Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман - Мамыр» дастаны

25 наурыз 2013, Дүйсенбі
Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман - Мамыр» дастаны.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: хикаяттың мазмұнын ұғындыру арқылы Қалқаман, Көкенай әрекетіне екі түрлі көзқарасты баға беру, дастанның шығу тарихына тоқталу;
ә) Дамытушылық: оқушының ой еркіндігін, эстетикалық сезімін ояту, қысқаша мазмұндату арқылы тіл дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сұрақтар арқылы оқушы белсенділігін арттыру, өздігінен білім алуға баулу;
б) Тәрбиелік: оқушыларды поэмадағы кейіпкерлердің жақсы мінез - құлық, орынды іс - әрекеттерін талдау арқылы адамгершілік, мейрімділік, қамқорлық жасауға баулу;
Сабақтың құрылымы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды түгендеу, оқу құралдарын тексеру, сыныпты топқа бөлу, өткен сабақта берілген материалдарды сұрау, тексеру, бекіту.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдістері: мәтінмен жұмыс, пікір айту, сұрақ - жауап, сахналандырылған көрініс, сұрақтар арқылы проблемалық жағдай туғызу.
Көрнекілігі: Ақын портреті, интерактивті тақта, кітап көрмесі
Формасы: ұжымдық, топтық, жеке
Пәнаралық байланыс: тарих, география
Мұғалімнің кіріспе сөзі
1. Өткен сабақты қорытындылау үшін Шәкәрім кім? деген сауал бойынша кластер жазғызу
2. Сұрақтар қою арқылы Шәкәрім туралы өздігінен оқып келген білімдерін тексеру
Сұрақ: Балалар, қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі тұлғалы ақын атанған Шәкәрім туралы кім не біледі?
Мұғалім: Дұрыс. Шәкәрімнің өмір дерегі туралы тағы кім толықтырады?
Шәкәрімнің өмір дерегі туралы естелік тыңдату
Мұғалім: Өте жақсы. Өте қызықты естелік айттың, сонымен Шәкәрімнің ақындық бұлағының көзін ашқан кім екен, балалар?
Слайдтан Құнанбай шежіресін көрсету
Мұғалім: Өте дұрыс айттың. Белгілі ғалым Қайым Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң халық Шәкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген. Бұл пікір Шәкәрімдей дарынға халық тарапынан берілген әділ баға. Абай да дананың ақындық дәстүрін заңды түрде жемісті жалғастырған ол өзі өмір сүрген күрделі кезеңнің ащы шындығын өз туындыларында тап басып суреттей білді. Сол шығарманың бірі өздеріңнің мазмұнымен танысып келіп отырған Қалмақан – Мамыр дастаны.
Оқулықпен жұмыс жүргізу.
Мәтінді мәнерлеп оқу. Үш топтан үш оқушыға Қалқаман мен Мамырдың сөзін тапқызып оқыту
Сөздік жұмысы. Кітаптағы қиын сөздерді дәптерге жаздырып, түсіндіру
Бастаңғы
Еркек - шора
Тобықты
Жырдың тақырыбына тоқталу, мазмұнын ашу.
Мұғалім: Балалар, үйде жырдың мазмұнымен танысып келдіңдер. Жырдың шығу тарихына тоқтала отырып, жырдағы басты оқиғаларға назар аударып, мазмұндап көрейік.
1722 жылы Сыр бойын жайлаған қалың Тобықты руы ішіндегі тарихи оқиға. Демек, бұл оқиға Шәкәрімнің өз руы ішіндегі тарихи дерек. Шығарма екі жастың трагедиясымен өрбісе, 1723 жылғы тарихи қазақ сорына біткен «ақтабан шұбырынды» оқиғасымен аяқталады.
Бұл поэманы ақын тарихи хикая деп атаған. Өйткені дастанның оқиғасы ақтабан шұбырынды заманында өтеді. Поэманың алғашқы шумақтарында Әнет баба, Мәмбетей, Қалқаман, Мамыр, Көкенай есімдері аталып таныстырылады.
Мұғалім: Әнет баба, Мәмбетейлерді ақын кім деп таныстырады, олардың Қалқаман мен Мамырға қандай туысқандық қатысы бар?
Слайдтан Тобықты шежіресін көрсету
Мұғалім:. Ал енді дастанда Мамыр, Қалқаман бейнелері қалай суреттеледі?
Мұғалім: Жыр желісі бойынша осы екі жасты жақындастыратын бір тосын оқиға болады. Кім айтады екен?
Мұғалім: Бастаңғы деген не?
Келесі кезекті Қалқаман мен Мамырдың әңгімесіне берейік.
Екі оқушы рөлге бөліп, жырдан үзінді оқиды.
Мұғалім: Міне балалар, Қалқаман мен Мамырдың арасындағы сырды тыңдадық. Нені түсіндік? Не ұқтық?
Көрініс:
Әнет баба ойланып отыр.
Олжай: О, қасиетіңнен айналайын, Әнет бабам! Қапы қалдық.
Әнет: О, құдайым. Өзің сақтай көр. Жүрісің суыт, не хабармен келдің?
Олжай: Қиын шаруа болып тұр. Балам Қалқаман Мамырды алып қашып келді. Тобықты жақыннан қыз алмаушы еді. Нендей ақыл бересің, баба!
Әнет: О, құдайым! Бір сорға душар қылайын дегенің бе? Түсімде бір жаман түс көріп едім. Не жорырымды білмей отыр едім. О, тоба! Қателесесің - ау. Бітіспейтін бір іске кез болдым - ау, балам. Көкенайдың мінезі қатал еді. Кешіре аларма екен?
Сосын Олжайға:
Уа, Олжай, болар іс болды. Тобықтыға хабар қыл. Малды аямасын. Мәмбетейдің көмейін малмен тығындасын.
Олжай: Құп болады, баба! Айтқаныңды қалың Тобықтыға жеткіземін.
Мұғалім: Осы көріністен кімнің бейнесін таныдыңдар? Мінездеме беріңдер
Мұғалім: Олай болса, мінездеме деген не?
Мұғалім: Иә, балалар өмір – күрес, оның айдынында мейрімділік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық сияқты кереғар ұғымдар кезектесіп жатады. Соның дәлелі мына бір көрініс.
Көрініс:
Қыз – келіншектерімен Мамыр келе жатады.
Бірінші қыз: Мамыр - ау, ауылға да келіп қалдық. Мына қырдың асты сенің ауылың.
Екінші қыз: Иә, ауылыңды да сағынған шығарсың.
Мамыр: иә, сағындым ғой. Қайран менің туған ауылым. Самал желіңді
сағындым - ау. Жұпар аңқыған көк шөбіңді сағындым.
Жеңгесі: О, жасаған, мына келе жатқан Еркежаным ба? Құдай - ау сені де көретін күн болады екен - ау!
Мамыр: Иә, жеңеше, туған жердің қадірін ұзатылған қыз білмегенде кім білсін. Сағындық қой, туған жердің қасиетті топырағын.
Жеңгесі: Иә, қарағым - ай! Қайтсін - ай, енді! Жүре ғой қарғам, үй жаққа. Сол кезде қара киімді Көкенай шығады.
- Әй, қойшы бала, анау келе жатқан топ кімдер? Айт, жаныңның барында.
Қойшы: Ол Мамыр көкем ғой, төркіндеп келе жатқан.
Көкенай: Ах, жүзіқара! Ұялмай ауылға келе жатқанын қара. Сенің құның бір оқ қана. Әй, ессіз, малғұндар. Былай кетіңдер, ана жүзі қараның қасынан. Былай тұрыңдар, егер өлгілерің келмесе. Қазір атамын, атаңа нәлет жүзі қараны! (Мамыр жүрегін ұстап құлайды).
Мамыр:
О, Алла жаным!
Көкенай, қарғамаймын сені. Ақтық сөзімді тыңда. Менің ісім ақ. Жазығым тек Қалқаманды сүйгенім. Сенен өлер алдындағы ақтық тілегім. Қалқаманды өлтіре көрме. Обалына қалма жазықсыз жанның. Мойныңа бір қан жүктегенің жетер. Өлтіре көрме Қалқаманды.
Қалқаман, қош аман бол! (Сахна жабылады).
Мұғалім: Балалар, өздерің жаңа ғана Көненай қатыгездігінің куәсі болдыңдар.
Мамырды аямай, қанын жүктеген Көкенай Мамырдың ақтық сөзінен соң өз әрекетін тоқтатты ма?
Мұғалім: Сонымен, балалар, жыр оқиғасы немен аяқталады?
Кестемен жұмыс.
Енді кейіпкерлер тағдырына терең үңілейікші. Басты кейіпкерлер туралы өз пікірімізді ашық айтып мынадай сұрақтар бойынша пікірталас ұйымдастырайық.
1. Қалқаман мен Мамырдың қосылғаны дұрыс па, бұрыс па?
Жинақтаушы топ.
Иә, мен Қалқаман мен Мамырдың қосылғаны дұрыс деймін. Олар – адал махаббат иелері. Бірін – бірі қатты сүйеді. Мамыр өлер алдында да өзінің Қалқаманға деген махаббатын дәлелдеп кетті. Өзі өлсе де Қалқаманның тірі қалуын армандады, бақыт тіледі. Сондықтан мен екеуінің қосылғанын дұрыс деп ойлаймын.
Даттаушы топ: Жоқ, бұл пікірге қосыла алмаймын. Олар бірін – бірі ұнатса да, сезімді ақылға жеңдіру керек еді. Өйткені, олар біріншіден, ата салтын бұзды. Ол кезде ата салтын орындамай, бата бұзған адамды жазалаған. Екіншіден, олар өзара ағайынды, туыс адамның балалары. Сондықтан олар қазақта жеті атаға жетпей қыз алмау деген қағиданы, заңды бұзды. Сондықтан ата - дәстүрін бұзып отырған екеуін айыптаймын.
Жақтаушы топ: Қалқаман мен Мамырды қосылуы дұрыс емес, Өйткені олар өзара туыстас адамдар.
2. Көкенай әрекетін қалай бағалайсыңдар? Жырда Көкенай батыр деп суреттеледі, оның батырлық әрекеті жырда көріне ме?
Жинақтаушы топ: Ерте кезде кінәлі адамдардың айыптайтын арнаулы заң орындары болмаған. Жазасын өтеу үшін жататын түрмелер де болмаған. Сондықтан ел билеуші адамдар, яғни әр рудың Әнет, Қалқаман сияқты көсемдері далалық сот жасап, өздерінше үкім шығарып отырған. Көкенай - өз заманының салт - дәстүрін берік ұстаған адам. Сондықтан оның Мамырды, Қалқаманды жазалауы дұрыс деп ойлаймын.
Сондықтан Көкенай Мамырды жазаламаса, келешекте тағы туысқан адамдар қосылып қоюы мүмкін еді. Сондықтан болашақта жастарға сабақ болсын деп осындай қатыгездікке барды деп ойлаймын.
Жақтаушы топ: Көкенайдың әрекеті дұрыс.
Даттаушы топ:
Көкенай - өз заманының қатыгез адамы. Ол екі жастың арасындағы тікенек сияқты. Бірін - бірі ұнатқан екі жастың обалына қалды. Мамыр да, Қалқаман да өлім жазасына кесетіндей ештеңе бүлдірген жоқ. Олар – адал махаббат иелері. Оған дәлел Қалқаманның мына сөзі:
Мамыр – ау, айтып тұрсың әлденені,
Шариғат қосады екен немерені.
Қайғы ойлап жаман ырым айта берме,
Алаңсыз сүйген болсаң анық мені.
Осылай бірін – біріне үздіккен екі ғашықты айырған Көкенай әрекетін мен айыптаймын. Көкенай – ескі салт – сананың адамы, ол оқымаған қараңғы адам.
Жырда Көкенай батыр деп аталады. Бірақ оның батырлығы ешқандай эпизодта жоқ. Мылтықсыз, қарусыз қыз, жігітті өлтіру – батырлық емес. Ол барып тұрған қорқақтық. Адал, ұлы махаббаттан қорыққан деп түсінемін.
3. Қалқаманның ел ортасынан кеткені дұрыс па? Теріспе?
Жинақтаушы топ: Қалқаман қазақ халқының сол кездегі салт - дәстүрін бұзды.
Біріншіден, Мамырдың атастырылып қойған жерінің батасын бұзды. Екіншіден, өзімен жақын туысқан адамның қызын алды. Сондықтан ел бірлігі бұзылды, дау – жанжал көбейді. Осы себептен Қалқаманның көзге күйік болмай, алысқа кеткені дұрыс.
Жақтаушы топ: Қалқаман өзін оққа байлап берген туысқандарын кешіре алмады. Елінде жүрген соң Мамырдың қайғысын да ұмыта алмады. Сондықтан ел ішінен кеткені дұрыс деймін.
Даттаушы топ: Мен Қалқаманның елден кетуін қаламаймын. Туыстары, Әнет баба ол үшін қатты қиналды. Оны өлім жазасына кескен - Мәмбетейлер. Сондықтан жекпе – жекте аман қалған соң, елінде қалуы керек еді.
Қалқаман елден безіп, өзін көрсетті. Оны елден ешкім қуған жоқ. Ол өкпелесе тек Көкенайға ғана өкпелеуі керек еді. Елде жүріп Көкенайға қарсы күш көсетуі керек еді. Мамырды шын жүрегімен сүйетінін, өзінің адал махаббат иесі екенін дәлелдеп, өзі үшін өліп кеткен Мамырға ұмытылмастай етіп ескерткіш мұнара орнатуы керек еді. Мысалы Айша бибіге ескерткіш орнатқан Қарахан батыр сияқты. Сондықтан оның елден кеткені дұрыс емес деп ойлаймын.
Мұғалім: Иә, балалар әрқайсың өз пікірлеріңді дәлелдеп айтып шықтыңдар. Қалқаман мен Мамырдың қосылуы дұрыс, теріс деп кесіп айту қиын. Ол заман әйел затын қор еткен, бұғауда ұстап, малға сатқан заман, сондықтан еркіндікке ұмтылған Қалқаман Мамыр жүрек қалауын мақсат ете білген, адал махаббатқа жүгіндіре білген. Шәкәрімнің да мақсаты сол. Ол да өз заманының қатаң қағидасына наразы, қарсы.
Ал, Көкенай бейнесіне келетін болсақ, өз заманының заңын бұлжытпай орындайтын, одан басқа білімі жоқ доңайбат ел ағасы. Шаш ал десе бас алатын қатал, қатыгез. Ежелден келе жатқан ата - баба дәстүрін бұзды деп жазықсыз Мамырды құрбандыққа шалды. Егер Көкенайдың ең құрмаса діни сауаты болса, адам қанын мойнына жүктемес еді, адам қанының салмағын білер еді.
Ал Қалқаманның еліне өкпелеп кетуі дұрыс деп жатырмыз, ал шынайы махаббат тұрғысынан қарасақ, ел ішінде қалып Мамырдың басына ұмытылмастай ескерткіш қойса, нұр үстіне нұр болар еді - ау.
Не десек те екі топтың да нақты жауаптарына мен ырзамын. Басты мақсат - Қалқаман – Мамыр оқиғасынан ғибрат алу.
Мына ребусты шешсек, мақал шығады
Сабақтан алар тәліміміз:
« Ата салттан аттауға болмас,
Жүрек қалауын тастауға болмас».
Оқушылардың білімін бағалау.

Үй тапсырмасы: І-топқа Шығарма «Егер мен Қалқаман болсам...»
ІІ топқа Жырға композициялық талдау жасау
ІІІ топқа Жырдағы жағымсыз, жағымды кейіпкерлерге мінездеме жазып келу
Сабақтың соңында Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындаумен аяқталады.
10 947
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» дастаны
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» дастаны
Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасының мазмұны бойынша талдау жасайды. Поэма оқиғасы мен кейіпкерлеріне мінездеме береді. Поэманы оқып мазмұнын білу. Поэмада көрінген әдет - ғұрып туралы мәлімет беру.
Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Поэмаға әдеби талдау жасау, әдебиет теориясы бойынша кейіпкер туралы түсініктерін кеңейте отырып, Қалқаман, Көкенай әрекетіне екі түрлі көзқарасты баға беру.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірімен танысып, поэманың идеясын ашу, білімдерін жан - жақтылы кеңейтеді, поэманың негізгі түйінін таба білуге дағдыланады.
Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр» поэмасы
Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр» поэмасы
Көкпекті ауданы, Бастаушы ауылы Абай атындағы орта мектебі КММ Байкубинова Р. К.
Шәкерім Құдайбердіұлы «Қалқаман –Мамыр» поэмасы
Шәкерім Құдайбердіұлы «Қалқаман –Мамыр» поэмасы
Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Жаңажол орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бидалова Айгүл Кәрімқызы
Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қалқаман - Мамыр” поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қалқаман - Мамыр” поэмасы
Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылы КММ “Амангелді орта мектебі Бибосинова Г. Т.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×