ойын сауық отауы
Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2
11.08.2015 24 120 0 Admin

Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2

Өлеңдер
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ.
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы жотасы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі шығыңқы аламайлы

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем
Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

Жаз
Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда:
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда:
Шұрқырап жатқан жалқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, билер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап.
Жалшы алдаған жас бала
Жағалайды шешесін:
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйге атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен:
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап,
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген,
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған.
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы,
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап,

***
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппайсыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Еждиһатсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалап жаласы.
Бұл іске кім виноват
Я Семейдің қаласы?
Я қазақтың аласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңлінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы болсаңыз
Здравомыслящий
Ақыл айтпай ма ағасы?

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме
Оқалы киім киюге,
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға.
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қылысың
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге,
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап
Кореннойға кіруге,
«Талапты ерге нұр жауап»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен тәуекел,
Занимайся прямотой
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайша, қайда енуге?

Көкбайға
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды,
Ол жыламай қайтып тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.

Көжекбайға
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезеді деген.

***
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.

Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.

Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз –
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасымды да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.

Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Ит мұрындай наданның жыртты бірі.

Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп қозғалып қан.
Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім.
Артық жолдас таппадым татулықтан.

***
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан ала-ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады,
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жаурап қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң –
Қалаға шапса демалмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу»,
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа,
Арақ ішпей мас болса,
Ел тыныш болса азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса салбырап,
Түзге шықса албырап,
Кісіні көрсе қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап.
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй таңдап,
Ақылы бар кісіні
Айбаттайды даттайды.
Ауқаты бап туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтырып,
Кетер бір күн отырып,
Қызмет қылған кісісін
Құтыртуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзімде қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз –
Елдің жайы солай-ды.

Көжекбайға
Бөтен елде бар болса
Ежеттесің, сыйласың,
Сыбырлас, сырлас көп болған,
Көптен тату қимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын:
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.
Желіккен жауың кез болса,
Араздығы сөз болса,
«Бәрекелді батыр» деп,
«Мықты боп бара жатыр» деп,
Мақтап - мақтап қоздырар.
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, құдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап қайттым деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған
Иман жүзін тоздырар.
Келіп-кетіп көп жүріп,
Мен досыңмын деп жүріп,
Дұспандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар.
Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып бөскенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып біріне
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас қасыңда.
Жетектесең, табандар
Далаға шығып өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп
Қалтаң-құлтаң амалдар.
Туысқанға кекшіл
Жас баладан бетерді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ
Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай.
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Әуелі сонан естісең
«Ат үстінен көтерді».
Ауыр жұмыс кез болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді.
Үйренбейді кісіден
Кіржіңдеп жүріп кекерді.
Оңалып егер алдыңыз,
Әржерден-а көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пәленшені ұрам деп,
Түгеншені қырам деп,
Таршылықта қайраңдап
Кеңшілікте ойраңдап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,
Бықсып шірір ішінен.
Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңлі суысқан.
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйіңде кезексіз
Шешен келер сартылдап.
Білетін біреу кез келсе
Сөз таба алмас қалтылдап.
Қалжыңға келер шорқақтау,
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор,
Томырық келер тарқылдап.
Әдеппен тамылжытып,
Мінезі тәтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,
Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең,
Ешнәрсеге тоймайды.
Қалжыңы теріс, сөзі – ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді.
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар бір қырыс.
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады.
Көңілге медеу, ол тыныс?
Жалығуды пәледен
Жұлт ұмытты біржолы.
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені мас, жеген тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
«Бұлт ала, жер шола».
Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолғаалды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қырыдып сандалды.
Астыртын барып жолғасқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын әрең сол алды.
Орыс сияз қылдырса,
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бырым қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.
Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа?
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар к... жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты.
Жалдының малын көре алмай,
Борышын түгел бере алмай,
Көрінгенге обықты.
Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесапатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай зорықты.
Бөтен елдің адамы
Тынбаған соң арамы,
Көңілі әбден торықты.
Саудагер қашты бұл елден,
Несиесін жия алмай.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сия алмай.
Сыйымсыз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай.
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқыны кетті ғой,
Елмін деген салты бар.
Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ, ұялмай.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Тіл өнері жайлы. Жүсіп Баласағұн Тіл өнері жайлы. Жүсіп Баласағұн
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар, Қор қылар тіл, кететіғұн бас болар. Тіл — арыстан есік баққан ашулы, Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!
Адамның бет пішініне қарап психологиялық бейнесін ашуға болады! Адамның бет пішініне қарап психологиялық бейнесін
Үшбұрышты бет. Кең маңдайлы, мәрт мінезді, тұңғиық көзді, иегі шығыңқы адамдар. Бұндай келбет интуициясы жоғары, өзін сүйетін, қызғаншақ,
Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы жұмбақтар. Жұмбақтар. Адам. Адамның дене мүшелері туралы
Жұмбақ. Таудан биік, теңізден терең. (Ақыл)
Білектей арқасында өрген бұрым Білектей арқасында өрген бұрым
Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ. Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×