ойын сауық отауы
Келіншектау аңызы
10.04.2020 666 0 Admin

Келіншектау аңызы

Өлеңдер

Келіншектау аңызы

Сұлулықтың шомылып нұрына тек,
Бұлт байланып жататын шыңына кеп.
Аңыздар мен әпсана әлемінен,
Қаратаудың шертетін сыры да көп.


Салтанаты сәніне сай болыпты,
Күн жайылып, басына Ай қоныпты.
Сонау ерте заманда теріскейде,
Дүниесі тасыған бай болыпты.


Бір кем дүние, жанына бата ма екен,
Тағдырына әлгі бай қапалы екен.
Мүкәмәлі – мыңғырған малдарына,
Жердің өзі қайысып жатады екен.


Шұғыласын шашқанмен таң көрікті,
Кейде мына дүние тар болыпты.
Әулиеден аралап әулиені,
Бір перзент сүюге зар болыпты.


Үмітін де үзбепті, ізденіпті,
Қоңыраулы күрең бел күз келіпті.
Жайған қолын Жаратқан қабыл алып,
Ай дидарлы әсем бір қыз беріпті.


Жүйрік па екен, жоқ әлде жорға ма екен,
Сайын дала тұлпарға толған екен.
Ай туғанда туылған нәрестенің,
Айсұлу деп есімін қойған екен.


Байды кейде батырып ой мекені,
Қырық күндік қызық пен той да өтеді.
Үлде менен бүлденің арасында,
Атына сай сұлу боп бойжетеді.


Табиғатты тербетіп лағыл әні,
Сыңғырлаған шолпысын тағынады.
Он бес жасқа келгенде Айсұлуды
Айттыруға тұс-тұстан ағылады.


Үміткерлер күн сайын артып жатты,
Мерген біткен садағын тартып жатты.
Қыз сынағы үстінде сағы сынып,
Бағы жанбай біреулер қайтып жатты.


Кезегімен ай мен күн айналыпты,
Үміт беріп, кей жандар қайғы алыпты.
Ел ішінен қалайша Ер шықпасын,
Бір батырға Айсұлу байланыпты.


Сауық-сайран ендеше қызар тағы,
Қаратаудан асыпты қыз атағы.
Қырық түйе жасауын жарқыратып,
Жалғыз қызын әкесі ұзатады.


Май тамызып ырыммен отқа тағы,
Аттанады, алған соң ақ батаны.
Жеткен кезде Балдысу өзеніне,
Керуенді бай қызы тоқтатады.


Не болды екен?
Беймәлім, көксегені,
Сандығы мен ашылып текшелері.
«Әкем бәрін түгендеп салды ма» – деп,
Жасауы мен жабдығын тексереді.


Болған екен шеберлер аса мықты,
Өрнектері керемет қашалыпты.
Бар бұйымы алтыннан,
Тек ғана бір,
Итаяғы ағаштан жасалыпты.


Маталары барқыт пен жібек еді,
Қыз қабағы әйтсе де түнереді.
«Итаяқты алтыннан жасатсын» – деп,
Әкесіне хабаршы жібереді.


Әкесіне жеткенде қыз хабары,
Қатуланып қабағы мұзданады.
Қолындағы қамшының сабы сынып,
Дастарқанда шашылып тұз қалады.


Жүзін тосып ызғырық желге бекем,
Арбауына ашудың ерген екен.
«Көшіңменен тас болып қатып қал» – деп,
Теріс бата қызына берген екен.


Әдіре қап күткен шақ бақытты алдан,
Баса алмастан солығын жатыпты арман.
Ашуланған әкенің қарғысынан,
Қыздың көші тас болып қатып қалған.


Ақиқаты жерде ме, көкте ме екен?
Осылайша бұл аңыз жеткен екен.
Содан бері осы тау, ел ішінде
«Келіншектау» аталып кеткен екен!

Әлібек Шегебай.


«Келіншектау» туралы ел аузындығы аңыз
Сонау ерте заманда Қаратау етегінде өмір сүрген атақты бір байдың Айсұлу есімді өте сұлу жалғыз қызы болыпты. Қыздың сұлулығы жан - жаққа тез тарап, қыз 15 жасқа келгенде айттырушылар тұс - тұстан ағыла бастапты.
Перзентін өте жақсы көретін бай қызының қалауы бойынша ғана тұрмысқа шығатынын қатаң ескертіпті. Жігіттерді асықпай таңдаған қыз ақыры біреуіне тоқтап, әкесінен батасын сұрайды. Бай уәдесінде тұрып, қызына қырық күн тойын жасайды. Той өткен соң бай қырық түйеге жасауын артып, қызын жолға шығарады. 
Айсұлу ауылдан ұзап, Балдысу өзеніне келген кезде көшті тоқтатып, сандықтардағы жасауларын тексере бастайды. Барлық бұйымдары таза алтыннан жасалыпты да, тек жалғыз итаяғы ғана ағаштан жасалған екен. Бұған қатты ренжіген Айсұлу әкесіне тез адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасатуды талап етеді. 
Қызының мұнысына қатты ашуланған бай: «О, жақсылықты түсінбеген қасиетсіз қызым, тас бол!» – деп қарғаса керек. Сол замат Айсұлу да, шұбатылған көш те түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Сөйтіп бұл жер «Келіншектау» аталып кетіпті
Әмиян тауып алған кедей жайлы Әмиян тауып алған кедей жайлы
Сіңірі шыққан кедей жігіт жолда келе жатып әмиян тауып алыпты. Ашып қараса әмиянның ішінде бір алтын теңге бар екен. Жігіт қуанып кетіпті де:
Қыз баланы құрметте Қыз баланы құрметте
Баяғыда бір жігіттің жалғыз аты болыпты. Бір жаққа шыққанда, қарындасы оның атын қарауылдайды екен. Бірде қарындасы аттан көз жазып қалыпты.
Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин
Болыпты баяғыда Жеке батыр.... Тау бағып жатады екен тігіп шатыр. Бір күні қарауылда қалғып кетіп, Сол батыр бүгінгеше ұйықтап жатыр.
Бағалай білсең бәрі бақ Бағалай білсең бәрі бақ
Баяғыда біреудің 2 қызы болыпты. Бір қызы көркем мінезді, шебер екен, ал екіншісі мінезі сондай дөрекі, әдепсіздеу екен. Бір күні көрші ауылдан
Ақбақай көлдің жағасы Ақбақай көлдің жағасы
Ақбақай көлдің жағасы Ақбақай деген бұл жер көл болыпты, Жағалай Ақбақайды ел қоныпты. Онда да бірден біреу кем болыпты,
Сыланды ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Сыланды ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Сыланды ана – Жұпар ананың сіңлісі. Шын аты – Қарашаш. Үнемі сәнденіп, салтанатпен жүретін кербез жан болғандықтан, ел оны «Сыланды келін» деп атап
Бір жамандықтың артында бір жақсылық бар Бір жамандықтың артында бір жақсылық бар
Баяғыда Африкалық патшаның бірге өскен досы болыпты. Сол досы өмірде қандай жағдай болмасын мейлі ол жақсы оқиға болсын, келеңсіз оқиға болсын: -
Қызғаныш Қызғаныш
Мен қайтсем екен? Мынау денем өртеніп, барады ысып. Кетсем бе әлде сандалып арақ ішіп?.. Менен гөрі бақытты - ау әркімдердің
Қазынам бар Қазынам бар
Қазынам бар. Біреуге берсем бе екен?! Өкпелейді - ау бермесем, Берсем, бөтен.

Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз