Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Нұрғиса Тілендиев. Төл сөз бен төлеу сөз.

18 шілде 2012, Сәрсенбі
Сабақтың тақырыбы: Нұрғиса Тілендиев. Төл сөз бен төлеу сөз.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын таныстыру. Төл сөз бен оның тыныс белгілерін меңгерту.
Дамытушылық: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, тыңдай білу және оймен бөлісу әрекеттерін ұштау, қазақша сауатты жазуға үйрету.
Тәрбиелік: оқушыларды ұлттық қасиеттерге , қазақ халқының тілі мен дәстүрін, өнерін қастерлейтін азамат етіп тәрбиелеу.

Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгерту.
Сабақтың түрі: панорамалық сабақ.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, іздендіру, сөздік, ойын.
Сабақтың көрнекілігі: Н.Тілендиевтің портреті, аудио жазбалар, слайдтар, электронды оқулық.
Сабақтың құрылымы:
1. Кіріспе бөлім. (тыңдалым, сөйлесім)
Бейнеклип көру арқылы сабақтың жаңа тақырыбын анықтау.
2. Диалогтық бөлім. (сөйлесім, оқылым, жазылым)
Лексика-грамматикалық тақырыптардын мәнін ашу, меңгерту.
Интерактивті тақтамен жұмыс. (слайдтар, тірек сызбалар).
Оқулықпен, дәптермен жұмыс.
3. Қорытынды бөлімі.

«Білім биржасы» пен тірек сызба арқылы қорытындылау.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі. (сөйлесім)
2. Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
3. Үй тапсырмасын тексеру. (айтылым)
- Балалар, өткен сабақта үйге берілген тапсырма: «Құрметті атақ» мәтініне байланысты қазақтың ғұламалары, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары туралы мәлімет жинап келу, жаңа сөздерді жаттап келу.
Жаңа сабаққа кіріспе. Қызығушылығын ояту.
- Балалар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбын білу үшін бейнеклипті мұқият қарап, тыңдауларыңызды сұраймын.
Бейнеклип көру. 1минут.

- Жаңалықтан не туралы хабардар болдыңыздар?
- Мерекелік шаралар қандай мерекеге байланысты ұйымдастырылған? (Астана күні мерекесіне орай)
- Қандай спектакль сахналанған? ( «Нұрғиса» хореографиялық спектаклі)
- Спектакль қайда сахналанған? (Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында)
- Қойылымды кімдер сахналаған? ( «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері)
- Кім туралы спектакль қойылған? (Н.Тілендиев)
- Талантты композитордың қандай шығармалары шырқалған? («Саржайлау», «Аңсау», «Алтын дән», «Баянауыл» т.б)
Нұрғиса Тілендиев

Қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген. Нұрғисаның өнерге деген құштарлығына ата-анасы ықпал еткен. Әкесі Атабай - күйші, шешесі ән айтуды жақсы көрген. Ол бес жасынан бастап домбырада ойнап, он екі жасында оркестр құрамында болған. «Солақайдың сойынан сақтан» дегендей, Нұрғиса солақай домбырашы болған.Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды.

1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді.. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным», Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын , «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері жұртшылық сүйіп тыңдайды. Қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Н. Тілендиев сондай ақ «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдеріне, Абайдың кейбір өлеңдеріне музыка жазған. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендиев 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Сөздік жұмысы. (берілген сөздерді жеке оқушыға оқыту, қайталату, сөз тіркестерін, сөйлем құру)
Мәтінмен жұмыс. «Даналық ағашы» ойыны.
Оқушылар мәтінді жылдам оқып шығады. Оқушылар мәтін бойынша қиын сұрақ құрап, қағазға жазады, жүргізушінің қолында сандықша болу керек, соған оқушылар кезегімен өз сұрақтарын салады. Мәтінді тағы бір рет жылдам оқып шығу керек. Әр оқушы сандықшадан сұрақ жазылған қағаз алып, дауыстап неғұрлым дұрыс жауап беруі тиіс. Басқалар сұрақпен жауапты бағалайды, жүргізуші жеңімпазды анықтайды. Әр дұрыс жауапқа фишка беріледі.
Сабақтың лексикалық тақырып пен грамматикалық тақырыпты байланыстыру.
«Ұлылар сөзі»

Н.Тілендиев туралы биыл қаңтар айында туғанына 100 жыл толған белгілі қоғам қайраткері, академик, қазақ халқының ұлы тұлғасы Д. Қонаевтың сөзі ұсынылды.
Дінмұхамед Қонаев: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қаламын», - деген екен.
- Сонымен, балалар, айтылған сөздің авторы кім? (Д.Қонаев)
- Автордың сөзі кім туралы?(Н.Тілендиев)
- Міне, сөйлеушінің өз сөзін автор сөзі дейміз. (Д.Қонаев: , - деген екен)
- Ал, сөйлеуші жеткізген Д.Қонаевтың сөзі қайсы ?

- «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қаламын»
- Біреудің сөзінің бұлжытпай, өзгеріссіз берілуі төл сөз деп аталады.
- Енді, балалар, қандай тыныс белгілері қойылған? (: «» , - .)
Тірек сызбадағы төл сөзді сөйлемдердің құрылымы мен олардың тыныс белгілерін меңгерту.
1. Бас әріппен жазылған автор сөзі: «Бас әріппен жазылған төл сөз», -кіші әріппен жазылған автор сөзі.
Мысалы: Дінмұхамед Қонаев: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қаламын», - деген екен.
2. Бас әріппен жазылған автор сөзі: «Бас әріппен жазылған төл сөз»

Мысалы: Мұғалім былай деді: «Нұрғиса Тілендиев – қазақ халқының талантты перзенті»
3. «Бас әріппен жазылған төл сөз», - кіші әріппен жазылған автор сөзі.
Мысалы: «Саз тілі – ортақ», - дейді Нұрғиса Тілендиев.
Қосымша.
Автор сөзі төл сөздің кімнің сөзі екенін, кімге қаратылып айтылатынын, қандай жағдайда айтылғандығын белгілеп тұрады. Автор сөзі жазылуда тыныс белгілері арқылы ажыратылады. Төл сөз бен автор сөзі "де" (деді, деп, дейді, деген, дегендей) көмекші етістігі арқылы байланысады.
Компьютермен жұмыс.

«Бәйтерек» электронды оқулығындағы төл сөзге арналған модуль. (8 сынып, 5-модуль)
Тыңдалым: (ережесін тыңдау)
Оқылым: (төл сөзге арналған тапсырмаларға жауап беру)
Жазылым: (көп нүктенің орнына тиісті сөзді қой, төл сөздің тыныс белгісін қойып жаз)
Сөйлесім: (төл сөздің ережесін айт, төл сөзге диалог құру)
Біреудің сөзінің бұлжытпай, өзгеріссіз берілуі төл сөз деп аталады.
Жаттығу жұмысы ( жаттығу мәтінін диктант түрінде жазғызу, төл сөздердің тыныс белгісін қою)
Қорытынды бөлімі. Сабақты бекіту. Сұрақтар.

1. Әр түрлі сахнада орындала бермейтін музыканың түрі қандай ?
2. Н.Тілендиевтің қанша музыкалық туындысы бар? (500-ден аса)
3. Төл сөз дегеніміз не?
4. Қазақ халқының музыкалық аспаптарын ата.
5. Қаһарман сөзінің синонимін айт.(батыр, ержүрек)
6. Н.Тілендиев қашан, қайда дүниеге келген? (1925 жылы 1сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер деген жерде)
7. Мына сөйлемде сызықша неге қойылған? Бұл фестиваль – өнер мерекесі .
8. Мақалдың жалғасын айт.
9. «Өнерді көп (білетін дана болар, ).................................,
Өнерсіздің .(ісі шала болар)

10. Парижде, Франкфуртте, яғни шетел сахнасында тұңғыш ән шырқаған әнші кім?
11. Н.Тілендиевтің домбыра тартудағы ерекшелігі қандай? (солақай тартады)
12. Н.Тілендиев қай оркестрдің негізін қалаған?(Отырар сазы)
13. ҚР Президентінің Жарлығымен қай жылы, қандай атақ берілді?(1998ж Халық Қаһарманы)
14. Төл сөз автор сөзінің ортасында келсе қандай тыныс белгісі қойылады?
15. Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі қай қазақ киносында орындалады?(«Қыз Жібек»)

Қорытынды сөз. Нұрғиса Тілендиев: «Кейде мен өзімді әке – шешеден тумағандай сезінем. Өйткені, халық алақанына салып, өмір бойы аялап келеді», - деген екен. Сызбасын көрсет, мағынасына түсінік бер. (автор сөзі, төл сөз, автор сөзі)
Үйге тапсырма: «Қазақ мәдениетіне, өнеріне зор еңбек сіңірген тұлғалар» тақырыбына реферат дайындау.
Сабақты бағалау.
21 648
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Төл сөз. Нұрғиса Тілендиев
Төл сөз. Нұрғиса Тілендиев
Нұрғиса Тілендиевтің өмірбаяны туралы мағлұмат беру, оқушылардың сөздік қорын байыту, мәтін арқылы ауызекі сөйлеу қабілеттерін дамыту. Оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, тыңдай білу және оймен бөлісу әрекеттерін ұштау, қазақша
Нұрғиса қазақтың сұлу сазды жүрегі
Нұрғиса қазақтың сұлу сазды жүрегі
Саламатсыздар ма құрметті оқушылар, ата - аналар, ұстаздар. «НҰРҒИСА ҚАЗАҚТЫҢ СҰЛУ САЗДЫ ЖҮРЕГІ» атты шығармашылық кешімізге қош келдіңіздер.
Қазақстанның астанасы
Қазақстанның астанасы
Оқушыларға коммуникативтік бағытта берілген тапсырмаларды меңгерту, бір - бірімен қарым-қатынас дағдысы мен білігін қалыптастыру.
Төл сөз бен төлеу сөз
Төл сөз бен төлеу сөз
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Фазылбаева Райхан Сисенбайқызы
Нұрғиса Тілендиев "Әке туралы жыр"
Нұрғиса Тілендиев "Әке туралы жыр"
Музыка пәні мұғалімі: Сарманов Борангали
Нұрғиса Тілендиев шығармашылығы
Нұрғиса Тілендиев шығармашылығы
Қарауылкелді орта мектебінің музыка пәні мұғалімі: Жазымова Задаш
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×