Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Желтоқсан желі

19 желтоқсан 2012, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
ШҚО, Катонқарағай ауданы,
Катон ауылы математика пәнінің мұғалімі
Жанузакова Аяулым Жанатовна

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Желтоқсан желі»
Мақсаты: Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз отанын сүйетін азамат қалыптастыру, от жүректі өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Патриоттық сезім қалыптастыру.
Мақсаты: білімділігі: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну.

Тәрбиелігі: Отан - Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.

Дамытушылығы: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.
Көрнекілігі: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол), тақырып желісі бойынша слайдтар, нақыл сөздер.

І Ұйымдастыру бөлімі:
Армысыздар, құрметті ұстаздар, Тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпағы.
- Балалар, біздің тәуелсіздік алғанымызға неше жыл толып отыр?
- 21 жыл толып отыр.
- Тәуелсіздік алғанға дейін еліміз қандай қиын қыстау кезеңдерді басынан өткерді?
(Ақтабан шұбырынды, аштық, репрессия, ұлы Отан соғысы, Желтоқсан желі)
- Тарихи кезеңдердің ішіндегі Желтоқсан оқиғасына неше жыл толып отыр?
- 26 жыл.
- Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы.

1-жүргізуші: Нияз Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған оқиға – бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасы өзінің қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген кемшіліктерімен де әрбір адамның есінде мәңгі сақталады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған бақытты да, қайғылы күн еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де көңілден де кетер емес.

2-жүргізуші: Жібек
1986 жылы 16-17 – желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылығын білдіріп, шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді. Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.
«Желтоқсан желі» видеоролик

Әділ: Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн
Әділдікпен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.

Дамир: Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең-жырымыз
Жабылып жатса мектептер
Жадырар қалай күніміз?
Тарылып жатса даламыз
Қайтіп біз тыныс аламыз?
Қақымыз да жоқ айтуға
Әділет қайдан табамыз?

Еркежан: Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеге өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Жанымыз жомарт қазақпыз
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық жансақ маздап біз.

Әлинұр: Қақап күннің ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН-дар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн

Тілек: Жас арудың жанарында –Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында –Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында –Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да - Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да –Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан

Жібек: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті, ата-бабамыз қан төкті, жанын берді. Оның айғағы – дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге қазақ деген атты паш еткен Желтоқсан оқиғасы.
Желтоқсан оқиғасының куәгері сонау қиын-қыстау кезеңдерде тәуелсіздігім деп алаңға шыққан Рақымжанов Ерлан ағамызға сөз береміз?
(Ерлан аға сөйлейді. Сұрақ қоямыз)
1) Ерлан аға Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңызға өкінбейсіз бе?
2) Сол кезде өміріңізге қауіп төнеді деп қорыққан жоқсыз ба?
3) Сізбен бірге алаңға шыққан жастардың ішінде жараланғаны болды ма?

1-жүргізуші: Нияз
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қоламта қоздатқаным
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.
демекші өзінің жас өмірін қиып кете берген желтоқсан оқиғасының құрбаны болған қазақ қыздары мен жігіттерінің өмір жолымен танысып өтейік.

Едіге: (Сабираның өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)
Сабира Мұхамеджанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына студент болып қабылданды. Ол Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының көңілі ашық, көкірегі ояу студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеру тартты. Өскемен жиналысында Сабираны айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Сөйтіп, албырт жас жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.

Досжан: (Ләззаттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)
Ләззат Асанова Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген. Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Асанованың он алты жылдық қысқа ғұмыры арта үзілді. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жауып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қорлығынан қаза тапқан. Ләззат әпкемізді мәңгі есімізде қалдырамыз. Аруағына бас иеміз.

Назерке: (Желтоқсан)

Тілек: (Ерболдың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)
Ербол Сыпатаев Талдықорған облысы, Панфилов ауданының Ленин атындағы совхоздың екінші бөлімшесінде туып өскен. Ол – Энергетика институтының ІІ курс студенті болатын. Ербол бір үйдің жалғыз баласы еді. 1986 жылдың 18-желтоқсанында кешкі сағат 2000-де ауруханаға бас сүйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Ерболды әкелді. Ол есін жимастан қайтыс болды. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізді сақтап, аруағына бас иеміз.
(Ақгүл Ербол Сыпатаевты анасының жоқтауы)
Әлди-әлди, ақ көкем,
Жер бесікке жат көкем,
Аямаған қыршының,
Заман беті қатты екен.
Кімнен болды ажалың,
Кімнен болды азабың,
Езілген мына бауырымды
Қалай ғана жазамын,
Алтын баулы ақ сұңқар
Енді қайтып келер ме?!
Мәңгі шөккен қара нар,
Енді қайтып тұрар ма?!
Шейіт болған көкешім,
Басын маған бұрар ма?!
Жоқтау болды бар жырым,
Жоқтау болды бар әнім,
Осы болды тағдырың,
Елің іздеп жатқанда,
Тәубе деймін, қарағым,
Тәубе деймін, қарағым!

Анар: (Қайраттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)
Қайрат Рысқұлбеков Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында, Бірлік аулында дүниеге келген. 1982 жылы ол Алматы Сәулет құрылыс институтына түседі. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Савицкийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып «Аса қауіпті қылмыскерлер изоляторында» ұстады.

Тергеуші милицияларға: Айыпталушы Қайрат Рысқұлбековті алып келіңдер.
Қайрат: Ерлік
(Қайғырған музыка жүріп тұрады)
Ақтық сөзі:
Біріншіден мен анамды сағындым,
Екіншіден бұл құдайға не қылдым
Бостандықта еркін жүрген жан едім
Енді міне абақтыға жабылдым,
Әкетай ау Пайғамбардай жасың бар
Туа бермес сіз секілді асылдар
Қартайғанда жүрегіңізді жаралап,
Кесір болды ай біз секілді масылдар.
Айналайын, қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдауға барамын.
Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы жаным, қандай жанға баладың.
Айналайын, інішегім, құлыным,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Күнәдан таза басым бар,

21-де жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген хош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

1-жүргізуші: Нияз Осыдан кейін жастайынан қыршын кеткен Қайрат сияқты ағамызда 21 жасында қаза тапты.

Айгерім: Қайрат Рысқұлбековтың анасының жоқтауы:
Желтоқсанның шыдадың
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп...
Айтылар теңеу қалған жоқ
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Алатауға абиыр,
Алып берген қарағым!
Ерлік жолын халқыңа
Салып берген қарағым!
Қазағың, Қайрат, ел болар
Алты алаш басы бірігіп,
Қайтейін, балам, ғаріп боп,
Жатқан жерін жарық боп,
Бақұл бол, бақұл, әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!
(Қара бауыр қасқалдақ әні)

2-жүргізуші: Жібек Міне, осы тәуелсіздіктің туын желбіреткен ұлтжанды аға-апаларымыздың арқасында егеменді ел болуға қол жеткіздік. Ұлтжанды апайларымыздың бірі егемендігіміз үшін күрескен БЕЙҒАНОВА БАҚЫТ апайымызға сөз берсек. (Бақыт апай сөйлейді. Сұрақ қоямыз)
- Алаңға шыққаннан кейін, болып жатқан жайттарды көрген кезіңізде бұл жерге келгеніңізге өкіндіңіз бе?
- Сол кезде сіз алаңға шыққанда еліміздің тәуелсіздігің аңсап шыққан жастардың бірі болдыңыз, еліміз тәуелсіздігін алғанын естіген кезде қандай сезім де болдыңыз?
- Алаңға шыққан жастардың ең негізгі арманы орындалды, яғни еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, ендігі арманыңыз не?

Жібек: Міне, желтоқсан оқиғасынан бері де, бірнеше жыл өтті. Желтоқсан оқиғасы – егемендіктің бастауы болды, Қазақ елі бостандық алды. Тәуелсіздік актінің қабылдануы мен қатар келген желтоқсан оқиғасының 5 жылдығы, яғни, 1991 – жылдың желтоқсан айында сол қанды аланда атап өтілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» - туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы жарияланды. Бұл еліміздің ешкімге тәуелсіз дербес мемлекет екендігін дүние жүзіне әйгілеген аса қажетті құжат. Осы күннен бастап еліміз ешкімге жалтақтамай, өз бетінше өмір сүріп келеді.
Осы бақыт үшін, біз баршамыз тәубе дейміз, осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, қажет болса, жанымыз бен қанымызды аямай жұмсаймыз.

2 жүргізуші: Тәуелсізбін, тәуелсізбін мен бүгін,
Келді, міне азаттығым, теңдігім,
Бостандықта байлығым мен ендігім
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім.
Қарсы қарап қатал мынау заманға,
Айналдық біз қайтпас қайсар қамалға,
Алды бүгін Тәуелсіздік тау тасым
Орман, көлім, өзендерім, далам да!
Таңым менің, қаным менің тәуелсіз,
Өткізбейік бізде бұл күнді әуенсіз!
дей келе сыныптасымыз Ақгүл еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншіліктен туындаған өлеңін оқиды.

Мукашев С. «Менің Қазақстаным» - әнін шырқаймыз.

Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен тағы да, шын жүректен құттықтаймын Нұрлы отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның бағы жанып, абыройы арта берсін.
12 167
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Елімнің бақытын тербеткен - Тәуелсіздік
Елімнің бақытын тербеткен - Тәуелсіздік
Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз отанын сүйетін азамат қалыптастыру, от жүректі өжет мінезді ұл - қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Тәуелсіздік мерекесінің маңыздылығын оқушы бойына ұғындыру.
Елімнің ертеңі – Тәуелсіздік
Елімнің ертеңі – Тәуелсіздік
Еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен және сол мақсаттарға жету барысында өздерінің елі, халқы үшін жас өмірін қиған аға ұрпақтың ерлік істерімен таныстыру. Оқушының тіл байлығын дамыту, есте сақтау қабілетін шыңдау, мәнерлеп айтуға баулу, ой -
Желтоқсан жаңғырығы – Тәуелсіздік!
Желтоқсан жаңғырығы – Тәуелсіздік!
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы № 13 бастауыш мектеп мұғалімі Маржан Жидебаева
Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!
Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!
ШҚО, Семей қаласы КМҚК «КҰРЫЛЫС КОЛЛЕДЖІ» Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Талгатбекова Назгуль Калыковна
Желтоқсан ызғары
Желтоқсан ызғары
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, «№5 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш класс мұғалімі Бураханова Айгүл Абдулхаққызы
1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары
1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының себептерін сипатын, қозғаушы күштерін, ұлттық қақтығысты таныту Отанын сүюге достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Желтоқсан құрбандарының жасаған ерлігі үшін тағзым ете білуге баулу
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×