Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Бәрі де жеңіс үшін Шығыстың қос шынары

25 қараша 2012, Жексенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Шарапат Сейдахметова

«Бәріде жеңіс үшін»

Тақырыбы: «Бәріде Жеңіс үшін!!!Шығыстың қос шынары» Мақсаты: Жас жеткіншек ұрпақтарды Отан сүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа баулу. Ұлттық патриоттық сезімін қалыптастыру; елін, жерін қорғауға, бейбітшілікті нығайтуға тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беру. Оқушылардың бойына патриоттық сезімін ояту.
Түрі: Тәрбие сағаты
Тәрбие сағаттың барысы:
I. Шығыстың қос шынары: Әлия мен Мәншүктің өмірбаяны.
II. Арулар отты жылдарда: Соғыстың алғашқы әсерлері.
III. Ерлік отын алаулатқан қазақ қыздары (ерліктері туралы көрініс).
IV. Батырдың өзі өлсе аты өлмейді (берілген атағы, батырлар жайлы шыққан кітаптар, фильмдер). Сазгер Д.Тухмановтың кеңінен таралған
Слайд. Әлия мен Мәншүк
Кіріспе.
Бүгінгі тәрбие сағаты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты. Сан мыңдаған ер азаматтардың өмірін қиған Ұлы Отан соғысының әлемдік тарихтағы орны зор. Бес жыл бойы дүниені дүрліктірген соғыста небір жанқиярлық ерліктер жасалды. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан аға ұрпақтың қатарында қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары да болды. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыр қыздары Шығыстың қос шынары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова туған жерді қасиет тұтып, ата-мекенді ардақтау Отанын қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Қанға боялған даласы, аңыраған анасы, жетім қалған балалар үшін шайқасты.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйемін.
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған Отан деп сыбырлаған.
Бозторғайы бол оның шырылдаған
Отан, Отан
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,- деп ақын Мұқағали жырлағандай, әрбір қазақтың жүрегінде Отан туралы сезім жоғары тұрады.

1-жүргізуші: Армысыздар құрметті көрермендер, ағайлар мен апайлар. Біздің әрқайсымыздың жадымызда өзінің өшпес ізін қалдырған Ұлы Жеңіс күніне байланысты жүректен шыққан ең шынайы құттықтауды қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші:Жер бетіндегі барша ізгі ниетті адамзат екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 67 жыл толуына зор тарихи оқиға ретінде атап өткелі отыр.

1-жүргізуші: Өздеріңізге белгілі, 1941 жылы 22 маусым күні таңғы төртте бейбіт жатқан елімізге Германия ойламаған жерден соғыс ашты. Фашистік Германия қарақшылықпен Совет Одағының шекарасын бұзып, басып кірді.

2-жүргізуші:Суық хабар сол күні-ақ байтақ жерімізге жер-жерден, ауыл-аймақтағы радиодан әйгілі диктор Левитанның қуатты үнімен түгел тарады (Үнтаспадан Левитанның үнін естиді). Ер азаматтар өздері сұранып майданға аттанады.

1-жүргізуші: Қазақтың қанында бар қайсарлықты сын сағатта қазақ қыздары да көрсетті. Қаршадай қазақ қыздары темір мәшинені жау шоғырына бағыттаған танкисттер Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, сержант Жамал Байтасовалар да болды.

Ән: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» Тоқымбай Қалампыр
2-жүргізуші: Даламыздың даңқысың
Балауса гүл балғын қыз.
Жанын қиып, халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.

1-ші оқушы: Әлия Молдағұлова.
Қаһарман қыз Әлия Молдағұлова Қобданың жағасындағы Бұлақ ауылында 1923 жылы шамамен 15 маусымда Нұрмаханбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында өмірге келген. 1933 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін әжесі Тәжікеннің тәрбиесінде, апасының сіңлісі Сапурамен бірге тең дәрежеде жүрді. Нағашы ағасы Әубәкір қызмет бабымен Әулие-Атаға көшіп келеді. Сол жерде №11 темір жол мектебіне Әлия 1-ші сыныпқа 1934 жылы қабылданады. Молдағұловтар отбасы Мәскеуге көшіп келеді де Әлия мен Сапураны 1935 жылы №35 Мәскеу орта мектебіне береді. Сол жерде 1938 жылдың наурызына дейін оқиды. Отбасының жағдайына байланысты Молдағұловтар Әлияны Ленинградтағы №46 балар үйіне береді. Ол №140 орта мектепте оқиды. Әлия бір беткей, әділетті шындықты көзге айтатын, қорықпайтын, сыныпта староста болған. Мектепте пионер вожатый қабырға газеті редакция алқасының мүшесі болған. Тәртібі мен білімі үшін «Артек» лагеріне жіберілді. Соғыс басталғанда Әлия комсомол қатарына қабылданды.

2-ші оқушы:Мәншүк Мәметова Жансығали қызы 1922 жылы 23 қазанда Орал обылысы, Жасқұтта Нарын ауданында туған. Отбасында 5-еу болған. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін Алматыда апасының қолында болады. Мектепте оқиды, одан кейін Мединститутта оқиды. 1942 жылы Алматыдағы медицина институтын бітіріп, 1942 жылы тамызда соғысқа өзі сұранып аттанады.

3-ші оқушы:Вятскіде 7-ші сыныпты бітірген Әлия-Рыбинск авиа техникумына түсіп, ұшқыш болып, жауға қырғындай тиюді көкседі. Бірақ бұл мамандықты игеру үшін көп оқу керек болды,ол майданға аттануға асықты. Үш ай оқығаннан кейін Қызыл әскер қатарына өтуге арыз берді. 1942 жылғы желтоқсанында үздік мерген атқыштар даярлайтын орталық әйелдер курсы ашылды. 17 жастағы Әлия сол курстың алғашқы тобына 1942 жылы өзі сұранып, әрең қабылданады. 1943 жылы 23 ақпанда оқуын аяқтап, алғы шепке кету арманына жетті. Әлия Солтүстік майданға келді.
4-ші оқушы: Айнала орман алаң бір
Тоқтаған атыс белеңде.
Жалт ете қалды командир,
Мергендер келді дегенде.
Сәби ғой мынау бауырым,
Ернінен уыз кетпеген,
Балалық шақтың әлі бір,
Балауса табы кетпеген.
Жасаған екен батылдық,
Жіберген адам мұны да,
Жауынгер қане атың кім?
Әлия Молдағұлова.

5-ші оқушы:Отан қорғау жолыңда қаһармандығымен көзге түскен батыр апамыз Мәншүк Мәметова соғысқа өзі сұранып аттанды. Пулеметші болып «Максиммен» жауды топырлата қырды. Өзім өлсем де, Отаным аман болса екен,- деп армандады. Қазір Алматы қаласында Мәншүк Мәметова атындағы мектеп бар. Оның алдында батырдың бюсті түр. Мектептің ішіне кіріп, дәлізбен жүрсең, бір класстың маңдайшасында былай деп жазылған : «Бұл класста Мәншүк оқыған». Бір парта ақпен сырланған. Бұл партада Мәншүк отырған. Батырдың туған қаласы Оралда Мәншүкке орнатылған ескерткіші бар. Невель қаласында да ескерткіші бар.
5-ші оқушы: Мәншүк.
Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Қолында пулеметі «Максим» оның,
Бойында күш-жігері тасқын оның.
Ерлермен тізе қосып шабуылда,
Оғымен қырғын майдан атты жолын.
Көзінен ұшқын оттай лапылдаған,
Жауына қанар тігіп, қатуланған.
Отан үшін шайқаста ауыр күнде,
Төнсе де өлім қаупі жасымаған.

2-жүргізуші: Сапура жаным! Халың қалай?
Ауыл-ел тегіс аман ба?
Қауырттау кезең боп әрқалай
Қол тимей кетті-ау хат жазуға.
(Әлияның Сапура әпкесіне соғыста жазған хаты).
(Әлияның киімін киіп, қолында винтовкасы бар).
«Сәлем саған Отаным
Сәлеметсің бе, қымбатты сіңілім Сапура. Жиі-жиі хат жазамын деймін саған, бірақ жағдай мүмкіндік бермейді. Сенің жазған хатыңды алған соң бірнеше рет хат жаздым, оны алған, алмағаныңды білмеймін. Жақында менен ұзақ уақыт хат болмаса, таңданба, бұрынғы адреске жаза бер, себебін кейін хабарлармын. Көкеме, жеңешеме және басқа да туыстарға менен көп-көп сәлем айтып хат жазарсың. Егер көре қалсаң, мен үшін балалардың бетінен сүй. Өз денсаулығың, өмірің жайлы жиі хат жаз, көп жаз. Бетіңнен сүйдім Әлия».
1-жүргізуші: Елеңдеумен, келер деумен күндіз-түні,
Қайран шеше, білсе уақыт озғанын.
Жылдар бойы жүрді-ау үзбей үмітін,
Бозаң белден күтіп қыршын боздағын.
(Мәншүктің анасына жазған хаты. Мәншүк болып киініп, пулеметтің жанында тұрып, Мәншүктің хатын оқиды).

«Қымбатты мама».
Көптен күткен хат пен посылканы тура алғы шепке жүргелі тұрған сәтте алдым. Бұл 1943 жылдың 10-шы қыркүйегі еді. Өзіме бір-ақ алма тисе де, мен қатты қуандым. Кішкене сыйлықты мен сияқты күткен жауынгерлер мен командирлер талап кетті. Үлкен рахмет. Жолымыз сәтті болды. Ал қазір, алғы шепте пулеметіммен фашистерді мықтап аңдудамын. Түнде мүлдем дерлік ұйықтамаймыз, ал күндіз тынығамыз. Міне, қалт еткен сәтті пайдаланып, сізге жауап жазып отырмын.
Қымбатты әпкетай! Бүгін күндіз сәл тынығайын деп жатыр едім, бірден ұйықтап кетіппін. Сізді түсімде көрдім. Жалпы қазіргі өміріміз көңілді: фашистермен қару тілімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.Жеңіспен оралған соң, айтатын нәрсе көп-ақ. Қолыңды қатты қысып, құшып сүйемін. Қызыңыз Мәншүк. Менің майдангер жолдастарым сәлем айтып жатыр.
Ән: «Сөнбейді әже шырағың»

2-жүргізуші:Көрініс. «Мәншүктің жұлдызды сәті».
1-ші: Мәншүк Мәметова
2-ші: генерал Галицкий
3-ші: подполковник Баймолдин
4-ші: жауынгерлер
Үнтаспадан соғыс даласында жүріп жатқан үндері естіледі.
Генерал Галицкий дүрбімен майдан даласын қарап тұрды. Жанында подполковник Баймолдин. Атқыштар ортасының оң қанатымен жүріп отырып, аға сержант Мәметованың пулеметшілер бөлімшесі алға жылжып барады.
1. Г.Г- Жарайсың пулемет бөлімшесінің командирі. Қараңдар жолдастар өзінің бөлімшесін қалай жақсы бастап барады, өзі кіп-кішкентай екен.
2. П.Б- Жолдас Генерал сіз қазір көріп тұрған бөлімшені қыз бастап барады. Ол - пулемет бөлімшесінің командирі, аға сержант Мәншүк Мәметова.
3. Г.Г.- Солай ма? Оны маған таныстырыңыздар.
4. П.Б.- Бөлімшелер сапқа тұрыңдар! (Мәншүк бастаған бөлімшелер сапқа тұрады).
5. Г.Г.- Сәлеметсіздер ме жауынгерлер! (Сапқа таяп келіп).
6. Жауынгерлер – Саулығыңызды тілейміз жолдас генерал.
7. Г.Г.- Жарайсыңдар жолдастар. Дұшпанға аямай соққы бердіңіздер. Барлық жауынгерлер мен командирлерге алғыс жариялаймын.
8. Жауынгерлер – Отанға адал қызмет етеміз.
9. Г.Г.- Шабуыл кезінде пулеметшілер бөлімшенің аға командирі аға сержант Мәметова өз пулеметін дұрыс пайдаланды. Жолдас Мәметова бері келіңіз.
10. М.М.- Жолдас генерал, аға сержант Мәншүк Мәметова (генералға таяп келіп).
11. Г.Г.- Рахмет саған, қазақ халқының қызы, сен жақсы пулеметші екенсің!
12. М.М.- Отаныма адал қызмет етемін!
13. Г.Г.- Жасың нешеде, әрі сен майданға қалай тап болып жүрсің?
14. М.М.-20 жастамын, жолдас генерал, майданға өз еркіммен келдім. Ал өзім Алматы қаласындағы Медицина институтында оқыдым.
15. Г.Г.- Ал пулемет ісін қайдан, қай жерден үйреніп жүрсің.
16. М.М.- Осында жолдас генерал.
17. Г.Г.- Алдағы шайқастарда саған табыс тілеймін.
Мәншүк туралы ән көркем фильмінен үзінді
1-жүргізуші: Көрініс: «Соғып тұр мерген қыздың жүрегі».
1. Әлия Молдағұлова
2. Командир Попов
3. Жауынгерлер
Майдан даласы, пулеметпен атысып жатқан дыбыстар естіліп тұрады. Немістер пулеметпен оқ жаудырып, бас көтертпей тұрады. Әлия Молдағұлова 54 атқыштар бригадасының мергені болып жүріп, талай ұрысты басынан кешіреді. Әлиялардың батальоны жауды Казачиха деревнясынан қуып, Новосоколник-Дно теміржолын кесіп тастау туралы бұйрық берді. Жауынгерлер қарсыласқан жау тобына лап қойды. Жаудың пулемет, зеңбірек, минометтері зарлап қоя берді. Рота командирі Попов еді.
1. К.П.- Отан үшін алға! (автоматы көтеріп алға ұмтылады, сол сәтте оқ тиіп құлап түседі).
2. Ә.М.- (Жүгіріп келіп командирдің басын сүйеді) Жолдас командир, жолдас командир көзіңізді ашыңызшы (командир жауап қатпайды).
3. Ә.М.- Автоматты қыз жолындағы жауды баудай түсіреді. Отан үшін алға!
4. Жауынгерлер -(қазақтың жаужүрек қызының артынан уралап ілеседі). Ура! Ура! Отан үшін алға!
5. Н.О.- (Әлияның оғынан жараланған.Әлияны артынан пистолетпен атады).
6. Ә.М.- (құлап бара жатып неміс офицерін атады). Бұл оның өлтірген соңғы немісі еді
7. Жауынгерлер - Бәрі де тыныш тұра қалады. Құлап жатқан Әлияның алдында ант береді; Қайталанбас қаһармандық көрсеткен қазақ халқының батыр қызының кегін жаудан алуға ант береміз. Отан үшін алға!
2-жүргізуші: Окоптың ішін шаң жапты,
Екеуі де енді тұншықты.
Әлия да атты, жау да атты,
Екі оқтың даусы бір шықты.
Бейнетаспадан майдан даласынан үзінді көріңіздер.
Ән: «Әлия» Жайылхан Жауқазын
2-жүргізуші«: «Бәріде Жеңіс үшін!!!Шығыстың қос шынары». Отан үшін ерлікпен қаза тапқандарды ел әр уақытта да есінде сақтайды. Олар Отан үшін, ел үшін құрбан болды.

1-жүргізуші:Бүгін осы күнге жете алмай, алапат майданда арманда кеткен азаматтарымызды басымызды иіп еске аламыз. 1минут үнсіздік.

2-жүргізуші:1945 жылдың 30-шы сәуірінде Рейхстаг үстінде Жеңіс жалауы желбіреді. Жеңіс! 8-мамыр Берлин де фашистік Германияның толық жеңілгені туралы құжатқа қол қойылды. 9 мамыр күні Жеңіс Мәскеуде тойланды.

1-жүргізуші:Қамықпаған қиындықтың түсінен, Қамықпаған қиындықтың түгінен. Өздеріңе жинап қырдың гүлінен, Бүгінгі ұрпақ - бақытты ұрпақ атынан, Құттықтаймыз Ұлы Жеңіс күнімен!
Ән: «Соғыстан қайтқан солдаттар» Мүсілімов Нұрбол, Мұрат Жұмабек

Слайд. Жеңіс туралы!
Қорытынды.
Оқ пен оттан аман оралып, ортамызда жүрген аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін әрдайым мақтан тұтамыз. Елімізді ғана емес, Еуропаны фашизмнің қара түнегінен азат еткен ардагер ағаларымыз бен апаларымызды кейінгі ұрпақ - біз ешқашан ұмытпаймыз. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Сондықтан да біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін әрқашан қастер тұтамыз. Олардың ерлігі ешқашан естен шықпақ емес. «Батырдың өзі өлсе де, аты өлмейді».
«Ақсақалдың ақ батасын құптаған,
Марқасқалар айтқан сөзін жұптаған.
Есенейге ел билетіп Ұлпандар,
Қобыланды кеңес ал Құртқадан,
Даласы кең осыншама салты бай,
Өле сүйген сүйе алмаған жартылай.
Қажет – жерде батыр қыздар туатын,
Қайран менің қазақ атты халқым-ай», - деп Ақұштап Бақтыгереева жырлағандай Отанымыздың – өр сезім батыр қыздары. «Шығыстың қос шынары» - атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Ұлы Жеңістің 67-ші көктемі құтты болсын!
50 443
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Әлияның ерлігі - елге мұра, ұрпаққа ұран!
Әлияның ерлігі - елге мұра, ұрпаққа ұран!
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің маңыздылығын ұғынуларына жағдай туғызу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған аты аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі және Ұлы Отан
Ұлы Жеңіске - 70 жыл!
Ұлы Жеңіске - 70 жыл!
Атырау қаласы, №8 «Ақбота» шипа - жай типті бөбекжай балабақшасы. Ересектер тобының тәрбиешісі Гилажова Айгул Мауфихқызы
Ұлы жеңіс - жасасын!
Ұлы жеңіс - жасасын!
Тақырыбы: «Ұлы жеңіс - жасасын!»
Қос жұлдыз
Қос жұлдыз
Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Новомарковка ауылы, бастауыш сынып мұғалімі Динара Қайырбекқызы
Шығыстың  қос  шынары
Шығыстың қос шынары
Қызылорда қаласы, Талдыарал елді мекені №215 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Серімбетова Салтанат Темірханқызы
Ұлы жеңіс - жасасын! (тәрбие сағаты)
Ұлы жеңіс - жасасын! (тәрбие сағаты)
Ұлы жеңіс - жасасын! (тәрбие сағаты) Тақырыбы: «Ұлы жеңіс жасасын!» Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деге сйіспеншілігін арттыру.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×