Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Имандылық жарасады ұл-қызға

18 қыркүйек 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Имандылық жарасады ұл - қызға
Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа, біліктілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, суреттеу, слайдтар.
Барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
2. Бата ұғымының түп - төркініне түсінік.
3. Тілек айту.
4. Тыйым сөздер.
5. Қорытынды.
Мұғалім: Армысыздар, қадірлі ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бүгінгі ашық тәрбие сағатында имандылық, мұсылман діні, Аллаға құлшылық ететін жастар және басқа діни сөздер туралы айтылмақ. Қазір де бүкіл адамзат баласының басында болып жатқан қиындықтарды тек Ислам арқылы шешуге болады. Ислам – адам өмірін сақтаушы, денсаулықтың қорғаны, адамның өзін - өзі құртып, бітіруіне тосқауыл болатын ғажайып нәтижелер жиынтығы. Ислам мемлекеттерінде тұрмыс жағдайы төмен болса да, қылмыс деңгейі мен ажырасу саны ең аз, рухани бақыт көрсеткіші мен денсаулық деңгейі әжептәуір жоғары.
Дамыған елдерден қанша төмен тұрса да жоғары деңгейдегі мораль мен тәртіп сақталған.
Ислам – қайрымдылық пен зұлымдықтың не екенін нақты түсіндіре алады, қалай дұрыс өмір сүру, қалай дұрыс тамақтану, қалай бала тәрбиелеу, әйелді қалай қастерлеу, қалай киіну, қоғамдық өмірдегі қатынас сияқты т. б. маңызды сұрақтарға жауап бере алады.
Яғни, Ислам – «басынан аяғына» дейін құрылымы жетілген нағыз керемет Дін.
Соған орай бүгінгі тәрбие сағатымызға ауданымыздың мешітінің бас имамы Шымпаев Жеңіс аға келіп отыр. Бәріміз қошемет көрсетейік.
Имандылық жарасады ұл - қызға,
Бұл тақырып толы екен мазмұнға.
Насихаттап имандылық бастауын,
Өнегелі тәлім берер ұл - қызға.
Ал, балалар, сынып сағатымызды біз бастайық,
Өлең оқып, ән айтудан қашпайық!
"Әдептілік әліппесін ардақтап,
Иманды бол деп ұран тастайық.
Біздің халқымыздың ауыз әдебиеті - өте бай мұра. Тоқсан ауыз сөздің айтар тобықтай түйінін бір - екі сөйлемге сыйғыза білген ата - бабамыз қандай дана еді! Ата - баба мұрасын жалғастыру — біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз. Олай болса, сендердің бұл міндетті қалай орындап жүргендіктеріңді байқаймыз.
(Оқушылар әдептілік, имандылық жайлы мақал - мәтелдер айтады.)
1. Ұлың өссе, Ұяттымен ауылдас бол.
Қызың өссе, Қылықтымен ауылдас бол.
2. Бала тәрбиесі — бесіктен.
3. Өзек қуа ағады, Өзен судың саласы.
Алыстан сәлем береді, Әдепті елдің баласы.
4. Әдептілік, ар, ұят - адамдықтың белгісі.
5. "Сіз" деген әдеп, "Біз" деген көмек
6. Бар, барын жейді, Ұятсыз арын жейді.
7. Әдепті бала - арлы бала, Әдепсіз бала - сорлы бала.
8. Сыйға — сый, сыраға бал
9. Ұлың өссе, Ұлы үлгілімен ауылдас бол.
Қызың өссе, Қызы үлгілімен ауылдас бол.
10. Ұят жүрген жерде. Абырой төгілмейді.
Абырой бар жерде, Ар шапан сөгілмейді.
11. Әдепсіз бала Ауыздықсыз атпен тең.
Ақылды қария Жазып қойған хатпен тең
12. Ар қайда болса, Ұят сонда.
13. Әдептің не екенін, Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
14. Аға әдепті болса, іні әдепті.
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.
Мұғалім: Халқымыз бала тәрбиесіне жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, өзінін салт - дәстүрі мен әдет - ғұрпы арқылы мол өнеге бере білген.
Иман - арабша сенім деген ұғымды білдіреді. Дінге сенуге байланысты бұл ұғым халық арасында әдептіліктің, яғни адамгершіліктің мәнін беретін ұғыммен ұштасып, әлеуметтік әдептілікті көрсететін мәнге ие болды. Өмір заңдылықтарына айқын сеніммен қарап, адамгершілік рәсімдері мен уәждерін, міндеттері мен мақсаттарын бұлжытпай орындайтын ақ ниетті, адал жүректі, көпшіл адамды – иманды адам дейміз. Иманды адам – айналасындағыларға және бүкіл адамзатқа тек жақсылық ойлайды, оларға мейір - шапағатын төгіп, жанашырлық, қамқорлық жасауға әзір тұрады, әркімге әдеппен, ізетпен, инабаттылықпен қарайды. Сондықтан да иманды адамды бет бейнесінен танып, халық оны иман жүзді адам дейді.
«Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ» деп, халық иманды адамның әділетті, шыншыл болатынын уағыздайды. Халқымыздың қонақжайлылығы, кеңпейілдігі, көпшілдігі, дос көңілдігі - әлеуметтік имандылықтың белгісі. Имандылық дәстүрін қастерлей біліп, иманды адам болу - кісілік борыш. Иманы кәміл адам мейірімді болады. Мейірімділік – адам бойындағы қасиетті сезім. Ата мейірімі, әке мейірімі, ана мейірімі, отбасындағы адамдардың бір - біріне деген мейір - шапағат - әдептік әсем құбылыс, түйсікті баурап алатын түсінік, ұлағатты ұғым, адамгершіліктің асқар шыңы. Халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп, қатыгездіктен қашып, қаталдықтан сақтандырып отырған. Еліміз ер азаматтарын мейірімді болса екен деген аттармен атап, жастарды үнемі мейірімділікке баураған. «Көпті жамандаған көмусіз қалады» деп халқымыз мейірлі болу - өз халқын сүю, бірлікшіл болу екенін уағыздайды. « Үлкен адамның сөзін тыңдай біл» деп өсиет айтқан ата – бабамыз мейірімділік негізі – сыйласым екенін дәл көрсетеді.
Ендігі кезек оқушыларға беріледі. Бата, тілек және батаның түрлеріне тоқталамыз.
1 оқушы - Ильяр:
Сабақты біз «Ақ бата» деп атадық,
Үлкендерден жүрейік деп бата алып.
Ақ батамыз бастайды екен ақ жолға,
Шалыс басып кетпесін деп шатасып.
Имандылық жарасады ұл - қызға,
Ал, батамыз бастайды екен шың - құзға.
Инабатты, ұмытпасқа ізетті,
Айналамыз біз адами жұлдызға.
2 – И. Кәмила:
«Бата» ұғымының түп - төркініне барлау жасар болсақ. Құранның 1 - сүресінің аты «Фатихадан» туындаған халықтың бата - тілек сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуіне баулиды. Малды - басты, дәулетті, бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді. Бата - қазақ арасында адамдардың бір - біріне деген ынта - ықыласының адал ниеті мен жақсы тілектерін білдіретін тәрбиелік мәні зор рәсім.
Мұғалім: Ал, дастархан батасы туралы айтсақ.
3 - Әділет:
Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын!
Дастарханың тоқ болсын, Уайым - қайғы жоқ болсын!
Берейін бата асыңа, Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа. Бар екен деп жасыма,
Жоқ екен деп жасыма. Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа. Көре алмаған дұшпанның
Жуа бітсін жолына. Бақытың жетсін төтелеп.
Дүние малды жетелеп. Аузыма түскен батаның,
Жатырмын бәрін төпелеп! Көтердім міне білекті
Ақтардым түгел тілекті, Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.
4 - Айдын: Соғым батасы
Соғым шүйгін болсын, Қазаның тоқ болсын,
Уайым жоқ болсын. Дастархан кең болсын,
Бала-шағаң ер болсын. Бізге бергенің есесін берсін,
Есесіне тәңірі бірнешесін берсін!
5 - Теміржан: Көші - қон батасы
Көштерің көлікті болсын, Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын, Босағаларың мықты болсын.
Ауру - сырқаудан аман болыңдар. Бастарың а айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жар болсын!
6 - С. Камила:
Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын
Қайда барсаң да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін, Пәле - жала жерге енсін.
Мекен тұрақты болсын, Малға құрақты болсын,
Елге шуақты болсын, Өзен суатты болсын,
Ерлер қуатты болсын! Ұлы халқым тоқ болсын!
Көйлектері көк болсын! Қайғы - уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
7 - Айдана: Жас жұбайларға берілетін бата («жас жұбайлар» Теміржан мен Кәмила - ортаға шақырылады)
Уа, екі жас, екі жас, Сізге тілек - ықылас.
Бақыт қонсын басына Өле - өлгенше арылмас,
Мінез берсін тарынбас, Өкпе берсін қабынбас,
Жүрек берсін жарылмас, Тыныс берсін тарылмас.
Бейбітшілік күн берсін, Ата - анаңды сағынбас!
8 - Алиса: Әскерге аттанатын азаматқа берілетін бата («әскери азамат»- Айдын)
Мәнісін ұқ батаның, Борышын өте Отанның.
Мен де тілеп отырмын. Аман барып, сау қайтып,
Берсін жолдың төтесін. Жылдың жарымдық міндеттің.
Абыроймен өтелсін. Бере берсін тілеуді,
Бейбітшілік жасасын, Білме жасып, жүруді.
Ширап бойың жарасын. Шыныға бер болаттай,
Елге жауды жолатпай, Қатаң сақта тәртіпті.
Тура жүрген сағаттай.
Мұғалім: Енді кезекті тыйым сөздерге берейік. Аш адамға көмек беріңдер. Аурудан хал сұрандар. Қарызға батқан адамның қарызын өтеуге көмек беріңдер. Кездескенде кім бірінші болып сәлем берсе, сол адам тәңір алдында да, адам алдында да иманды адам. Иманның жақсысы - сабырлы және кеңпейілді болу. Тәңір әйелдермен сыпайы сөйлесуді бұйырады, себебі әйел - анаңыз, әжеңіз, қызыңыз. Тамақ салынған табақтың шетінен ғана алып жеу керек. Ортасына қол жүгіртпе, себебі береке ортада болады. Біреуге зиян келтірме, біреудің өзіңе залал келтіруіне жол берме. Мұның екеуі де исламда жоқ.
9 - Дариға: Тыйым сөздер. Адамгершілік тәрбиесіне қатысты әдіс - тәсілдер қатарына тыйым сөздерді де жатқызуға болады. Мұндай сөздер айналасындағы әр нәрсені қадірлеп, қастерлей білуге, қатыгездік пен көргенсіздіктен аулақ болуға, обал, сауатты білуге баулиды. Мысалы, «Нанды аяққа баспа», «Анаңа қатты сөйлеме», «Малды басқа ұрма», т. б.
Оқушылар: Осындай сөздердің бір тобы оқушыларды тәртіптілікке, сыпайылыққа, сақтыққа шақыра отырып, әр түрлі жаман әдеттен жиіркендіреді. Атап айтқанда, «Адамға қарап түкірме», «Кешке қарай көңіл сұрама», «Біреуге қару кеземе», «Пышақтың жүзін жалама», «Мойныңа белбеу салма»,«Күлді шашпа», «Ағынды суға кір жума», «Шашты аяқ астына тастама», «Құдыққа түкірме», сияқты тыйым сөздер тазалыққа, ұқыптылыққа, табиғатты қастерлеуге шақырады.
Мұғалім: Ұяттан безген мият
Мият деген қырыстың Естідім бір сор ісін:
Инабатты ұятты, Сыйланатын ұятты,
Сабыр ойлы ұятты, Абыройлы ұятты
Ұрсып, сөзбен езіпті - Ұяттан ол безіпті.
Имандылық - ізет,- деп, Иманды нық күзет,- деп,
Жағындырдың кәріге, Бағындырдың бәріне!
Әркімге бас идірдің: Әр күн күнде мың күйдірдің....
Мұнжық болып оңбаймын! Ынжық, момын болмаймын!
Ұят, менен кет!- депті, Ұят одан шеттепті.
Қашып ұят жоламай, Безіпті дос бола алмай......
Ой, обал - ай! Обал - ай! Олақ боп ол ұялмай,
Салақ болып ұялмай Дөрекілік мінезбен,
Өрекпілік мінезбен Ақылынан таныпты,
Ақымақ боп қалыпты. Ұятсызда сабыр, ой,
Болмас ақыл, абырой.
Мұғалім: Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды.
Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір болып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.
Жалпы бір ғасырдай уақыт бойы ажырап қалған төл дінімізге оралу, рухани құндылықтарды басты назарда ұстау қоғамда қордаланған талай түйіткілді мәселелердің шешімі болып табылады.
Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген.
Соларды біздің ата - бабаларымыз салт - дәстүрімізбен біте қайнастырып ұстанып келген. Енді бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлерді тізбектеп атап өтейік. Солардың бірі нәресте алғаш туылған сәтте жүзеге асатын амалдар.
Туылған нәрестемен сүйіншілеу, Нәрестенің құлағына азан айту
Нәресте туылған соң атқарылатын келесі бір іс оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту мұстахаб – жақсы амалға жатады. Әл - Байһақи мен әс - Сунни Хасан ибн Әлиден (р. ғ.) Алла Елшісінің (с. ғ. с.): «Кімде - кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтылатын болса, онда ол нәрестеге «умму сибян» әсер ете алмайды», – дегенін жеткізді. «Умму сибян» – сәбилерді ауруғу шалдықтыратын жел немесе жынның әсері.
Нәрестеге азан айтудың мәні мен сыры – азан сөздерінен шайтанның қашатындығында. Әбу Һурайрадан (р. ғ.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с. ғ. с.): «Нәрестенің туылған кездегі дауысы шайтанның әзәзілдігінен», – деген».
Сәбиге берілетін бата Көрініс түрінде жас сәбидің әжесі немесе елге сыйлы, құрметті адам ат қою үшін Құраннан «Фатиха» сүресін айтады. Ал біз арнайы шақырылған ауданымыздың имамы - Жеңіс ағайға сөз береміз. Баланың құлағына үш рет аты айтылып, бата беріледі, соңы әнге ұласады.
10 - Айнұр: Мен бір бата берейін,
Берілгенде бата не дейін. Әуелі құдай оңдасын,
Еш жамандық болмасын. Ата - баба әруағы
Әрқашанда қолдасын. Нұрға бөлеп жүректі.
Өзіңе бата берейін Ағынан айтып тілекті.
11 - Бағила: Сүйкімді бол, Өнерге – білімге икем бол.
Бәйтеректей бойшаңдап, Өрең - өршіл, өркенді бол.
Жақсы жолды таңда, Жамандық тәлім алма.
Бабалардың дәстүрін Жаңаласын, жалғасын.
Шұғылалы шуақ күн кеш, Басынды сұр бұлт шалмасын,
Қырандай биік самғарсың.
Мұғалім: Шынында бүгінгі біздің кішкентай інімізге ат қойылып, берген батасындай өнерлі - білімді болсын деп тәрбие сағатымыздың соңында ән – шашуымызды қабыл алыңыздар. Диана мен Айнұрдың орындауында ән.
Мұғалім: Қасыңда жақсы көрген көршің болсын,
Көршіңіз жақсы болса - бейне төркін.
Ағайын, туған - туыс, жекжаттарың
Баршасы сау - саламат өсіп - өнсін!
45 508
0
  • 60
3 дауыс


Жаңалықтар
Имандылық – инабаттылық мұраты
Имандылық – инабаттылық мұраты
Салт - дәстүрді білуге, имандылыққа, бір - бірімен жақын қарым - қатынасқа, адалдыққа, мейірімділікке, инабаттылыққа баулу. Тәрбиелік шараға төрт сыныптан бес оқушыдан қатыстыруға болады.
Имандылық – ізгілік негізі
Имандылық – ізгілік негізі
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс - әрекеттерін белгілі - бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір - қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез -
Имандылық жарасады ұл - қызға
Имандылық жарасады ұл - қызға
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы, М. С. Бабажанов атындағы ЖОББ мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Кузергалиев Талап Калиллинұлы
Ислам тағылымы
Ислам тағылымы
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, №3 орта мектептің орыс тілі мен әдебиет мұғалімі Жанжигитова Гульнар
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Дін және мәдениет. Исламның таралуы
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы А. Жанпейісов атындағы № 105 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бисенбаева Анар
Имандылық жүрекке ұяласа
Имандылық жүрекке ұяласа
Ислам - адам өмірін сақтаушы, денсаулықтың қорғаны, адамның өзін-өзі құртып, бітіруіне тосқауыл болатын ғажайып нәтижелер жиынтығы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×