ойын сауық отауы
Жоғалған кім
03.10.2019 1 886 0 Admin

Жоғалған кім

Бұл қызықты
Жоғалған кім
Зағип жан бес - алты жасар баласын ілестіріп көк базарға келеді. Керек нәрселерін алып, енді үйге қайтқалы тұрғанда «Жол! Жол! Жол беріңдер!» деп, ауыр арбасын сүйреткен жүк тасушыға алаңдап, жетектеген баласынан айырылып қалады. Жаңа ғана қол созымда тұрған атасын таппай қалған бала да жан ұшырып олай да, бұлай да жүгіреді. «Аталап» айқайлап, дымы қалмай іздейді. Баласынан айырылып қалған соқыр қария да не істерге білмей «балам, балам - ай» деп кемсеңдей дауыстап, ағылған жұрттың ырқынан шыға алмай, толқын тербеген қараусыз қайықтай ығысып, әріге ұзап кетеді. Осылай екі бейбақ базардың екі жақ бетін кезіп, бірін - бірі таппай қалады. Атасы «жалғыз баламды жоғалтып алдым, біреу - міреу алып кетсе не болады, енді қайдан табамын, кімге шағымданамын?» деп әбден титықтап адам аяғы сиреген бір тұсқа кеп шоқиып отыра қалады. Осы сәт азан дауысы естіледі. Қария өзін әрі - бері өткендердің кимелеп, қаққанына қарамай дауыс шыққан жаққа иегін көтеріп, бірер қадам басады. Бірақ көк базардағы у - шу басты айналдырса, нөпір жұрт құйын сияқты, иірімінен ешкімді де шығара қоймайтындай қайнап жатыр. Әрі біреуі болса да мүсіркеп, бұған қайырылмайды. Әйтеуір бірін - бірі қағып - соғып өткен бір адам. Осы қазанның ортасында қалған қария пұшайман күйге түскен. «Әй, қаңбақ шал, жолда неғып отырсың? Бұлай жүрме деймін. Көзіңе қарамайсың ба?» деп ұрсып кететіндері және бар. Осы сәт сауда жасап тұрған бір қыз бала қарияға таяп келіп:
- Ата, сіз мешітке барайын деп пе едіңіз? Сол жаққа қарағыштай бересіз,- деп иба сақтап, үн қатты. Қарияның ойын оқып қойғандай тосын сауалдың сондай жылы естілгені - ай!.. Баласын уайымдап тұрса да қария басын изеп, кемсеңдегенін жасырып, күлімсірей үн қатты:
- Иә, иә, қарағым, барайын деп едім, бірақ баламнан айырылып... – деп аузына сөз түспей абдырады.
- Ата, менің саудам жүрмей таңнан бері босқа тұрмын, одан да сізді жеткізіп салайын, мешіт деген мына арада, тиіп тұр, ал балаңыздан қалай...
- Қызым, менің аузыма сөз құрғыры түспей, балам бар, екеуміз бір - бірімізден адасып қалдық... Көзім де...- деп ақсақал мұңая сөйледі,- сен мені сол мешітке жеткізіп салсаң, Алла риза болсын, саудаңа берекет берсін...
- Жарайды, ата, сіздей үлкеннің батасын алу бізге бақыт қой. Жүріңіз. Балаңыз да табылып қалар, неше жастағы бала еді?
- Балам ба, балам кішкентай... асырап алған құлыным еді... жасы...
Бұл сәтте баласы болса көзінен жасы моншақтап, атасын іздеп үлкен базарды жүгіре шарлап жүр. Оны көргендер аяп, «Сені ата - анаң жоғалтып алды ма? Баласына қарамай, өздері де бір... Бермен кел» десе, бұл олардан зыр - зыр қашып, ұстатпай, «жоқ, мені ешкім жоғалтқан жоқ, қайта мен атамды жоғалтып алдым. Енді ол менсіз қайда барады? Оның көзі соқыр, аяғы да ауырады...» деп кеп егілді. Сөйтіп жүргенде азан дауысы екінші қайтара шықты. Бесін мен екінті арасын атасын іздеп шабыспен өткізген балақай азан үнін құлағы шалғанда жеңімен жасын сүйкей сүртіп, танауын бір тартып, қуанып кетті де мешітке қарай тұра шапты. Ақсақалдың көзінің жасын көлдетіп, бүкшиіп отырғанына көп болған. Ол күбірлеп: «Алла, құлынымды тауып бере гөр!..» дей береді. Табалдырықтан аттай сала атасына қарай жүгіре жеткен баласы атасының жанына келіп, жаймен сыбырлады:
- Ата!..
- Құлыным!.. Келдің бе?!. Құлыным менің!..
- Иә, ата, мен сені іздеп, ақыры таптым. Ата, мен Аллаға айттым, атамды жоғалтып алдым, сен көмектесші, ол өздігінен үйге де бара алмайды, оның көзі менмін, көмектесші, өтінем,- деп жалындым, содан азан шақырды, мен осында тұра шаптым, маған ол дауыс: «Сенің атаң мешітте, жылдам кел» дегендей естілді. Аташым менің!- деп баласы қарияның жас жуған аппақ сақалынан сипап, мойнынан тас қып құшақтап, құшағына құлай берді.
- Құлыным сол, ақылдым сол, мендей соқыр адамға Алла - Тағаладан басқа кім жәрдемдеседі деп, бір ибалы қыздың көмегімен осында бесін намазы кезінде келдім, дәретімді алып, намазымды оқыдым, содан сені тауып бере гөр деп мен де егілудемін балам - ай!.. Алла - ай! мың да бір шүкір, мың да бір шүкір!..- деп кемсеңдеген қария басын сәждеге сала берді. Баласы да атасынан көргенін істеп, ақ маңдайын жерге тигізіп, «Алла, мен сені сондай жақсы көрем!!! Рахмет, саған» деп күбірлегенде көзінен үзілген моншақ жас жайнамаз - кілемге төгілді...

Мұнайдар Балмолда

Байдың жалғыз баласы туралы ертегі Байдың жалғыз баласы туралы ертегі
Ертеде, бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді
Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра.
Үлкен өзеннің бойында бір балықшы өмір сүріпті. Жас күнінде күнкөрісі тәп - тәуір болады. Кейіннен заман өзгеріп, жақсы күндер көрген түстей зу етіп
Ұры мен баласы - Сәбит Дөнентаев Ұры мен баласы - Сәбит Дөнентаев
Көз салмас ұры неге қарны ашқан соң, Аяғын арамдыққа бір басқан соң Жанында бір кішкене баласы бар, Жөнелді бақша жаққа кеш батқан соң.
Кешкі сурет Кешкі сурет
Атасы айтты: - Қарғам,- деп Жігіт болып қалған, - деп Кем болмайды қайткенде Әке тілін алған,- деп.
Әке сөзі Әке сөзі
Бұл дүние не боп кетті? He боп кетті? Ой! Балам!.. Қызығым - ау, бұзығым - ау, Отқа түсіп, ойнаған.
Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған
Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған, Баяғы бала мінез, бала тұлғам. Дәл осылай он алты жасымда мен, Басымнан түн өткеріп, таң атырғам.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×