Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Зат есімнің сөйлемдегі қызметі

07 қаңтар 2013, Дүйсенбі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы,
М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Полатова Айнұр Мүслімбекқызы

Сабақтың тақырыбы: Зат есімнің сөйлемдегі қызметі.
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік: Оқушыларға зат есімнің синтаксистік қызметі туралы лингвистикалық білім беру, жаттығу жұмыстары арқылы бекіту.
2.Тәрбиелік: Оқушыларды әдептілікке, ізгілікке тәрбиелеу.
3.Дамытушылық: Оқушылардың синтаксистік талдау жасау дағдыларын дамыту.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілі: түсіндіру, сұрақ-жауап, жаттығу
Сабақтың көрнекілігі: лингвистикалық кесте
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті

Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі: 1.Оқушылармен сәлемдесу
2.Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру
3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару
II. Үй тапсырмасын тексеру: Жіктік жалғауы туралы түсінік. 50-жаттығу.

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру:
1.Тақтаға жазылған мысалдар арқылы түсіндіру.
1.Таулардан өзен ағар сарқыраған.
2 Ақ басты Алатаудың Жамбылымын
3. Дайрабай әрі күйші, әнші, ақын (қандай?) адам болған.
4. Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, Бастары көкке байлап бұлттан асқан. (С.Сейфуллин)
5. Көкке қарай қанат қағып, Аққу кетті бұлдырап
2. Оқушыларға теориялық білім беру.
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі оның қай септік жалғауында жұмсалуына байланысты.
Зат есім атау септікте тұрып, кім? не? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемде ойдың иесі болады. Мысалы: Таулардан өзен ағар сарқыраған. (Ы.Алтынсарин) Бұл сөйлемде өзен сөзі атау септікте тұрып (не ағар?), бастауыш қызметін атқарып тұр.

Зат есім жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы да болады. 3-жақта жіктелген сөздің жіктік жалғауы болмайды. Мысалы; Ақ басты Алатаудың Жамбылымын. (Жамбыл) Ынтымақ-ақ өтпес сауыт. (Мәтел) Бұл сөйлемдерде Жамбылымын (мен кіммін?),сауыт (ынтымақ-не?) деген сөздер 1 және 3 жақта жіктеліп келіп, баяндауыш болып тұр.

Зат есім ілік септікте немесе түбір тұлғада тұрып, анықтауыш болады. Мысалы: Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді. (М.Әуезов) Дайрабай әрі күйші, әнші, ақын (қандай?) адам болған. Мұндағы зат есімдер туынды және негізгі түбір тұлғада тұрып, анықтауыш қызметін атқарып тұр.

Зат есім табыс септікте және барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып, толықтауыш та болады. Мысалы: Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, Бастары көкке байлап бұлттан асқан. (С.Сейфуллин) Бұл сөйлемде Көкшетауды (нені мұнар басқан?) табыс септікте тұрып, бұлттан (неден асқан?) шығыс септікте келіп, толықтауыш болып тұр.
Зат есім барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып немесе түбір тұлғада мезгілдік, мекен-бағыттық, сеьеп-мақсаттық мәндегі шылаулармен тіркесіп келіп, пысықтауыш та болады: Мысалы: Орманның Оңтүстік жақ бүйірінен жол шықты айдаһардай иірілген. (С.Мәуленов) Көкке қарай қанат қағып, Аққу кетті бұлдырап (С.Сейфуллин) Бұл сөйлемдерде бүйірінен (қайдан жол шықты?) Шығыс септікте, ал көкке қарай (қайда? қанат қағып?) барыс септіктегі сөздің үстіне қарай шылауы тіркесіп, пысықтауыш болып тұр.

Қосымша түсінік.
Бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелері тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер деп екіге бөліп оқытылғаны белгілі. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелеріне бастауыш пен баяндауыш, тұрлаусыз мүшелеріне анықтауыш, толықтауыш, пысқтауыш жататын.

Сөйлемдегі әрбір толық мағыналы сөз түрленіп келіп, белгілі бір сұраққа жауап береді де, сөйлемнің бір мүшесінің қызметін атқарады. Мәселен, бастауыш кім? не? кімдер? нелер? кімім? нем? қайсысы? қаншасы? нешеуі? деген сияқты сұрақтарға жауап береді де, баяндауыш білдіретін іс-қимылдың иесі болады. Мысалы: Менің туған жерім- Алматы. Әкесі-құрылысшы.

Баяндауыш бастауыштың атқарған іс-қимылын немесе бастауыштың кім, не екендігін көрсетеді. Баяндауышқа сұрақ бастауышпен байланыстырыла және қай сөз табынан жасалғанына қарай қойылады. Мысалы: Ер жолдасы-тәуекел. (Ер жолдасы не?) Қыздың белбеуі әдемі. (Белбеуі қандай?) Ағасы-студент. (Ағасы кім?) т.б.

Анықтауыш-зат есімнен немесе зат есім орнына жүретін басқа да сөз таптарынан болған мүшелермен байланысып, оларды сын-сапа,
сан-мөлшер, меншіктілік-тәуелділік жағынан сипаттайтын тұрлаусыз мүше. Анықтауыш қандай? қай? қанша? неше? кімнің? ненің? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Өр Алтайға, ару Алтайға көктем келді. (қандай Алтайға, қай Алтайға?) Алтай кеудесінен екі жүз өзен арқырап, етекке ентелей құлайды. (қанша өзен?)

Толықтауыш-сөйлемде өзі толықтайтын мүшесімен табыс, барыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, онымен заттық ұғымда байланысатын тұрлаусыз мүше. Сондықтан толықтауыш кімді? нені? кімге? неге? кімнен? неден? кімде? неде? кіммен? немен? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Сағит ақ орамалға түйілген бір нәрсені қолына ұстатып кетті. (С.М.) (Неге түйілген? Нені ұстатып кетті? Неге ұстатып кетті?) Абай мұны біліп жүр еді. (М.Ә.) (Нені біліп жүр еді?)

Пысықтауыш-сөйлемде етістіктен болған мүшелермен байланысқа түсіп, іс-қимылдың амалын, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын, сан-мөлшерлік сипатын білдіретін тұрлаусыз мүше. Пысықтауыш қайда? қайдан? қашан? қалай? қайтіп? не үшін? не мақсатпен? не себептен? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Ертең ол Қарқаралыға жүрмек. (М.Ә.) (қашан жүрмек? Қайда жүрмек?) Біз жемісті өмір сүру үшін асығайық. (З.Ш.) (Не үшін асығайық?)
3. Лингвистикалық кесте арқылы түсіндіру.

1. Сенің атың тұра тұрсын,
Менің атым жүре тұрсын.
2. Өнер алды –қызыл тіл.
3. Шебердің қолы ортақ.
Шешеннің тілі ортақ.

4. Отан оттан да ыстық.
5. Көкке қарай қанат қағып,
Аққу кетті бұлдырап.
(С.С.)

IV. Жаңа сабақты бекіту.
Оқулықпен жұмыс
49-жаттығу (жазбаша)
Мәтінді оқып, құрамындағы зат есімдердің қай септікте тұрғанын және қай сөйлемнің қай мүшесі екенін айтыңдар.
Үлгі: парашютпен-көмектес септігінде, сөйлемде толықтауыш қызметін атқарып тұр.

Парашют.
Парашютпен, ұшақтан секіруге құмар болдым. Осы ойымды орындауға тырыстым. Әуелі парашютпен мұнарадан секіріп үйрендім. Содан кейін ұшақтан секіруге талпындым. Бір күні таңертең беліме парашют байлап ұшаққа міндім. Ұшақ жерден екі километрдей биікке көтерілді. Мен секіруге әзірленіп, ептеп ұшақтың қанатына шықтым. Сол кезде ұшқыш қолын көтерді. Ұшақтың қанатынан төмен қарай секірдім. Аздан кейін бір селосының қасына келіп түстім.
(Т.Бигелдинов)
50-жаттығу (ауызша)
Қоралар қалады қаңырап,
Ертемен қой өріп кетеді,
Момақан қозылар маңырап,
Үндері көш жерге жетеді.
(Қ.Мырзалиев)
51-жаттығу (жазбаша)
Үлгі: І Мен дәрігермін. Біз дәрігерміз.
ІІ Сен дәрігерсің. Сендер дәрігерсіңдер.
Сіз дәрігерсіз Сіздер дәрігерсіздер

ІІІ Ол – дәрігер Олар – дәрігерлер
Дәрігер. Азамат. Инженер. Оқушы.

52-жаттығу.
Синтаксистік талдау жасау.
Ауылдың шеткері жағында шағын өзен ағып жатыр. Өзеннің үстіне көпір орналасқан. Көпірдің жиегі цементпен бекітілген. Көпір үстінде ағылып жатқан машиналар. Жамал дөңестің төбесінде тұр. Кешке ауада есік алдында еркін сөйлескен үй ішінің әңгімесі Жамалдың құлағына анық естіледі. Ауылдың сыртындағы жолмен жолаушылар кетіп барады.

V .Үйге тапсырма беру: 53 - жаттығу
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі

VI. Оқушылардың жауаптарын бағалау.
45 811
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
Сын есімнің сөйлемдегі қызметін меңгерту, өткен сабақтармен байланыстыру, сөйлем ішіндегі сын есімнің қызметін дұрыс табуға, оқушының өзіне талдату арқылы өздігінен қорытынды шығарту.
Сөз және мағына атты тарауды қайталау (күнделікті сабақ жоспары топтамасы)
Сөз және мағына атты тарауды қайталау (күнделікті сабақ жоспары топтамасы)
Күнделікті сабақ жоспары, қазақ тілі 5 сынып. Тақырыптар: 26. «Сөз және мағына» атты тарауды қайталау 27. Жазбаша жұмыс 28. Сөздік қор туралы түсінік 29. Сөздік қордың өзіндік ерекшелігі 30. Қазақ тілінің сөздік құрамы
Диалект сөздер
Диалект сөздер
Диалект сөздер - белгілі бір жердегі тұрғындардың сөйлеу тілінде ғана қолданылатын сөздер. Диалект сөздер жалпыхалықтық болып есептелмейді.
Есімшенің сөйлемдегі қызметі
Есімшенің сөйлемдегі қызметі
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебінің психологі Сейітова Гүлзада Пернебекқызы
Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау
Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау
Оңтүстік Қазақстан облысы , Арыс ауданы, М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Буын түрлері
Буын түрлері
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×