Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Бразилия

18 қаңтар 2013, Жұма
Категориясы: География
Байқоңыр қаласы
№6 М. Әуезов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп
Пәні География. Дүние жүзіне аймақтық шолу
Пән мұғалімі Жанибекова С. А.


Сабақтың тақырыбы Бразилия
Сабақтың мақсаты:
Білімділік - әлемнің дамушы елдерінің көш басында келе жатқан Бразилия елі туралы білімдерін кеңейту. Елдің экономикалық даму ерекшеліктерімен таныстыру.
Елдің сыртқы экономикалық байланыстары жайлы түсіндіру. Алған білім, білік дағдыларын іс – жүзінде шығармашылықпен қолдана білуге дағдыландыру.
Дамытушылық - сұрақтарға жауап алып, әртүрлі тапсырмалардың көмегін пайдалана отырып, оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, пәнге деген қызығушылығын ояту, оқушылардың ойлау қабілетін арттыру. Қосымша мәліметтермен жұмыс істеуге баулу.
Тәрбиелік - оқушыларды өз бетімен жұмыс істей білуге, ұлттық дәстүрлер мен халықтар арасындағы
достықты сыйлай білуге, елдер арасындағы қарым – қатынасы дәріптеуге тәрбиелеу.

Көрнекі - құрал жабдықтары: Дүние жүзінің саяси картасы, дүние жүзінің физикалық картасы, компьютер, медиапроектор, слайд.
Сабақ типі: аралас сабақ
Сабақ әдісі: сұрақ - жауап, түсіндіру, пікірсайыс, ПНМС формуласы, «Сандар сыры» ойыны.
Пән аралық байланыс: тарих, биология.

Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, сабақтың ерекшелігін айтып өту, жаңа сабаққа дайындау.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
1. Ауызша сұрау
1. Көлік кешені.
2. Сыртқы экономикалық байланыстары
2. Географиялық диктант
№1.
Қазіргі кезде аймақта.......... мемлекет орналасқан. Латын Америкасы аумағында.......(Мексика таулы қыраты),.....(Юкатан түбегі) және......(Анд тауы ауданы) аса күшті дамыған өркениеттері болды. Американы отарлау....... басталды.
№2.
Латын Америкасында орналасқан елдердің басым көпшілігі... республикалар, ал.... мемлекеттік құрылымы жөнінен... республикалар болып табылады. Бұл елдердің халықтары... тілдерінде сөйлейді. Халықтың.... пайызы..... дінін ұстайды.
№3.
Аймақтың.... елінде какао өсіріледі. Бананды экспорттаудан...... дүние жүзінде..... орын, ал Коста - Рика..... орын алады. Жылқы шаруашылығынан.... дүние жүзінде.... орын алса,......... орын алады.

ІІІ. Жаңа сабақты талдау. Жоспарын жаздырту
А) Елдің анықтамасы
Б) Мемлекеттің қалыптасу тарихы
В) Табиғаты және табиғат ресурстары
Д) Халқы
С) Өнеркәсібі
Ж) Ауыл шаруашылығы
З) Көлігі
И) Сыртқы экономикалық байланыстары

1. Ой қозғау сәті. Оқушылар Бразилия елі жайлы не білеміз?
2. Мұғалім: Бразилия дамушы елдердің көшін бастап келе жатқан елдердің бірі. Латын Америкасы елдерінің ішінде де өзінің ерекше орны бар мемлекет. Сонымен бірге осы аймақтағы ең ірі ел, жерінің ауданы және халқының саны жөнінен дүние жүзінде 5 - орын алады. Аумағы мен ресурстық мүмкіншіліктеріне, экономикасының ауқымына байланысты Бразилияны әдетте «тропик алабы» деп атайды.
Бүгінгі тақырыпты талдау үшін мен оқушыларға алдын - ала тапсырмалар берген болатынмын, олар әр тақырыпқа байланысты дайындалып келіп, өз ойларын ортаға салады. Бразилия тақырыбына байланысты олар географ - саяхатшы, тарихшы - ғалым, геолог - зерттеуші, биолог - ғалым, демограф - ғалым, экономист, ғалым - агроном, көлік қызметкері, және саяси - шолушы болып бөлінеді. Енді осы мамандарға сөз берсек
Бразилияның экономикалық - географиялық орнының ерекшеліктері мен қолайлы жақтарын талдауды географ - саяхатшы жасайды.
Географ - саяхатшы:
Мұғалім: Міне бізге елдің орналасу ерекшеліктерін ашып көрсетті. Енді осы мемлекеттің қалыптасуы қалай болды екен? Ол жайлы тарихшы - ғалымды тыңдайық

Тарихшы - ғалым:
Бразилия жеріне 1500 жылы келіп жеткен португал экспедициясы бұл өңірді Португалия иелігі деп жариялады. Алтын мен асыл тастар іздеп таппаған португалдықтар өздері пау - бразил деп атаған ағашты осы жердің басты байлығы деп есептеді. Бұл ағаштан қызыл түсті бояу алынатын, кейіннен елдің өзі осы ағаштың құрметіне Бразилия деп атала бастады.

Португалдықтар Атлант мұхиты жағасында елдің алғашқы қаласы және астанасы - Салвадордың іргетасын қалады. Ұзақ уақыт бойы Португалияның отары болған Бразилия еуропалық елдер үшін шикізат көзіне айналды. 1808 жылы Наполеон армиясы Португалияға қарсы басқыншылық әрекетін бастағанда король мен оның отбасын жедел түрде Рио - де - Жанейроға көшіру туралы шешім қабылданды.
Бұл шешімді жүзеге асыруға белсене көмектескен Ұлыбритания ендігі жерде Бразилия жеріндегі ықпалын күшейтті. Рио - де - Жанейрода 14 жыл болған король Португалиядағы саяси жағдайдың ушығуына байланысты 1821 жылы Лиссабонға оралуға мәжбүр болды. Бразилияны басқару ісін вице - корольге тапсырды. 1822 жылы вице - король Бразилияны тәуелсіз империя деп жариялады. 1888 жылы 13 мамырда құлдықты жою жөніндегі «Алтын заңға» қол қойылды.

1889 жылы Бразилия республика болып жарияланды. Жаңа мемлекет федерациялық жүйені қабылдады да байырғы провинциялар штаттарға айналды. ХХ ғасырдың 60 - жылдары ел астанасы Рио - де - Жанейродан Бразилиа қаласына көшірілді. Елде 10 - нан астам саяси партия, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Заң шығару билігіне ие Ұлттық Конгресс федералдық сенат пен депутаттар палатасынан тұрады. Бразилия 1945 жылдан БҰҰ- на және көптеген халықаралық, аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше.

Мұғалім: Мінекей оқушылар біз бұл елдің тарихымен де таныстық. Латын Америкасы аймағының елдері сияқты Бразилияның мемлекет болып қалыптасуына еуропалық елдердің үлесі де, ықпалы да болғанын байқадық. Оның әрине екі ұдай жақтарының бар екенін білеміз. Кез келген елдің экономикасының дамуы үшін табиғат жағдайлары мен табиғат ресурстарының маңызы зор. Әсіресе табиғат ресурстары елдің экономикасының іргетасының негізі екені айқын. Келесі біздің геолог - зерттеушіміз Бразилияның табиғат жағдайлары мен ресурстарына шолу жасайды.

Геолог - зерттеуші:
Аумағының 93%- ы оңтүстік жарты шарда жатқан Бразилия жерінің табиғаты алуан түрлі. Ел аумағында Гвиана және Бразилия таулы үстірттері мен Амазонка ойпаты орналасқан. Бразилияның ең биік нүктесі - Бандейра тауы (2890м). Парагвай өзенінің жоғарғы ағысын Пантанал ойпаты (португал тілінен аударғанда «батпақты жер») алып жатыр. Бразилия пайдалы қазбаларға бай. Ел темір кенінің қоры (45млрд. т) жөнінен дүние жүзінде 1 - орын алады, мұнда аса ірі Каражас кен орны (қоры 18 млрд. т) орналасқан.
ХХ ғасырдың соңына қарай дүние жүзінде өндірілген темір кенінің 19%- ы Бразилияға тиесілі болды. Елде марганец пен алмастың, бокситтің, алтынның және полиметалдардың дүниежүзілік маңызы бар кен орындары барланған. Бразилия асыл тастармен, бағалы металдарымен де әйгілі. Амазониядағы алтын кен орындарының игерілуі нәтижесінде соңғы онжылдықта алтын өндіру көлемі екі есеге өсіп, 80т-ға жетті. Атлант мұхиты жағалауында мұнай қоры барланған.

Мұғалім: Елде жаңа айтылып кеткен металдар түрінен басқа стратегиялық маңызы бар бериллий, тантал, цирконий, никель, уран рудаларының кен орындары шоғырланған. Ал енді Бразилияның табиғаты жайлы биолог - ғалымды тыңдайық

Биолог - ғалым:
Бразилия жері негізінен экваторлық және субэкваторлық белдеулерде орналасқан, тек оңтүстігі тропиктік белдеуге енеді. Экваторлық және субэкваторлық белдеулерді ылғалды экваторлық ормандар алып жатыр, бразилиялықтар оны сельва деп атайды. Бразилия жерінің 60%-ын алып жатқан сельвада ағаштардың 4000 - нан астам түрі таралған, оларды көпшілігі шаруашылық мақсатта пайдаланылады. Биіктігі 45м-ге жететін сейба ағашынан мақтаға ұқсас талшық - капок алынады, қазіргі кезде бұл пайдалы ағаш басқа елдерде де өсірілуде. Гевея ағашынан табиғи каучук алынса, махагонидің өте бағалы қызыл сүрегі жиһаз жасауға керек.

Сельвада тағамдық өсімдіктер (Бразилия жаңғағы, ваниль, ананас) мол. Бразилия таулы үстіртінде саванналар мен сирек ормандар - кампос өседі. Елдің оңтүстік - шығысында аса құнарлы қызыл топырақтар - терра роса таралған. Ылғалды экваторлық ормандар алқабын дүние жүзіндегі ең мол сулы өзен - Амазонка кесіп өтеді. Өзендер су энергиясына бай.

Мұғалім:
Бразилия ормандары бағалы ағаштар қоры жөнінен дүние жүзінде 1 - орын алады. Жаңа өздерің айтып кеткен каучук ағашы, бразил жаңғағы, сейбамен бірге бұл ормандарда бабасу пальмасы, парагвай шәйі(йерба - мате деп те атайды), атақты бразил қарағайы - араукария да өседі. Махагони ағашынан кәдімгі шаш бояуларын алады. Оқушылар сендер Амазонка атауының қайдан шыққанын білесіңдер ме? Испан саяхатшысы Орельян Оңтүстік Америкаға алғаш келгенде оның ормандарынан жауынгер - әйелдер амазонкаларды көріп, сол ормандарды Амазония ормандары деп атады. Енді елдің халқы туралы демограф - ғалым айтып өтеді.

Демограф - ғалым:
Бразилияда 182 млн адам тұрады. Халық тығыздығы 1 шаршы - шақырымға 20 адам болғанымен ел аумағына халық әркелкі қоныстанған. Оңтүстік - шығыста ол көп 70 адамды құраса, елдің ішкі аудандарында 2 - 3 адамды құрайды. Қала халқының үлесі 78 пайызға жетті. Аса ірі қалалары - Сан - Паулу, Рио - де - Жанейро, Белу - Оризонти, Ресифи, Порт - Алегри. Жас құрамында жастардың үлесі жоғары. Ал нәсілдік және этностық құрамы өте күрделі. Бразилия халқының қалыптасуына барлық дерлік нәсілдердің өкілдері негіз болды. 1500 жылы Бразилияда 6млн-дай үндістер тұрған, ал қазір бар болғаны 300 мың ғана. Бір кездегі 1000 тайпадан 180 тілде сөйлейтін 200 ғана тайпа қалды. Олардың ең ірілері - тикун мен яном тайпалары. ХХ ғасырда бұл елге жапондар, арабтар т. б азиялықтар келе бастады. Мемлекеттік тіл - португал тілі, діні - католик, протестанттар мен жергілікті діндерді ұстаушылар да бар.

Мұғалім:
Бразилия халқы негізінен аралас нәсіл өкілдері, байырғы халықты - тупи - гуапари тайпалары да құрайды. Бүгінгі таңда Бразилияның 56 пайызы ақ нәсіл, 33 пайызы аралас нәсіл, 9, 6 пайызы қара, 0, 7 пайызы сары нәсіл,, 0, 1 пайызы үндістер. Елдегі кейбір иммигранттар немістер, испандар, итальян мен жапондар өз тілдерін сақтап қалуға тырысуда. Сонымен бірге халықтың төрттен бірі ғана ауылдық жерде тұрады. Елдің астанасы Бразилиа қаласы сәулетшілер Л. Кост пен Нимейлердің ойлап табуы бойынша ұшақтың кескініде салынған. «Фюзеляжда» (негізгі корпусында)- әкімшілік және қоғамдық басқару ғимараттары, «қанаттарында»- тұрғын үйлер, ал «ұшқыштар кабинасында» - президент сарайы, Ұлттық Конгресс және сот орналасқан. Бір қызығы Бразилиа қаласы «Адамзаттың әлемдік мұрасына» енгізілген өркениеттің қәзіргі кезеңінің бірден - бір нысаны.

Экономист:
Бразилия дамушы елдердің көшбасшысы. Жиынтық ішкі өнімнің көлемі жөнінен бұл ел дүние жүзіндегі алғашқы ондыққа кіреді. Ел экономикасының негізінде төрт саланың - болат балқыту, автомобиль жасау, қызмет көрсету және мұнай химиясының ролі зор. Энергия балансында мұнай мен газ басым орын алады. Отынның басқа түрлері арасында қант қамысынан өндірілетін этил спиртінің маңызы артып келеді, қәзіргі кезде елдегі автокөліктің 90%- дан астамы осы отынмен жұмыс істейді. Электр энергиясының 96%- ы су электр станцияларында өндіріледі. Бразилия алюминий өндіруден дүние жүзінде 4 орынға шықты. Елде өнеркәсіп өнімінің 30%- дан астамын машина жасау өнеркәсібі береді. Қәзіргі кезде Бразилияда жылына 2 - 3 млн автомобиль шығарады, жүк машиналары мен автобус жасаудан дүние жүзінде 5 - орынға шықты. «Фольксваген - ду - Бразил», «Дженерал Моторс», «Форд - Виллис», «Крайслер - ду - Бразил» компаниялары жетекші орында. ХХ ғасырдың 80 - жылдарынан бастап елде танктер, су асты қайықтары, ұшақтар, реактивті қондырғылар, электрондық және есептеу құралдарын шығару жолға қойылған. Олар көпшілігі ірі мегаполистерде орналасқан.

Ғалым - агроном:
Бразилияда ауыл шаруашылығы маңызды сала. Ел экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша дүние жүзінде 3 - орында. Басты ауыл шаруашылығы дақылдары - кофе, күріш, қант қамысы, жүгері, қытайбұршақ, бидай, какао, мақта. Мал шаруашылығында ірі қараның үлесі жоғары, оның саны( 177млн) жөнінен Бразилия дүние жүзінде тек Үндістанды ғана алға салады. Жыл сайын Амазония ормандарынан 50 мың т - ға дейін табиғи каучук өнімдері (латекс), балауыз, жаңғақ жиналады. Оңтүстік аудандарда парагвай шайы мен араукария сүрегін дайындау жүргізіледі.

Көлік қызметкері:
Көлік қатынасы жағалық аудандарда жақсы дамыған. Ішкі аудандардың табиғат ресурстарын игеру мақсатында салынған Трансамазония тас жолының басым бөлігінде қатты төсеніш қабаты жоқ. Тас жолдардың ұзындығы 2 млн км, темір жол 22 мың км - ге созылып жатыр. Сыртқы қатынастары теңіз және әуе көліктері арқылы іске асырылады. Басты порттары - Витория, Сантус, Риу - Гранди, Рио - де - Жанейро.
Саяси шолушы:
Ел экспортқа темір кенін, машина жасау өнеркәсібінің өнімдерін, бұршақ пен ұн өнімдерін, кофе, какао, қант, жеміс шырындарын, апельсин, боксит шығарады. Ал мұнай, құрал - жабдықтар, көмірді шеттен сатып алады. Жалпы алғанда импорт көлемі экспорттан басым болғандықтан сыртқы саудаға кері сальдо тән. Басты сауда әріптестері - ЕО еодері және АҚШ (оларға тауар айналымының ¼ бөлігі тисілі), Латын Америкасы елдері және Азия елдері.

Мұғалім:
ІV. Міне оқушылар бүгін біз әлемнің тағы бір тамаша елі Бразилиямен таныстық. Бұл ел тек экономикалық, саяси ерекшеліктерімен қатар этнографиялық ерекшелігі бар бірден - бір мемелекет екенімен таныстық.

Енді осы Бразилия жайлы кім қандай «Қызықты деректер» жинап келді?
V. Жаңа сабақты пысықтау. Ол үшін ПНМС ( пікір, нақтылық, мысал, салдар) формуласын қолданамыз. ПНМС формуласы бойынша бүгінгі алған білімдерін нақтылайды.
Пікір - Бразилия дамушы елдер ішінде экономикасы жақсы дамыған, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орындағы ел

Нақтылық - Жиынтық ішкі өнім көлемі жөнінен алғашқы 10 - қа кіреді. Ел экономиаксында 4 саланың ролізор. Олар - болат балқыту, автомобиль жасау, қызмет көрсету, мұнай химиясы.
Мысал - Алюминий өндіруден дүние жүзінде 4 - орында, елдегі автокөліктің 90 пайызы этил спиртімен жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 3 - орында.
Салдар - Елдегі кері сальдо процесін жою, импорт емес экспорт үлесін дамыту.
VІ. Жаңа сабақты қортындылау. Жаңа сабақты қорытындылау үшін «Сандар сөйлейді» ойынын пайдалану. Ойын шарты бойынша тақтадағы сандарға байланысты қойылған сұрақтарға жауап береді.

VІІ. Үйге тапсырма беру.
Өткен курстар бойынша мына терминдерге анықтама жазып келіңдер
1. Жер иелену түрлері Мексикада, Аргентинада, Бразилияда қалай аталады? (Мексикада - гасиенда, Бразилияда - фазенда, Аргентинада - эстанси)
2. Минифундия, латифундия деген не? (Минифундия - шағын шаруа иеліктері, латифундия - кең мөлшердегі жеке меншіктік жер иелену)
VІІІ. Бағалау.

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
19 656
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ұлы саяхатшылар
Ұлы саяхатшылар
Материктер мен мұхиттар географиясы – мектеп географиясының ең қызықты, оқушылардың танымдық қабілетін арттыруға мүмкіншілігі жоғары буыны.
Дүние жүзінің аймақтары
Дүние жүзінің аймақтары
Астана қаласы, №52 мектеп - гимназиясының тарих - география пәні мұғалімі Бейсекеева Айгүл Толеуовна
Дүние жүзінің саяси картасындағы мемлекеттер. Қазақстан әлем картасында
Дүние жүзінің саяси картасындағы мемлекеттер. Қазақстан әлем картасында
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, «Бейнеу гимназиясы» география пәні мұғалімі Іңірғалиева Нұргүл Нұрқызы
Дүние жүзі елдерін типке бөлу және топтастыру
Дүние жүзі елдерін типке бөлу және топтастыру
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы № 17 кәсіптік лицей мұғалімі: Адишева Мақпал
Дүниежүзіне аймақтық шолу
Дүниежүзіне аймақтық шолу
Байқоңыр қаласы, № 8 Ю. А. Гагарин атындағы мектептің География пән мұғалімі Измамбетова Айбарша Итеменовна
Көлдер
Көлдер
Байқоңыр қаласы, № 8 Ю. А. Гагарин атындағы мектептің География пән мұғалімі Измамбетова Айбарша Итеменовна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×