Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қайыңдар

21 маусым 2013, Жұма
Категориясы: Биология
Баяндама
Тақырыбы: Қайыңдар

Биология ғылымын игеруде оқушыларға оқу пәнінің жекелеген тақырыптары бойынша терең білім беріп, шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын кеңейтуде түрлі қосымша материалдарды берудің маңызы зор.

Ерке өзендер жатпайды тасып ағып,
Таулар да тұр жамылып басына бұлт.
Ақ қайыңдар жылайды жапырағын,
Байқаусызда шашып алып. Ф. Оңғарсынова

Сыланған сұлу ақ қайыңдар талай ақын - жазушылардың өлең - жырларына арқау болған. Қайыңды орман - басқа ормандарға қарағанда, кереметтей нәзік, әдемі көрінеді. Сондықтан да оның адамға әсері, эстетикалық ләззаты ұшан - теңіз. Сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі саналатын ақ қайыңның құрылысының маңызын былай қойғанда, одан алынатын шипалы шырыны жайлы жеке әңгіме етуге болады.

Қайыңдар тұқымдасы - шамшаттар қатарына жататын бір үйлі, жапырақ тастайтын, желмен тозаңданатын өсімдіктер. Негізінен Солтүстік жарты шардың қоңыржай және салқын өңірінде өсетін 6 туысы, 200 - ге жуық түрі белгілі. Ал, Қазақстанда 3 туысы 17 түрі бар. Олардың биіктігі 15 кейде 25 - 30 м - дей болады. Тамыры берік, жер бетіне жақын орналасады. Тамырында микориза байқалады. Жапырақтары кезектесіп орналасқан, бөбешік жапырақтары ерте түсіп қалады. Гүлі ұсақ, реңсіз, дара жынысты. Аталық гүл шоғырының сырғасы ұзын, гүлдеген кезде төмен қарай салбырап тұрады, аналық гүлшоғырының сырғасы қысқа, едәуір тік, пішіні домалақ болады.

Жемісі - жаңғақша. Қайын тұқымдасына жататын ағаштар 150 кейде 300 жылға дейін өседі.
Ақ қайың. Бұл кәдімгі қайың тұқымдас, сыртқы қабығы ақ түсті, орман ағашы. Жапырақтары үшбұрышты немесе ромб тәрізді болып келеді. Биіктігі 20 м дейін жетеді. Сәуір - мамыр айларында гүлдейді. Еліміздің соның ішінде Қазақстанның далалы және орманды аймақтарында өседі.

Жабысқақ, қандыағаш. Қазақстанда өте сирек кездесетін түр. Солтүстік облыстарда жекелеген оқшау жерлерде кездеседі. Ылғалды сайлар мен жыраларда, өзендер мен көлдер жағасындағы шөптесінді батпақтарда өседі. Бұл тез өсетін бағалы ағаш (10 жылдық ағаш биіктігі 10 м жетеді. 300 жыл тіршілік етеді. Тұқымы арқылы өседі. Көптеген бағалы қасиеттері бар.
Сүрегі өте қатты, суда да жақсы сақталады, сондықтан шахталарды бекіту үшін, құдықтарда тіреуіш ретінде пайдаланылады.
Қайыңның сөлі - аса пайдалы сусын. Оның дәмділігін шөл қандырар қасиетін былай қойғанда әртүрлі ауруларға қарсы шипалық қасиеті және бар.

Химиялық құрамы. Ақ қайыңның бүрінде шайыр, эфир майы, бетулоретин қышқылы, сапониндер, илік заттар, жүзім қанты, С дәрумені және фитонцидтер, глюкоза, фруктоза, көптеген микроэлементтер кездеседі. Қайың қабығынан ағатын шырынды ішуге болады. Қайың шырынында 20% қант, кальций оксиді және хош иісті заттар бар. Ал, қандыағаш бүрінің құрамында илік заттар, галла қышқылы, ал жапырағында глюкозидтер, кверцетин мен түрлі органикалық қышқылдар бар. Қабығы илік заттармен қатар тритерпеноидтарға, тараксеронға және басқа да заттарға бай.

Қолданылуы. Емдік мақсатта ақ қайыңның бүрлері мен жапырақтары, кейде шырыны қолданылады. Ақ қайың бүрлерінен және жапырақтарынан жасалған қайнатынды мен тұнба халық медицинасында несеп және өт жүргізетін, қан тазартатын, тер шығаратын дәрі ретінде қолданылады. Бүрінен жасалған 10% тұнбаны стаканның төрттен біріндей мөлшерде күнде 3 - 4 рет ішеді, ал жапырағынан жасалған 10 - 20% тұнбаны жарты стаканнан күніне 2 рет ішеді. Жапырақтарының қайнатындысымен қырқұлақ, ревматизм, құяң, шемен, бүйрек ауруларын емдейді, арнаулы булау жасап денедегі қышыма қотырды, ұшықты және тағы басқа да тері ауруларына қарсы пайдаланады. Халық медицинасында көктем шығып күн жылына бастаған кезде қайын, қабығын теріп, одан ағатын шырынды пайдалану кең ерік алған. Қайың шырынында 2% қант, кальций тотығы және хош иісті заттар бар. Оны несеп жүргізетін, шек құртын түсіретін, тәбет арттыратын, қан тазартатын, жалпы денсаулықты жақсартып, әл беретін дәрі ретінде және қырқұлақ ауруына қарсы пайдаланады.

Созылмалы гастроэнтерит кезінде, яғни қарын және аш ішек қабынғанда және қатты іш өткенде де қандыағаштың жас бүрін қазтабан сабағымен, түймешетен гүлімен, шайқурай тұқымымен, ақбас жусан гүлдерімен қосып, араластырады да осы қоспадан 15 г алып, үстіне 18 - 20°С жылы жарты л су құйып, 3 сағат тұндырады. Одан кейін оны 10 минуттай баяу жанған отқа қойып қайнатады. Бұл қайнатындыны 2 ас қасықтан күніне 6 рет тамақ алдында ішеді.

Қайыңнан бөлінген шырынның шипалық қасиеті қазақ балгерлеріне ертеден белгілі болған. Кезінде оны басы айналып, көзі қарауытқан қаны аз адамдарға қан толтыру үшін берген. Тамақты сіңдіріп, ауруларға дәрі есебінде қайыңның сөлін ішкізген. Қазақ балгерлері ысталып, исі кеткен торсықтарды қайың ағашының діңіне жапсыра іліп, көктем кезінде торсық - торсық сөл жинап алатын болған.

... Ел басына күн туған “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” заманында ер азаматтарын жауға аттандырып, ұлардай шулап жұртта қала берген ауылдың бала - шаға, кемпір - шалы күндердің күнінде жаппай індетке ұшырапты. Сонда бір балгер халқын жинап, қайыңның шырынын жинауды, ол шырынды дертке дауа ретінде ішуге үйретеді. Сол ылаңды заманда үркердей ғана ауылды қайыңның сөлі ажалдан аман алып қалған екен деген аңыз бар. Қазақ халқының белгілі күйші Байжігіт “Қайың сауған” атты тамаша күй шығарған. Міне, сол күйді Байжігіт осы оқиғаға байланысты шығарған көрінеді.

Осылайша қайыңның шипалық қадір - қасиеті халқымызға ежелден мәлім. Ал, бұл шипалы шырынның құндылығы мен тиімділігін бүгіндері ғалымдар зерттеу тәжірибелерінде анықтап отыр.
Шаруашылықтағы маңызы. Қайыңды ормандар желден жақсы қорғайды, қар тоқтатады, басқа екпе ағаштарға қарағанда, орман өртіне төзімді, топырақты құнарландырады. Топырақтың сортаңдауына жол бермейді. Қайыңды орман топырақ құрылымын жақсартуда, батпақтанудан сақтауда үлкен рөл атқарады.

Сүйелді қайыңды егіс қорғайтын орман алқабы ретінде және елді мекендерді көгалдандыру, әсемдік үшін саябақтарда көшеттерінен немесе тұқымынан қолдан өсіреді. Сүрегі құрылыста және жиһаз жасау үшін, жас жапырағы мен бүрі және оның діңінде өсетін қайың қара саңырауқұлағы медицинада және парфюмерияда пайдаланылады. Оны сусын ретінде пайдалануға немесе қайың квасын, шарап, сироп дайындау үшін пайдалануға болады. Парфюмерия кәсібінде қайыңның сөлінен ласьон, сондай - ақ түрлі косметикалық заттар жасайды. Тамақ өнеркәсібінде одан кондитерлік бұйымдар үшін қамыр дайындайды.

Қайыңның сөлінің осыншалық көп қасиетке ие болуы - қазіргі кезде оған деген сұранысты барған сайын арттырып отыр. Қайың қабығынан қарамай (деготь) алу ежелден белгілі, онымен деңгелектерді, аяқ киімді майлаған. Ал, қайың тозынан әсем қорапшалар, сөмкелер тоқылады. Онымен Солтүстік Америка үндістері каноэның (тез жүзетін қайық) сыртын қаптайды. Қызыл қайың Қазақстандағы ең шөлге тезімді қайың түрі. Қуаңшылық аудандардағы елді мекендерді көгалдандыру үшін пайдалану ұсынылады. Наурызым қорығында, Баянауыл ұлттық паркінде қорғалады.

Көктемде жасыл желек жамылған қайыңды тоғайды аралап бір көріңізші... ақ шағаладай жұп - жұмыр қайың діңі күн көзінде жылтылдаған інжу - маржанға толып кетеді. Ақ қайың жылап тұр деп ойлайсыз. Жоқ, бұл күміс тамшылар - ару ағаштың береке байлығы. Сол байлықты ысырап етпей игілікке жарату адамдардың қолында тұр. Орман - жасыл желекті, жазиралы табиғаттың негізгі байлық көзі. Осындай тамылжыған табиғатымызды саф таза күйінде ертеңгі ұрпаққа аманат ету міндетіміз.
23 593
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қылқанжапырақты өсімдіктер мен қылқан жапырақты ормандардың табиғаттағы және адам шаруашылығындағы маңызы
Қылқанжапырақты өсімдіктер мен қылқан жапырақты ормандардың табиғаттағы және адам шаруашылығындағы маңызы
Оқушыларға қылқанжапырақтылардың маңызы туралы білімдерін жетілдіру. Табиғат байлығына байланысты көзқарастар және оқушылардың дүниетанымын дамыту. Өз білімдерін өздері бағалай білуге үйрету.
Лалагүл тұқымдастар
Лалагүл тұқымдастар
Сабақтың тақырыбы: Лалагүл тұқымдастар
Адыраспан – киелі өсімдік
Адыраспан – киелі өсімдік
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, С. Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Қарнақбай Мұқағали Жетекшісі: Бөрқұлақова Ботакөз
Құлқайыргүлділер тұқымдастары
Құлқайыргүлділер тұқымдастары
Қызылорда қаласы, Қ. Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп – гимназиясының химия - биология пәні мұғалімі Бердіхалықова Жадыра
Көкнәр, алабота тұқымдастары
Көкнәр, алабота тұқымдастары
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі Бекболатова Алия Махсотқызы
Асқабақ және орамжапырақ тұқымдастар
Асқабақ және орамжапырақ тұқымдастар
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, А. Жанпейісов атындағы №105 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Төреханова Жанна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×