ойын сауық отауы
Қыс соңында көктем бар
14.05.2018 4 530 0 Дауыл

Қыс соңында көктем бар

Бұл қызықты
ҚЫС СОҢЫНДА КӨКТЕМ БАР
Бір күндік тіршілігіңе
мың күндік із қалдыр.
Ауыл ақсақалының батасы
ҚАНША АЯЗ БОЛҒАНЫМЕН көктем шықпай қоймайды. Жаздың соңы сарғайған күзге айналмай тұрмайды. Күз – қоңыр салқын кез. Жан - дүниеңдегі сағыныш отын маздатып елегізисің, әлденені күткендейсің. Көкте із салып, қимастық үнмен тыраулаған тырналардай әлде не көңіліңмен ұшып бара жатқандай сезіледі. Қайта орала ма, жоқ па? Ол жағы беймәлім.
Өмір – міне, осындай! Суығына тоңбай, жылылықты сезіне алмайсың.
Гүл екеш гүлдің де өз тағдыры бар. Бүршік жарғаны – көктемі. Көбелек қонып, гүл болып ашылғаны – жазы. Күннің ыстығын да суығын да бастан өткеріп барып, мезгілі жеткен соң солады. Бұл – күзі! Бәрінен де күзіне жетпей, жазына жаураған, көктемде көлеңке түсіп, ерте солған жаман.
Кейде бір қуаныш күтсеңіз мұңсыз, қиындықсыз келмейтіні ақиқат. Ал қайғы - қасірет күтпестен - ақ келеді. Әйтсе де оның алдын алуға болады ғой. Денсаулықты да әншейінде елемей, дерт жаныңды меңдеп құр сүлдерің қалғанда ғана ойлайсың. Пенделік деген осы. Ал даналық әрбір сәттен, оқиғадан нәтиже шығарып, дер кезінде іс - әрекет ету шығар.
Адам жаны нәзік қой, қай уақытта болсын жылы сөзге, жақсылыққа, ізгілікке құштар. Аялағанды, құрметтегенді, ілтипатпен тіл қатқанды ұнатады. Бәрінен де сенімге мұқтаж, сенімсіздік қанша жанды алыстатады, қаншама үміттерді үзеді. Өзгелерге сенбейтін, өзгеден жақсылық күтпейтін жан еш уақытта парасаттылыққа жетпейді. Өзгенің бойындағы жақсылықты көре алмағанның өз бойынан жақсылық шығуы екіталай.
Елден бөлінген – айдалада, түн ішінде пойыздан түсіп қалған жолаушыдай. Қайда барарын, қалай қарай жүрерін білмейді.
Кейбіреулердің ерекше болғысы, жұрттың назарына түскісі келетіні бар. Әсіресе, менмен, тәкаппар, өзгені менсінгісі келмейтіндер әсіреқызылдыққа әуес. Мектепті бітірген соң бір құрбымыз атын орысшаға өзгертіп жіберді. Өзі де өзгеріп, кейбірімізді көзге ілмейтін болды. Бала кезден бірге өскендіктен бәрімізге жақын есімімен атасақ қарамайды. «Өйтіп менің «пазорымды» шығармаңдар, «современный атпен атаңдар» - дейді. Сонда, мәселен Ермек – Эдуард, Нұржамал – Нина болғанда бұл ерекшеленіп кетті ме? Жоқ! Қайта жалғызсырап қалды. Әрдайым жұртпен бірге жүрген жанды ғана ел бағалайды. Айтарым, өзгелерсіз, өз ортаңсыз өмір сүре алмайсың. Өзгені сыйласаң, құрбыңды құрметтесең ғана қадірлісің. Немесе керісінше.
Машинаның жүріп - тұруына жанармай қандай керек болса, адамның адаммен араласуына кішіпейілділік, сыйластық сондай зәру.
Көктемді сезіну үшін көктемдей көңіл - күй керек. Бақтағы бұлбұлдың сайрауы, гүлдердің құлпырып жайнауы қандай ғажап болса, жақсылыққа құштар жанның ішкі сарайы да сондай ғажап. Әйтсе де «бұлбұл ғана раушан гүлін түсінер» деген сөз бар. Иә, ішкі сұлулық қана рахаттандыра алады. Жаны таза адаммен сырласқан сайын рухың да тазара түседі. Жолың да ашылады.
Кейде көрсоқырлық, надандық, адамдарға деген махаббатты жоғалтады... Ғұмырыңның қызықсыз қиын сәттерінде өмір сұлулығына мән бере түс. Қуанышты сәттерді көбірек еске түсір. Адам жаны сонда ғана іштегі ауыр азаптан айығып сауыға бастайды.
Сонда да бар нәрсені көзіңмен көргендей, қолыңмен ұстағандай, басыңнан өткергендей болмайды. Сырттай естіп «солай екен - ау» деп те ой түйе салу да аса ақылмандық емес.
Негізінде адамдардың барлығына бақ бірдей беріледі екен. Бақ белге қонғанда тәкаппарлыққа салынбай, оны көтере алған адамның бағы кеудесіне жоғарылайды. Кеудесі де көтерсе бақ басына шығады. Көп адамдар пендешілікке салынып, бақты беліне қонғаннан - ақ үркітіп алады екен деуші еді бұрынғылар.
Тазалап тұрмасаң үй - іші де былғанады, киімді жумасаң кірлейді. Адам да сондай, ізденбесе, оқымаса, жұртпен араласпаса, іштегі ойын айтпаса, көңілін кір басады.
Бірде базардағы бір танысым айтады:
- Ғылым тоқырау үстінде. Неліктен? Қолынан іс келетін үлкен, кемел ойлы небір ғалымдар (докторлар, кандидаттар) ұлағатты ісін күнкөріс қамы үшін базарға айырбастап жіберді. Ал базардың аты базар. Күнде айқай - шу, бар гәп затыңды өткізуде, тұрған орныңды жоғалтпауда. Ал базардағы ғалымдарға қатты жаным ашиды. Ірі дүниенің адамдары амалсыз майда - шүйдемен айналысады. Базардағының бәрі білімді, мәдениетті емес. Ортаға бейімделіп, тұрған орны, 30 - 40 теңге үшін ұрыс - керістің қақ ортасында жүргені. Ғылымға арналған сананы саудаға салған заман - ай!
Арқаға аяздай батса да ащы шындық. Өйткені өмір сүру керек. «Сананы тұрмыс билейді» деген осы - ау.
Бірде үйде газ болмай қалды. Бәріміз әбігерге түстік. Шәй қайнамады, тамақ дайындалмады. Бала қарным ашты деп жылай бастады. Айналдырған үш - төрт күннің ішінде бүкіл тыныс - тіршілігіміздің «көгілдір отқа» байланысты екендігін, мұның бұрын санамыздан орын алмағанын сезіне түстік. Электр плита іздеп шапқылап кеттік. Айналадағы адамдардың әңгімесі тек газға айналды.
Міне, бүгін сол ынтызарлықпен тағатсыздана күткен газ келді! Үй - ішінің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Тура жиырма жыл көрмей кеткен туысқанымыз қайта оралғандай. Менің ойлағаным, адам да сондай ғой. Жанымызда бар кезінде қадір - қасиетін онша сезінбейміз. Тура жаңағы газ іздегендей сабылмаймыз ғой. Өмірден өткенде, қасыңдағы жанды жоғалтқанда ғана барып, жүректі аяз қарығандай: «қап, керемет адам еді - ау!...» деп, аһ ұрып өкінеміз. Бірақ, орны толмайды. «Көгілдір от» келеді - ау, ал адам қайтып оралмайды - ы - ы...
Сенбі, 1 қазан 1994 жыл
Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен
Толық нұсқасын қарау

Көктем Көктем
Сансыз көкек сұңқылдап, Көктем келді ертелеп, Нәзік үнмен сыңқылдап, Бұйра бұлақ еркелеп.
Көктем Көктем
Қарайып жарқабақтар күн ыстаған, Қырдан қар төмен қарай жылыстаған. Тосады жалпақ дала күнге жонын, Денесін жазайын деп құрыстаған.
Мәңгілік жастық Мәңгілік жастық
Мәңгілік жастық, Мәңгілік жасыл, Көкпеңбек. Алақай, біздің алаулы жастық еткен жоқ! Қуарған күз де, Бозарған қыс та, мінеки, Майменен бірге оралды
Біздің көктем Біздің көктем
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт, Таң - тамаша дүние, дабырлап жұрт. Көктем келді. Өмірдің келешегі - Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Ағажан Ағажан
Әбілмәжін Жумабаевқа Жүр едім айыға алмай көптен бері, Қандай күш айықтырып кеткен мені?! Жаураған жауқазын ем бөктердегі, Жып - жылы қайдан соқты
Бәйшешек - көктем жаршысы Бәйшешек - көктем жаршысы
Бәйшешек – өте әдемі көктемгі гүл, бәйшешекті «көктем жаршысы» деп те атайды.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×