Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр» дастаны.

25 сәуір 2012, Сәрсенбі
Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман - Мамыр» дастаны.

Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Шәкәрім шығармашылығымен таныстыру, хикаяттың мазмұнын ұғындыру арқылы Қалқаман, Көкенай әрекетіне екі түрлі көзқарасты баға беру.
ә) Тәрбиелік: оқушыларды поэмадағы кейіпкерлердің жақсы мінез - құлық, орынды іс - әрекеттерін талдау арқылы адамгершілік, мейрімділік, қамқорлық, жасауға баулу.
б) Дамытушылық: оқушының ой еркіндігін, эстетикалық сезімін ояту, қысқаша мазмұндату арқылы тіл дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сұрақтар арқылы белсенділігін арттыру, өздігінен білім алуға баулу.

Сабақтың құрылымы:
1. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушыларды түгендеу, оқу құралдарын тексеру, өткен сабақта берілген материалдарды сұрау, тексеру, бекіту.
Сабақтың түрі: Шығармашылық
Сабақтың типі: Икем - дағдыны қалыптастыру
Сабақтың әдістері: мәтінмен жұмыс, пікір айту, сұрақ - жауап, сахналандырылған көрініс, сұрақтар арқылы проблемалық жағдай туғызу.
Көрнекілігі: Ақын портреті, интерактивті тақта, көрме, кітаптар
Формасы: ұжымдық, топтық, жеке
Пәнаралық байланыс: тарих, салт - дәстүр

Сабақтың жоспары.
1. Ұлы Абайдың ізбасар інісі.
2. Іздендіру бағытындағы жұмыстар
3. «Қалқаман - Мамыр» тарихи хикая ( мазмұндау, талдау, жинақтау).
а) Шығарманың композициялық құрылыммен танысу (әдеби - теориялық ұғымдармен жұмыс жүргізу).
ә) Шығармаға аннотациялық талдау жасау.

І кезең
Мұғалімнің кіріспе сөзі.
1. Оқушыларға сұрақтар қою арқылы Шәкәрім туралы өздігінен оқып келген білімдерін тексеру
Сұрақ: Балалар, қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі тұлғалы ақын атанған Шәкәрім туралы кім не біледі?

Жауап: Шәкәрім 1858 жылы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Ол Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы. Әкесі Құдайберді ерте қайтыс болады. Жетім қалған Шәкәрімді ағасы Абай тәрбиелеп өсіреді.
Мұғалім: Дұрыс. Шәкәрімнің өмір дерегі туралы тағы кім толықтырады?

Жауабы: Шәкәрім жеті жасқа келгенде әкесі Құдайберді қайтыс болады. Әке өліміне ол қатты қайғырады. Өзінің тұңғыш өлеңін осы әкесі қайтыс болғанда шығарады. Бұл туралы Шәкәрімнің мынадай естелігі бар. «Жазғытұры әкем өліп, ауылға ат қойып, келіп жатқан адамдар көп болды. Мен осы кезде есік алдындағы төбешікке отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан құртты өлтірдім. Айтқаным бар. Сонда есте қалғаны...

Өлтірдің, не таптың сен онан пайда,
Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.
Өлімнің қандайлығын көзің көрді.
Кешегі тірі жүрген әкең қайда?
Менің де жетім қалды балаларым,
Олар да жылайды іздеп аналарын.
Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
Жоқ екен басында ми - саналарың.
Осы өлеңді шешелеріне оқып бергенде, шешелері қатты жылайды. Олар Шәкәрімге енді өлең жазба деп тыйым салады. Сонда Абай Жоқ, Шәкәрімге өлең жазба демеңдер, жазсын өлеңді, бүгіннен бастап оны өзім тәрбиелеймін деген екен.

Мұғалім: Өте жақсы. Өте қызықты естелік айттың, сонымен Шәкәрімнің ақындық бұлағының көзін ашқан кім екен, балалар
Жауабы: Шәкәрімді Абай тәрбиелеп өсірді. Оның өлең жазуға деген ықыласын байқаған Абай оны сөз өнеріне, ақындық өнерге баулыды. Ол Абайдың ең дарынды шәкірті әрі заңды ізбасары болды. Ол арнайы оқу орындарында оқымаса да, өз бетінше ізденді. Абай ағасының басшылығымен көп нәрсе үйренді. Түркістан өлкесіндегі білімдер, ғұлама адамның бірі болады. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жақсы білді, ол орыс тіліне жетік болды.

Мұғалім: Өте дұрыс айттың. Белгілі ғалым Қайым Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң халық Шәкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген. Бұл пікір Шәкәрімдей дарынға халық тарапынан берілген әділ баға. Абай да дананың ақындық дәстүрін заңды түрде жемісті жалғастырған ол өзі өмір сүрген күрделі кезеңнің ащы шындығын өз туындыларында тап басып суреттей білді. Сол шығарманың бірі өздеріңнің мазмұнымен танысып келіп отырған Қалмақан – Мамыр дастаны.

І кезең
Мұғалім: Балалар, үйде мазмұнымен танысып келіңдер. Енді жырдағы басты оқиғаларға назар аударып, мазмұндап көрейік.
Жауап: Бұл поэманы ақын тарихи хикая деп атаған. Өйткені дастанның оқиғасы ақтабан шұбырынды заманында өтеді. Поэманың алғашқы шумақтарында Әнет баба, Мәмбетей, Қалқаман, Мамыр есімдері аталып таныстырылады.

Мұғалім: Әнет баба, Мәмбетейлерді ақын кім деп таныстырады, олардың Қалқаман мен Мамырға қандай туысқандық қатысы бар
Жауабы: « Әнет баба арғынның ел ағасы, әрі би, әрі молда, ғұламасы. Орта жүзге әділ екен, сол кезде тоқсан беске келген жасы» деп Әнет бабаны таныстырады. Ал Мәмбетей мен Кішік ағайынды бірге туған адамдар, Кішіктен Әнет, Әйтеке тарайды. Ал Мәмбетейден Мамырдың әкесі туады. Әйтекеден Олжай, Байбөрі, Қалқаман туады. Сонда Қалқаман мен Мамырдың әкелері немере ағайынды кісілер.

Мұғалім: Өте жақсы түсінгенсің. Ал енді дастанда Мамыр бейнесі қалай суреттеледі?
Жауап: Мамыр Мәметейден тараған байдың қызы. Өзі өте сұлу әрі ақылды. Әкесі оны еркелетіп өсірді. Қыз киімін кимей, өзін ер баламын деп есептеп жүреді. Байдың Мамырдың басқа баласы жоқ. Сондықтан ел байдың көңіліне қарап, оны қыз деп айта алмай жүреді. Құда түсуге ел бата алмайды. Қалқаман да сол көптің бірі. Бір күні екеуі жылқы бағып жүріп кездеседі. Осы кезде бірін бірі қатты ұнатып қалады.

Мұғалім: Жыр желісі бойынша осы екі жасты жақындастыратын бір тосын оқиға болады. Кім айтады екен?
Жауап: Дастанда Сәмеке деген хан қалмақты жеңіп, той жасайды. Сол тойға Тобықты елі тегіс шақырылады. Оңаша қалған жастар бастаңғы жасайды.

Мұғалім: Бастаңғы деген не?
Жауап: Бұл қазақ халқының бір салт дәстүрі. Үйдегі үлкендер бір жаққа кеткенде, үйдегі жастар бас қосады.

Мұғалім: Жауабың дұрыс. Келесі кезекте Қалқаман мен Мамырдың әңгімесіне берейік.
Жауап: Екі оқушы рөлге бөліп, жырдан үзінді оқиды.

Мұғалім: Міне балалар, Қалқаман мен Мамырдың арасындағы сырды тыңдайық. Нені түсіндік? Не ұқтық?
Жауап: Қалқаман мен Мамыр бір - бірін қатты сүйеді. Бірақ Мамырдың әкесі біреуге аттастырып қойыпты. Бұл – бірінші кедергі. Қалқаман мен Мамыр екеуі бір - біріне жақын, аталас туыс. Бұл екінші кедергі. Бірақ, бірін - бірін ұнатқан екі жас барлық кедергіні аттап өтіп, қашып кетеді.

Көрініс:
Әнет баба ойланып отыр.
Олжай: О, қасиетіңнен айналайын, Әнет бабам! Қапы қалдық.
Әнет: О, құдайым. Өзің сақтай көр. Жүрісің суыт, не хабармен келдің?
Олжай: Қиын шаруа болып тұр. Балам, Қалқаман Мамырды алып қашып келді. Тобықты жақыннан қыз алмаушы еді. Нендей ақыл бересің, баба!
Әнет: О, құдайым! Бір сорға душар қылайын дегенің бе? Түсімде бір жаман түс көріп едім. Не жорымды білмей отыр едім. О, тоба! Қателесесің - ау. Бітіспейтін бір іске кез болдым - ау, балам. Көкенайдың мінезі қатал еді. Кешіре алар ма екен?
Сосын Олжайға:
Уа, Олжай, болар іс болды. Тобықтыға хабар қыл. Малды аямасын. Мәмбетейдің көмейін малмен тығындасын.
Олжай: Құп болады, баба! Айтқаныңды қалың Тобықтыға жеткіземін.

Мұғалім: Осы көріністен кімнің бейнесін таныдыңдар? Мінездеме беріңдер.
Жауап: Әнет баба ел бірлігін, халықтың тыныштығын ойлаған адам. Оның әрбір сөзінен, қимылынан өте ақылды адам екендігі көрініп тұр. Әнет бабаның жүрегі өте мейрімді. Қалқаман мен Мамырға жаны ашиды. Қалқаманды құтқару үшін әртүрлі амалдар ойлап табады. Қалың малды көп беріп бірістіру жағын ойлайды. Оған көнбеген соң, құн беруді айтады. Әбден амалы құрыған кезде ғана Қалқаманды өлтіруге көнеді. Онда да атпен шауып өтсін, сонда атсын Көкенай дейді. Мүмкін атқан оқтан тірі деп үміттенеді. Әнет баба үлкен жүректі, мейрімді, жастарға пана болған, ел билеген ғұлама адам.

Мұғалім: Өте жақсы айттың. Олай болса, мінездеме деген не?
Жауап: Шығармаға қатысушының мінезін, дүниеге көзқарасын суреттеу мінездеме деп аталады.
Мұғалім: Иә, балалар өмір – күрес, оның айдынында мейрімділік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық сияқты кереғар ұғымдар кезектесіп жатады. Соның дәлелі мына бір көрініс.

Көрініс:
Қыз - келіншектерімен Мамыр келе жатады.
Бірінші қыз: Мамыр - ау, ауылға да келіп қалдық. Мына қырдың асты сенің ауылың.
Екінші қыз: Иә, ауылыңды да сағынған шығарсың.
Мамыр: иә, сағындым ғой. Қайран менің туған ауылым. Самал желіңді сағындым - ау. Жұпар аңқыған көк шөбіңді сағындым.
Жеңгесі: О, жасаған, мына келе жатқан Еркежаным ба? Құдай - ау сені де көретін күн болады екен - ау!
Мамыр: Иә, жеңеше, туған жердің қадірін ұзатылған қыз білмегенде кім болсын. Сағындық қой, туған жердің қасиетті топырағын.
Жеңгесі: Иә, қарағым - ай! Қайтсін - ай, енді! Жүре ғой қарғам, үй жаққа. Сол кезде қара киімді Көке най шығады.
- Әй, қойшы бала, анау келе жатқан топ кімдер? Айт, жаныңның барында.
Қойшы: Ол Мамыр көкем ғой, төркіндеп келе жатқан.
Көкенай: Ах, жүзіқара! Ұялмай ауылға келе жатқанын қара. Сенің құның бір оқ қана. Әй, ессіз, малғұндар. Бала кетіңдер, ана жүзіқараның қасынан. Былай тұрыңдар, егер өлгілерің келмесе. Қазір а тамын, атаңа нәлет жүзіқараны! (Мамыр жүрегін ұстап құлайды).
Мамыр:
О, Алла жаным!
Көкенай, қарғамаймын сені. Ақтық сөзімді тыңда. Менің ісім ақ. Жазығым тек Қалқаманды сүйгенім. Сенен өлер алдындағы ақтық тілегім. Қалқаманды өлтіре көрме. Обалыма қалма жазықсыз жанның. Мойныңа бір қан жүктегенің жетер. Өлтіре көрме Қалқаманды.
Қалқаман, қош аман бол! (Сахна жабылады).

Мұғалім: Балалар, өздерің жаңа ғана Көненай қатыгездігінің куәсі болдыңдар.
Мамырды аямай, қанын жүктеген Көкенай Мамырдың ақтық сөзінен соң өз әрекетін тоқтатты ма?
Жауап: Жоқ, қатыгез Көкенай жазықсыз жасты өлтіріп алдым - ау деп ойлаған да жоқ. Ол Әнет бабаға қайта - қайта кісі салып, Қалқаманды өлтір деп қиғылық салды. Қалқаманды өлтірмесе, туыстықтан кетеміз, ел іші ынтымағы бүлінеді деп қорқытты.

Мұғалім: Сонымен, балалар, жыр оқиғасы немен аяқталады?
Жауап: Ақырында Көкенай дегеніне жетіп, Қалқаманды атады Бірақ Қалқаман ажал оғынан аман қалып, құлақ естімес, көз көрмес алыс жаққа кетіп қалады. Ол жақта үйленіп, үйлі - балалы болады.

Мұғалім: Ал, балалар жыр өзегі өздеріңе таныс. Енді жыр желісі бойынша мынадай топтық, жұптық, жұмыстар жүргіземіз. Бұл үшін сыныптағы оқушылар қабілеті бойынша үш топқа бөлінеді.

І - топ: Шығарманың композицияның құрылысына талдау. Әдеби теориялық ұғымдарды дәлелдеу. Екі оқушы жұптасып орындайды. Бірі мәтін бойынша, екіншісі теориядан жауап береді.
І - жауап: Басталуы.
Жауап: Көркем шығармада баяндалатын оқиғаның басталуын шығарманың басталуы дейміз.

2 - жауап: Байланысы.
Қалқаман мен мамырдың бір - бірін ұнатуы, бастаңғы жасауы, сөз байласуы.
Көркем шығармада оқиғалардың бір - бірімен сабақтасып отыруын байланыс дейміз.

3 - жауап: Шығарманың дамуы.
Мамырдың біреуге айттырылуы.
Шығармадағы оқиғалардың қалыңдап, шиеленісе түсуін шығарманың дамуы дейміз.

4 - жауап: Шығарманың шарықтау шегі.
Екі жастың серттесіп қалуы, Мәмбетелейлер мен Тобықты руының жанжалдасуы. Көркем шығармаларда оқиғалардың шарықтау шегіне жетуін шығарманың шарықтау шегі дейміз.

5 - жауап: Шығарманың аяқталуы.
Мамырдың аянышты өлімі, Қалқаманның елден кетуі. Көркем шығармада оқиғалардың бір шешімге келуін оқиғаның шешімі дейміз.

6 - жауап: Шығарманың композициясы дегеніміз не.
Жауап: Көркем шығармада оқиғаның басталуын, олардың байланысын, шарықтау шегін шығарманың композициялық құбылыс дейміз.

2 - топ Шығармаға аннотациялық талдау.
1 - бөлім.

Бөлімнің аты
Кейіпкерлердің тағдыры
Шығарманың көркемдік әдісі

Кездесу
Бастаңқы
Тосын жағдай
Батыл шешім
Қатыгездік Қалқаман мен Мамыр бірін - бірі алғаш көргеннен - ақ ұнатып қалады.
Мамырдың туыстары тойға кетіп, жастар бастаңқы жасайды.
Мамыр Қалқаманға өзінің біреуге атастырылғанын жеткізді.

Бірін - бірі ұнатқан екі жас қол ұстасып қашып кетеді.

Көкенай төркіндеп келген Мамырды атып өлтіреді. Баяндау
Суреттеу
Диалог
Портрет
Баяндау, диалог.

Сұрақ: Баяндау деген не?
Жауап: Әдеби шығарманың оқиғасын желілі түрде көркемдеп әңгімелеуді баяндау дейміз.
Сұрақ: Суреттеу деген не?
Жазушы кейде шығарма оқиғасын баяндау барысында оқиғаның болған жерімен, оқиғаға қатысушы кейіпкерлермен, олардың жеке басына тән ерекшеліктерімен, оларды қоршаған ортамен таныстырады. Мұны суреттеу дейміз.

3 - топ Өлең құрлысын талдау.
(Жырдың алғашқы шумағы)
Өткен іс ойға күңгірт көзге танық,----------------- 11 а
Көрмесе де білгенге бәрі қанық.------------------- 11 а
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл,--------------- 11 б
Қазақтың сыр бойында жүргені анық.----------- 11а

(Жырдың соңғы шумағы)
Хан Шыңғыс деген тауда тұрмыз бізде,--------- 11 а
Егерде іздесеңдер сонан ізде.---------------------- 11 а
Тобықты да Құнанбай қажы десе,----------------- 11 б
Басты кісі біледі Орта жүзде.------------------------ 11 а

Сұрақ: Портрет деген не?
Жауап: Көркем шығармада кейіпкердің сырт тұлғасын, бет әлпетін суреттеуді портрет дейміз.
Жауап: Көркем шығармада кейіпкерлердің кездесіп сөйлесуін диалог дейміз.

3 кезең.
Мұғалім: Балалар, жырдың композициялық құбылысы бойынша өте сәтті жұмыс жасадыңдар. Сендерге көп рақмет. Енді кейіпкерлер тағдырына терең үңілейікші. Басты кейіпкерлер туралы өз пікірімізді ашық айтып мынадай сұрақтар бойынша пікірталас ұйымдастырайық.
І v. 1. Қалқаман мен Мамырдың қосылғаны дұрыс па? бұрыс па?

Жинақтаушы топ.
Жауап: Иә, мен Қалқаман мен Мамырдың қосылғаны дұрыс деймін. Олар – адал махаббат иелері. Бірін - бірі қатты сүйеді. Мамыр өлер алдында да өзінің Қалқаманға деген махаббатын дәлелдеп кетті. Өзі өлсе де Қалқаманның тірі қалуын армандады, бақыт тіледі. Сондықтан мен екеуінің қосылғанын дұрыс деп ойлаймын.

Даттаушы топ: Жоқ, бұл пікірге қосыла алмаймын. Олар бірін – бірі ұнатса да, сезімді ақылға жеңдіру керек еді. Өйткені, олар біріншіден, ата салтын бұзды. Ол кезде ата салтын орындамай, бата бұзған адамды жазалаған. Екіншіден, олар өзара ағайынды, туыс адамның балалары. Сондықтан олар қазақта жеті атаға қыз алмау деген қағиданы, заңды бұзды. Сондықтан ата - дәстүрін бұзып отырған екеуін айыптаймын.

Дәйектеме: Қалқаман мен Мамырды қосылуы дұрыс емес, Өйткені олар өзара туыстас адамдар.
2. Көкенай әрекетін қалай бағалайсыңдар? Жырда Көкенай батыр деп суреттеледі, оның батырлық әрекеті жырда көріне ме?
Жауап: Ерте кезде кінәлі адамдардың айтпайтын арнауы заң орындары болған. Жазасын өтеу үшін жататын түрмелер де болмаған. Сондықтан ел билеуші адамдар, яғни әр рудың Әнет, Қалқаман сияқты көсемдері далалық сот жасап, өздерінше үкім шығарып отырған. Көкенай - өз заманының салт - дәстүрін берік ұстаған адам. Сондықтан оның Мамырды, Қалқаманды жазалауы дұрыс деп ойлаймын.
Жауап: Көкенайдың әрекетін тағы басқа рулас адамдар тегіс жақтады. Мысалы жырда мынадай өлең жолдары бар.

Тобықты осы сөзге қақ бөлініп,
Болысты Мәмбетейге Қанжығалы.
Сондықтан Көкенай Мамырды жазаламаса, келешекте тағы туысқан адамдар қосылып қоюы мүмкін еді. Сондықтан болашақта жастарға сабақ болсын деп осындай қатыгездікке барды деп ойлаймын.
Дәйектеме: Көкенайдың әрекеті дұрыс.
Даттаушы топ.
Көкенай - өз заманының қатыгез адамы. Ол екі жастың арасындағы тікенек сияқты. Бірін - бірі ұнатқан екі жастың обалына қалды. Мамыр да, Қалқаман да өлім жазасына кесетіндей ештеңе бүлдірген жоқ. Олар – адал махаббат иелері. Оған дәлел Қалқаманның мына сөзі:
Мамыр – ау, атып тұрсын әлденені,
Шариғат қосады екен немерені.
Қайғы ойлап жаман ырым айта берме,
Алаңсыз сүйген болсаң анық мені.
Осылай бірін - біріне үздікке екі ғашықты айырған Көкенай әрекетін мен айыппаймын. Көкенай - ескі салт - сананың адамы, ол оқымаған қараңғы адам.
Жауап:
Мамыр айтты: Мен сенсіз тірі тұрман,
Үш қайырдым сөзіңді мен антұрған,
Бір құдайға сыйынып ал да жөнел,
Жолында өлсем разымын, жаным құрбан,- деп
Қалқаманға деген жүрегінің ыстық ықласын білдірген адал махаббат иесі.
Жауап: Жырда Көкенай батыр деп талады. Бірақ оның батырлығы ешқандай эпизодта жоқ. Мылтықсыз, қарусыз қыз, жігітті өлтіру - батырлық емес. Ол барып тұрған қорқақтық. Адал, ұлы махаббаттан қорыққан деп түсінемін.
3. Қалқаманның ел ортасынан кеткені дұрыс па? Теріс пе?
Жауап: Қалқаман қазақ халқының сол кездегі салт - дәстүрді бұзды.
Біріншіден, Мамырдың атастырылып қойған жерінің батасын бұзды. Екіншіден, өзімен жақын туысқан адамның қызын алды. Сондықтан ел бірлігі бұзылды, дау - жалдан көбейді. Осы себептен Қалқаманның көзге күйік болмай, алысқа кеткені дұрыс.
Жауап: Қалқаман өзін оққа байлап берген туысқандарын кешіре алмады. Елінде жүрген соң Мамырдың қайғысын да ұмыта алмады. Сондықтан ел ішінен кеткені дұрыс деймін.
Даттаушы топ: Мен Қалқаманның елден кетуін қалаймын. Туыстары, Әнет баба ол үшін қатты қиналды. Оны өлім жазасына кескен - Мәмбетейлер. Сондықтан жекпе - жекте аман қалған соң, елінде қалуы керек еді.
Жауап: Қалқаман елден безіп, өзінің күйректігін көрсетті. Оны елден ешкім қуған жоқ. Ол өкпелесе тек Көкенайға ғана өкпелеуі керек еді. Елде жүріп Көкенайға қарсы күш көсетуі керек еді. Мамырды шын жүрегімен сүйетінін дәлелдеп, оның есімін өтуі керек еді. Өзінің адал махаббат иесі екенін дәлелдеп, өзі үшін өліп кеткен Мамырға ұмытылмастай етіп ескерткіш мұнара орнатуы керек еді. Мысалы Айша бибіге ескерткіш орнатқан Қарахан батыр сияқты. Сондықтан оның елден кеткені дұрыс емес деп ойлаймын.
v. Мұғалім: Иә, балалар әрқайсың өз пікірлеріңді дәлелдеп айтып шықтыңдар. Қалқаман мен Мамырдың қосылуы дұрыс, теріс деп кесіп айту қиын. Ол заман әйел затын қор еткен, бұғауда ұстап, малға сатқан заман, сондықтан еркіндікке ұмтылған Қалқаман Мамыр жүрек қалауын мақсат ете білген, адал махаббатқа жүгіндіре білген. Шәкәрімнің да мақсаты сол. Ол да өз заманының қатаң қағидасына наразы, қарсы.
Ал, Көкенай бейнесіне келетін болсақ, өз заманының заңын бұлжытпай орындайтын, одан басқа білімі жоқ доңайбат ел ағасы. Шаш ал десе бас алатын қатал, қатыгез. Ежелден келе жатқан ата - баба дәстүрін бұзды деп жазықсыз Мамырды құрбандыққа шалды. Егер Көкенайдың ең құрмаса діни сауаты болса, адам қанын мойнына жүктемес еді, адам қанының салмағын білер еді.
Ал Қалқаманның еліне өкпелеп кетуі дұрыс деп жатырмыз, ал шынайы махаббат тұрғысынан қарасақ, ел ішінде қалып Мамырдың басына ұмытылмастай ескерткіш нұр үстіне нұр болар еді - ау.
Не десек те екі топтың да нақты жауаптарына мен ырзамын. Басты мақсат - Қалқаман - Мамыр оқиғасынан ғибрат алу.

ҮІ Сабақтан алар тәліміміз:
« Ата салттан аттауға да болмас,
Жүрек қалауын тастауға болмас».

ҮІІ Оқушылардың білімін бағалау.
ҮІІІ Үй тапсырмасы. Шығарма «Егер мен Қалқаман болсам...»
36 687
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» дастаны
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» дастаны
Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасының мазмұны бойынша талдау жасайды. Поэма оқиғасы мен кейіпкерлеріне мінездеме береді. Поэманы оқып мазмұнын білу. Поэмада көрінген әдет - ғұрып туралы мәлімет беру.
Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Поэмаға әдеби талдау жасау, әдебиет теориясы бойынша кейіпкер туралы түсініктерін кеңейте отырып, Қалқаман, Көкенай әрекетіне екі түрлі көзқарасты баға беру.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қалқаман – Мамыр» поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірімен танысып, поэманың идеясын ашу, білімдерін жан - жақтылы кеңейтеді, поэманың негізгі түйінін таба білуге дағдыланады.
Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр» поэмасы
Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр» поэмасы
Көкпекті ауданы, Бастаушы ауылы Абай атындағы орта мектебі КММ Байкубинова Р. К.
Шәкерім Құдайбердіұлы «Қалқаман –Мамыр» поэмасы
Шәкерім Құдайбердіұлы «Қалқаман –Мамыр» поэмасы
Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Жаңажол орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бидалова Айгүл Кәрімқызы
Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қалқаман - Мамыр” поэмасы
Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қалқаман - Мамыр” поэмасы
Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылы КММ “Амангелді орта мектебі Бибосинова Г. Т.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×