Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

15 ақпан 2013, Жұма
Категориясы: Тәрбие сағаты
Мұқағали – мәңгілік ғұмыр
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби - сазды кештің сценарийі

Мақсаты: Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушыларға насихаттау, поэзия әлеміне, сөз өнеріне сүйіспеншіліктерін арттыру.
Кештің көрнекілігі: кеш тақырыбы мен ақын портреті, буклет, альбом және кітап, журналдармен көркемделген көрме, тақырыптық слайд.

Кештің жоспары:
«Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім» (өмірдерек)
«Ағалар айтқан ақиқат» (ақын туралы естеліктер)
«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» (ақынның әр тақырыптағы өлеңдері)
«Абай – Махамбет - Мұқағали» (ұрпақтар үндестігі)
«Өлең деген тумайды жайшылықта» (жас ақындар шығармашылығы, қонақтармен ой бөлісу)
«Поэзия – жүрек тілі» (өлеңдерден үзіндіні жалғау)
«Есіңе мені алғайсың» (қорытынды)

1 - жүргізуші: Бүгін менің туған күнім
Ой, пәле - ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім - ақ,
Тәңірдің бір жарытпай - ақ қойғаны - ай.

2 - жүргізуші: Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ - құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін» - демей.

1 - жүргізуші: Тойланбаса, тойланбасын,
Не етейік.
Той көрмей - ақ, сый көрмей - ақ өтейін
Қаламымды берші маған бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...

2 - жүргізуші: Қайырлы күн! Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар!
Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.

1 - жүргізуші: Иә, Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.

2 - жүргізуші: Бүгінгі «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби - сазды кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналып отыр. 9 ақпан күні көзі тірі болса 82 жасқа толар еді...
(Кеш бөлімдерімен таныстыру)

1 - жүргізуші: Аламан бәйгеде оза шауып, өлең - жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы сан қырлы. Оны біріміз білсек те, біріміз білмейміз, енді бір сәт оның өмірінен деректерге жүгінсек.

«Менің анкетам» өлеңін жүргізушілер кезекпен оқиды.
- Туған жерің?
- Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
- Туған жылың?
- 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
- Жынысың кім?
- Еркекпін ғой, еркекпін!
- Және - дағы тәуірмін...
- Партияда барсың ба?
- Жоқпын.
- Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.
- Шыққан тегің?
- Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
- Білімің ше?
- Орташа ғой.
Алайда оны жоғарыға балаймын.
- Ана тілің?
- Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
- Қайда істедің?
- Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған дипломсыз демесең
Бір басымнан бар мамандық табылар.
- Міндетісің бе әскерге?
- Міндеттімін.
Бірақ әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
- Сөгіс алып көрдің бе?
- Ол жағынан періште едім дей алмаймын,
Мен мүлде.
Ойлы - қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
- Шетелдерде болдың ба?
- Болғамын жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда - ақ.
- Мекен - жәйің?
- Мекен - жәйім – жер менің,
Жерде өскен ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

Ән «Туған жер» Орындайтын: Сәкенов Айдын 33 ПГС тобы

2 - жүргізуші: Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер - тұрманы,- деп аға жайдан - жай айтпаған ғой.

1 - жүргізуші: Ендеше ақын туралы ақын - жазушылардың естеліктеріне сөз берейік.
(Оқушылар кезекпен естеліктер оқиды)

- Мұқағали Мақатаев адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы. (Ә. Кекілбаев)
- Мұқағали мұрасы – біздің бүгінгі игілігіміз ғана емес, болашақ ұрпақтардың да еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы (З. Серікқалиев)
- Әдебиет – ғаламат ғимарат, сұлулық сарайы. Мұқағали соның талантты тас қалаушыларының бірі. (Қадыр Мырза Әли)
- Біз тірілер, ол туралы білгенімізді айта береміз. Бірде асырып, бірде жасырып, бірде жеткізбей, бірде жеткізіп айтамыз. (Т. Молдағалиев)
- Қазақ әдебиетіндегі дара тұлғалы Мұқағали жұлдызы ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз (Р.Сейсенбаев)

2 - жүргізуші: Ақындықпен айналысқан 30 жыл ішінде М. Мақатаев көзімен көргендерін, ақындық санамен түйгендерін төгілтіп жырлай берді, жырлай береді.

1 - жүргізуші: Әр ақынның өлең - өнер болмысында бір қасиет өзгелерінен басымырақ болады. Мысалы: Абайда – ой, Мағжанда – махаббат, Қасымда – от, Мұқағалида – Отан, тазалық, қасиет, табиғат деген ұғым басымырақ.

2 - жүргізуші: Табиғат,
Жанымды алсаң,
Алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім,
Қалсын елім, - деген Мұқағали барлық өлеңіне бойындағы сезімнің бүкіл ағынымен барып таусыла жазды.

Оқушылар: «Отан» оқитын: Бағдатова Меруерт 21 ПО тобы
«Қызықты өмір» оқитын: Ырысбек Әлия 31 ПО тобы

1 - жүргізуші: Өміршең өлеңдерді әнмен әрлей отырайық.
ән «Сенің көзің» орындайтын: Асылғазиев Нұрсұлтан 21 МСХ тобы

2 - жүргізуші: Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кеткен ақын жоқ десек артық айтқандық емес. Өйткені, махаббат мәселесі – бұл мәңгілік тақырып, бірақ әр ақын, өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әрқалай шығарады.

«Ғашықпын» өлеңі оқылады. Оқитын: Төлеухан Жұлдыз 21 МВС тобы
Ән «Сен көріктісің» орындайтын Сержанов Арман ГЭС - 1 тобы

1 - жүргізуші: Махамбет пен Абайдан бірдей қуат алып өскен Мұқағали ағамыз мерейтойы Юнеско бойынша аталып өткен әрі ақын, әрі батыр Махамбетті пір тұтқан, ұлы Абайдың мақсатын өз мақсатым деп білген екен.

«Махамбеттер, Абайлар - ай» өлеңі. Оқитын: Ибраимова Әлия 21 ПО тобы

2 - жүргізуші: Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. кей кейде ол өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез келген адам ақын жанын түсіне бермейді, ақынды ақын жұбатады.
Ақынды ақын оятпаса, ол қайғы,
Ақынды ақын таяқтаса, ол қайғы,
Ақынды ақын күйелесе, ол қайғы.

1 - жүргізуші: Қиналғанда нағыз ақын өзінің тілін ұғатын ақын іздейді. Сондай уақытта Мұқағали Фаризаны тапты. Енді біз де Мұқағали болып Фаризаға мұң шағайықшы.

ән «Фаризаға» орындайтын: Жұпаргүл 21 МВС тобы

2 - жүргізуші: Енді Қапатай Ерзаттың Мұқағали Мақатаевқа арнауын қабыл алыңыздар!
Қалықтаған биік шың асқарынан,
Күн шұғыл қарсы алып аспанынан
Талантты, тартымды ақындардай,
Жазушының көрінер дастанынан, -
демекші бүгінгі кешімізге келіп қатысып, атсалысып отырған қонақтарымызды таныстырып сөз кезегін берсек.

1 - жүргізуші: Сонымен қонақтарымызды таныстырып өтсек.
(Қонақтармен ой бөлісу).

2 - жүргізуші: Осыдан біраз бұрын колледж топтары оқушыларының арасында ақынға арналған өлеңдер сайысын өткізген болатынбыз. Кезекті ақын ағаның жолын қуып, қауырсын жырларымен танылып жүрген жас ақындарға берсек.
(Оқушылар өз өлеңдерін оқиды)

1 - жүргізуші: Кеш болған соң сайыс та болады. Кештің қызықты да, әсерлі өтуі, сіздерге байланысты. Сондықтан белсенділік таныта біліңіздер.
2 - жүргізуші: Сайысымыздың аты - «Поэзия – жүрек тілі». Сайысымыздың шарты: біздер қазір Мұқағалидың өлеңдерінен үзінді оқимыз, ал сіздер оны жалғастырасыздар.
(сайыс өткізіліп, қорытынды жасалады)

1 - жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін сезді ме?...

2 - жүргізуші: Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың – деп толғанады.
Ендеше 21 МВС тобының оқушысы Береке Құдакелдінің орындауында «Есіңе мені алғайсың» әнін қабыл алыңыздар.

1 - жүргізуші: «Менің қымбатты достарым!»
Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. (14 ақпан. 1976 жыл. Күнделігінен)

ән «Ризамын» Мадина Ералиеваның орындауында бейне баян

2 - жүргізуші: Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
... Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім
Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса М. Мақатаев та көз жұмған жоқ.

1 - жүргізуші: Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалды – ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін өлемін деп қарамау.
Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Сол шындықты шын жүректен түсінсек қана тарлан талант, жыр жампозы М. Мақатаевтың ұлттық мақтанышымыз екенін мойындаймыз.

2 - жүргізуші: Сонымен бүгінгі кешке қатысқан жас ақындарымызға марапаттау қағазын тапсырайық.
1 - жүргізуші:
Осымен біртуар ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған кешіміз тамам.
2 - жүргізуші:
Назар аударғандарыңызға көп рахмет!
20 141
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Мұқағали - мәңгілік ғұмыр!
Мұқағали - мәңгілік ғұмыр!
Ақиық ақынның өмірінен мағлұмат беру, өлеңдерін мәнерлеп оқу, Мұқағали Мақатаев поэзиясының халыққа кең таралауына және оның шығармаларының сыры неде екенін таныту, ақын өлеңдерін оқи отырып, адамгершілікке, шындықты айта білуге, адалдыққа,
Мұқағали Мақатаев оқулары кеш сценарииі
Мұқағали Мақатаев оқулары кеш сценарииі
Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмірі, шығармашылығымен таныстыру, ақынның поэзия құдіреті мен әндерін таныту. Ақын өлеңдері арқылы оқушылардың Отанға, халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Аққулар ұйықтағанда
Аққулар ұйықтағанда
Ақмола облысы, Целиноград ауданы, №2 Қосшы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ыбырайқызы Рыскүл
Поэзия! Менімен егіз бе едің?!
Поэзия! Менімен егіз бе едің?!
«Ж. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебі» Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Смадиярова Мадина Нұржігітқызы
Мұқағали-мәңгілік ғұмыр
Мұқағали-мәңгілік ғұмыр
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы, М. Әбдіхалықов атындағы орта мектебі Бастауыш сыныптар бойынша тәрбие ісінің меңгерушісі: Көкен Гүлжамал Өмірзаққызы
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...»  (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...» (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
Жезқазған қаласы Дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×