Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сын есім туралы түсінік

07 желтоқсан 2016, Сәрсенбі
Сын есім туралы түсінік
Сабақтың мақсаты: а) Білімділік: Сын есім туралы түсінік қалыптастыру.
Ә) Дамытушылық: Түрлі әдістерді пайдалана отырып, оқушылардың ойлау қабілеттерін, сөздік қорларын, байқағыштық қасиеттерін дамыту.
Б) Тәрбиелік: Сөйлеу, талдау барысында әдемілікті, әсемдікті түсінуге, туған табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу, эстетикалық тәрбие беру.
Пәнаралық байланыс: әдебиет, бейнелеу өнері, музыка
Сабақ көрнекіліктері: Абайдың табиғат лирикаларынан буклет, әндері, плакат. Сын есім сөздері бар мақал - мәтелдер ілініп тұрады.
Сабақ түрі: аралас сабақ

Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырыптар бойынша 10 - сұрақ коямын.
Зымыран сұрақтар деп аталады. / Иә немесе жоқ деп ғана жауап берсіндер/
1. Қазақ тілінде 9 - сөз табы бар. /иә/
2. Зат есім заттың санын білдіреді./жоқ/ Заттың, құбылыстың ұғымының атын білдіреді
3. Жалқы есім заттардың өзіне ғана қойылған аты. /иә/
4. Байжан, Гулнар жалпы есім бе. /жоқ/ Жалқы есімдер
5. Біркелкі заттардың жалпы атауы жалпы есім деп аталады ма. /иә/
6. Әке, оқушы, тау, ауыл, құс, ақыл деген сөздерге кім деген сұрақ қойыла ма. /иә/
7. Зат есімдер тұлғасына қарай, мағынасына қарай, құрамына қарай бөліне ме/иә/
8. Адамгершілік, куаныш, сезім, инабаттылық сөздері деректі зат есім бола ала ма./жоқ/
/Дерексіз зат есім/
9. Сөз құрамына атауыш сөз, көмекші сөз, одағай сөздер жата ма./жоқ/
Түбір мен қосымша жатады
10. Ата - ана, үлкен - кіші қосарлану, арқылы жасалған сөз бола ма./иә/

I Ой қозғау: Балалар сендердің сыныптарың қандай,/кең, әрі жарық,/ гүлдердің иісі бар ма, /иә иісі керемет/ тақта қандай түсте,/ жасыл түске боялған/ Иә балалар өздерің айтып тұрғандай қандай деген сұраққа жауап беріп, заттың сынын, түрін, түсін сипатын білдіретін сөздер сын есім деп аталады.
Біздің бүгінгі жаңа сабағымыздың тақырыбы « Сын есім» деп аталады

II. Мағынаны таныту: Жаңа сабақты түсіндіру.
Бүгінгі ай күнді, жаңа сабақ тақырыбын дәптерлеріңе жазып қойыңдар.
Қазақ тілі — өте бай тіл. Оның құрамында неше мыңдаған сөздер бар. Сол сөздер мағынасына, сұрағына, атқарылатын қызметіне қарай 9 - топқа бөлініп, соның бір тобы зат есім деп аталса, келесі бір тобы сын есім деп аталады. Зат есім заттың, құбылыстың атын білдірсе, сын есім сол заттың, құбылыстың сын - сипатын, көлемін, түр - түсін, сапасын білдіреді.
Сын есім қандай? Қай? деген сұрақтарға жауап береді.
Тақтаға жазымын, талдаймын оқушыларға жазып алуды ұсынамын.
М: Желсіз түнде жарық ай Сәулесі суда дірілдеп...../Абай/. Осы сөйлемде желсіз, жарық сөздері түн және ай деген зат есімдердің сын сапасын білдіріп тұр, қандай? Деген сұраққа жауап береді. Қандай түн?- желсіз түн, қандай ай?- жарық ай.

Сын есімнің мынадай маңызды белгілері болады:
1) заттың түрін, түсін білдіреді: ақ (қағаз), сұр (бұлт), қызыл (алма) т. б.
Сұрақ қойыңдар? Және заттың несін білдіреді? қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар

2) заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: биік (үй), ұзын (ағаш);
Сұрақ қойыңдар? Және заттың несін білдіреді? қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар

3) Заттың сапалық белгісін, сипатын білдіреді: жақсы (сөз), жаман (ырым), тентек (бала), зерек (оқушы), ақылды (адам); қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар
Сұрақ қойыңдар? Және заттың несін білдіреді? қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар

4) Заттың дәміне, иісіне сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: ащы (кұрт), тәттіі(тағам), жұмсақ, (нан);
Сұрақ қойыңдар? Және заттың несін білдіреді? қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар

5) Затқа, қимыл, іс - әрекетке, мезгіл - мекенге қатысты сынды білдіреді: тасты (жер), көтеріңкі(көңіл), жазғы (демалыс), аспалы (шам), білімді (жігіт) т. б.
Сұрақ қойыңдар? Және заттың несін білдіреді? қандай сөз тіркестері бар дауыстап оқыңдар.
6.) Cын есім ережесін естеріңе түсіріп айтыңдар?

Мұғалім сөзі: ережені қайталап айтып өтемін.
Заттың сынын, сипатын, сапасын, түр - түсін, көлемін білдіріп, қандай? Қай? деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы сын есім деп аталады.
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
- Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең шығарған қазақтың, қандай ақынын білесіңдер?
- Дұрыс айтасыңдар. Абай — қазақтың ұлы ақыны. (Плакатқа жазылған "Абай — ақын"тақырыбын іліп коямын).

- «Поэзия минуты» оқыта үйрету ойыны
- Кім Абайдың"Күз" туралы өлеңінен жатқа үзінді айтып бере алады? Оқушыға өлеңді жатқа айтқызып, сын есімдерді тапқызып, тақтаға жазғызамын.
Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие ашқан, тай жарысқан.
"Қыс" өлеңінен үзіндіні жатқа айтқызып, сын есімге талдату.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.
Үсті - басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Міне осылайша Абайдың « Қыс және Күз» өлеңін оқытып, соның ішінен сын есімдерді табу арқылы бүгінгі жаңа сабақтан алған білімдерін пысықтаймын да, жаттығу жұмыстарын жүргізуге кірісеміз.

Кітаппен жұмыс: 86 - жаттығу. Оқып шығып өлең жолдарындағы сын есімдерді тап, олардың мағыналық белгілерін ажыратыңдар.
Ауылдың жаны терең сай, ------- қандай сай?/терең сай/
Тасыған өзен гүрілдеп..... ------ қандай өзен? тасыған өзен/

Келесі тапсырма: Мына сын есімдерге сөйлем құраңдар./қораптардан оқушылар өздері алып жұмыс жасайды./
Көгілдір аспан, ауыр атлетика, кең дала, жағымды дауыс, дәмді тағам, шырайлы жер, жұмсақ жастық, қымбат бұйым, менімен жасты, білімді ұрпақ, үстіңгі қабат, жазғы демалыс, қысқы күн, ұзын шаш.
Келесі тапсырма: Суретке қарап мәтін құрастырыңдар. Сын есімнің маңызды белгілерін қолдана отырып құрастырыңдар.

III Ой қорыту: Осы жазған мәтіндерің бойынша бес жолды өлең жазатын боламыз.
Оқушылардың білімдерін бағалау үшін тест арқылы 6 - сұрақ беремін де кері байланыс жасау арқылы дұрыс жауабын тексеремін - ауызша айтып.
Үйге тапсырма: 87 - жаттығу. Бұл жаттығу жұмысының шарты мынадай: Мәтінді оқып, сын есімдерді тап та, оларды тіркескен сөзімен қоса теріп жазыңдар.

Ақмола облысы,
Атбасар ауданы, Сергеевка орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Хабылханым Айнагуль
2 894
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сын есімнің мағыналық түрлері
Сын есімнің мағыналық түрлері
Сын есімнің мағыналық түрлерін біледі, сөйлем ішінен таба алады.
Сан есім. Дара және күрделі сан есім
Сан есім. Дара және күрделі сан есім
Дара сан есім бір сөзден жасалады: бес, алты, бір, үш. Күрделі сан есім екі не одан да көп сөзден жасалады: он тоғыз, екі жүз алпыс төрт, он екінші, қырық бес, бесінші.
Тест. Қазақ тілі 6 сынып
Тест. Қазақ тілі 6 сынып
Қазақ тілі 6 сынып. ІІ тоқсанда өткен тақырыптар бойынша тест жұмысы.
Сын есім туралы түсінік. Сын есімнің шырайлары
Сын есім туралы түсінік. Сын есімнің шырайлары
Қызылорда қаласы, Н. Ильясов атындағы №9 мектеп – гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күздеубаева Алия Сайфуллақызы
Сан есімді бекіту
Сан есімді бекіту
№16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Аубакирова А. М.
Есімдік. Жіктеу есімдігі
Есімдік. Жіктеу есімдігі
Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Құдықағаш ауылы, Құдықағаш орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бигалиева Көгершін Шаукенқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×