Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Әлем таныған Әуезов

04 қаңтар 2013, Жұма
Тақырыбы: Әлем таныған Әуезов
Мақсаты:
Білімділік: Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен жазушылық қызметі, шығармашылығынан мағлұмат беру. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы
оқушылардың білімдерін жүйелеу.
Дамытушылық: Оқушыларды өзіндік ізденіс жүмыстарына баулу, ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту. Пікірін ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: Әлем таныған Әуезовтің ұлылығын дәріптеу. Қазақ елінің мақтанышына айналған заңғар жазушыны құрметтеуге, елін сүюге, әдебиетті сүюге тәрбиелеу.
Түрі: ғылыми-практикалық конференция
Әдісі: шығармашылық зерттеу
Пәнаралық байланыс: тарих, әлем әдебиеті, театр, өнер
Көрнекілігі: М.Әуезов портреті, кітаптар көрмесі, азаматтық шығармашылығына
байланысты презентациялық слайдтар, «Аңыз адам» журналы, бүктемелер т.б.

Жүру барысы:
Жоспар:
І. «Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін»
М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесі
ІІ. «Шежіре» М.Әуезов ататегі
ІІІ. «Әуезов әлемі» (әдеби қызметі)
ІV. «Әуезовтің әдеби мұрасы» (шығармашылығы)
а) «Ұлы суреткер» (әңгіме, повестері)
ә) «Ұлылық үлгісі» ( романдары)
б) «Қазақ драматургиясының тарланы» (драмалық шығармалары)
в) «Ұлт мақтанышы» (ғылыми еңбектері, очерктері)
г) Аудармалары
V. «М.Әуезов – әлем әдебиеті мойындаған тұлға»
М.Әуезов әлем тілінде
VІ. «Естеліктер сыр шертеді»
а) Мұражай, жәдігерлер
ә) Ұлы адамдардың естеліктері
б) Ақындар арнаулары
VІІ. Қорытынды

Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов - кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 115 жыл толып отыр.

Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.О.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.
Ол талай жер теңселтіп, ел сенделткен әлеуметтік сілкіністердің, қиялды қысыратып, сананы тоқыратқан түбегейлі өзгерістердің жаппай теңдікке ұмтылып, елдікке құлшынған рухани буырқаныстар кезеңі болып, тарих қойнауына аттанғалы отырған жиырмасыншы ғасырмен жарық дүниеге бірге келді.

Қазақ халқы жаңа ХХ ғасыр табалдырығынан Абай секілді хас данышпанды алдына салып аттады. Осынау зорлық көрген сайын молыға түскен өнер қуаты, соның шырқау шыңына айналған Абай мұрасы ұлттық санамызды мейлінше кемелдендіріп, жаңа рухани ізденістерге жігерлендірді. Елдің тағдырына қатысты күрделі мәселелерді алға тартты. Ұлттық сезім ұлттық санаға айналды.

Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын кейін тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.
Олай болса, бүгінгі «Әлем таныған Әуезов» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияны заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығын толық тануға арнамақпыз.
(Жоспармен таныстыру)
Оқушыларға жоспар бойынша ізденіс-тапсырмалары берілген болатын.

І. «Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін»
М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесі
1897 - 28 қыркүйекте Семей уезі, Шыңғыс болысы, Бөріліде дүниеге келген.
1908 - Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
1915 – қалалық училищені бітіріп, Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түседі.
1917 - маусымда М.Әуезовтің " Еңлік-Кебек" драмасы тұңғыш рет Ойқұдықта киіз үйде сахналанады.
1918 – қазанда Омбыдағы Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
1919 - Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіріп, Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, кейіннен бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1921 – 12 тамызда Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.
1921 – қарашада Орынбордағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі қызметіне ауысады.
1922 – күзде Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы болып түседі. «Шолпан» және «Сана» журналдарында еңбектері жарық көреді.
1923 - Ленинград Мемлекеттік Университетіндегі қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға түседі.
1924-1925 – Семейде мұғалімдер техникумында оқытушы қызметін атқара жүріп, «Таң» журналын шығарады. Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады.
1928 - Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
1930 - 16 қыркүйекте «ұлтшыл, буржуазияшыл» деген айыппен тергеуге алынып, тұтқындалады.
1932 – түрмеден шартты түрде босатылады.
1932-1937 – Алматыдағы Қазақ драма театрында әдеби бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1942 – «Абай жолы» жарық көріп, сынға ұшырайды.
1943 – Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды.
1945-1956 – екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.
1946 - Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді.
1946-1947 - «Абай жолының» екінші кітабы жарық көреді.
1949 - «Абай жолы» романы үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық беріледі.
1950 - роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді.
1951—1954 - саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, қайтадан жаппай сынау науқаны басталады.
1953 – қамауға алыну қаупі төнгендіктен сәуір айында Мәскеуге жасырын кетуге мәжбүр болады.
1953-1954 - Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді.
1954 - Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын аяқтайды.
1955 – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады.
1957 – тамызда Жапонияда өткен атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға қатысады.
1957- 60 жылдық мерейтойы Алматы мен Мәскеуде салтанатты түрде аталып өтіп, Ленин орденімен марапатталады.
1957-1961 – Тіл және әдебиет институтының халық ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
1961 - 27 маусымда Мәскеуде операция үстінде көз жұмады.
Дүниеге қазақ перзентi болып туып, адамзат перзентi болып аттанған
М.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткiзетiн тағылым мектебi. Заманамен бiрге тебiренiп, мәңгiлiкпен үндесе бiлудiң айқын өнегесi.

ІІ. «Шежіре» М.Әуезов ататегі (Слайд)

ІІІ. «Әуезов әлемі» (әдеби қызметі)
1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі
1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады.
1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырады.
1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады
1953 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасады.
1955 жылы шет елге сапарға шығып, Герман демократиялық республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты.
Үндістанға 40 күндік сапармен барып қайтады.
1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды.
Атом және сутек бомбасын сынауға қарсы халықаралық қозғалыстың Жапонияда өткен 3-конференциясына қатысады.
1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды.
1960 жылы АҚШ-қа барып қайтып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді.

ІV. «Әуезовтің әдеби мұрасы» (шығармашылығы)
а) «Ұлы суреткер» (әңгіме, повестері)
М.Әуезов - ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын артттыруға, әдеби тілді байытуға ересен еңбек сіңірген ұлы жазушы.

Қаршадайынан қазақтың бай ауыз әдебиетiнiң iнжу-маржандарынан сусындап, әрiсi Асан қайғы, Ақтамбердi, Бұхар жырау, Дулат, Махамбет жырларынан тәлiм алған, бесiгiнде жатып, ұлы Абай өлеңдерiмен көкiрегiн тербеген бала Мұхтардың өсе келе Шығыс пен батыс мектептерiн бойына қатар сiңiрген дана Мұхтарға айналуы заңды құбылыс едi.
Әуезов ұлттық таным-түсінік пен талғамға мүлдем жаңа леп әкелді. Оның «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қилы заман», «Көксерек» сияқты алғашқы шығармаларының өзі қазақ сөз өнері мен көркем ойлау жүйесін жаңа сапалық биікке көтерді.

20 жылдардағы «Қараш-қараш» - Әуезов прозасының шоқтығы биік шығармасы. 1930-1940 жылдар аралығында өмірге келген прозалық шығармалары «Іздер»(1932ж), «Білекке білек» (1933ж), «Үш күн» (1934ж), «Шатқалаң» (1935ж.), «Асыл нәсілдер» (1947ж) - жаңа өмір шындығын суреттеген туындылар. Сонымен қатар «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану»), «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық», «Бүркітші», «Кешкі дөң басында», «Сыбанның моласында», «Текшенің бауырында» атты әңгімелері бар.

ә) «Ұлылық үлгісі»
«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды.

Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері - бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Ол Абайды 17 жыл зерттеп, 12 жыл жазған.

Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды.
Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылып, миллиондаған оқырманды сусындатып, оларға ұлы Абайды, Абай арқылы қазақ халқын паш етті. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

б) «Қазақ драматургиясының тарланы»
Әуезов қаламынан 20-дан аса драмалық шығарма туды. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесалары.

Әуезовтің «Еңлік - Кебегі»(1917ж) 1922 жылы Орынборда басылды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі - «Түнгі сарын». Бұл - қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.

1934 жылы сахнаға шыққан «Хан Кене»трагедиясы - Әуезовтің азаттық идеясын терең бейнелеген, аса көркем тарихи пьесасы.
«Дос - Бедел дос», «Қарагөз», «Шекарада», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет», «Тас түлек», «Тартыс», «Алма бағында», «Құм мен асқар», «Бес дос», «Алуа», « 50 жыл өткен соң», «Райхан» драмалары бар.

Әуезовтің драмалық шығармалары - қазақ әдебиетінің алтын жамбыдай қымбат, асыл шығармалары - біздің ұлттық мақтанышымыз.

в) «Ұлт мақтанышы» (ғылыми еңбектері, очерктері, мақалалары)
М.Әуезов жайында айтылар сөз көп. Әр дарынның табиғаты әр басқа. Мұхтар Әуезов табиғаты тіпті ерекше. Ол – 1917 жылы жазған «Адамдық негізі - әйел» деп аталатын публицистикалық мақаласының өзінде елдік, мемлекеттік ойлар айтқан. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген М.Әуезов сөзін қазақтың әрбір шаңырағы өз маңдайшасына ойып жазып қойса, жарасарлықтай.

Ғылыми еңбектері: «Әдебиет тарихы», «Әр жылдар ойлары», «Уақыт және әдебиет», «Абай Құнанбаев», ««Абайтанудан жарияланбаған материалдар», «Абайтану дәрістері», «Абай ақындығының айналасы», «Ескермедім, қабылдамадым», «Абайтану оқулары», «Әдебиет танытқыш», «Әдебиет теориясы», « «Ертегі туралы», «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Бұхар жырау», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Махамбет», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Сәбит Дөнентайұлы», «Шәңгерей», «Шортанбай шығармалары», «М.Ю.Лермонтов», «Л.Н.Толстой», «Некрасов өмірі», «Қырғыз дастаны – «Манас»», «Жақсы пъеса – сапалы әдебиет белгісі» т.б.
Очерктері: «Оңтүстік сапарынан», «Шаянды шешен Керекең», «Америка әсерлері», «Америка сапары», «Индия очерктері», «Индия күнделіктері», «Түркістан солай туған», «Ол күнгі Алматы», «Абай ауылында», «Мәдениетті Қазақстан», «Ер серігі - сергек ой», «Ақын елінде», «Асыл нәсілдер», «Үшқоңыр жайлауында» т.б.

Мақалалары: «Адамдық негізі – әйел», «Қазақтың өзгеше мінездері», «Қазақ әйелі», «Оқу әдісі», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Мәдениет һәм ұлт», «Япония», «Философия жайынан», «Оқудағы құрбыларыма», «Бүгінгі зор міндет», «Өліп таусылу қаупі», «Қазақ оқығандарына ашық хат», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Қызыл сұңқарлар туралы», «Сот», «Қазақ бөлімдері туралы», «Көркем әдебиет туралы», «Жалпы театр өнері мен қазақ театры», «Қазақстандағы ұлттар», «Алтынсарыұлы Ыбырай» секілді 300-ден астам мақала, очерктері бар.
Әуезов – қазақ болмысы мен мiнезiнiң ғажайып айнасы, қазақ өмiрiнiң кең тынысты көркем әдебиет пен көркем өнердегi келiстi кескiнi, қайталанбас полотносы, реалды шындығы, кемеңгерлiк кестесi. Өзi туған ұлтын бар артық-кемiмен iшiнен үңги отырып тану, зерттеу, соны өзiне ғана, яғни, қазаққа ғана емес, жұмыр жердiң ұлы төсiн жайлаған кез келген ұлтқа, әрбiр жұмыр басты пендеге түсiнiктi ете отырып, таныту – Әуезов әлемiнiң сиқырлы да сырлы қуаты.

г) Аудармалары
М.Әуезовтің қаламынан әлемдік және орыстың тамаша классикалық әдебиетінің, бауырлас халықтар әдебиетінің танымал шығармаларының тәржімелері туды.
Крылов мысалдарын, А.С.Пушкин «Бородино», «Евгений Онегин», Низами «Ескендір», Гете «Қараңғы түнде тау қалғып», Д.Лондон «Қасқыр», Н.В.Гоголь «Ревизор», Погодин «Ақсүйектер», Л.Н.Толстой «Той тарқар», «Булька», «Будда», В.Шекспир «Отелло», «Асауға тұсау», И.С.Тургенев «Дворян ұясы», К.Тренев «Любовь Яровая», А.Афиногенов «Қорқыныш», Ю.Вагнер «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер», А.П.Чехов «Ақ қасқа», В.Эвальд «Құрылыс материалдары», А.Серафимович «Темір тасқын» секілді аудармалары бар.

V. «М.Әуезов – әлем әдебиеті мойындаған тұлға»
М.Әуезов әлем тілінде
Алғашқы жазба кездерi, Шумердiң қыш кестесi, ежелгi мысырдың папирустары, Вавилон мен Аккадтың сына жазуынан бастап мыңжылдықтардың, барлық ғасырлар мен дәуiрлердiң, барлық мәдениет пен өркениеттiң қатаң сұрыптауынан өтiп бiзге жеткен таңғажайып туындыларды жинақтаған ХХ ғасырдың ғаламат басылымы – iрiктелген Данте мен Шекспир, Толстой мен Томас Манн қатарынан, Горький мен Шолохов қатарынан – ұлы ескерткiштер жинағы 250 томының екi томы Мұхтар Әуезовке тиесiлi болуы кездейсоқ жайт емес.
«Абай жолы» эпопеясының өзі дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылса, оның бірқатар шығармалары ағылшын, албан, араб, армян, әзірбайжан, башқұрт, белорус, бенгал, болгар, бурят, венгр, вьетнам, грек, голланд, грузин, испан, қырғыз, серб, француз, қарақалпақ, словак, тәжік, татар, тува, түрік, түркімен, өзбек, хинди, парсы, поляк, пушту, румын, ұйғыр, украин, урду, фин, якут, чех, эстон, қытай, корей, латвия, литва, мари, молдован, монғол, неміс тілдеріне аударылған.
Мінекей, осының өзі Мұхтар Әуезовтің – тек қана қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлемдік әдебиеттің қайталанбас ұлы тұлғасы екендігін дәлелдейді.

VІ. «Естеліктер сыр шертеді»
а) Мұражай, жәдігерлер (слайд арқылы таныстыру)
Мұхтар Әуезов өмірден өткеннен кейін өкіметтің қаулысымен 1961 жылы өзінің тұрған үйі мұражайға айналды. Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін 1963 жылы мұражай пайдалануға берілді. Сол жылдан 1993 жылға дейін мұражайды жаушының өз қызы Ләйлә Мұхтарқызы басқарды. Ол үйде жазушы 1951-1961 жылдар аралығында он жыл көлемінде тұрған. Мұражайдың қазіргі директоры Ләйләнің ұлы – Диар Қонаев.
1997 жылы Әеузовтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Сол жүз жылдығы қарсаңында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бөлек экспозиция залы ашылды. Оның архитекторы Шоқан Матайбеков «қазына, байлық қашанда жер астында жатады» деген идеямен экспозиция залын жартылай жер астына кіргіздіріп салдырған және бұл ғимараттың төбесін Меккенің қағба тасы сияқты бейнеде келтірген. Ол да Мұхтар Әуезов ұлылығына тағзым ету, бас ию деген ұғымды білдіреді.

ә) Ұлы адамдардың естеліктері
Мұхтар Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұхаңды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау»
Н.Ә. Назарбаев

Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді.
Н.Погодин

Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да – сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу – әр қазақтың абыройлы борышы.
Дінмұхамед Қонаев, мемлекет қайраткері

Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқатата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек.
Шығыс Айтматов, жазушы

Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой.
Бержерон, француз жазушысы
«Мұқаң - әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бір де бірінде осалдық көрсетпеген, бәрінде де орасан күшті, бәрінде қатар және тең ұстаған адам.» Абайша айтқанда, «Қас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің үлгісі болатын.»
Зейнолла Қабдолов
б) Ақындар арнаулары
Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған. Енді солардың бірқатарын оқушылардың өз ауыздарынан естиміз.
Қасым Аманжолов «Мұхтар аға!», Сырбай Мәуленов «Мұқаңа», Расул Ғамзатов «Мұхтар аға», Әбдіраштың Жарасқаны «Тарих заңы», Мұхтар Шаханов «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?».
Бұл оқылған дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әлемге әйгілі жазушыны дәріптеу - біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз.

VІІ. Қорытынды
Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндесе, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн-өзi тануы, өзiн-өзi бағалауы, өзiн-өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ. Өйткені, Әуезов әлемiн қазақ әлемiнен, қазақ өмiрiнен еш бөле-жара қарауға болмайды.

Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М.Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады.
115 943
0
  • 100
2 дауыс


Жаңалықтар
Эссе: Абай жолы
Эссе: Абай жолы
Абай жолы — Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман - эпопеясы. “А. ж.” — қазақтың көркем прозасын классик. стиль деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетик. талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды.
Әуезов мұражайы
Әуезов мұражайы
Мұхтар Әуезовтің өмірімен танысу, М. Әуезов мұражайына шолу жасау. Мұражай үйімен таныстырып өту, мәлімет беру. Өзіндік тұжырым - пікір жасау дағдыларына үйрету, сөйлеу тілін қалыптастыру, ұйымшылдық, ізденушілік, еңбекқорлық қасиеттерін дамыту.
Ахмет Әуезовтің «Жас Мұхтар» әңгімесі
Ахмет Әуезовтің «Жас Мұхтар» әңгімесі
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, Абай атындағы №4 мектеп - лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Маденова Эльмира Кайратовна
Мұхтар аты – мақтаныш
Мұхтар аты – мақтаныш
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, М.О.Әуезов атындағы №6жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Карлибаева Б.У. 3 сынып Тақырыбы: «Мұхтар аты – мақтаныш»
Ахмет Әуезов Жас Мұхтар
Ахмет Әуезов Жас Мұхтар
Оңтүстік Қазақстан облысы, Т.Рысқұлов ауданы, М.Жәрімбетов ауылы, "Алғабас" жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жаримбетова Алуа Шалбаевна Сабақтың тақырыбы: Ахмет Әуезов. «Жас Мұхтар» Сабақтың мақсаты: Білімділік: Жазушы Мұхтар Әуезовтің
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абай бейнесі
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абай бейнесі
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы М.Әуезов атындағы орта мектеп Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қонақаева Жібек Балтақайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×