орнатқан, Есім ханға қарсы 14 жыл күрес жүргізген Тұрсын ханның «кем дегенде жүз мың әскер шығара алатынын» белгілі жазушы Мұхтар Мағауин дәлелдеген. Есім хан елдің шығысында Жоңғарларға қарсы жорықта жүргенде оның ордасы Түркістанға шабуыл жасап ел ішін бүлдірген Тұрсын хан мен Есім хан әскерлерінің арасындағы ақтық шайқас бірнеше күнге созылған екен. Жеңіске жеткен Есім хан Тұрсынды қолдаған екі ұлыс Қатаған тайпасын аяусыз жазалаған. Қатағанның арбаның күпшегінен бойы асқан еркек атаулысы түгел найзаға ілініп, әйел заты олжаға берілді. Соның салдарынан «іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екеуі түнекке батыпты. Содан бері қарай қазақ мемлекетін құрған қауым «алты алаш» деп аталады» дегенді тағы да М. Мағауин айтады.

Қандай соғыста болсын жеңіске ерекше үлес қосқан қаһармандарға сый – сияпат көрсетілуі заңды. Қазына мал – мүліктің есебі белгісіз, одан басқа Тұрсын хан мен қатағанның рубасыларының «қырық қызы олжаға берілді» дегенді көне шежіре жеткізеді. Қазанғап Байбол ұлы мен Шәкәрім қажының шежірелерінде «Тұрсын ханның Қоңырбике, Айбике, Нұрбике атты қыздары арғын – тобықты жігіттеріне берілді» деген дерек бірін бірі қайталайды екен. Зейнолла Сәнік «Абылайдың бас батыры» деген мақаласында: «1627 жылы Бәйжігіттен туған Жұмық, Тоғас, Мәмбетке үш қыз тарту етілді. Нарбике Мәмбетке, Қызбике Жұмыққа, Асылбике Тоғасқа бұйырыпты. Оның үстіне Тоғас батырды үш айдай хан тағына отырғызып үлкен қошемет көрсеткен» - деп жазады. Бір рулы ел есімін иеленіп отырған Жәнбике ананың да осы қатардан екені даусыз, оның Назар батырға бұйырғанын айғақтайтын ауызша да, жазбаша да деректер жеткілікті. Назар Байыстың шөбересі болғанда Жұмық, Тоғас, Мәмбет те шөбере жиендері, заман тұстары бір болған соң тізе қосып жауға бірге шабуы заңды. Соғыста батырлық көрсеткеннің бәріне сый сияпат жасалады, ал «хан» атағы екінің біріне беріле бермейді. Бізді батыр бабаларымыз даңқты Жалаңтөс баһадүрмен замандас болған, бірге қимыл - қызмет жасаған. Оған белгілі ақын Несіпбек Айтовтың «Жалаңтөс» поэмасындағы мынадай жолдар дәлел бола алады: «Жалаңтөс қамал бұзған алдыменен, көрсетіп сол соғыста ерлік ерен» дей келе Есім ханның алдына қолға түскен Тұрсынның келтірілгенін, Жалаңтөстің ерлігінің басымдау болғанын сипаттай келіп: «Есімнің әмірімен Тоғас батыр, Тұрсынның шауып тұрып басын алған» деп толғайды. Бұдан байқайтынымыз, Есім ханның ескі салтты берік сақтап «Ханның басын хан алады» деген қағиданы бұлжытпай орындағаны. Әрі қарай қанша ерлік жасаса да, талассыз лайық болса да Жалаңтөстің хан болып сайланбау себебін: «Бір кесіп екі қайта байламайтын, Есімнің саясаты айдан айқын. Болмаса Ақсүйектің тұқымынан, Ол кезде қарадан хан сайламайтын» деп жырлайды. Кіші жүз алшыннан шыққан, қиын – қыстау кезеңде елдің қорғаны болған кесек тұлға Жалаңтөс баһадүрдің Есім ханға өкпесі де болғанға ұқсайды. Поэмадағы «Жалаңтөс Самарқанды мекендеген, Ойы жоқ қазағынан кетем деген. Есімге өкпелейтін сыңайы бар, хандыққа қарасынып көтермеген» деген жолдар осының айғағы. Міне осы деректер Тоғастың хан тұқымынан екенін талассыз дәлелдеп тұр. Расында түркі тектес тайпалардан шығып ел билеген, қол бастаған, тіпті мемлекет құрған аса ірі тұлғалардың атақ дәрежесіне «хан» атауы қосылмайды. Мысалы: Моғолстанның негізін қалаған Полатшы әмірге кейіннен «Ұлыс бегі» атағы берілген. Ноғай ордасын құрған Едіге би «әмір» атағымен кеткен. Барластан шығып 35 жылда 37 мемлекетті бағындырған ақсақ Темірдің өзі «әмір» дәрежесін қанағат тұтты. Ал Тоғас бабаның арғы тегі жөнінде: «Атамыз Тоқтар қожа Сәйбек ханнан, кезінде озған екен мың мен саннан» деп келетін шежіре жолдары мен қатар қырықмылтық Сүлеймен бидің шежіресіндегі: «Тарихты енді айтамын Тоқтарқожа, Сәдібек хан баласы тегі таза» деген шумағы Тоқтарқожа бабаның арғы тегі хан тұқымынан екенін тағы да айғақтайды. Қабанбай батырдың тарихын 35 жылдан бері зерттеп жүрген Камал Абдрахманов «Шежіредегі Шайбан, Сайбақ, Сәйбек деп жүрген ханымыз Сәдібек деп аталады» деген тұжырым айтады. Ол осы пікірді дәлелдей түсу үшін одан әрі қарай: «Қаракерей Қабанбай 1724 жылы Түркстанда хан сайланды. Бұл – факт. Оның немере атасы Тоғас хан сайланды. Ар жағында шежіре мақұлдайтын тағы да тоғыз хан бар» деп сабақтайды. Тоқтарқожаның бір ұлы Мәмбеттің немересі Қабанбайға Абылайдың «Хан батыр» атағын беруі Ұлы қолбасшының батырлығы мен қатар тегіне де құрмет көрсеткені шығар. Бабамыз хандықтың құрамындағы ұлыстар мен аймақтарды билеген хандардың бірі болуы да мүмкін. Ендігі әңгіме бабаларымыздың қай ханның ұрпақтары деген сұрақ болса кәзіргі зерттеушілер оның да шешуіне жақындап қалған сияқты. Найман хандығы екіге бөлінгеннен кейін Шыңғыс хан оларды бір – бірден талқандады дедік. Таян хан бастаған далалық Наймандарды 1204 жылы толық жеңеді. Монғолдардан ығысқан Таянның ұлы Күшлік хан 1208 жылы жетісуға келіп Қарақидандардың билігін құлатып өз мемлекетін құрған. Одан қатты қауіптенген Шыңғыс хан қалайда наймандарды талқандап Күшлік ханның көзін жоюды мақсат етті. Сол үшін жетісуға Жебе ноян бастаған сұрапыл әскерін жібергені белгілі. Күш – қуатын жиып үлгермеген Күшлік хан бұл жолы да жеңілді, бір - ақ бағынбады, аз ғана әскерімен кәзіргі Тәжік жерінің Таулы Бадахшан өлкесіне дейін барып осы жерде Жебе ноянның қолынан қаза тапты. Монғолға қарсы 14 жыл күресіп сол күйі бағынбай кеткен Күшлік ханға ақырына дейін ілескен найманның негізгі тобы «қара наймандар» болатын дейді Камал ағамыз. Найманның хандары осы «қара найманнан» шығатынын тағы да бізге шежіре жеткізеді. Одан әрі қарай ол «Байыс бидің тұсында басқа ұлттардың құрамында қалып қойған наймандардың үлкен топтары қазақ наймандарына қосылды» деп жазады. Біз білетін аңыз шежірелерде сол тұста Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыағалардың келіп қосылуы, «ақнайманның» табылуы, Байғана мен Болатшы руларының келіп қосылуы сияқты оқиғалар болғаны рас және ол кездейсоқ емес. Байыс баба бастаған аталарымыз тарап кеткен найман тайпаларын біріктіріп нығайтуға көп күш жұмсап, жатпай тұрмай айналысқан сияқты. Оны кәзіргі «Нұрлы көш» бағдарламасымен салыстыруға болады. Осының нәтижесінде қазақ хандығының құрамында наймандардың ықпалы арта түскен. Ол жөнінде Мұхаметжан Тынышбаев «1500 – 1625 жылдар аралығында Наймандар аса ірі саяси роль атқарды. Олар басқа руларға қарағанда жан санының артықтығына сүйенді» - деп жазады. Сондықтан бабаларымыз әлдебір жалғыз атты адамды паналатты деген, әлдебір адасып кеткен баласын тауып алыпты деп келетін шежіре деректері шындықтың бұрмаланған түрі. Аңыз шежіреде «Тоқтарқожа, Толымқожа деген екі жігіт әлдеқайдан ауып келеді. Толымқожа керей ішіне кетіп Тоқтарқожа Байыс биді паналайды» деп келеді. Одан әрі Тоқтарқожа Байыстың жылқысын бағып кетеді. «Сол үшін Байыс би оған жалғыз қызы Мақтаны қосқан, одан Бәйжігіт пен Жанжігіт туған» дейді. Кейбір аңызда олар қожа болған немесе сарт еді деп жатады.. Бірақ олар қожа болып діни істермен айналыспайды, сарт болып сауда жасамайды. Шежіре дерегі ұрпақтан ұрпаққа ауызшы жеткізіледі де шындық күнәсіз бұрмаланып әр жерде әртүрлі нұсқада айтылады. Сондықтан «естігеніңді айтпа көргеніңді айт» демекші жазбаша деректерге көбірек сүйеніп, сілтеме жасап отырмыз. Бұл жерде Байыс сияқты байлардың жылқысы біз ойлағандай бір - ер табын емес 10 мыңның ар жақ – бержағында болатынын ескерсек ондай үлкен шаруашылықты басқару, оны жаудан, жұттан, ұры – қарыдан қорғап аман сақтау үлкен іскерлікті қажет етеді. Оның үстіне ол кездегі билер атқарушы билікті де, саяси – құқықтық билікті де жеке – дара атқарған, хан – сұлтандармен терезесі тең бір ұлыстың немесе аймақтың дара билеушісі. Ендеше Байыс би қызын әлде бір ата тегі белгісіз жылқышыға бере салмайтын шығар. Камал ағамыз өте орынды пікір айтады, тегі сол кісінің ізімен жүрсек адаспаспыз, Тоқарқожаның ұлы Бәйжігіт те, оның балалары Жұмық, Тоғас, Мәмбет те Байысқа, жалпы Қаракерейге жиен екені рас, бірақ Найманға жиен емес, арасынан хан сайлануы олардың аса текті атаның ұрпақтары екенін білдіреді. Ендеше Бәйжігіттің арғы бабалары ешқандай қожа да, сарт та емес, (Абай «сарт» деп тәжікті айтады) найманның ұлы ханы Инанш Білге қағанның төңірегінен тарайды деген тұжырым шындыққа саяды. Тоқтарқожаның ұлы Бәйжігіт қабырғалы би болғаны, оның ұлдары Жұмық, Тоғас, Мәмбет те елге тұтқа еңселі тұлғалар болғаны, Есім ханның жағында болып қол бастаған батырлар, ел бастаған билер екені даусыз. Олар ел бірлігін сақтауға, қазақ хандығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан ірі қайраткерлер болғандықтан Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңында лайықты бағасын алуы тиіс. Тоғас хан туралы әңгіме әліде болса тың деректермен толықтырыла береді деген сенімдеміз.
16 751
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қазақ хандығының құрылуы
Қазақ хандығының құрылуы
Қазақ хандығының құрылуы Конспект 15 ғасырда қазақ хандығының құрылуы қарсаңында наймандар Ұлытаудан Есілге дейінгі жерлерді қоныстанды. Қоңыраттар Түркістан мен Қаратау аралығын мекендеген. Арғындар Ертістен батысқа қарай, Орталық Қазақстанда қоныс
Дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер. Қарахан мемлекеті
Дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер. Қарахан мемлекеті
Дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер. Қарахан мемлекеті. Конспект 10 ғасырдың орта кезінде, 942 жылы Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістанның бір бөлігінде Қарахан мемлекеті құрылды. Орталығы – Баласағұн қаласы. Мемлекеттің негізін Сатұқ Боғра хан
Ешкімнің жоқ таласы
Ешкімнің жоқ таласы
«Айтылар күні айтылмаса сөздің атасы өледі» деген екен бұрынғылар. Елтануға есепсіз үлес қосып отырған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңында сол хандықты құруға, нығайтуға, қорғауға еңбегі сіңген тарихи тұлғалар жөнінде де шындықтың бетін
Қарахан мемлекеті
Қарахан мемлекеті
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп - гимназия Тарих пәні мұғалімі Абуева Гүлжамал Серікбайқызы
Қазақстан жеріндегі ерте, орта ғасырлық мемлекеттер
Қазақстан жеріндегі ерте, орта ғасырлық мемлекеттер
Талдықорған қаласы, Еркін ауылы, Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Казербаева Гульнар
Наймандар. Керейіттер. Жалайырлар
Наймандар. Керейіттер. Жалайырлар
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл қазақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сисенғалиева Люба Хамитқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×