Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақ ұлтының болашағы барыс текті намысты ұлда

25 сәуір 2015, Сенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Қазақ ұлтының болашағы барыс текті намысты ұлда
Сана тәуелсіз болмай ешқандай ұлт бостандыққа жетпейді.
К. Д. Ушинский: «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс» - дейді, яғни әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін, салтын сақтап, сол рухта тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттігін ескерткен. Сондықтан жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай еңбек етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу - ұстаздардың басты міндеті болмақ.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп М. Әуезов айтқандай, ел болашағы қазіргі жасөспірімдердің қаншалықты білімді, тәрбиелі болуына байланысты. Яғни, әрбір адам балалық шағынан бастап «Қазақстан – менің Отаным, оның алдында борыштармын» деген ойларды сіңіріп өсуі қажет..
Мақсаты: Ұлттық намыс, ұлттық сана - сезім, рухани байлықты (тіл, дін, салт - дәстүр) бойына сіңірген ұлтжанды, білімді, саналы, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу.
Тәрбиелік шараның жүру барысы:
Мұғалім:
Шара «Өзіммен - өзім сырласу» тренинг әдісімен басталды. Оқушылар тыныштық сақтап, қолымызды кеудемізге қойып, жүрегімізді тыңдап көрейікші.
Жүректің әрбір лүпілі – «ана», «әке», «ата», «әже», «бауырларым», «Отаным», «Қазақстаным!», «Мен қазақпын», «Мен болашақтың намысты ұлымын» деп тұрғандай (оқушылар жүрегінің тұсын ұстап осы сөздерді айтады). Олай болса, ата - аналарыңды ертең бағып - қағып, асырайтын, Отанымыздың тыныштығын сақтап тұратын, елді жаудан қорғайтын сендерсіңдер. Бұл тағылым бала бойына сүйіспеншілік ұялатады.
«Ой ашар» бөлімі:
Ұлттық намыстың түп тамыры – адамгершілікте. «Қисық біткен талды жастайынан түземесе, буыны қатқан соң оның көлеңкесі де қисық боп түседі» деген түйінді сөздің мағынасын ашу.
● Осы заманның даму үрдісі жас жеткіншектерге қалай әсер етуде?
● «Ұлттық намыс – ұлттың тірегі». Ұлдарымыз осы ұлттық намысты
бағалап жүрме?
● Ел болашағы, Отанды қорғау жастар қолында.. Ал қазіргі ұлдарымыздың
қалі қандай? Ұлдарымыз «намысты ұл» атағына лайық па?
● «Ертеңін ойлаған ел азбайды». Жылдан - жылға маскүнемдер, нашақорлар неге көбейіп бара жатыр?(слайд)
Мұғалім: Шындығына келгенде бала тәрбиесі – жаумен арпалысып, елді қорғаумен тең жұмыс болып кетті. Кезінде, Малайсары би былайша толғайды:
Жаман болса – жақын жау,
Шабан болса – атың жау.
Шайпау болса – қатын жау,
Кетеген болса – түйең жау.
Тебеген болса – биең жау,
Жымысқы болса – жиен жау.
Тіл алмаса – балаң жау,
Көңіл көзімен өзің зерделерсің.... деген екен(слайд).
Қазыбек би: «Біз мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» - деп қазақ елінің ешкімге соқтықпағанын айтса, «Жаным – арымның садағасы!» - деп адамгершілік рухты биік ұстағанын жырлайды.
Бұрынғы өткен ата - бабамыз ұл баланың тәрбиесіне аса мән берген. Ұл бала шаңырағыңды шайқалтпайтын, ошақ отыңды өшірмейтін, ізіңді жалғастыратын болашағың. Балаңды жақсы көру деген сүт бетіне қаймақ ғып әлпештей беру емес. Ретті жерінде ақыл айту, білмегенін ұғындыру, аз - кем оғаш қылықтарын көрсең қабағыңмен жасқау қажет, тіпті шектен шығып бара жатса шапалақтың да зиянды жері жоқ. Мұның бәрі түптеп келгенде болашағыңның қамы.
Баяғы қасиетті шалдар ер балаға бес жастан бастап құман ұстатып қонақтың қолына су құйғызған, онға толса пышақ ұстатып ет туратқан, он бес жастан табақ тарттырған, жиырма жастан бастап сыбанып табақ жасатқан (Д. Матайқызы «Айналайындарым менің...» кітабынан).
Ешкім іштен біліп тумайды. Тәрбие ұлға да, қызға да бесік пен босағадан басталады. Ұлыңды - жарығым, қызыңды - жалғызым деп ішер – тамақ, киер – киімге тарықтырмай, қалтасына ақша тығып, сүт бетіне қаймақ ғып құр мәпелеу – бұл тәрбие емес. Ұлтымыздың ар - иманын, ынсап - қанағатын бойына сіңірмей өскен ұрпақ алдымен ата - анасының сосын өз бетін шиедей етеді.
Халықта «Сыйласаңдар кәріңді – жарылқармын бәріңді» - деген ең ұлағатты сөз бар. Ел ұстаймын деген ұлдарым, әрқайсысың ағайынның емес, алты алаштың азаматы болыңдаршы. Енді тақырып төңірегінде ой қозғайық (оқушылардың ой пікірлері).
Оқушы: Меніңше, мәселені адамгершіліктен бастау қажет.. Өз міндетіне адалдық, желісі үзілмеген тәлім - тәрбие, бауырмалдық бар жерде ғана қоғам түзеледі. Адамгершілік мәселесі – түптің түбінде ұлттық идеологиямызға айналуы мәлім. Әйтпесе, экономикасы дәуірлеген кейбір елдердің жастарының нашақорлыққа, алуан қылмысқа, айтуға аузы бармас жат қылықтарға жиі бой алдыратынын қай - қайсымыз да естіп – біліп жүрміз. Қисық біткен талды, кезінде түземесе буыны қатқан соң оны түзеу мүмкін емес. Тәрбие де дәл сондай деп ойлаймын.
Оқушы: Адамгершілік айналайын деген сөзден басталады. Аллатағалла, адамның басына – сана, жүрегіне – сезім, көкірегіне – арман берген. Және қоршаған ортаға иелік етуді тапсырған. Бұз, қират, өрте, шашып - төк, ысырап ет демеген. Ал, қазір қалай? Қалай болушы еді, адам деп, оған сана, жүрегіне сезім берді,- дейміз, қазіргі ғаламдану кезеңінде ұлдарымыз нашақор, қыздарымыз жеңіл жүрісті болып бара жатыр(маскүнемдер, нашақорлар суреттерінен слайдтар). Бұған менің сыныптастарым қандай ой айтар екен?
Оқушы: Қазіргі жастар, соның ішінде қала жастары арақ, темекі, нашаға әуес. Жылағанның алдынан өкірген шығады демекші, ішімді, темекімен жағаласып жүргенде, енді одан да сорақыны кім көрген? Кейбір зерттеушілер адамның осы екі індетке деген әлсіздігін қоғамнан көріп жатады. Мен өзім осы пікірмен көп келісе бермеймін. Жұмыр басты пенде өз еркіне өзі ие болса, қоғам олардың аузына стақан тосып, тамырына ине шаншып жатқан жоқ қой (арақ, темекі, нашақор, т. б. слайдтар). Қиындық атаулыны жеңер жалғыз жол – ішіп - маскүнем, егіліп - нашақор болып кету ме еді? Өз бойыңдағы кінәні өзгеден іздемеу керек. Адам болу әркімнің өз қолында деп ойлаймын.
Оқушы: Мұсылман елінде осы ішімдік пен есірткіге ерте бастан қатаң тыйым салынған. Адамды ақ жолынан адастыратын, күнәнің қараңғы түнегіне қамайтын әзәзілдің тамырына балта шапқысы келген ислам діні неткен көреген де қасиетті десеңші! Өз еркіңмен абыройдан айырылғаннан бетер өкініш бар ма? Небір жас жеткіншектеріміздің азып - тозып, қайыршы, ұрлап қарақшы боп кеткені – қоғамның қасіреті. Әр адам - қоғамның баға жетпес байлығы, тұлғасы, болашағы.
Оқушы: Қазіргі жастар ішімдікке, нашаға әуес. Ішімдікке бой алдырған әйел заты қайтадан үйірге қосылып жарымайды. Себебі, әйелдің нәзік ағзасы емге көнбейді. Ал, ер - азаматтарды сауықтырып алуға болады екен. Анаң сені араммен емес, ақ сүтімен ауыздандырған. Олай болса, ата - анаға кір келтірмейік. Сен қалай ойлайсың? Арақ ішіп, темекі тарту мода ма?
Оқушы: Орыс үшін арақ ішу ежелден келе жатқан ұлттық салт десек қателеспейміз. Орыс халқында арақ ішу мәдениеті қалыптасқан. Олар тірлігін тындырып, өзара келісімге келіп болған соң ішеді. Ал, қазақ ше....?
Оқушы: Ата - бабасы ішіп көрмеген, әдет қылмаған арақты қай жерде керектігін білмейді, ол жағынан беймағлұм. Біздің ұлтқа маскүнемдік мүлдем жараспайды. Арақ қалай пайда болды? Кезінде Н. Миклуко – Маклай жер шарын шарлағанда Жаңа Гвиней жерінің тұрғындары пауастардың әлі от жағу әдісін білмейтінін, бірақ адамды қоздыратын ішімдік жасау жолын меңгергенін байқаған. Алғашқы кезде шарап пальма шырынынан, балдан, жеміс шырындарынан жасалған. Кейін шарапты жүзімнен жасайтын болған.
Оқушы: Темекіні қай жерде, қай заманда алғаш рет қолданғаны белгісіз. Жорамал бойынша жабайы адамдар бір шөптің жапырағының түтініне қатты елтиді де, сол еліткіш түтінді өзі пайдаланған, басқаларға үйреткен. Еуропаға темекі ХҮІ ғасырда, ал Россияға ХҮІІ ғасырдың басында тараған. Темекінің отаны Куба болып саналады. Кубада «Табака» деген жерде өсетін «Табак» өсімдігінен темекі жасалған. Темекі түтінінің құрамында никотин уы бар. Бір тамшы никотиннің жылқы малын өлтіргендігі анықталған. Ал, адам өмірі үшін 10 - 12 тал шылымдағы никотин жеткілікті. 20 - 25 жыл темекі тартқан адам ағзасына 800 грамм никотин жинайды екен. Мәселен, зерттеулер бойынша 7 - 8 сынып оқушыларының 35, 6%– жолдасына еліктеуден, 30% – қызығудан, 10% - өзін ер жеттім деп санаудан тартады екен.
Оқушы: Есірткі – адамның қас жауы. Осы әсерлі затты адамдар ортақ шприц арқылы пайдаланып, нәтижесінде қаһарлы ауруға ұшырайды. Мұны пайдаланған адам арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді, өз әрекетіне жауап бере алмайды, қылмысқа барады. Ақыл - ой жүйесі бұзылады. ЖҚТБ - мен ауырған адам кем дегенде 6 жыл өмір сүреді.
Мұғалім:
ЖҚТБ - ның құрбаны: - денсаулықтан айырылады;
- отбасынан айырылады;
- үйінен айырылады;
- жұмысынан айырылады;
- достарынан айырылады;
- үмітсіздік пайда болады, т. б.(слайд)
-
Оқушы: Дін не дейді? Өтірік айтпа, ұрлық жасама, қиянатқа барма, біреудің ала жібін аттама, бойыңды таза ұста, ата - анаңды сыйла, кішіге қамқор бол дейді. Дін жолы – иман жолы. Дін деген бұл ұлы сенім. Ал, сенім дегеніміз – адамгершіліктің тірегі.
Мұғалім:
Темекі тарту, ішімдік ішуге, нашаға қарсы қандай іс - шаралар жүргізілуде?

1. Темекіні насихаттауға, көпшілік ортада темекі тартуға тыйым салынған.
2. Үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде.
3. Біздің елде Елбасымыздың «2030 бағдарламасында» темекі тарту, ішімдік ішу адам өміріне жат қылық екендігі айтылған.
4. 1988 жылы Денсаулық сақтау Министрлігі Ұлыбритания үкіметімен бірлескен ЖҚТБ мәселесі бойынша кездесу өткізді. Осы кездесуден соң 1 - желтоқсан Дүниежүзілік ЖҚТБ – мен қарсы күрес болып аталды. 1994 жылы ҚР - да «ЖҚТБ - ның алдын - алу туралы» заң қабылданды. 2001 жылы «ҚР - да ЖҚТБ індетінің алдын алудағы стратегиялық бағдарламасы» ҚР үкіметі қаулысымен бекітілді.(слайд)
Мұғалім:
Әдеби бөлім: «Өлеңді жатқа айту» оқыта үйрету ойыны
(қара өлең жолдарынан үзінділер)
«Зиянды әдеттер»
«ХХІ қарсыласы»
«Күрк - күрк көкжөтел»
«Егеменді ел болдық»
«Ойланайық, адамзат»
«Ей, адамзат»
«Нашақордың сойқаны»
«Нашақорлық жойылсын», т. б.
Мұғалім:
«Уланбасың өмірің» бөлімі (жұмбақтар, мақал - мәтелдер)(слайдтар)
● Түтін болып кіреді,
Күркіл болып жүреді. Ол не? (Темекі)
● Мұрныңа тақасаң түшкіре бересің,
Ерніңе тақасаң түкіре бересің. Ол не? (Насыбай)
● Оңға қарай оқысаң,
Әзәзіл деп білерсің.
Солға қарай оқысаң,
Жаға салар күйесің. Ол не? (Арақ)
● Өз - өзімен отырып,
Сықылықтап күледі.
Ұрмай - соқпай өкіріп,
Жылай салар бұл өзі. (Нашақор)
● Темекі тартқан бір кісі,
Уланған бүкіл......... (үй - іші)
Арақ ішті дегенше,
Азғын...... түсті де. (жолға)
● Шараптың қызығы бір кеште өтер,
Шатағы оның....... жетер. (бір жетіге)
● Мастықтың түбі......
Мазақтың түбі.......... (мазақ, азап)
Мұғалім:
«Ой дамыту» бөлімі (Сөзтуым «Адамгершілік»)
«Адамгершілік сөзін қалай түсінесің?» деген сөзге топтастыру ассоциациясы:
- Иманды
- Әдепті
- Ары таза
- Көпшіл
- Адал
- Сыпайы
- Зор тұлғалы, т. б.
Мұғалім:
«Ой жұмбақ» ойын бөлімі:
ХХІ ғасыр обасы........ (СПИД)
Аты әйгілі шөп.......... (Наша)
Көп тараған ауру.......... (Туберкулез)
Маскүнемнің сусыны......... (Арақ)
Темекідегі улы зат............... (Никотин)
Қоғамға жат қылық әкелуші......... (Қылмыскер)
Адам бойындағы ең маңызды қасиет........ (Адамгершілік)
Мұғалім:
Ұққанымыз не? « Не білдік? Не ұқтық? Не үйрендік?»
Шымшық балапанына жем тасып, өзі жеуді ұмытып, балапаны ұядан қанаттанып ұшқанда өзі аштан өлетін көрінеді. Ата - ана да әлгі шымшық сынды. Қолындағы бар жақсысын ұрпағына береді. Өзім жетпегенге солар жетсе екен, өзім көрмеген қызықты солар көрсе екен деп армандайды. Олай болса, балалар, ата - аналарыңның сенімдерін ақтаңдар, сыйлаңдар.

Аллатағалла:«Адамға ғұмыр бердім, көретін жарық, тататын дәм, таусылмас арман бердім, бірақ ниетін өзіне қалдырдым»,- депті. Олай болса, көретін жарықтарың, тататын дәмдерің, алла берген ниеттерің түзу болсын.
● Көңілдеріңізді көлеңке шалмасын.
● Жат қылықтардан аулақ болыңыздар.
● Жүректеріңізге иман ұяласын.
● Білімді, барыс текті намысты ұл болыңыздар!(слайд)
3 588
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Саналы ұрпақ ұлт болашағы (эссе)
Саналы ұрпақ ұлт болашағы (эссе)
Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе.
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда.
Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде
Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде
Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылы. Қабдығалиева Азия
Ұстаздық – киелі де, мәртебелі мамандық
Ұстаздық – киелі де, мәртебелі мамандық
Ақтау қаласы, М. Әуезов атындағы №20 жалпы білім беру орта мектебі Беккожина Нуржамал
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Керекбаева Жұмагүл математика пәнінің мұғалімі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп
Оқу - тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану арқылы белсенді шығармашыл тұлғаны қалыптастыру
Оқу - тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану арқылы белсенді шығармашыл тұлғаны қалыптастыру
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы №26 мектеп – гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бейсембаева Бақтыгүл Қабдығалымқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×