Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының ой –түйіні

28 қараша 2012, Сәрсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы,Әйтеке би кенті, С.Сейфуллин атындағы
№165 мектептің тарих пәнінің мұғалімі
Жәдиева Ләззат Шынтасқызы

Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының ой –түйіні
Әрбір ұлт, халық тарихында қатарынан үздік шығатын ғажайып таланттар болады. Ғасырда ма, әйтеуір ұзақ сағындырып дүниеге келер ондай перзентін қазақ халқы біртуар деп атайды. Қатарынан оза шыққан ондай таланттар өмірде аз жасай ма, көп жасай ма, әйтеуір халықтың азаматтық тарихын, оған сабақтас рухани тарихын, олжаға кенелтіп, көркейтіп кетеді, тұтас дәуірге, өзі өмір сүрген әдеби ортаға айрықша ықпал етеді, өмірде өз ен –таңбасын қалдырады. Сонымен бірге, тұтас бір дәуірдің келбетін анықтайды. Ұлы сыншы В.Г.Беленскийдің орыс әдебиетінің тұтас бір кезеңін Гоголь атымен байланыстырып «Гоголь дәуірі» деп атауы осыны көрсетеді. Қазақ халқының ой дүниесінде аз жасап, көп іс тындырған Сұлтанмахмұт Торайғыров халқымыздың сондай біртуар аяулы перзенттерінің бірі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров –қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті ақыны, ғажап ақыл ойшысы, «Зор ақылды, талантты, өмірбаяны өте қызық, тамаша жазушысы» («Правда» №171(8217), 21.06.1940 г.). Ол –Ұлы Абай дәстүрін жалғастырушысы. Абай ашқан поэтикалық мүмкіндікті өзі өмір сүрген қоғам шындығын, қайшылығын бейнелеуге еркін де кең пайдаланылған шебер. Сұлтанмахмұт өлеңдегі Абай өрнегін шебер пайдаланушы ғана емес, өзінің ақындық қуат –дарынымен жағалаушы, ілгері дамытушы. Ол –қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті аталатын тұтас дәуірдің айрықша ірі тұлғасы. Қоғамдық –әлеуметтік өмір шындығын шығармаларында батыл да, анық реалистік сапада көрсетумен, шығармаларының көркемдік қуаты жөнінен ол өз биігін ғана анықтаған жоқ, тұтас бір дәуір –ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті табиғатын айқындаған ұлы құбылысқа айналды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров –екі дәуір тоғысында, аса күрделі кезеңде тіршілік кешті. Ол Россия тарихының, Россияға біріккен қазақ халқы тарихының аса бір өрлеу кезеңінде –тарихи дамулар, күрес –көтерілістер, қиян –кескі соғыстар, дүрбелеңді революциялар дәуірінде жасады. Россияда капитализмнің өркендеп, әуелі прогресшіл бағыт алуы; 1905 -1907 жылдардағы буржуазиялық –демократиялық революция, 1914 -1918 жылдардағы импералистік соғыс; қазақ халқының 1916 жылғы ұл –азаттық көтерілісі, 1917 жылғы ақпанда болған буржуазиялық –демократиялық революция сол жылғы Ұлы Октябрь социалистік революциясы, совет үкіметінің орнауы 1918 -1920 жылдар арасындағы азамат соғысы... Осының бәрі ақын өмір сүрген заманда болып жатты. Сондықтан да ақынның өмір –тіршілігіне, күнделікті қызметіне, дүниетаным –көзқарасына, шығармаларының тақырыптық мазмұны мен жанр, түріне зор әсер етті. Із –таңбасын салды. Өйткені, ақын –заман перзенті. Сұлтанмахмұттай ірі ойлы, асау жүрек, асқан шабытты, лапылдап жанып тұрған ақын көз алдында болып жатқан ірі өзгерістердің қайсына да бейтарап қарай алмайтын еді. Заманына лайық, ірі табиғатына сай Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің саналы саяси өмірін, творчестволық қызметін:

Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табамын деп көңілім сонда, - деп бастады.

Өмір бойы осы сертін орындау жолында қызмет істеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, халқына өнер білім, еркіндік бақыт іздеді.
Сұлтанмахмұт 1893 жылы 29 қазан күні қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданында туып, төрт –бес жасынан Павлодар облысының Баянауыл ауданында өседі. Ақының арғы атасы –Торайғыр би, ел аузында аты аңызға айналған көптеген шешендік, билік сөздері халық жадында сақталған адам. Ақының өз әкесі, Әубәкір аты ұмытылып, Шоқпыт, Шоқа атанған момын кедей шаруа екен.
Болашақ от ауыз, орақ тілді ақын алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Қара таныған баланы осыдан кейін кейде Шоқпыт өзі оқытып, кейде ауыл арасындағы молдаға оқытып, баласын оқудан үзбейді. Сұлтанмахмұт білімге жарлы болмасыншы деген тілек үстінде жүреді. Көзі ашық, көкірегі ояу әке. Сұлтанмахмұт 1904 1905- жылдары Тортай деген молдада 1906 -1907 жылдары Мұқан деген молдада оқиды.

Сол кезде Баянауыл қаласында медресе ашылып, Сұлтанмахмұт 1908-1910 жылдары сонда оқиды. Молданың үйінде жатып оқыған Сұлтанмахмұт малай есебінде жүреді. Сабақтан босағанда су әкеліп, отын жарып, шай қайнатады. Молданың малын күтеді. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, өлең атаулыға жаны қас, молда өлең жазсаң теріс батамды беремін деп бала Сұлтанмахмұтты қорқытып ұстайды. Тәліміне қарай талапты бала бұл жылдары басылыңқы жүреді. Тұла бойы толған тұмар, мойнында дұғалық, аузында зікір, оқығаны намаз болады. Қари болам деп «Құранды» он үш парасына жаттап алады.
Тройцк медресесіне түскен, білімге ындыны кеуіп шөліркей жеткен ынталы шәкірті «ізденімпаз табылды, енді дегеніме жетем, халқыма жұлдыз емес, ай емес, күн болам» деген ойға келеді. «Шәкірт ойы» аты өлеңінде:

Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам.
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?! –дейді ақын.
Жапырағын жайған жас емендей көңілін қуаныш кернеп, толықсыған ақын ізденіп көп оқиды. Тебіреніп көп жазады. Оның «Оқудағы мақсат не?», «Қандай?», «Зарлау» т.б. бірсыпыра көлемді, көркем ойлы өлеңдері осы кезде жазылған.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1916 жылдың күзінде Томскіге барып курсқа кіреді. Орта мектепке даярланады, оқуға құштарлықпен, аса зор ынта, ерен құштарлықпен кіріседі. Тиісті сабақтарынан өзге орыс халқының классикалық әдебиетін, тарих, философия, жағрафия кітаптарын көп оқыған секілді. Бұл кездегі жетімсіз тағдырын Сұлтанмахмұт бір хатында: «... Жұмысында бір ғана обед етем (ет татам); құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, кештерге бір мәрте болсын барғаным жоқ. Күні, түні айналдырғаным ала қағаздың беті... хәлім осы. Сонда да бір қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ....» - деп баяндайды. Осылай қыс бойы Томскіде оқиды.

Тек Сұлтанмахмұт ғана емес, қазақтың сол кездегі оқығандарының көпшілігі ақпан революциясының осы шамада түсінгені анық. Бәрі де енді таң атты, күн шықты, бұғау, қанау, теңсіздік, мұқтаждық жойылады; халық біткен бостандық, теңдік алады, әр халық өз алдына ел болады, өз мемлекетін құрады деп білді. Демек, Сұлтанмахмұттың ол тұстағы қуанышы –ақпан революциясының мәнін түсініп саналы түрде өз қатынасын білдіру емес, патша үкіметі құлағаннан кейін бұқара халыққа бостандық туады деген аңғалдығынан еді.
Бұл кезде ол «Социализм» деген мақала, «Осы да, әділдік пе?», «дауылдағы әбігер», « Ғайса кім?» деген шығармалар жазды.

Ақын бұл шығармаларында, заманға үміттеніп қарайды; оның алдан жарқын болашақ күтетіні, демократтық –революциялық ой –пікірі, көз қарасы айқын көрінеді.
«Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» поэмаларында, тағы басқа шығармаларында ақынның халық революция жағында екені, Совет үкіметінің жеңуін, әділетті қоғам орнауын тілейтіні айқын көрінеді.
Дала ақыны буржуазияшыл –ұлтшылдардың, алашорданың пікір, көзқарастарын, автономия алу, өз алдына мемлекет болу жөніндегі сөздері мен істерін баяндайды; қазақтың ертедегі феодалдық тұрмысын, салтын, қалпын дәріптейді. Қала ақыны дала ақынын, оның пікір, көзқарастарын, талап әрекетерін сынайды. Бірақ поэма бітпей қалғандықтан, оның кімге қосылып, қалай істе деп кеңес беретіні айтылмай, анық болмай қалады. «Айтыс» поэмасынан да ақынның буржуазияшыл –алашордадан кеткені, сол кеткенімен бірге олардың көзқарастарын, программасын сынағаны аңғарылады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, әлгі Шідертіде сырқаттанғаннан кейінде ауырып жатып, 1920 жылы 21 май күні, 27 жасында өлді, тіпті жастай көз жұмды. Қыршын кетті.

Сұлтанмахмұттың іздеген шындығы: халықтың дертіне ем табу, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болу», «Халықтың мұздаған жүрегін жібіту», көз жасын тыю, теңсіздікті, мұқтаждықты жою, сөйтіп халықты ерікті, мәдениетті, бақыты ету еді. Бұл шындықты ақын Совет үкіметінен ғана табатын еді. Өмірде де осылай болды. Тек Сұлтанмахмұт өзінің бұл жолда істеген еңбегінің жемісін өз көзімен көре алмай кетті. Өйткені Сұлтанмахмұт қазақ халқының Коммунистік партия мен Совет үкіметінің, Лениндік ұлт саясаты негізінде, өз алдына ерікті, басқалармен дәрежесі тең болуынан Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының құрылуынан бұрын қайтыс болды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров әдебиеттің әр жанрында жазатын қабілетті, талантты, ақын жазушысы, ғажап ақыл –ойшы. Қайшылықпен өткен қысқа өмір ішінде ол жүз - ондай өлең, бес –алты поэма, екі роман, жеті –сегіз мақала, очерк, әңгіме жасады.

Ақын шығармаларының бірімен - бірі тұтасып жатқан екі түрлі негізгі қасиеті бар. Ол шығармаларының реалистігі мен халықтығы.
Сұлтанмахмұт реалист ақын. Оның әлгі қайғысы, заманның жеруі, жарқын болашақ күтуі –құр қиялдан туған нәрселер емес, қазақ өмірінің шындығынан туған мәселелер еді.
Сұлтанмахмұт –сыншыл реалист ақын. Ол қазақ қоғамы таптық –әлеуметтік, мәдени –шығармашылық өмірінің егжей –тегжейін, шын бейнесін қазақтың тұрмыс –салтын, мінез –құлқын нақты, дәл, дұрыс көреді.

Торайғыров - ірі сыншыл реалист. Сыншылдығының күштілігі сол –ол қазақ қоғамы тіршілігінің болмашы кемшіліктерінің өзін көріп, келекелеп сынай білді.
Сұлтанмахмұт - сыршыл - лирик ақын. Оның - өлең жырларын басым көпшілігі лирика болып келеді. Ақын өзінің өлеңдерін, өз сөзімен айтқанда, толғанған жүректің сығындысы етіп жазады. Сұлтанмахмұт өлеңдерінде махаббат, табиғат лирикасынан саяси лирика мен көңіл күй лирикасы әлде қайда басым жатады.
Ақынның шығармаларынан қазақ –татар әдебиетінен ұлы орыс халқының классикалық әдебиетінен тақырып –идея жағынан болсын, мейлі шеберлік жағынан болсын ұтымды үйренгені айқын аңғарылады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров орыс халқы классикалық әдебиетінің озық қасиетін, дәстүрін ұқты, творчествосын үйренді. Қазақ халқының Абай, Ыбырай негізін салған жаңа, сыншыл –реалист әдебиетін ілгері дамытты, жаңа биікке көтерді.
Сұлтанмахмұт –қазақтың өз тұсында өзімен қатар шығып, үзеңгілес, қанаттас болған ақын –жазушыларының бәрінен басы озық шоқтығы биік ақын. Қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі дәуіріндегі зор тарихи көрінісі, биік бір белесі, қоғамдық құбылысы.
Сұлтанмахмұт қазақ халқының ілгері дамуына рухани мәдениетінің өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Ол халқына өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ. Өзінің жарқын бейнесімен, өміршең асыл мұрасымен халықты Отанын, елін сүюге үйретіп, еңбекке, ерлікке жұмылдырып, бүгінде қызмет етіп отыр. Осылай қызмет ете бермек.
12 994
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам, адам болып», «Мен – қазақ»
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам, адам болып», «Мен – қазақ»
Өлеңді көркемдік ерекшеліктеріне қарай талдау дағдыларын дамыту, тақырып бойынша өз ойын ашық айтуға дағдыларын жетілдіру; Оқушыларды оқу - білімге деген құштарлыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Арыстан мен тышқан. Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Арыстан мен тышқан. Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірімен таныстыра отырып, «Арыстан мен Тышқан» арасындағы мысалды оқып, жеке қабілеті мен белсенділігіне сүйене, мысалдағы түйінді ойды ашуға жағдай жасау.
Шығамын тірі болсам адам болып...
Шығамын тірі болсам адам болып...
Ақтөбе қаласы, №31 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қоспанова Гүлзифа Дүйсембайқызы
Кедей
Кедей
Атырау қаласы, Еркінқала селосы, Еркінқала орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жұпмағанбетова Алия
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам адам болып»
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам адам болып»
Сабақтың мақсаты: 1/Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы білім беру, өлеңдерінің идеясын ашу, өлеңді нақышына келтіре отырып негізгі түйінің табу.
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 - 1920)
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 - 1920)
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 23 октябрь күні қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×