Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Махамбет Өтемісұлы «Қызғыш құс» өлеңі (5 класс)

20 ақпан 2013, Сәрсенбі
Сабақ мақсаты:
Білімділік: «Қызғыш құс» өлеңінің айтайын деген ойын, өлеңнің туу себебін түсіндіру.
Тәрбиелік: Оқушылардың елін, жерін, Отанын сүйетін, патриот етіп тәрбиелеу, ерлік пен елдікті, батырлықты дәріптеу, олардың бойында қызығушылық, ізденушілік қабілеттерін арттыру.
Дамытушылық: Оқушылардың әдеби дүниетанымдарын кеңейту, пәнге деген қызығушылығын арттыру, мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, баяндау, талдау, түсіндіру, топтық жұмыс, топтастыру стратегиясы, жалғастыра оқу, мәнерлеп оқу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, ақын портреті, би - шешендер суреті, сызба кестелер
Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі, биология, география.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру: (оқушыларды төрт топқа бөлу).
1. Жалғастыра оқу әдісі бойынша «Соғыс» өлеңін жатқа сұрау.(8 оқушы).
2. Топтарға тапсырмалар беру:
1 - топ.
Өлеңнен Исатайдың бейнесін, мінген атын суреттеген жолдарын табу.
Исатай – басшы, мен - қосшы,
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды.
Астына мінген Ақтабан
Ақбөкендей ойнайды...
Өлеңнен бейнелі сөздерді табу.
2 - топ.
Өлеңдегі «Зығырданы қайнау, түніменен түйіну, таң атқанша тарану, он екі тұтам жай тартқан, қабырғасын қақыратқан, тебінгісін тесе атқан, тізгінінен кесе атқан» - деген сөздердің мәнін түсіндіру.

3 - топ. Өлең құрылысына талдау.
Құдайлады // хан ұлы - а - 7 буын
Іздеген жауы // біз болып - б - 8 буын
Жау қарасы // көрінді - в - 7 буын
Жиылған әскер// білінді - в - 8 буын
Исатай - басшы // мен - қосшы - а - 8 буын
Исатайдың // сол күнде - д - 7 буын
Ақтабан аты // астында - ж - 8 буын
Дулығасы // басында - з - 7 буын
Зығырданы // қайнайды - а - 7 буын

4 - топ.
Егер мен батыр болсам...
Егер мен ақын болсам... тақырыбына эссе жазу.

Үй тапсырмасын М. Мақатаевтың «Соғыс» өлеңін Мекенов Әлидің мәнерлеп оқуымен қорытындыладым.

ІІ. Жаңа сабақ.
Мұғалім сөзі: - Балалар, Исатай қазасынан кейін Махамбет түңілушілікке, жалғыздыққа бой алдырады. Қарулы жасақтың көпшілігі тарап кетеді. Бытырап кеткен қолды жинау қиынға түседі. Ол ел ішінде бой тасалап жүреді. Халық адал ұлын хан баласына сатпайды..
Махамбет өмірінің соңғы айларында отбасымен Қараой деген жерді мекен етеді. Осы кездері ақынның «Қызғыш құс» өлеңі дүниеге келеді.
- Балалар, қызғыш құсты көргендерің бар ма?
(Қызғыш құстың интерактивті тақтадан суретін көрсетіп, мәлімет беріп өттім).
Қызғыш – балықшылар тобына жататын, дене тұрқы 30см, салмағы 200 г. ғана құс. Мойны мен жемсауы қара, жасылдау жылтыр, бауыры мен екі бүйірі ақ, қанаты біршама жалпақ және доғалдау, тұмсығы түзу әрі қысқа, шүйдесінде қара қауырсын айдары бар, айлалы құс.
«Қызғыш құс» өлеңін мәнерлеп оқыдым.(Сәл үнсіздіктен кейін).
- Өлеңде не жайында айтылды?
- Ақын не айтпақшы болды?
Оқушылардың жауаптарынан өлеңнің тақырыбы мен идеясы ашылады.
Өлеңнің тақырыбы: Исатайдан айырылып, жалғыз қалған ақынның мұңы.

Идеясы: Елім деп еңіреген ерді осындай күйге түсірген – Жәңгір хан.
Өлеңнің лирикалық кейіпкері - ақынның өзі.
(Оқушылармен бірлесе отырып, өлеңге талдау жасау).
«Қызғыш құс» өлеңінде еліне, халқына, Отанына деген сүйіспеншілігін мына жолдар арқылы білдіреді:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен,
Ел қорыған мен едім,
Мен де айрылдым елімнен... – бұл жолдары психологиялық параллелизм арқылы барынша тебіреніп, тамаша бейнеленген. Қызғыш құстың көлсіз тіршілігі болмаса, ақынның туған елінсіз, топырағынсыз тіршілігі жоқ. Ақын қызғыш құсқа мұңын шағады. «Сенің қанатың қатты биік самғайсың, бірақ әлсізсің (мойның бос). Мен де өзім күшті болғанмен, арқа сүйеген тірегімнен, басшымнан айрылып, сергелдеңге түстім» - дейді. Мақсатының іске аспай, түңілген, дағдарысқа ұшыраған шақтағы көңіл - күйін қызғыш құспен салыстырады. Махамбет қызғыш құсқа: «Сен қанша аспандап ұшсаң да, көлсіз өмір сүрмейсің, көліңді іздейсің. Сен жыртқыш құс лашынның кесірінен көліңе жолай алмай жүрсің, мен залым Жәңгірдің кесірінен елімнен бөлініп кеттім» - дейді. Ол «Жәңгірдің екпіні күшті болып тұр» патша үкіметі мен Жәңгір ханның аяусыз жазаларын, азабын көрген жолдастары мен бауырларын еске түсіреді.
(Лашынның суреті интерактивті тақтадан көрсетіледі, ол туралы мәлімет беріледі).
Лашын – тепкіні қатты, тегеурінді жыртқыш құс. Сұңқарлар отрядына жатады. Дене тұрқы – 40-50см, қанат құлашы – 80-120см, салмағы – 500-1000г.
Исатай өлімінен кейін сағы сынып, өкініштен өзегі өртенеді. «Қызғыш құс» өлеңі – осындай «Құсалықпен өткен көп күндердің» бірінде көмейінен у болып төгілген ақын мұңы еді.
Әр топқа тапсырма беру. (слайдтан көрсетіледі).
Әр топ тапсырмаға дайындалғанша «Топ басшыларының сайысы» өткізіледі.

Жүргізуші – Құралай
1 - тапсырма: Махамбет туралы сұраққа жауап беру.
2 - тапсырма: Ақындардың Махамбет туралы өлеңдерінен үзінді оқу.
1 - Әли
2 – Дарын
3 – Алуа
4 - Әнуар
Жинақтаушы – Ілияс (қорытындылайды).
Сабақты бекіту: Мұхтар Шахановтың «Байқаймысың» өлеңі. Набидоллаев Шілтен, Махамбетке хат – Жақанова Назерке.
Сабақты қорытындылау: Сөзжұмбақ шешу. Мақал – мәтелдер.
Үйге тапсырма беру: Махамбет Өтемісұлы «Қызғыш құс» өлеңін жаттау. Ерлік, батырлық туралы ойтолғау жазу.
21 062
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Махамбеттің «Соғыс» өлеңі (күнделікті сабақ жоспары)
Махамбеттің «Соғыс» өлеңі (күнделікті сабақ жоспары)
Махамбеттің 80 - ге жуық өлеңі бар, мұрасының көбі бізге жетпеген. Оның өлеңдерін шәкірті Қуан жырау жатқа білген екен. Одан Мұрат Мөңкеұлы үйренген. Одан Ығылман Шөреков жаттаған. Бірқатар өлеңдерін жинаған ақын – Шәңгерей Бөкеев.
Күнделікті сабақ жоспары топтамасы. Ахмет Байтұрсынов Өгіз бен бақа
Күнделікті сабақ жоспары топтамасы. Ахмет Байтұрсынов Өгіз бен бақа
Күнделікті сабақ жоспары, әдебиет 5 сынып. Тақырыптар: 26. А. Байтұрсынов «Өгіз бен бақа» 27. М. Өтемісұлы Соғыс 28. М. Өтемісұлы «Қызғыш құс» өлең тілі туралы мәлімет. 29. Ы. Алтынсарин «Өзен» 30. Ы. Алтынсарин «Дүние қалай етсең табылады?» атты
Махамбет Өтемісұлы Қызғыш құс өлеңі
Махамбет Өтемісұлы Қызғыш құс өлеңі
Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ерлік пен елдікті, батырлықты дәріптеу, олардың бойында қызығушылық, ізденушілік қабілеттерін арттыру.
Махамбет Өтемісұлы «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі
Махамбет Өтемісұлы «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі
Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, №1 орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тусупбекова Жанар Куанышевна
Махамбет Өтемісұлы "Қызғыш құс" өлеңі
Махамбет Өтемісұлы "Қызғыш құс" өлеңі
Атырау облысы, Исатай ауданы, Нарын селосы, Нарын орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қапылова Бибігүл Тастанбекқызы
Махамбет Өтемісұлы "Соғыс"
Махамбет Өтемісұлы "Соғыс"
Атырау облысы, Исатай ауданы, Нарын селосы, Нарын орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бөбек Есмағанбетова Ғалымжанқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×