Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Химия сабағында топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру

06 ақпан 2017, Дүйсенбі
Категориясы: Химия
Тақырыбы: «Химия сабағында топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру»
Мақсаты: Топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру, шығармашылық ойлауын дамыту, сабаққа деген қызығушылығын арттыру.
Міндеттері:
• Оқушылардың топтық жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру.
• Пәнге деген қызығушылығын арттыруда жаңа әдіс - тәсілдерді пайдалану.
Күтілетін нәтиже:
• Мақсатқа жету үшін ынтымақтасып әрекет етуге үйренеді.
• Үйрену арқылы өмірге қажетті дағдыларды қалыптастырады.
• Оқу үлгерімі мен пәнге деген қызығушылығы артады.
Оқушылардың оқуы үшін оларға не көмектесетінін және оқу үдерісінде олардың қандай нәтижеге жете алатынын ескере отырып, сабақта топтық жұмысты ұйымдастыру мақсатқа жету үшін нақты шешім деп қабылдадым. Топтық жұмыста оқушылар бір - бірімен әңгіме құра отырып пікірлесіп, өзара ынтымақтастық орта қалыптастыру арқылы ортақ шешімге келіп, ойларын еркін жеткізетініне сенімді болдым.
Сондықтан, дәстүрлі сабақтарға өзгеріс енгізе отырып, сабақтарды жаңадан жоспарлау керек екенін ұғындым. Осы сабақтарда оқушылар ынтымақтасып жұмыс жасау үшін топтық жұмыстың рөлі өте зор. Топтық жұмыс арқылы оқушылар арасында өзара қарым - қатынас орнап, тиімді араласу және жағдаяттарды бірігіп шешу дағдылары дамиды. Топтасып жұмыс істеу оқушыларға жеңіл, тақырыпты оңай, қиналмай өзара талқылап өз ойларын ашық, еркін жеткізе алады. Топтар арасындағы бәсекелестік арқылы көп ізденуге, көп білуге талпынады. Нәтижесінде танымдық ойлауы толық дамыған, өз ойын еркін, ашық жеткізе алатын, жеке тұлға қалыптасады деп ойлаймын.
Топтық жұмыстарда мұғалім мен оқушы және оқушы мен оқушы арасында өзара қарым - қатынастың болуы топтық оқытудың маңызды екенін көрсетеді. Топтық оқыту кезінде балалар бір - бірін тыңдауға, сыныптастарының пікірлерімен санасуға, пікірталастарды шеше білуге, ортақ мақсатқа жету үшін ынтымақтасып әрекет етуге үйрену арқылы өмірге қажетті дағдыларды қалыптастырады, оқу үлгерімі артады, өзін - өзі құрметтеу сезімі қалыптасады.
Топтық жұмыс туралы нұсқаулықта: «Топтар түрлі тәсілдермен құрылуы мүмкін. Кей кездері оқушылар достарынан бірге жұмыс істеуін өтінеді, басқа жағдайларда кездейсоқ іріктеп алынған топтарға құрастырылады. Ал кейде топтар жекелеген мүшелердің нақты бір мықты қасиеттеріне қарай құрылады. Сонымен қатар, топта жұмыс істеудің өзіндік ережелері бар. Топтық жұмыс жеке шешуге болатын тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді. Кез келген команда барлық мүшелері білетін және түсінетін жалпы ережелерді басшылыққа алуы қажет. Ол топтың әрбір мүшесінің одан не күтілетіндігін, жұмыс қалай бөлінетіндігін және қолдау көрсетілетіндігін, сондай - ақ нәтижелерге қалай қол жеткізілетіндігін білулері үшін қажет» делінген.
Сонымен қатар, «адамдар топтарға бірлескен барлық жағдайларда топтың жекелеген мүшелерінің қабілеті мен іске қосқан үлесі құрметтелуі тиіс. Топтың жұмысы тиімді болу үшін билік пен жауапкершілік топ мүшелері арасында бөлінеді. Осылайша ынтымақтастық оқу жағдайында оқушылар құрбы - құрдастарымен қарым - қатынас жасауға, идеяларды ұсынуға және қорғауға, әртүрлі ұстанымдармен алмасуға, басқа тұжырымдамаларға күмәнмен қарауға және оған белсенді қатысуға мүмкіндік алады» (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 78 - бет).
Сондықтан, қазіргі мұғалімдер алдында оқу тәрбие жүйесін заман талабына сай өзгерту, жаңа үлгіде жүргізу міндеті туындап бүкіл оқу әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Бұл - мұғалімге білім берудің тиімді және сапалы жолдарын қарастыру болып табылады. Осы бағдарламаны оқу барысында сабақ жоспарларына деген көзқарасым өзгерді. Жоспарға байланысты оқытудағы әдіс - тәсілдерім де өзгерді. Сабақтарымды жаңа бағдарламада ұсынылған жеті модульде қарастырылған идеяларды пайдалана отырып жаңаша үлгіде жоспарладым.
Сабақты бастамастан бұрын сынып оқушыларымен пікірлесе отырып, оқушыларды топ ережесін сақтауға, уақытты тиімді және үнемді пайдалануға үйрету мақсатында топ ережесін құру үшін, оқушыларды шағын топтарға бөлдім. Шағын топ мүшелері бірігіп өз тобының ережесін құрастырды. Содан кейін, барлық топтардың ережелерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып, барлығына ортақ топ ережесін шығарып, оны көрнекі жерге іліп қойды. Енді осы қабылданған ережелерді орындай отырып, әрі қарай жұмысқа кірісу қажет.
Осы сабағымнан бастап жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерін ұйымдастыра бастадым. Әр түрлі тапсырмаларды орындатуда оқушылардың ой - өрісін кеңейтіп, шығармашылығын дамытатын тапсырмаларды беруге көңіл бөлдім. Өйткені, оқушылар әр тапсырманы орындау барысында жан - жақты ізденіп, қызығушылықпен жұмыс жасағанда ғана сапалы білім болады.
Сонымен, сыныпта психологиялық ахуалды дұрыстап алу үшін, сабақтың ұйымдастыру кезеңінде сергіту сәтінде, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес «Iust Dance»- ке би биледік. Оқушылардың көпшілігі бишінің қимылдарын қайталап, беріліп биледі. Ал кейбір оқушылар тосылып, тосырқап қалды. Одан әрі қарай сыныпты 4 топқа бөлу үшін 4 столға «Қышқылдар», «Негіздер», «Тұздар», «Оксидтер» деп жазылған табличкалар қойдым. Осы бейорганикалық химияның кластарына жататын заттардың формулаларын қағаздарға жазып қойып, оқушыларға олардың кез келгенін таңдап алып, тиісті топқа отыруларын сұрандым. Осы топқа бөлінудің өзі оқушылардың бейорганикалық химияның негізгі кластарының өкілдерін бір - бірінен ажырата білуі мен формулаларды дұрыс жіктей алуын білдіреді. Оқушылар өздері таңдап алған формулалар бойынша топтарға біріккен кезде, кейбір оқушылар формулаларды шатастырып, топтарын табуы қиынырақ болды. Яғни, олар келесі жолы формулаға көп мән беруі керек екенін түсінді. Әр топ өздерінің топ басшыларын сайлады. Оларға топты бағалау парақтары мен бағалау критерийлері таратылып берілді.
Жоспар бойынша үйге берілген тапсырмасын тексеру үшін «Негіздердің химиялық қасиеттері» деген сөзжұмбақ шешкіздім. Бұл тапсырма интербелсенді тақтада орындалды. Одан әрі тапсырманы орындау барысында оқушылар өткен сабақ бойынша алған білімдерін көрсетті. Оның ішінде Нұрлы сұраққа нақты жауап берді. Тақтаға Еркебұлан да шықты, бірақ оның жауабы сенімсіздеу шықты. Сөзжұмбақтың шешуі «Тұздар» деген сөз болғандықтан, жаңа сабақтың тақырыбы тұздардың химиялық қасиеттерімен байланысты екенін оқушылар өздері анықтады.
Жаңа сабақ бойынша оқулықтағы тұздардың төрт қасиетін төрт топқа, «Оксидтер» тобына «тұздардың қышқылдармен әрекеттесуі», «Қышқылдар» тобына «тұздардың негіздермен әрекеттесуі», «Негіздер» тобына «тұздардың тұздармен әрекеттесуі», «Тұздар» тобына «тұздардың металдармен әрекеттесуі» қасиеттерін бөліп бердім. Әр топ өздеріне берілген мәтінді оқып, бірігіп түсінгендерін ортаға салып талқылап, керекті жерлерін постерге түсірді.

Әрі қарай топтар тұздардың қасиеттері бойынша интербелсенді тақтадағы «виртуальді зертханада» өздерінің тапсырмаларына қатысты тәжірибелер жасады. Оны орындау үшін әр топтан бір оқушы компьютерге отырып, қалғандары көмектесті. Бұдан «АКТ оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып отыр» дегенді айтуға болады (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 110 - бет). Одан әрі тәжірибе барысында жүрген реакция теңдеулерін постерге жазып, алдында оқып түсінген теориялық білімдерін практикаға ұштастырды. Постер жасағанда топтағы оқушылар бірі реакция теңдеуін жазса, енді бірі анықтамасын жазып, тағы бірі сурет салып бірлікпен және ынтымақтастықпен жұмыс жасағанын байқадым. Сонымен қатар, басқа топтардан қалып кетпеу жөніндегі бәсекелестік те бар сияқты. «Себебі жақсы ұйымдастырылған топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым - қатынасты, тиімді араласу және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде оқушыларды өздерінің оқуларына белсенді қатысуға итермелейді. Оқушыларды алынған ақпаратты ойластыруға және талқылауға, өзгелердің пікірлерін түсінуге немесе теріске шығаруға ынталандырған жағдайда топтық жұмыс тиімді болады.» (Үлестірмелі материалдар.)
Топтар бір - бірінің жұмыстарын бағалау үшін стикерлерге «екі жұлдыз, бір тілектерін» жазып, топтардың қорғаған постерлеріне жапсырды.
Жаңа сабақтан алған білімдерін жинақтау үшін оқушыларға оқулықтан деңгейлік тапсырмаларды жеке орындауды ұсындым. І деңгей тапсырмасын оқушылардың барлығы орындады. ІІ деңгей тапсырмаларын орындаған кезде үлгерімі орташа оқушылар құрдастарының көмегіне арқа сүйей отырып, тапсырмаларды орындап шықты.
Сабағымды қорытындылау үшін одан әрі химиялық диктант жазғыздым. Диктант жазылып болған соң, нәтижесін тексеру үшін оқушылар дәптерлерін қасындағы отырған сыныптасына берді. Олар интербелсенді тақтадағы дұрыс жауаптар бойынша көршілерінің жұмыстарын тексеріп, бір - бірін бағалады.
Сабақ соңында топ басшылары бағалау критерийлері бойынша ұпайларын жинақтап, оны бағалау рейтингісі бойынша стандартты бағаларға айналдырды.
Топтағы оқушылар бірігіп жұмыс істеуі барысында бір - біріне деген сенімділік пен ынтымақтастық орнады.
Тапсырма төңірегінде көптеген түрткі сұрақтар қойылып, оқушылардың тақырыпты толық меңгергенін берген жауаптарынан байқадым. Оқушылардың жауаптарын «тамаша жауап», «жарайсың», деген сияқты сөздермен ынталандырып, қол шапалақтап қошемет көрсету арқылы қолдау танытып отырдым.

«Тұздар гидролизі» тақырыбын өткенде оқушыларды өз заттары бойынша 4 топқа бөлдім. Джигсо әдісі бойынша «Тұздар гидролизі» тақырыбындағы мәтінді әр топтағы 4 оқушыға бөліп бердім. №1 - оқушы оқулықтағы 55 - бет, №2 - оқушы 56 - бет, №3 - оқушы 57 - бет, №4 - оқушы 58 - беттегі мәтін бөлігін бөліп бердім. Топтағы оқушылар белгілі уақыт көлемінде өздеріне берілген тапсырмалардың мәтінін оқып, берілген ақпаратпен танысты. Одан әрі топтағы мәтіні бірдей оқушылар бірігіп топ құрды. 1 - топқа №1 - оқушылар, 2 - топқа №2 - оқушылар 3 - топқа №3 - оқушылар, 4 - топқа №4 - оқушылар бас қосып, мәтіннің өздеріне берілген бөлігін ғана жан - жақты талқылады. Олар «не үйрендік?» деген сұрақ төңірегінде тақырыптың мазмұнын бірлесе игерді. Қиын жерлерін талқылап, бір - біріне түсіндірді. Одан кейін бастапқы топтарына оралғанда, басқаларды өз бөліміне қалай үйретуге болатындығын талқылады. «Қалай үйретеміз?» деген сұраққа жауап бере отырып, жоспар жасап, тірек сөздер кестесін құрып, кластерлер жасады.
Сарапшылар бастапқы топтарына қайта оралып, өзге топ мүшелерін өз бөлімдеріне үйретті. Яғни, оқушылар өздері оқи отырып, өзгелерді оқытты және өзгелерді оқыта отырып, өздері оқыды. Жаңа әдіс – тәсілдерді қолданып, берілген тапсырмаларды орындауда оқушылардың шынайы беріліп, бір – біріне көмектесіп, шешімді топпен қабылдап, ойларын ашық және еркін жеткізіп отырғандарына өзім де қызыға қарадым.
Сабақтың бағалау бөлімінде балалардың ойлау және жүйелеу дағдысын қалыптастырып, шығармашылыққа жетелеу үшін, «Бестармақ - бес жолды өлең немесе Синкуин» әдісін қолдандым. Барлық топ ақылдаса отырып, өз нұсқаларын ұсынды. Соның ішіндегі 4 - топтың «бестармағы» мынадай болды:
Тұздар
Сілтілік, қышқылдық
Ериді, ерімейді, азериді
Тұздар суда ерігенде гидролизденеді
Электролит
Сабақ соңында топ басшылары топ мүшелерінің бағалау критерийлері арқылы жинаған ұпайларын, бағалау рейтингісі бойынша дәстүрлі бағаға айналдырып, оларға сипаттама берді. Бүгінгі сабақта тапсырмалардың көптігі жөніндегі кедергі жойылды. Себебі, әр оқушыға «Джигсо» әдісі бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Тәжірибелерді жасау барысында оқушылардың өзін - өзі бақылауына ерекше көңіл бөлінеді. Осындай жұмыстар оқушылардың тек қана пәнге қызығушылығын арттырып қоймай, сонымен қатар ойлау қабілетін дамытып, білімді терең меңгеруге, практикалық іскерліктері мен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруына көмектесіп шығармашылық ізденістерін арттырды. Оқушыларды өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Тарауды қорытындылау кезінде оқушыларды сыни ойлауға Эдвард де Бононың «Ойлаудың алты қалпағы» әдістемесі арқылы бағыттадым. Тақырып «Тұздар» деп аталды. Оқушылар рөлдерге еніп, әр ойлау қалпағының өзіндік қырларын сипаттап берді. Бұрын дәстүрлі сабақтарда тек өзі ғана жұмыс жасап үйренсе, енді топта бірлесіп ой бөлісуді меңгерді. Өзінен деңгейі төмен оқушыларға қолдау көрсетіп, білгенін үйрете бастады. Демек оқушының өзімшілдік қасиеті жойыла бастады.
Әдеттегі дәстүрлі сабақтарда санаулы оқушылар ғана жұмыс жасайды. Ол мұғалімнің нұсқауы бойынша берілген тапсырманы орындап, тапсырма бойынша жауап береді. Ал топтық жұмыста орындалатын тапсырмаларға барлық сынып оқушылары қатысады, себебі берілген тапсырманы топ мүшелері бірігіп, ортақ шешім қабылдай отырып орындаулары қажет. Топтық жұмыста барлық оқушы өз ойларын ашық түрде айтып, пікірлерін ұсынып, оны талқылап, талдап ортақ бір шешім шығарады. Топтық жұмыста әрбір оқушының айтқан пікірі маңызды болып саналады.
Бағдарламаның жеті модульін кіріктіре сабақ өткізгенде оқушылардың қызығушылығы артып, сыни ойлауға үйренді. Топтық жұмыс арқылы бірлесе жұмыс жасап, сыныпта ынтымақтастық орнай бастады. Өзіне және өзгеге сыни көзқараспен қарап, бағалауға бағытталды. Ойларын еркін айтып, өзгенің білетінінен білімін жетілдіруге мүмкіндік туды. Сапалы оқытуға қол жеткізу үшін сабағыма жаңа әдіс - тәсілдерді енгізе отырып, сабағымды түрлендіремін. Оқытудың белсенді формалары: топтық жұмыс, диалогтік оқыту, рөлдік ойын, тренингтерді, сын тұрғысынан ойлану әдістерін қолданамын. Кері байланысты жүйелі жүргізіп отырамын. Сонымен қатар, оқушылардың да бойында жауапкершілік сезімін ұялатып, ұстазға деген сенімдерін күшейтемін.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.«Интербелсенді әдістемені ЖОО - да қолдану мәселелері» А. Әлімов
2. Мұғалімге арналған нұсқаулық.
3. Үлестірмелі материалдар.
4. Топтық жұмыс туралы нұсқаулық.

Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің
химия пәні мұғалімі Ертуғанова Гүлшат Төленқызы
8 677
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сиқырлы әріптер мен сиқырлы сандар әлеміне саяхат
Сиқырлы әріптер мен сиқырлы сандар әлеміне саяхат
Факультативтің мақсаты: —Оқушылардың білімін жетілдіру, сабаққа, пәнге деген қызығушылығын арттыру.
Топтық жұмысты ұйымдастырудағы оқыту үшін бағалаудың тиімділігі
Топтық жұмысты ұйымдастырудағы оқыту үшін бағалаудың тиімділігі
Топтық жұмысты ұйымдастырудағы оқыту үшін бағалаудың тиімділігін айырмашылығын білу, оқушылардың оқуына ықпал ететін оқыту үшін бағалауды іс - тәжірибеде қолдануларына ықпал жасау.
Модерация - топтық жұмысты белсендендірудің тәсілі
Модерация - топтық жұмысты белсендендірудің тәсілі
Топтық жұмыстың жаңа әдісімен танысу, ерекшелігі мен идеясын түсіну, осы әдісті тәжірибеде пайдалану жолдарын қарастыру
Есімдіктен өткенді қайталау
Есімдіктен өткенді қайталау
Есімдіктің түрлері бойынша оқушылардың алған білімдерін анықтау үшін топтық жұмысты ұйымдастыру.
Екі өрнектің квадраттарының айырымы
Екі өрнектің квадраттарының айырымы
Өскемен қаласы, "Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-гимназиясы"КММ математика пәні мұғалімі Гульназира Калимолдина
Жасуша мембранасы және плазмалемманың құрылысы
Жасуша мембранасы және плазмалемманың құрылысы
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы №1 орта мектебінің биология пәні мұғалімі Абатова Мирамгүл Абубакировна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×