Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Жазықтар. Жазықтардың пайда болуы және өзгеруі

09 сәуір 2013, Сейсенбі
Категориясы: География
Сыныбы: 6
Сабақтың тақырыбы: §24. Жазықтар. Жазықтардың пайда болуы және өзгеруі.
Мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың жазық ұғымдарын қалыптастыру. Жазықтарды биіктігі жағынан және пайда болуы жағдайына қарай әртүрлі болатыны жайлы түсініктерін қалыптастыру. Жазықтардың шаруашылықта пайдалану түрлерін білу.
Дамытушылық: Дүние жүзінің және Қазақстанның физикалық картасынан жазықтарды көрсету және сипаттау арқылы икемділіктері мен дағдыларын одан әрі дамыту.
Тәрбиелік: жазықтар туралы оқып қызығушылықтарын тудыру арқылы пәнге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, картамен жұмыс істету арқылы географиялық мәдениетке баулу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Құрал-жабдықтар: Жарты шарлар картасы, Қазақстанның физикалық картасы, атлас, электронды тақта
Сабақтың кезеңдері:
1. Ұйымдастыру кезеңі 2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі 3. Жаңа тақырыпты меңгеру кезеңі 4. Жаңа тақырыпты бекіту кезеңі. 5. Сабақты қорытындылау кезеңі 6. Бағалау кезеңі 7. Үйге тапсырма беру кезеңі

Үй тапсырмасы бойынша алған білімдерімізді пысықтап алайық.
1. Кестені толтыр.
Таулардың пайда болуына қарай жіктелуі
2. Сызбаны толтыр.
Таулардың жасынан қарай жіктелуі.
3. Сұрақты дұрыс жауабымен сәйкестендір.

1. Ауа температурасының өзгеруіне органикалық үгілу байланысты жүретін үгілу түрі қайсы?
2. Су мен ауаның тау жыныстарымен физикалық үгілу әрекеттесуінің арқасынан да жүретін үгілу түрі.
3. Әр түрлі ағзалар, өсімдіктер мен жануарлар химиялық үгілу жер бетін өзгертетін үгілу түрі.

Жаңа сабақ:
1. Тегіс және төбелі жазықтар. Құрлықтың көп бөлігін жазықтар алып жатыр.
Жер бетінің аз тілімденген, тегіс немесе белесті болып келген кең алқабын жазық деп атайды. Жазықтың жеке бөліктері биіктігі жөнінен бір-бірінен шамалы айырма жасайды.
Көз алдарыңа бірсыдырғы тегіс, ормансыз, шөп өскен даланы елестетіңдер. Мұндай жазықтарда көкжиек жан-жақтың бәріне бірдей ашық және мүлдем түзу сызықпен шектелген. Бұл – тегіс жазық.
Жазықтардың екінші түрі – төбелі жазықтар. Төбелі жазықтардың жер бедері көбінесе күрделі болады. Онда жеке төбелер мен шоқылар, сай мен ойпаңдар кездеседі.

Жазықтардың беті әдетте бір жағына қарай еңіс болып келеді. Өзендердің ағу бағыты да осы еңіске сәйкес келеді. Жазықтың еңістігі картадан айқын көрінеді.

Жазықтар адамның шаруашылық әрекетіне қолайлы. Елді мекендердің көбі жазықтарда орналасқан. Тегіс жерлер егін егуге, тас жолдар мен темір жолдарды, өнеркәсіп құрылыстарын салуға қолайлы. Сондықтан адамдар жазықтарды ежелден бері жан-жақты пайдаланып келеді. Қазіргі кезде Жер шарындағы халықтың басым көпшілігі жазықтарда қоныстанған.

2. Жазықтардың биіктік айырмашылықтары. Абсолют биіктігіне қарай жазықтарды негізгі үш түрге ажыратады (43-сурет). Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 200 м-ден төмен жазық ойпат деп есептелінеді. Ойпат физикалық картада жасыл бояумен белгіленеді. Ойпаттың теңіз жағасындағы бөлігі кейде теңіз деңгейінен төмен жатады. Оған біздің еліміздің батысындағы Каспий маңы ойпаты мысал бола алады. Жер шарындағы ең үлкен ойпат – Оңтүстік Америкадағы Амазонка ойпаты.

Абсолют биіктігі 200 м-ден 500м-ге дейінгі жазықтар қырат жазықтар деп аталады (мысалы, Каспий теңізі мен Арал теңізінің арасындағы Үстірт). Қырат жазықтар физикалық карталарда сарғыш бояумен белгіленеді.

500 м-ден астам биіктіктегі жазықтар таулы үстірттерге жатады. Таулы үстірттер картада қоңырқай сарғыш түспен белгіленеді. Еуразияның солтүстігінде Енисей мен Лена өзендерінің аралығын кең-байтақ Орта Сібір таулы үстірті алып жатыр. Африканың да көп жері таулы үстірт болып келеді.

3. Жазықтардың пайда болуы. Жазықтар шығу тегіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бұрын теңіз түбі болып, кейін көтерілудің нәтижесінде пайда болған жазықтарды алғашқы жазықтар деп атайды. Осындай жазыққа Каспий маңы ойпаты жатады.
Жер шарында өзендердің тосқындары мен шөгінділерінен пайда болған жазықтар да бар. Мұндай жазықтарды құрайтын қиыршық, құм, саздардан тұратын шөгінді жыныстардың қалыңдығы кейде бірнеше жүз метрге жетеді. Осындай жазықтарға Ұлы Қытай жазығы, Оңтүстік Америкадағы Парана өзенінің бойындағы Ла-Плата, Азиядағы Месопотамия ойпаты жатады.
Сонымен бірге таулардың ұзақ бұзылу үрдісінің нәтижесінде пайда болған жазықтар да кездеседі. Мұндай жазықтар қатпарлануға ұшыраған қатты тау жыныстары қабатынан тұрады.
Сондықтан олар төбелі болып келеді. Төбелі жазықтардың мысалына Шығыс Еуропа мен Сарыарқаның жазықтары жатады.
Кейбір жазықтар лава тасқындарының жер бетіне шығып, жайылып, оның кедір-бұдыр жерлері тегістелуден пайда болады. Осындай жазықтарға Орта Сібір, Батыс Аустралия, Декан үстірттері жатады.

4. Жазықтардың өзгеруі. Жазықтарда ішкі күштердің әсерінен баяу тербеліс қозғалыстары байқалады.
Жазықтар сыртқы күштердің әсерінен әр түрлі өзгерістерге ұшырайды.

Физикалық картаға қарасаңдар, өзендер мен олардың салалары жер бетін тілімдеп ағып жатқанын байқайсыңдар. Өзен суы табанын және жағаларын шайып, аңғар жасайды. Жазықтық өзендері жан-жағына бұралаңдап ағатындықтан аса кең аңғарлар түзеді. Неғұрлым еңістігі үлкен болса, соғұрлым өзен жер бетін көбірек жырымдап, өзгертеді.

Жазықтарды көктемде еріген қар суы мен нөсер жаңбырдан пайда болған беткі ағыстар қатты тілімдейді. Уақытша ағыстардың әрекетінің нәтижесінде жыралар мен сайлар түзіледі. Жыра әдетте өсімдігінен айрылған жалаңаш беткейлерді судың жыруынан пайда болады. Жыраның беткейлері тік жарлы, бас жағы тарамдалып келеді. Егер уақытында шара қолданбаса, жыра әрі қарай тарамдалып ұлғая береді де, шаруашылыққа пайдаланатын жерлерді, яғни егістіктің, бау-бақшаның орнын, жолды тілімдеп бүлдіреді, түрлі құрылыстарға залал келтіреді. Оның ұлғаюын тоқтату үшін бас жағына көң, қиыршық тас төгеді, түбіне және беткейлеріне шым төсеп, өсімдік өсуіне жағдай жасайды.

Сай да – жыра сияқты ұзынша ойыс. Оның жырадан айырмасы беткейлері түйетайлы, табаны мен беткейлері шымды келеді де, шөп және бұта өсімдіктерінің өсуіне қолайлы болады.

Жазықтар жел әрекетінен де көп өзгереді. Жел қатты жыныстарды бөлшектеп, үгінділерін ұшырып әкетіп отырады. Шөлдерде, далаларда, жыртылған жерлерде, теңіз жағаларында желдің әрекеті күшті жүреді.

Теңіздің немесе үлкен көлдің жайдақ жағалауына барып қарасаңдар, толқын айдап шығарып тастаған құм шөгінділердің үйіліп жатқанын көресіңдер. Су айдынынан соққан жел құрғақ құмды оңай ұшырып алып кетеді. Құм түйіршіктері алдынан кедергі (бұта, тас, т. с. с.) кездескенге дейін желге ілесіп сырғи береді. Кедергіге жиналған құм бірте-бірте жел жақ беткейі түйетайлы, ық жақ беткейі тік, ұзынша жал тәріздес төбеге айналады. Төбенің төменгі екі жақ шеті ыққа қарай созылып, айшық тәріздес пішінге ие болады. Мұндай құм төбелер шағыл деп аталады.

Шағылдың биіктігі жағаға жиналған құмның молдығына және желдің күшіне байланысты 20 – 30 м-ден 50 – 100м-ге дейін барады, кейде одан да асып кетеді.

Жел шағылдың жел жақ беткейіндегі құм түйіршіктерін ұшырып, ық жағына түсіре береді. Соның нәтижесінде шағыл үнемі алға қарай жылжып отырады.

Үлкен шағылдар жылына 1 метрден 20 метрге дейін сырғып, орнын ауыстырады, ал шағын шағылдар қатты дауылдарда тәулігіне 2 – 3м-ге дейін сырғиды. Жылжыған шағылдар орманды, егістікті, бақтарды, елді мекендерді басып қалады.

Құмды шөлдерде желдің әрекетінен үйілген, шағылға ұқсас құм төбелерді барқан дейді (44-сурет). Шағылдар теңіз, көл немесе өзен суы әкеліп үйген құмнан түзілсе, барқандар шөлдегі жергілікті тау жыныстарының үгілуінен үйілген құмнан түзіледі. Біздің елімізде барқандар Солтүстік Арал маңында, Қызылқұмда, Каспий маңы ойпатында, Оңтүстік Балқаш маңында таралған. Барқандардың биіктігі әдетте 15 – 20м-дей болады, Жер шарындағы аса ірі құмды шөлдерде, мысалы, Сахарада, Орталық Азияда, Аустралияда оның биіктігі 100 – 120м-ге дейін барады.

Шағыл сияқты барқандар да желдің әсерінен жылжып, көшіп отырады. Шағын барқандар жылына 100 – 200м-ге, ал ірілері 30 – 40м-ге жылжиды. Құмның көшуіне көп жағдайда адамның өзі себепкер болады. Өсіп тұрған бұталарды отынға кесу салдарынан, малды көп жайып, жайылымды тоздырудан өсімдігі жойылған құм төбешіктері көшпелі құмға айналып кетеді.

Шағыл мен барқанның көшуін тоқтату үшін олардың жел жағындағы түйетайлы беткейлеріне шөлге төзімді бұта және шөп өсімдіктері егіледі. Төбелердің араларындағы қазаншұңқырларға ағаш отырғызылады.

Жаңа сабақ бойынша бекіту сұрақтары:

1. Жазық деп нені айтады? Жазықтың қандай түрлері бар? 2. Биіктігіне қарай жазықтар қалай ажыратылады? 3. Мәтінде аталған жазықтарды физикалық картадан табыңдар. 4. Егер өздерің тұратын елді мекен жазықта орналасқан болса, оның жер бедеріне сипаттама беріңдер. Жазықтың жер бедеріне және биіктігіне қарай қандай түрге жататынын анықтаңдар. Шаруашылықта қалай пайдаланылатынын ересек адамдардан сұрастырып біліңдер. 5. Жазықтардың жер бедерінің өзгеруіне қандай күштер және қалай әсер етеді? Жауаптарыңды нақты мысалдармен дәлелдеңдер. 6. Өсімдік өскен беткейлердің топырағын ағын су неліктен шайып кете алмайды? 7.* Құмды жер бедері Қазақстанның қай бөлігінде көп таралған және ол неліктен?

Жаңа сабақты қорытындылау:

1 тапсырма.
Географиялық диктант.
1. Жер бетінің тегіс немесе белесті болып келген, жеке бөліктерінің биіктігі жөнінен шамалы айырмашылықтары бар кең алқабы ------------ деп аталады.
2. Көкжиек сызығы жан-жақтан бәріне түзу сызық болып көрінетін жазық -------------. Төбелі жазықтарда ------------------------------------------------------------------ -- кездеседі. Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 200м-ден төмен жазық ----------------- деп аталады. Жер шарындағы ең ірі ойпат ----------------------.
3. Жел жақ беткейі түйетайлы, ық жақ беткейі тік, айшық тәріздес құм төбелер ---------------------------- деп аталады. Үлкен шағылдар жылына ---------- қозғалады.

2-тапсырма. Сызбаны толтыр
3-тапсырма. Сұрақты дұрыс жауабымен сәйкестендір
Үйге тапсырма: §22 түсінік айту 43-суретті салу, тақырып соңындағы сұрақтарға дәптерге жазбаша жауап жазу.
Бағалау.

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
84 989
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Географиядан күнделікті сабақ жоспары. Кіріспе. Физикалық география – Жер табиғаты жайындағы ғылым. Жер туралы мәліметтер қалай жинақталды?
Географиядан күнделікті сабақ жоспары. Кіріспе. Физикалық география – Жер табиғаты жайындағы ғылым. Жер туралы мәліметтер қалай жинақталды?
География терминін енгізу. География пәнінің мақсатын түсіндіру. Жердің зерттелуі, жалпы географиялық мәліметтердің жинақталу тарихын меңгерту. Күн жүйесіндегі Жердің орны, пішіні мен өлшемдерін түсіндіру.
Геологиялық жыл санау және геохронологиялық кесте
Геологиялық жыл санау және геохронологиялық кесте
Жердің даму кезеңдері, тау жыныстарының жасын анықтау туралы білім беру. Геохронологиялық кестемен таныстыру.
Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының географиялық орны мен шекаралары
Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының географиялық орны мен шекаралары
Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы туралы баяндау. Қазақстанның физикалық географиясы нені оқытады? Географиялық білім көздеріне сипаттама беру. Қазақстанның және Батыс Қазақстан облысының шекараларын, аумағын, географиялық координаталарын, географиялық
Географиядан күнделікті сабақ жоспары. Мұхит түбіндегі таулар мен жазықтар
Географиядан күнделікті сабақ жоспары. Мұхит түбіндегі таулар мен жазықтар
Мұхит түбіндегі таулар мен жазықтар жайлы ұғымдарын қалыптастыру. Мұхит түбін зерттеу әдістерімен таныстыру.
Гоеграфиядан күнделікті сабақ жоспары. Қайталау. Жер қыртысының қозғалысы. Жел сілкіну
Гоеграфиядан күнделікті сабақ жоспары. Қайталау. Жер қыртысының қозғалысы. Жел сілкіну
Оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту. Танымдық қызығушылығын арттыру. Оқушылардың өз ойларын жеткізе білу, қарым - қатынас жасауды үйрету. Өздігінен жұмыс істеуді үйрету.
Жазықтар. Жазықтардың пайда болуы және өзгеруі
Жазықтар. Жазықтардың пайда болуы және өзгеруі
Абдиев Ербол Сейсенбекұлы №197 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Қызылорда қаласы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×