Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қадыр Мырза Әлидің «Кәрі қыран» өлеңі

16 желтоқсан 2012, Жексенбі
Алматы қаласы, Әуезов ауданы,
Ғ.Мүсірепов атындағы
№86 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Досқазиева Ботагөз Қисамадинқызы

Тақырыбы: Қадыр Мырза Әлидің «Кәрі қыран» өлеңі
Оқыту мен тәрбиелеудің мақсат-міндеттері:
1. Қ. Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылық қызметіне шолу. «Кәрі қыран» өлеңін оқыту, идеясын таныту, символ туралы ұғым беру.
2. Әдеби шығарманы көркем сезіммен қабылдау, мәтінмен тереңдете жұмыс жүргізу, шәкірттердің сөйлеу дағдысын қалыптастыру, тақырыбы бір-бірімен үндес шығармалардың оқиғаларын салыстыра пайымдай алуға дағдылану.
3. Оқушылардың рухани дүниесін байыту, елжанды азаматтың өмірінен үлгі алу.

Құрал-жабдықтар, көрнекті құралдар:
Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығына арналған слайдтар, кестелер, қыран суреті, электронды оқулық.

Сабақ түрі: жаңа білімді меңгерту.
Негізгі әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, ой қозғау, сөздік, іздену, салыстыру, талдау, пікірлесу.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
1. Қалихан Ысқақовтың туған жылы.
2. Туған жері.
3. Шығармаларын ата.
4. Шығармаларының алтын арқауы.
5. «Қоңыр күз еді» повесінің кейіпкерлерін ата.
6. «Отыздар шамасындағы орта бойлы, арық қара жігіт. Оның мөлдіреген тұнық көзінің тереңінде әлдебір мұң иіріліп жатқандай, биік қабаттың астында мөлиетін де тұратын. Алқымында балық желбезегіндей қатпар-қатпар боп сыңсып жататын ескі жарадан қалған қызылшақа тыртығы бар еді...?» Кімнің портреті?
7. Алматай ағай Қасымға қандай қызық кітап берді?
8. Алматай бұл кітапты неге жасырады?
9. «Қоңыр күз еді» повесіндегі оқиға қай кезеңді қамтиды?

ІІІ. Жаңа сабақтың тақырыбын жариялау

- Бүгін, біз, балалық шағы Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдарымен, жоқшылықпен тұспа-тұс келген Қалихан Ысқақовтың құрдасы Қадыр Ғинаятұлының өмірімен, шығармашылығымен, «Кәрі қыран» атты өлеңімен танысамыз.
Қадыр Ғинаятұлы –ақын, жазушы. Ол 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Жымпиты аулында дүниеге келген. Елуден аса кітаптың авторы. 200-дей өлеңіне ән жазылған. Атап айтсақ, «Қыз Жібек» фильміне арнап жазылған «Ақ Жайық», туған жерге, ата қонысқа деген сүйіспеншілікті білдіретін «Атамекен», асыл әжелерімізге арналған «Әже туралы ән», т.б.
Қадыр Ғинаятұлы - В.Гюго, Г.Гейне, М. Лермонтов, С.Есенин, Р. Ғамзатов, А. Ахметова, О.Сүлейменов өлеңдерін, жыр жинақтарын қазақ тіліне аударған шебер аудармашы. Қадыр Ғинаятұлы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері. Талантты ақын 2011 жылы қаңтардың 22-інде көз жұмды.
Қадыр Мырза Әлидің ойнақы жаңылтпаштары мен жұмбақтары, мысалдары мен санамақтары, ертегілері мен балладалары қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

1. «Қыран жетпеген жерге қиял жетер» демекші, қыран құс туралы шағын эссе жаздыру.

2. Қыран құстар туралы түсінік бере кету.
Қыран құстар табиғи туыстығы, қабілеті, түс өзгешелігі жағынан 4-4-тен 16-ға бөлінеді екен.
Бүркіттер тобы: байқасқа, ақиық, қараша, көнтабан шөгел
Қаршыға тобы: тұйғын, қаршыға, шәулі, қырғи
Ителгі тобы: сұңқар, ителгі, пәрім, күйкентай
Лашын тобы: бидайық, лашын, жағалтай, тұрымтай

3. Электрондық оқулықтан «Кәрі қыран» өлеңін тыңдау.

4. Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқу.

5. Сөздік жұмысы
Зәбірі артты-азап көрді, жапа шекті
Албасты басқыр (қарғыс)- біреуге кейігенде жамандық келсін деген мағынада айтылады.
Тәрк ету - дүниеден безу.

6. Мәтінді талдау, идеясын ашу.
1. Ақын кәрі қыранды қалай суреттейді?
2. Қарт қыран қандай халге душар болды?
3. Неге намыстанды?
4. «Найзағайдай жарқылдап ғұмыры өтті» деген жолдың мағынасын қалай түсінесіңдер? Одан қыранның өткен ғұмыры қандай болғаны байқалады?
5. Қыранның соңғы шешіміне не себеп болды?
6. «Кәрі қыран» өлеңінің баллада жанрына жатқызуға болатын белгілерін анықтап, мысалдармен дәлелдеп әңгімелеу.
7. «Қыранша өмір сүргенің-
Қандай бақыт!
Қандай бақыт-
Қыранша өле білген!- деген жолдардағы тұспалды ойды анықтау. Ақынның ойын әңгімелеңдер.

7. Символ туралы түсінік беру.
Мысалы, гүл-жастықтың символы, ақ көгершін-бейбітшіліктің символы, аққу-адалдық, махаббаттың символы, ал, қыран-еркіндіктің, ерліктің символы. Оның дәлелі туымыздағы қыранның бейнесі. Бұл біздің халқымыздың бақыт пен молшылыққа, адамзат өркениетінің биіктеріне ұмтылуын айқындайды.

8. Өлеңге поэтикалық талдау. Көркемдегіш құралдарды таптыру.
Теңеулер: қоладай қайырылып, өртенген самолеттей, дөңгелек шарайнадай, т.б.
Эпитеттер: ақ кебінді, ақ алмас шеңгелі, қырағы көз, қырдың қызыл түлкісі, құрыш тырнақ, т.б.
Кейіптеу: күрсінді тау ақ қарлы.
Психологиялық параллелизм – көк аспанын мұң қаптаған кезде.
Аллитерация: Қанатынан қаңтардың қары бүркіп
Қашатұғын көргенде бәрі де үркіп.
Қырағы көз бүгінде қарауытып,
Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.
Синонимдер: кәрі-шау, жасын-найзағай, тірлік-өмір-ғұмыр.
Антонимдер: қарттық-жастық, кәрі-жас, өлім-өмір.
Фразеологизм: тәрк етіп, зәбірі артты, т.б.

9. Өлеңді композициялық құрылымына талдау.
Кіріспе, шығарманың экспозициясы: Қияда қалғып отырған кәрі бүркіт.
Байланыс: Кәрі қыранның халі.
Дамуы: Шау бүркіттің ойы.
Шарықтау шегі: Көк тасқа қойып кеткен кәрі бүркіт.
Шешімі: «Қандай бақыт –қыранша өмір сүрген!»

10. Қырандар туралы жазылған қандай шығармаларды білесіңдер?
1. М. Шаханов «Отырар» өлеңінде алты ай бойы Отырарды құтқарам деп арпалысқан Қайыр атты ханды қыранға теңейді.
2. С. Мұқановтың «Өмір мектебі» романынан үзіндісінде Ахметтің лашынының құс алу тәсілдерін оқып білдік.
3. Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде тастан қашқан түз тағысын сегіз найзалы қыранның құтқармауы сөз болады.

11. Тапсырма: Осы шығармалардың «Кәрі қыран» өлеңімен ұқсастығы, айырмашылығы бар ма екен, дәлелдеңдер. Қыранға тән (басты ерекшелік) негізгі қасиетті көрсетіңдер.

ІV. Сабақты бекіту.
Сабақты «Не білдік? Не үйрендік?» деген сауалдармен бекіту.
- ақын Қадыр Мырза Әлидің өмірі, шығармашылығын,
- қыран құстардың топ-топқа бөлінетінін,
- қыран хикаясы арқылы ерлікті, өрлікті жырлағанын,
- қыранның еркіндік пен ерліктің символы екенін, т.б.

V. Үйге: Қырандар туралы жазылған қызықты деректер мен Қадыр Мырза Әлидің шығармаларын оқу.
VI. Бағалау.
48 006
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қадыр Мырза Әли «Ана» өлеңі
Қадыр Мырза Әли «Ана» өлеңі
Қадыр Мырза Әли өмірі мен «Ана»өлеңінің мазмұнын оқушыларға меңгерту.
Қадыр Мырза Әлі «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңі
Қадыр Мырза Әлі «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңі
Қазақ әдебиетінің XX ғасыр басындағы алыптарының бірі – Қ. Мырза Әлінің өмірімен және шығармашылығымен таныстыру, ақын туралы оқушы білімдерін толықтыру.
Қадыр Мырза Әли «Нұр»
Қадыр Мырза Әли «Нұр»
Ақынның «Нұр» өлеңімен таныстыра отырып, оқушының білім - білік дағдыларын қалыптастыру. Өлең - негізгі идеясын ашу. Өлеңді оқыта отырып, оқушының сөздік қорын, тіл байлығын, ой-өрісін дамыту.
"Мұғалима" Қадыр Мырза Әли
"Мұғалима" Қадыр Мырза Әли
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Хожаева Ғалия
Қадыр Мырза Әли "Кәрі қыран"өлеңі
Қадыр Мырза Әли "Кәрі қыран"өлеңі
Атырау облысы, Атырау қаласы, Геолог поселкесі, Қ. И. Сәтбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мурзагулова Гүлжан Жәрдемқызы
Қадыр Мырзалиев "Кәрі Қыран"
Қадыр Мырзалиев "Кәрі Қыран"
№4 Хромтау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Спанова Ақгүл Спанқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×