Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Экология тіл білімінде

03 қазан 2017, Сейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Қазақ әдебиеті 5 сынып.
Тақырыбы: «Экология тіл білімінде»
Аннотация
Сыныптан тыс іс - шара оқушыларға тіл білімінен алған білімдерін пайдалана отырып, экологиялық білім беруге бағытталған. Пәнаралық байланыс арқылы тіл байлығын арттыруға, туған жерге деген сүйіспеншілікке, қоршаған ортаны аялауға тәрбиелейді.
Сабақ түрі: сайыс сабақ
Әдіс - тәсіл: сұрақ - жауап, әңгімелеу, салыстыру
Көрнекілік: тақырыптық кітап көрмесі, карточкалар, интерактивті тақта
Сабақ барысы.
Мұғалім.
Сәлеметсіңдер ме, балалар. Бүгінгі сабағымыз ерекше. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жыл бойы өткен тақырыптарды қайталаймыз, яғни қазақ тілінен «Лексика», «Фонетика» тарауларымен таныссақ, әдебиет пәнінен ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің туындыларын оқыдық. Бірақ жаттығу, талдау жұмысының орнына қоршаған орта, табиғатқа байланысты әңгіме, сұрақ - жауаптар шешеміз. Тақырыптың өзі қызықты, сендер жаратылыстану пәнінен білесіңдер, «экология» - ол қоршаған орта, табиғат, жан - жануар, өсімдіктер әлемі. Ендеше, тіл білімінің экологияға қатысы қаншалықты, екі ғылымды не байланыстыруы мүмкін? Міне, осы сұрақтардың шешуін бүгін осы сыныптан тыс іс - шарамыз барысында табуға тырысамыз.
Сайыс сабақ 2 команда арасында өтеді, сынып екіге бөлінуі керек. Команда басшысын сайлап алыңдар, әр дұрыс жауапқа мен қолымдағы жұлдызшаны жоғары көтерем, ол - 1 ұпай, алған ұпай сандарын белгілеп, қорытынды есебін шығаратын осы топ басшылары.

І кезең. «Жұмбақты шеш» сайысы
Әр командаға жұмбақтар жазылған карточкалар беріледі.
1 - командаға тапсырма:
Жылт - жылт еткен, жылғадан өткен (су).

Аузы бар, тілі жоқ,
Терісі бар, жүні жоқ.
Қанаты бар ұшпайды,
Су астында қыстайды (балық ).

Бір түкті кілем,
Бір түксіз кілем (жер мен аспан)
2 - команда тапсырмасы:
Қолы жоқ сурет салады,
Тісі жоқ, тістеп алады (аяз)

Бар ма, жоқ па, оны анық білмейсің,
Ол жоқ жерде өмір сүрмейсің (ауа)

Садақша мойнын иілтіп,
Көрген жанды сүйсінтіп,
Жүзгенде көлдің сәні өзі,
Судағы құстың нәні өзі.
Жердегі құстың серкесі,
Көктегі құстың еркесі (аққу)
« Кім көп біледі?» сайысы
Мұғалім. Бұл сайыста әр команда интерактивті тақтада көрсетіліп тұрған жан - жануарлар, өсімдіктер аты кездесетін мақал - мәтел, тұрақты тіркестер табуы тиіс.
Тақтадағы суреттер:
Жылқы. (мүмкін жауаптар: Адам - жылқы мінезді. Жүйрік ат – жігіт серігі. Ат ізін салмау. Ат ойнатты. Ереуіл атқа ер салу т. б. )
Қасқыр. (Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды. Қасқырға қой баққызғандай т. б.)
Ит. (Ит арқасы құрысты. Ит терісін басына қаптады. Ит – жеті қазынаның бірі. Ит үрді, керуен көшті. т. б.)
Қой. (Қой аузына шөп алмас. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Қойға шапқан қасқырдай)
Жылан. (Жылан жалағандай. Жылы - жылы сөйлесең, жылан інінен шығар. Аузы аждаһадай.)
Қоян. (Батырды намыс, қоянды қамыс өлтірер. Қоян жүрек. )
Аққу. (Аққуды атпа. Аққу – айдын көлдің еркесі. Аққуды ату - табиғатқа қастандық.)
Гүл. ( Қыз - елдің көркі, гүл - жердің көркі. Гүл - гүл жайнау. Не ексең, соны орасың)
Ағаш.(Бір ағаш кессең, он ағаш ек. Ағаш көркі – жапырақ. Ағаштың жемісі – бұтақта.)
«Мақал – сөздің мәйегі» сайысы
Мұғалім. Адам өз ойын қысқа да нұсқа жеткізу үшін мақал - мәтелдер, тұрақты тіркестер қолданады. Әдебиет пәнінен өткен аңыз әңгімелер мен шешендік сөздер - соның бір ғана дәлелі. «Тоқсан ауыздың сөздің тобықтай түйіні», «Мақал – сөздің мәйегі» дегені тағы бар. Ата - бабамыз бір ауыз сөзге тоқтай білген, айтылған сөздің астарын түсіне білген. Берілетін тапсырма: алдарына таратылатын карточкалардағы мақал - мәтелдердің астарын тауып, қара сөзбен жеткізу.

1 - команда тапсырмасы:
1. Бір ағаш кессең, он ағаш ек.
2. Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас.
3. Жылқының сүті – ем.
2 - команда тапсырмасы:
1. Сиырдың сүті – тілінде.
2. Жер қадірін білмеген,
Ел қадірін білмейді.
3. Қыстың қамын жаз ойла.

Біліміңді тексер» сайысы
Мұғалім. Балалар, сендердің білімдеріңе шек жоқ екен. Ендігі сайысымыз шешуші сайыс болады. Бұл сайыста 5 - сыныпта өткен ақын - жазушылардың қоршаған орта, табиғат, туған жер туралы шығармаларынан үзінді оқылады. Тапсырма: оқылған шығарманың авторы мен атын табу.
Үзінді:
1. Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлар да
Шуылдап желмен бірге бас ұрады... (Ы. Алтынсарин «Өзен»)
2.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті - басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды...(А. Құнанбаев «Қыс»)

3. Қараңғы түн, сар дала,
Көрінбейді айнала.
Боран соғып тұр борап,
Жолды басқан құр сорап... (М. Жұмабаев «Қысқы жолда»)

4. Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Басқаға жануарды - ау теңгермедім.
Көздері мөлдір қара ақ бөкенді,
Адамның баласынан кем көрмедім... (С. Сейфуллин «Ақсақ киік»)

5. Тау дейтін алып жүрек Ана туған,
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін еміп ер жеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан.
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам,
Бұлт бүркеніп жай отын ала туғам... (М. Мақатаев «Мен таулықпын»)
Қорытынды. Балалар! Сендер барлық тапсырмалардың шешімін оңай таптыңдар. Байқаған боларсыңдар, ғылым мен білімде жекелену жоқ, бір - бірімен тығыз байланысты. Туған еліңді қорғау, табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту ана тіліңді сүюден басталатынын әрдайым есте сақтаңдар.
Сайыс қорытындысын шығару, марапаттау.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жалпы орта білім беретін мектептің 5 – сыныбына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқулықтары. «Атамұра» Алматы. 2012 ж
2. С. Кенжеахметұлы «Жеті қазына». Алматы ЖШС «Ана тілі» 2007 ж.

Павлодар облысы, Екібастұз қаласы
Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Шынықұлова Күнзираш Асанбайқызы
2 456
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Экология және қоршаған орта. Биологиядан қолданбалы курстың күнтізбелік - тақырыптық жоспары
Экология және қоршаған орта. Биологиядан қолданбалы курстың күнтізбелік - тақырыптық жоспары
Бұл курс бағдарламасы оқушыларға қосымша тереңдетілген түрде білім берудің бір бөлігі. Биологиядан оқу бағдарламасына сай алған білімдерін әрі қарай жетілдіру мақсатында қарастырылады.
Қазақ тілінен күнтізбелік-тақырыптық жоспар.
Қазақ тілінен күнтізбелік-тақырыптық жоспар.
Қазақ тілі күнтізбелік жоспар (1-11 сыныптар)
Тоқсандық қайталау (күнделікті сабақ жоспары 7 сынып)
Тоқсандық қайталау (күнделікті сабақ жоспары 7 сынып)
Оқушылардың әдебиет пәнінен алған білімдерін тиянақтау; Тәрбиелік мәні бар мысалдар келтіре отырып оқушыларды елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу
Қоршаған ортаны қорғау
Қоршаған ортаны қорғау
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосы, Абай атындағы орта мектебінің биология пәні мұғалімі Изимова Айгүл
Қорықтар
Қорықтар
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, № 5 орта мектебінің география пәні мұғалімі Кенжебаева Қаламқас
Экология негіздері (тақырыптық жоспар 5 сынып)
Экология негіздері (тақырыптық жоспар 5 сынып)
Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің биология пәні мұғалімі Ибраева Гульжанат Ержановна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×