Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ұлы далада ұлғайған ілім (терең таным)

27 маусым 2020, Сенбі
Категориясы: Ғалымдар
Ұлы далада ұлғайған ілім (терең таным) Шынында да, қай заманда болмасын, заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келгені рас. Жеке тұлғаны - қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Ж. Баласағұнидің тәрбие теориясының негізін жетілген тұлғаны тәрбиелеу ілімі құрайды. Бұл ілім тәрбиенің төрт тұғыры - әділет, дәулет, парасат, қанағат арқылы адамда адамдық ізгі қасиеттерді тәрбиелеу идеясына негізделеді. Ізгілікті - адами қасиеттерді тәрбиелеуде Ж. Баласағұнидің ойынша, жоғары адамгершілік сана мен мінез - құлықты қалыптастыру басты роль атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі бір - біріне сай, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан - жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады. Шынында да, қай заманда болмасын, заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келгені рас. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Ұлы данышпандар мен ғұламалар дүниедегі бір Алла, жаратушыдан өзгенің бәрін де баянсыз деп тауып, танып, өтпелі өмірден жұбаныш етер өшпейтін, өлмейтін, баянды боп қалар тірек іздеген. Ол тірек ізгілік деп танылып, ізгілік туралы түйінді ой тамаша ойлар айтылған. Ізгілік – адамдықтың негізі, әрі адамгешілік қасиеттерінің жиынтығы. Құт пен ізгілік – егіз ұғым. Құт пен бақтың бір жерде тұрақтамай, көшіп - қонған кезбе күйі заманына, адамына қарай қалыптасқан салыстырмалы, шартты түсінік. Көрген көз, естіген құлақ сөйтіп түйін түйген танымда жазық жоқ. Қазақтың ізгілік педагогикасының атасы БАЛАСАҒҰНИ. Жүсіп Хас Хажип (1020 ж. ш. - ө. ж. белгісіз) – ортаазиялық ақын, ғалым. Баласағұнидың бізге жеткен ең ірі туындысы – 1069 жылы жазылған «Құтадғу білік» («Құт әкелетін білім») дастаны. «Құтадғу білік» - ХІ ғасырға дейінгі түркі тілдес халықтардың қоғамдық ой - санасында орын алған рухани құбылыстарды тұтас қамтыған көркем шығарма, әрі адамдарды адамгершіліктің абзал қасиеттеріне баулитын этикалық - педагогикалық, саяси - философиялық трактат. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған, философиа, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан, Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 ж., қазіргі жыл санау бойынша 1070 ж. жазып бітірген. (18 ай бойы жазған) Дастанды “хандардың ханы” – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сатұқ Қара Бұғра ханға (908 – 955) тарту етеді (қ. Әулие Ата). Сол үшін хан өз жарлығымен Ж. Баласағұниға “хас хажиб” – “бас уәзір” немесе “ұлы кеңесші” деген лауазым берген. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан - ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай - ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Жүсіп Баласағұни өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Жүсіп Баласағұнидің дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскер - басылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т. б. қоғам мүшелерінің мінез - құлқы, білім дәрежесі, ақыл - парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке - жеке баяндап шығады. Ақын мораль философиясын арқау етіп, әділет, бақыт, ақыл, қанағат сияқты этикалық күрделі ұғымға мән береді. Оларға төрт кейіпкердің түрікше атын қояды. Күн нұры сияқты барша әлемге ортақ жылылық шуағын тарататын болғандықтан Әділетті - Күнтуды (пат - ша ) деп атайды. Бақыт пен байлық, молшылық, дәулет пен мансап - шен мағынасын қамтитындықтан Бақытты - Айтолды (уәзір) деп Айға балаған. Өйткені дәулет пен бақта ай секілді бірде толысып, бірде ортайып, кейде тіпті кішірейіп адам баласының қолына қонбай кететін болғандықтан оны бақпен теңестірген. Ал ақылды Оғдырмыш - (уәзірдің ұлы), Қанағатты - Озғырмыш (уәзірдің кенжесі, қыз бала) деп атаған. Осылайша төрт кейіпкердің ара қатынасы бір - біріне сұрақ - жауап арқылы шешіліп, әр мәселе осылардың дүниета - нымы тұрғысынан алынып, автордың айтпақ болған идеясы барынша кең тұрғыда суреттеледі. Оның идеясы – адамдарды бақытты ету. Бақытты адамдар, өзге адамдардың өзі туралы не ойлайтынын уайымдамайды, барлығынан жақсылық көруге тырысады, әрқашан кеңпейіл және риза, осы сәтпен өмір сүреді, осы өмірдің бәрі кемел еместігін біледі, қоршаған ортаға өз үлесін қосады, үнемі жадырап, күлімсіреп жүреді, танып – білуін тоқтатпай, жалғастыра береді. Адамдық қасиет пен тірліктің шыңына шығып, басындағы бағын мәңгілік еткен адам аз. Содан да құт пен бақ өзіне жайлы орын таппай, ізгілік іздеп, шарқ ұрып кезбе атанған. Ал ізгілік - мәңгілік кепілі. Жүсіп Баласағұн таныған кісіге түпкі ой - арманы ізгілік екенін байқатады. Дастанның аты «Құтты білік» болса, сол құтпен бақты табатын білік – ізгілік. Әр түрлі астарлы ойлар мен түсінігі тереңге тартып кететін түрлі таным тарауларын таратып бақсақ, тағы да сол ізгіліктің қасиетін тани түсеміз. Ізгілік – Ж. Баласағұнның ең басты айтар ойы.. Әрбір кейіпкер өз аты мен затына айналған ұғым, қасиетті таныту қамында көрінеді. Айтолды – құт - береке, бақтың көрінісі. Оқиға мен әңгіме - сұхбаттың басталар тұсында Айтолды тірлігі тақуалыққа жақын еді. Бірде өзін - өзі сөгіп қамыққан; Өнерім - мың, қалдым оқшау халықтан! Неге мұнда бекер жүріп қурайын... Оның бетін бұл өмірдің ісіне қаратқан – Қүнтуды бектің ізгілігі. Құт - береке, бақ бейнесіндегі Айтолдыны тәнті еткен бек сарайы емес, оның ізгілігі. Келіп жетті Елік тұрған ордаға, Ақыл - ділі күткен тілек орнына. Есігіне табынғалы келдім мен, Қызметіне өзімді арнап бергім кеп. Дастандағы ізгілікке құштарлықтың басы осы. Халықтың соншалық құдіретті, киелі көретін құт - береке, бағы – ізгіліктің құлы екен. Қызметшімін, босаға - орным, атым - құл, Ісім – қызмет, кісілікке жақынмын. Күнтуды бек – ізгілік жолында жүрген адам. Айтолды да бек бейнесіндегі ізгілікке құштар. Айтолдының Күнтуды бекке көрсеткен қызмет, ықыласты көңілінен құт - берекенің ізгілікке қонатынын ұғамыз. Күнтуды бек те Айтолды мен оның туыстарын ізгілікті құрайтын адамгершілік асыл қасиеттері үшін қадірлейді. Әңгіме - сұхбат барысында да ізгілікке іңкәрлік жиі айтылады.... Ізгі жүрек ізгілікке бұлқынар, Асыл текті тазалыққа ынтызар.... Ізгілікке іңкәр адам баласы, Ардақтаймын, болса кісі сарасы.... Кісі көңілі ізгілікті ұнатар, Үмітпенен өзін - өзі жұбатар. Дастанның құрылымында символдық сипат ерекше орын алады. Әділет бейнесіндегі Күнтуды – ізгіліктің сақшысы. Оның бек, Елік сипатында келуі құт - береке, ақыл - ой, қанағат - рақымның ізгілікке кіріптар, ізгілікке құштар екенін көрсетеді. Ақын ізгілікті бек бейнесінде алу арқылы оның мәртебесін биік етіп отыр. Дастандағы ізгіліктің қадір - қасиетін танытар көркемдік бір дәлел осы.... Жерді өпті де, Айтолды түрегелді, Әділ төре өзіңсің, демер елді! Ұлық болдың – жасың ұзақ болғай - ды, Ізгіліксің - басың есен болғай - ды. Ізгілік пен бек бір - бірінен туындап, бірінен екіншісі танылатын туыс ұғымдар. Күнтуды бек әрбір іс - әрекеті, ой - ниеті, сөзімен ізгілікті танытады. Сондықтан да бекке көрсетілген көл - көсір құрмет, риясыз көңілден ізгілікке деген сүйіспеншілікті ұғамыз. Ақын қолданған көркемдік әдістің шешімі осы. Ізгіліктің бек бейнесінде келуі - сол кездегі үш ірі танымның тоғысып, түйінделген тұсы. Шариғатты ұстанған ислам дінінде патша Құдайдың көлеңкесі саналады. Құдайдың көп есімінің басым көпшілігі рақымды, сүюші, қамқор, ізгі дегенге саяды. Сопылық танымда да жүректің, сүюдің қасиеті ерекше көрінеді. Сүю – ізгіліктің белгісі. Әл - Кинди, Әл - Фараби, Ин - Сина, Ибн - Рушди еңбектерімен байланысты көрінетін ғылыми таным да жан сырына үңілу арқылы негізінен ізгілікті насихаттайды. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Екіншісі, бақ - дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Үшіншісі, ақыл – парасат. Төртіншісі, қанағат - ынсап мәселесі[1]. Жүсіп Баласағұнидің қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтік философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Жүсіп Баласағұнидің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Ол өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздерімен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Жүсіп Баласағұнидің өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т. б. мәселелерді қарастырады. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт - берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағұнидің шығармаларында ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән. Ол үшін адам баласы — дүниедегі ең басты құндылық. Адамды жаратушы Алла тек оны ғана емес, ай мен күнді, күн мен түнді, аспан мен жерді, дала мен тауды, қол мен елді де дүниеге әкелді, бірақ тек адамға ғана теңіздейін телегей ақыл, білімге бой ұрдырар зерде, қайырымды іс қылдырар ар - ұят пен намыс сыйлады. Баласағұнның ойынша, ендігі міндет — осы адам деген атақты жоғары ұстау, оған сай өмір сүру. Ол өмірді адамға Алланың берген қарызы деп түсінеді, осы өмірді мәнді кешкен адам ғана қарызын қайтара алады. Ойшыл ғалымның айтуынша, егер адамда ізгілікке қарсы тұратын белгілерді жеңетін күш жоқ болса, онда ұнамды сапалар жойылады, жоғалып кетеді. Бұл құндылықтар мен олардың қарама - қарсылықтарының халықтық түсіндірмесі мыналар: біріншісі – ақыл, оны ашулану, өшігу күңгірттендіреді; екіншісі - достық, оны күншілдік бұзады; үшіншісі - ұят, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды; төртіншісі - жақсы тәрбие; оған нашар орта әсер етуі мүмкін; бесіншісі - бақыт, ал оны қызғаншақтық бүлдіреді.... Жүрсін бектер бес нәрседен алыстап, Есі болса, жұрнақ болса намыстан. Ұшқалақтық - біір, екіншісі - сараңдық, Үшіншісі - ашу, оған егіз надандық. Қырсығың – сор, бетті жер ғып жүргізер, Бесіншісі - өтірік, жерге кіргізер. Бек бесеуден бойын аулақ ұстасын, Білсін сонда басынан құс ұшпасын. Ең қорлығы – өзімшілдік, залымдық, Олар жұқса, азғаны тек қаныңның,- деген үзіндіден адам бойындағы ғұлама көрсеткен адамгершілік, асыл қасиеттер мен азғындық жолға түсірер жағымсыз қылықтарды айтады. Дастанда автор: «Адам жайлы баяндайын енді мен, Қадір тапқан ақыл, білім, иесімен»,- дейді. Адам баласы жаратылысынан ақылды, білімді болып тумайтынын білеміз. Бұл қасиеттер адамға еңбек арқылы келеді. Отбасындағы тәлім - тәрбие, қоршаған ортада болып жатқан жақсы - жаман құбылыстар, қоғамдық құрылыс, халықтың әлеуметтік жағдайы – осы факторлардың бәрі де адам баласына әсер етпей қоймайтыны шындық. Ал, осы толып жатқан жақсы - жаманды құбылыстарды ажырату үшін біріншіден, негізі мықты қаланған тәрбие мен білім қажет. Сонда ғана жұмыр басты пенде ақылмен, оймен, парасаттылықпен жақсы - жаманды ажырата алады. Заң алдында бәрі бірдей мен үшін, Көсем әділ. Болмайды ешбір келісім... Біл, әділ заң – басқарудың тұғыры, Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны! Бек елінде тура заңды ұстаса, Бар тілекке жетер қолы қысқасы. Осы қағида орындалса қоғамда, әділдік орнап, демократия өмірде салтанат құрар еді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубайқызының «Ежелгі әдебиетінде» анағұрлым кең аумақта талданады. Алма Қыраубайқызы «Құтты білік» дастанын: «Адам. Оның кемелдену жолдары. «Кемел мемлекет» арманы» деп қарастырады. Жүсіп Баласағұнның ойынша, адам баласының қадір - қасиеті білімі мен ақылында. Бұл - адамның жетіліп, кемелденуінің алғашқы жолы. Ғылым іздеу - мұсылманның бір парызы. Ақыл қайда болса, ұлылық толады, Білім кімде болса, сол білікті болады. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей екенін білу: Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін, Бірер сөзбен шеш түмен сөздің түйінін. Нәпсіңді тый, сабырлы бол, шарап ішпе: Ішімдікпен мал - дәулетің шашылар, зинақордың ар - ұяты ашылар. «Құтты біліктің» ең негізгі көтерген мәселесі - адамгершілік. Адамгершіліктің сан саласы бар. Оның бірі - тілді тыйып ұстап, орынды жұмсай білу. Тіл екі жүзді қанжар. Тілден бақ қонады, тілден бас кетеді. Тіл арыстан есік баққан ашулы, Сақ болмасаң жұтар, ерім басыңды! Адамгершіліктің тағы бір көрінісі - білімде. Өйткені білімді адам - ақылды адам. Ақыл түнектегі шаммен тең. Туындыгер сонымен бірге адамгершілікке қарама - қарсы қылықтардан сақтандырады. Олар: жалған сөз, екі сөйлеу, шарапқұмарлық, жүгенсіздік, зымияндық, сараңдық, ащы тіл. Міне, бұлар - кісіге құт әкелмейтін ең нашар қылықтар. Жалпы ақын адамның кемелдену жолдарын айқындайды. Оның барлық көріністері өлең жолдарында айтылады және оның сапалық белгілері түйінделген. Баласағұнның ойынша адам баласының қадір қасиеті - білім мен ақылда.... Ақыл қайда болса, ұлылық болады. Білім кімде сол білікті болады. Ізгілік - адамзат үшін ең қажетті қасиеті. Елдің басшысы ізгі болса, халқы да ізгі болады. Ізгілік - оң, ессіздік - сол, жүзің - ар, оңың - ұжмақ, солың - тозақ, біліп ал. Даңқ пен дәулетке шаттанба, ол бір орында тұрмайды. Бір орында су, сөз, дәулет тұрмайды, Жиһангерлер жүре бермей тынбайды. Әділеттің жолын қу, шыншыл бол. Әділ болсаң қараға – ақ, аққа жақ. Ұрпақтарың жақсы атыңды сақтамақ. Сараңдық пен ашкөздіктен аулақ бол. Қиды терген сарықп қоңыз сияқты, Сараңдықтан асқан не бар ұятты. Иттердің басшысы арыстан болса, иттер де арыстандай күркірер, ал арыстандардың басшысы ит болса, иттің тіршілігін қылар. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Бек қандай болса, уәзір де сондай. Жаман - жақсы табыспайды ешқашан, Түзу - қисық қабыспайды ешқашан.. Намысшыл ер бол. Намысшыл ер жаудың мысын басады, Намыссыз ер жер бауырлап қашады. Өз пайдаңнан гөрі, ел пайдасын ойла. Қайырымды бол! Адам ба адам өз пайдасын күйттеген. Адам нағыз ел пайдасын діттеген. Ж. Баласағұнидың педагогикалық ой - пікіріндегі негізгі бағыттың бірі – адамшылық, кісілік мәселелері. Оны мына «Құтты біліктегі» Айтолды уәзірдің ұлы Өгдүмішке айтқан сөзінен көруге болады:... Білу керек ұят пен ар намысты - Арлы болсаң алдыңа ашық қарарсың. Арыңды ашсаң араңдалып қаласың, Білім, мінез - байлығың да ырысың. Кішік болсаң жұртты көзге ілгейсің, Өзіңе деген кісілік - тірліктің белгісі, Кісілерге кісілік – кісіліктің белгісі, деген және т. б. нақылдарында әр адамның бойында бар ар - ұждан дауысын ажырату және ести білу қабілеттерін оятуға, күнделікті өмірде дұрыс әрекет ету қасиеттерін дамытуға және жүзеге асыратын ойларын, сөздерін және іс - қимылдарын реттеуге талпыныс болу қажеттігін айтады.«Ойшыл - ақынның танымында адамгер - шілік - адам табиғатының маңызды сипаты. Табиғатты игеру, оның қасиеттері мен мүмкіндіктерін қабылдау адам жанының сапаларымен тығыз байланысты. Осыған байланысты ақын білімге құштарлық, тек тәлім - тәрбие ғана адамгершілік пен зерделілікті адам бойына сіңіре алады деген тұжырымға тоқтайды. Адам мәселесін адамгершіліктен бөліп қарауға болмайды. Соңғы кезде ғылымда, қоғамдық пікірде рухани құндылықтар ретінде адамгершілік, гуманистік, имандық, парасаттылық деген ұғымдар жиі қолданылуда. Бұл адам проблемасы мен адам танудың соншалықты күрделі екендігін көрсетеді және «Дүниеде ең қиын нәрсе - адамның өзін - өзі тануы» деген грек ойшылы Сократтың тұжырымын қуаттай түседі. Мәселені осы тұрғыда қарастырғанда Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі бір сөзбен айтқанда, адамшылық мектебі. Бұл мектепте адам баласының басындағы ақыл - сезімнен ажалға дейінгі жақсылы - жаманды жай - жағдаяттардың сан қатпар қалтарыстары өлең өрнегіне түскен. Кісі - кісілік қасиетімен анықталады. Кісілік қасиетті Ұлы Даланың Ұлық ұстаздарының қай - қайсысы да саралап көрсеткен. Соның ішінде Ж. Баласағұнның орны ерекше. Айталық, Ұлы Ұстаз: Кісілік - адамгершіліктің негізгі тұтқасы, адамилықтың биік шыңында тұратын құнды қасиет. Адамды адам етіп құрметтеудің, бағалаудың белгісі ретіндегі сапалық көрсеткіші,- деп көріп, кісілікке тән сипаттарды былай бөліп көрсетеді: «тіл - адал сөйлеп, шындығын айту; әділет - әділдікті сақтау, ар - намысты қорғау; жомарттық – қайырымды, кеңпейілді, ақжүрек және қол кең болу; қайсарлық - елін - жерін қорғау, жаудан сақтану.»Ж. Баласағұни адамның бойындағы кісілік қасиетін жоғары қоя отырып, кісі - ділі, тіні, негізі - кісілігімен ғана Адам деген құрметкеие екендігін ашып көрсетеді: «Кісі екенсің, тінің сенің - кісілік, Кісілерге адамдық ет кешіріп... Кісілікпен танытасың затыңды, Кісілікпен шығарасың атыңды. Кісілерді кісі еткен кісілік, Кісілікпен аты шығар кісінің.. Кісі ізгісі - қайрымды кең кісі, Ел сарасы, кісіліктің белгісі... Әділдік – құт. Құт құрығы - кішілік. Әділдіктің заты - тұнған кісілік. Елдіктің өзегі - білік, кілті - тіл, қадір - қасиеті - кісілік. Ғұламаның «кісіліктің» мәнін ашып көрсету бойынша айтқан даналық тағылымдары тым терең, әрі құнды. Текті жанды – Кісілікке жеткізу үшін - кісіліктің әліппесі ретінде Ж. Баласағұни ілімі бағалануы тиіс. Адам баласының адамгершілік қарым - қатынасындағы атаға, руға, ұлтқа бөліп, адамдық асыл сезімдерге жол бермей, күндестік, бақталастық, дүние таластықты тудыруға, әдепті бұзып, адамгершілікке қиянат көрсетіп, қылмыс жасау текті сыйламаудан, адамдық қасиеттерді қастерлемеуден туындайды. Ж. Баласағұни тектілікті тұқым қуалаушылық шеңберінен шығарып, адамгершілік асыл қасиет деңгейіне көтереді. Ол тектіліктің тұқым қуалау арқылы да адамның бойына тарайтынын жоққа шығармайды. Оны мына ой - пікірлері дәлелдейді: Елік ойын мәтелдеді, балады: «Текті ердің текті ұрпағы қалады!».. Тегі жақсы болса, жақсы адам да Жақсыларды құрмет тұтар әмәнда. Ізгі жүрек ізгілікке бұлқынар, Асыл текті тазалыққа ынтызар. Ізгілікке іңкәр адам баласы, Ардақтаймын, болса кісі сарасы. Кісі көңілі ізгілікті ұнатар, Үмітпенен өзін - өзі жұбатар. Ғұламаның данышпан - дығы тектілікті тәрбие арқылы қалыптастыруға болатын тұлғалық сапа ретінде анықтауы болып табылады. Оның негізгі мәні -«әкеңді сыйласаң, атаңды құрметтей білесің, бабаңды қастерлеп, бабаның өнегесін орындайсың да, еліңе елеулі, халқыңа қалаулы, бүкіл адам баласына лайықты әрекеті мен әдептілігі бар жан екендігіңді танытасың» деген ой - түйін: Текті атаның баласы туыс іздейді, Тексіз атаның баласы ұрыс іздейді. Асыл болса кімнің ата - тегі егер, Одан елге пайда тиер, сене бер!. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Тәрбиенің жетекші роліне сүйене отырып, тек - адамдық қасиет, өйткені әрбір тұлғаның тегі - Адам, сондықтан оны тұлғаның бойында қалыптастыруға болады деген тұжырым жасайды: «Бектер сөзі тілді буып алмасын, Текті сөздің тек әділін арнасын... Ізгі іс істесең - текті тірлік сүргенің, Жауыздығың - көрге тірі кіргенің.» Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру адамгершілікке жетелейді. Кең байтақ өлкемізде буыннан - буынға жалғасып, ұяттылық, әдептілік, имандылық, көрегенділік, мейірімділік, шарапаттылық ізетпен ілтипат танытып отыру – әдеп нормалары, ұлттық тәлімнің ең көкейтестісі. Міне, сол қымбат қасиеттердің бәрі от басы, ошақ қасында басталады. Жүсіп Баласағұн от басы, бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оның ішінде қыз баланың сырт көзден таса күтімін қадай айтқан. Бұл дәстүрлі қазақи тәрбиеде: «Қыз бала өзіне - өзі үкідей кызғануы керек. Үкі түскен түгін де қызғанып көміп тастайды», - деген ұғым - түсінікпен үндеседі. Жүсіп Баласағұн әйел баласын төрт түрге бөледі. Олар: сұлу әйел, атақты әйел, бай әйел, адал жар. Сұлуды алған ер - күйеу емес, күзетшіге айналмақ - «Сұлу алған жолдасынан айрылады» деген мақалмен сәйкес келеді. Атақты әйелді алған атағына телінеді. Бай әйел күйеуін де меншігім деп қарайды. Ал, адал, ақылды жарды алған ер қолына байлықты да, бақытты да қондырады. Жүсіп Баласағұни өзі туған түркі дүниесі халқының салттарын, әдет - ғұрыптарын, дәстүрлерін жақсы біледі, оның рухани өміріне тереңдей енді. Кандай да бір ұлы педагог секілді ол энциклопедист - философ, психолог, тарихшы, этнограф, болатын. Тәрбиенің теориялық негізін: «Кімде - кім ел - жұртынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім»- деп түйіндеген. Ізгілік тәрбиесінің түйіні - әр кісіні де ізгілік жасауға үгіттеу. «Құтты білік» дастаны адами өмір – ізгілік жасау екенін ұқтырады. Өмірдің мәнді, өлімі өкінішсіз болуы ізгіліктен. Адамның өмірден табар қызығы біршама көп болса да, соның ең өзектісі, нәрі ізгілік екен. Адамның тірліктегі көп қызықтан көзі қарығып, алдамшы дүние мен баянсыз байлықтың жетегінде кетпей, ізгілікті жол етіп ұстануы – қасиеттілік, адамның адамдық ерлігі. Ақынның негізгі ойы – осы ізгілікті жол ету. Яғни адамзатты ізгілікке шақыру адам, өмір, ізгілік – үшеуінің бөлінбес бірлігін таныту, сөйтсе де ізгіліктің орны өзгеше. Себебі адам да, өмір де өз күйінде ізгіліксіз қасиетті де құдіретті көрінбейді. Адам атын, өмір мәнін сақтаушы – Ізгілік. Ж. Баласағұнның жұбатар ұлағаты көңіл жадыратар ақиқаты басым сөздерден, толғандырар ойлардан, рақымы артық мінезден, жәннатқа жол ашатын тілектен, дәулет құратын қылықтар мен істен, адамның өңін кіргізетін әдет - ғұрып керуенімен таныстыратын, адамды өзімен табыстыратын кеңестен, естілер мен елді түзететін ұстанымнан құралады. Кемел қадір - ұлылық иесінің құзырлы мәзірі. Ұлылық - сен, толы құдірет - күш енсең, Сенен бөлек жоқ өзіңмен түсер тең. Жаратушы - бар әлемді өзіне жай санаған дара, дана, сара, қос дүниені анық қолға қаратқан, әркімнің көңіліне жақын танымал. Мұңлық ием! Мен бір мұңлық құлыңмын, Күнәмді кеш, мейіріңе жылындыр! Мұңы жоқ Жаратушы ғана кешірімді, мейірімді. Жаңа заманда жаңылғандар түмен еді. Беделді абырой иесі ұрпақ қамын жегендердің бірегейі, жас ұрпақты жаңсақтықтан сақтамақшы үміткердің ұлағаттысы. Қыңырлықтың кездесуі тегін емес. Қыңырлық ессіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан туындады. Ессіздіктен тек жауыздық туады, Ал жауыздық, ізгілікті буады. Білімсіздер біліктіге қастық қылды, жау болды. Көңіл қалды туыстан да, жаттан да, Бауырың - жат, құлқы жаман қастан да! Надандық - көңілдегі көрсоқырлық, олқылыққа ғана емес, зұлымдыққа оттық. Надан - мылқау, көкірегі көрсоқыр, Көзі ашылар - соқыр - мылқау болса оқыр. Көңілі соқырда олқылық пен олақтың күйі асқындады. Жалғыздықта жүдеген кезде ақын: Сенер кісі таппай, жалғыз жүдедім, Мұңым меңдеп, тек сүйініп күлемін! дейді. Ессіздікте сұмдар сумаңдады, арамдар қаптады, зұлымдар елде жайлады, бүйірден тепкілеуден ел азды. Ақынның жанына батқан мазасыздық осында. Арам біткен жапты жұрттың көңілін, Адалдықты қайдан таптым, ей ұлым! Арамның жаны қара. Есердің сөзінің пәтуасы жоқ. Өзімен ызалана алысқан, пұлға бірден сатылған. Аманатты мүлде ұмытқан, жападан - жалғыз адасқан. Жатбауыр суысып туысты сөгеді, жала - жабада бөгеді, сұмдық ізін өшірмейді. Арамның аранын тыйғандар шамалы, ішкі азғындарға ашық қарсы тұратындар қалмады. Ішкі осалдық пен тұйықтықта: біріншіден, Зұлымдардың қолы елді жайлады, Момындардың жолын жоқтық байлады! Кетті әділдік, сұм - аярлар арбады, Құдайшылық сұрар кісі қалмады! Не демелік, құлқы жаман зұлымның күші күннен - күнге кері кетеді, әйтеуір кенет үзіледі, қарғыс табады. Елдің тағдырына қысылтаяң төнген кезде Ж. Баласағұн сынды ойшылдар: Ел неге азды? Заңды қалай түзедім? Қай заманға келдім, қалай жүремін?! деген сұрақты өзіне де, өзгеге де қояды. Өзі қатты мұңайып күйзелгенде шаһар, ұлыс, жұрттан безіп кетейін бе десе, енді бірде «жапа, сұмдық маңын аттап баспайын» деп құлазиды. «Байлық үшін жұмсамайтын амал жоқ. Бірақ дүние қуған түбінде не болады?! Дегенмен түңілмей: «ізгі іс етсең - текті тірлік сүргенің», ал олқылықтағы «жауыздығың - көрге тірі кіргенің». Көкірегі кір, көкірегі соқырдың қылығы ұрыс - керісті, ақырында азап пен мұңды үдетер. Көкірегі кір, тіпті тексіз, бетсіз, жалпы адамдыққа самарқау келер деп қынжылады. Білімділікке жөн - істе сергек болу, оған демеушілік ету, есті сөзді еске түю, қайырымдылыққа бейім тұру. Өмір мен өнердегі арың үшін, өнімді ісің, өтімді уәжің үшін күресу - жақсы мен жарастықтың мәніне жете алу. Биік еңсе қателіктен құтқарады, шындықтан шеттетпейді. Ақын Ж. Баласағұн - өршіл заманның жанашыр, парасатты сыншысы. Сабырлы сыншының көргені, түйгені мол. Оның пайымдауынша, білікті ойда адамзаттық, халықтық, кісілік мәселелер әр қыры мен сырынан қарастырылады. Білімдінің ойы есті, сөзі оңды. Тірлік сабағын түйген ойшыл тығырықта сөзін өрген, ойын терген, жан серігіне ерген, игілерді көрген, өмірден сенімділерді іздеген. Ол мінеудің есерінен аулақ болды, адамның жеке өміріне қол сұқпады, адамның мінін қазбалауды емес, оның жетістігін, жақсылығын көре білуді мұрат тұтты. Ақын осылайша өзін бір деңгейде бейнелегендей, тұлғалықты сомдағандай. Жеке адамның мүддесі үшін қызмет жасамай, қара дүрсін саясаттың сойылын соқпай, дастанын әдеби - теориялық және ғылыми негізде жазды. Ол сөз, ой, тіл қызметін салыстыра отырып, сөз бен тіл өнеріне жүгінді, сөздің қорын байытты, тілдің байлығы мен қаламгер тілін сақтады, оқырманның көркемдік талғамын тәрбиелеп бақты. Жағымдыны жалғастыру, жеткізу, жаңғырту, жетілдіру - тілек, ниет және үміт. Үшеуі де сана сәулесі - сөз бен білім үлесінде. Ойшыл - жалғыз, жалғыздыққа не тән күресінде? Оның тәнтілігіне ойға берілу, оларды қағазға түсіру, көкірегі ояу, көзі ашық жандардың санасына сіңіру үйреншікті, халық мұратын ұлықтау лайықты. Біліктіні тыңда, ақылдың бұлағы, Білімді сөз - шырын, жанның құнары. Біліктінің расы: Қалар мұра - сөз, кісіден кісіге, Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе. Тауып айтылған сөз өнердің жүйрігі, шырайлы өңнің шуақты нұры. Сөз білгеннің еңбегі еш қалмас елеулі, жұрт жадына ыңғайлы, адамға пайдалы рухани қазына. Ой жарығы істі оңдады. Маржан сөзді дер кезінде ұққан өзін түзеген. Өзіне - өзі ықпал ете алмаған кезді еске алған ақын: Қайран, жастық, қайран, отты күндерім, Тұта алмадым, қадіріңді білмедім! -, деп өкінішін жасырмайды. Алып ұшқан жастар тілді күзете, істің қисықтарын түзете алмады. Тіл мен сөздің қымбатын ұқпады. Тілдің ұшынан шыққан ой сөзден де ұшқыр. Білім адамның пейілін тазартты, тіршіліктің түйткілдерін шешуді үйретті, өмірдің жолын ашты, ұлылықты ұстартты, қадірі мен мәртебесін көтерді. Ақылды - ұлы, біл, білімді - білікті, Екеуі ұлы етер, қонса жігітті. Білікті адам жақсылармен араласып тезірек жетілді, бектер мен даналар арасында өмірдің мол асылына қол жеткізді; халыққа бас болды, әділдік жолында елді биледі. Сол үшін қылық пен құлық тініне әрдайым үңілді. Бекзат болмыс жаңаруда, жамандыққа ұрынбауда шыңдалды. Білім адамға күш береді. Білікті күшті адам. Адам біліктен күш табады, ер біліммен басын алып жүреді. «Білікті оймен алаңдар, біліксіз тура шауып арандар». Білімсіздің көңілі - құм, құнсыз шөл. Өзіне әділден ғана әділ үкім күтуге болады. Білікті аларын көздейді, жалғандық пен алдауға төзбейді. Сүйтіп елді түзетті. Білікті сенім кереметін ұғындырады, ойдың қымбатын, шын ақылдың қиынын ұғады, туған елдің, өскен жердің рухани байлығының қайнар көздерін сезіндіреді. Білікті нәзік ойын, дана сөзін кестелер, ел айтқанын ескерер, жарандармен жақындасса қуанышқа бөленер. Билей алсаң - ақыл, білім, жүректі, Орындадым де қасиетті тілекті. Білім берген ақылдының адамға көзі ашық, көңілінде мейірім. Ақылдан шыққан сөз ұшқынды, салауатты, сәулелі, сыйлы, мейірімді, шындықты түптейді. «Ақыл көркі - тіл, тілдің көркі - сөз, Кісі көркі - жүз, жүздің көркі - көз». Кісі көркі - ерге ізгі, еліне өтімді сөзде, тартымды пайымдарда, Ақын, ойшыл Ж. Баласағұн заман елшісі, ел - жұрттың басы, көзі менен қасы. Өзің жақсы болсаң, атың мақталар деген қағиданы бетке ұстаған гуманист ақын ойын ағыла айтады, арнап қадала айтады. Біз қосарымыз: 1) достарға ықылас арнаулы, жақынға ынта таңдаулы; 2) таңдаулы ынтада - ниет те, ойдың мәні де, тоқтамның түйіні де түзу болмақ. Озат идеядан, гуманистік ұстанымнан, адамгершілік нұсқаудан терең де жүйелі тоқтамдар туындады. Кейбірін еске салалық, зерделеп көрелік: Ішке біткен қылық парызды өтеткізе ме, әлде қарызды көбейте ме?! Ащы сөздің жалыны жаныңды қабар, жүректі орап алар. Жамандық күйдіріп өтеді. Не қауіпті? Тілдің жалған айтқаны ма, әлде айтқан сөзден қайтқаны ма?! Құт білікпен безенген жамағат - тіле қанағат. Жұрттың иесі - ризығыңды жақтасаң, зұлымдық сиқын татпайсың. Қатыгезге не деп, қалай көңіл бұрасың? Мұндайда өмірдің қояр талабы: Бауырмалды іздеп тап, жақын тартып оған жақ. Тірі жанды аш қалдырмаған, өзегін талдырмаған. Даналар - елдің асыл тектері және бектері. Ел ақылды ердің пайдасын көп көрер. Қалаулыға құдірет жетеді, талапкер өзін ұлы етеді. Ұлылық - мәнге деген ұғымталдықта, біліктілікке деген ұмтылыста, жетеліге еретін ерікте, қасиетті өрбітетін тіл өнерінде, әділетті әдепте. Адамзаттың, түркі әлемінің рухын жаңғыртар, жаңартар ұстанымдар мұнымен шектелмейді. Рухани жаңару - өтімтал да өнімді өнері арқылы замандастардың көңілі мен жүрегіне кілт табуда, іргелі парықтың нарқын анықтауда, кісілікке қызмет етуде, халықтың мінін түзетуде, көрегендігімен көптің үдесінен шығуда. Іргелі қасиеттердің иелері ақылымен елді, әлемді ұстады, адал заң және уәжді нұсқаумен елді биледі, өнер мен ұлағаттылық сабақтастығына жанашырлық танытты. Олардың аты ел жадында мәңгі қалмақ. Ж. Баласағұни: «Ақмаңдайлы ұл - қыз туса алдыңда Үйіңде өсір бөтен жерде қалдырма. Ұл - қызыңа әдеп үйрет, білім бер. Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер. Бала өсіргің келсе дана жүректі, Қатты ұста, үйрет білім ізетті.».«Жастары иманды елдің - болашағы зор» - деген. Ислам дінінің тәрбиелік мәні зор қағидаларын пайдалана отырып, Ж. Баласағұни имандылық тәрбие - сіне де ден қояды. Имандылық идеясын негізгі өзек етіп алынған дастандағы кейіпкерлердің бүкіл болмысы, іс - әрекеті имандылық таразысымен өлшенеді. «Құтты білікті» Құранның бірінші Фатиха (Беташар) сүресінің сөздерімен бастауының өзі ғұламаның иманды адам болғанын, сондықтан жастарды имандылыққа баулуды мақсат етіп отырғанын аңғартады. Ғұлама, жаратушы ұлы тәңір - Алланың құдіреттілігін дәріптей отырып, әр адамға күш - қуат беретін сенімді қалыптастыруды көздейді. Дастанда ең алдымен ортағасырлық әдебиетке тән дидактизм басым. Сондығы болар, ол заманда, Баласағұии түрік Конфузцы атанса, дастан тәрбие оқулығы саналған. Дастанда оқиға өрбітуге емес, ой айтуға көбірек мән берілген. Сюжетінен идеясы басым туынды жайлы сипаттама сөздің көбірек болуы заңды да. Дастанның негізгі мазмұнына келсек, мұнда да ең басты желі жоғарыда айтылғандай, имандылық тақырыбына тартылған. Дастанда төрт кейіпкер бар. Күнтуды патша – әділдіктің, Айтолды уәзір – дәулеттің, уәзірдің ұлы Өгдүлміш – ақыл мен білімнің, діндар сопы Одғұрмыш қанағаттың, басқаша айтқанда имандылықтың символы. Қазақ барын қанағатпен пайдаланып, сабыры мен шүкірін тең ұстаған адамды «иман таразысы түзу» деп айтады. Дастандағы ел - жұрттан жырақта тағат - ғибадатқа беріліп, тақуалық ғұмыр кешетін Одғұрмыш – имандылықты жүрегіне берік орнатқан, ғұмырын Алла жолына арнаған жан. Жаңағы аталған төрт қасиетті автор мемлекеттің, елдің негізгі ұстын - тірегі ретінде алып отыр. Сол төрт тіректің бірі имандылық болуы көп нәрсені аңғартады. Осы арқылы автор «әділетті, дәулетті, білімді елдің міндетті түрде иманы түзу болуы керек, онсыз ел ел болмайды» деген ұғымды бере білген. – Билік жолы мен дін жолын ортағасырлық қаламгер сәтті тоғыстырған тәрізді... – Бұл тоғысу исламның тіректік ұстанымдарынан туындаған. Мұны дастанның сюжетінен танып - түсінуге болады. Дастанда Күнтуды патша Одғұрмыш тақуа туралы естісімен онымен дидарласуға қатты құштар болып, бірнеше рет шақырту жібереді. Бірнеше шақырудан кейін ғана Одғұрмыш патшаға келіп дидарласып, әңгімелеседі. Одғұрмыш – дүние тіршілігінен аулақтап, біржола Алла жолына түскен адам, яғни тариқаттың өкілі. Ал патша – иман таразысы түзу, елді дін исламның жолымен, шариғат жосығымен басқарып отырған шариғаттың өкілі. Ислам дінінде әмірші тұлғасының ерекше дәріптелетіні, оның әміріне мүлтіксіз бағыну қажеттігі де осы имани жолмен басқару идеясына тікелей қатысты туындаған. «Патшаңыз залым болса (яғни имансыз болса), сіздерге жердің үстінен асты жақсы» деген хадис те бекер айтылмаған. Құдіретті Мұхаммед пайғамбардың бойындағы адами ізгі қасиеттерді саралай отырып, әр адамды пайғамбарды үлгі тұтуға, оның ізгі істері мен өнегелі сөздерін күнделікті өмірде ұстануға шақырады. Имандылықты адамның жан - дүниесін, болмыс - бітімін бейнелейтін адамгершілік ізгі қасиет ретінде қарастыра отырып, оны тұлға жетілуінің сапалық көрсеткіші ретінде анықтайды: Ұлы Хажыб шыншыл болсын баладай, Дінді білсін, дана болсын бабадай. Дінді білсін. Дық түсірмей көңілге, Көңілі ақтың – ісі де ақ өмірде.... жақсы, жаман, бәрі құдай ісі деп, таны, табын, сана соны құдірет. Көптің айтқанын көңілге тоқи келе айтарым: Баласағұни бабамыз қазақтың ізгілік педагогикасының атасы еді. Осы шақта бабаның педагогикасы иманипедагогиканың тұғырлы негізін құрап отыр. Иманипедагогиканың тұғыры тым тереңде жатқанын осыдан ақ аңғаруға болады. 
1. Ахметов Т. Жүсіп Баласағұнның имандылық идеялары. - Қазақстан мектебі. 1993.№10.
2. Егеубаев А. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі». – Қазақстан мектебі. 1993.№11 - 12. 
Қобдабай Қабдыразақұлы
5 770
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Адамгершілік – рухани тәрбие
Адамгершілік – рухани тәрбие
Адамгершілік — бұл рухани тәрбие. Адамгершілік - адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса,
Адамгершілік - адамның нұрлы шуағы
Адамгершілік - адамның нұрлы шуағы
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік - рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түз өсу үшін оған көшет кезінде көмектесу болады,
Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік – рухани құндылықтардың жаңаруы
Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік – рухани құндылықтардың жаңаруы
Жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы, оның шығармашылықпен дамуының түп тамыры тәрбиеден бастау алып, ол Қазақстанның ертеңі мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, қоғамның құндылық бағдарлары жайлы сөз қозғағанда тәрбие мәселелері назар аударуды қажет
Қазіргі заманның рухани – адамгершілік даму аспектісі және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу
Қазіргі заманның рухани – адамгершілік даму аспектісі және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, "№3 жалпы орта білім беретін мектебі" КММ биология пәнінің мұғалімі Адамьянова Шолпан Советовна
Бастауыш сыныпта оқу – тәрбие үрдісі арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыру
Бастауыш сыныпта оқу – тәрбие үрдісі арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыру
Б. Нысанбаев орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Хамзина Нұргүл Жексенбайқызы
Жеке тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні.
Жеке тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні.
Өскелең ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуде рухани дүниесі бай, жан - жақты жетілген азамат болып өсуіне тәрбиенің қосар үлесі мол. Халық келер ұрпағын тәрбиелеуде өзіне дейінгі жақсы дәстүр атаулыны жинап пайдаланғанын ескерер болсақ,
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×