Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақ оюлары

23 мам 2013, Бейсенбі
Категориясы: Сурет және сызу
Сабақтың тақырыбы: Қазақ оюлары
Сабақтың мақсаты: Оқушы қызығушылығын арттыру арқылы, шығармашылық қабілетін дамыту.
Білімділік: Оқушыларды ою - өрнек түрлерімен таныстыру. Ою - өрнек салу арқылы қолды жаттықтырып оқушылардың шеберлігін ұштау.
Дамытушылық: Оқушылардың есте сақтауын, жылдамдық, шапшаңдық қасиеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Эстетикалық тәрбие беру ұйымшылдыққа, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу. Жұмыс үстінде ұқыптылыққа, өзінің және өзгенің уақытын бағалауға үйрету.
Сабақтың түрі: білім дағдыларын қалыптастыру
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сарамандық жұмыс
Сабақтың көрнекілігі: слайдтар, схема, өрнек үлгілері, суреттер.
Пәнаралық байланыс: еңбек, бейнелеу, математика, дүниетану.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі:
Сәлемдесу, сабаққа дайындығын тексеру
II. Жаңа сабаққа дайындық
Қолөнер бұйымдарын еске түсіру (сандық, домбыра, киіз, кілем, ұлттық киім, зергерлік бұйымдар т. б.)
III. Жаңа сабақ
«Ребус» шешу,,,,,,
Қамзол, тақия, оюлары Шешуі: Қазақ оюлары

1. Ою - өрнек сөзінің мағынасы, тарихы туралы түсінік
Біздің ата - бабамыз қолөнерімен айналысқан, сол өнерді жетілдіріп, ұрпағына мұра етіп қалдырып отырған. Барлық жасалған қолөнер заттарын табиғатпен байланыстырып ою - өрнектермен безендірген.
Ою - өрнек деген сөзіміз латын тілінен алынған, “Орнамент” (әшекей) деген ұғымды білдіреді. Мағынасы сәндеу, әсемдеу деген сөзден шыққан. Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі – ою - өрнек.

Қазақ ұлттық ою - өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы - қысы пайдалануға келетін «ағаш уықты, киіз туырлықты» киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесінен тұрады. Тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою - өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы. Ою - өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою - ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығында, шеберлігі мен оюдың ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою - өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою - өрнек бір - бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара жігі бадырайып, үйлеспей, олпы-солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін.

Қазақ ою - өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, ара жігі әр түрлі ою - өрнектермен толыға келе, үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою тасы қошқар мүйіз бастаған өрнек түрлері бір - біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою - өрнекте өз шеберін тапса, жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұрары анық. Біздің ата - бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.
Менің түсінігімде ою - өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл - күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.

2. Ою - өрнектің қолданылуы, топтары слайд арқылы көрсетіп түсіндіру
Ою - өрнектерді композициялық құрылымына қарай бір жүйеге келтіру үшін ғалымдар төрт топқа бөледі:
1. Өсімдік типтес ою - өрнек. Көкөніс өрнектерінде өсімдіктердің гүлі, жапырағы, сабағы, дәні т. б. негізгі элементтері көрінеді.
2. Зооморфтық ою - өрнек. Өрнектер негізінен жануарларды, яғни аң, құс, балық т. б. түрлі жәндіктерді және олардың мүшелерін бейнелейді.
3. Космогониялық өрнек. Өрнектер дөңгелек, ирек, шимай т. б. құралады.
4. Геометриялық өрнек. Балдақ, тұмар, т. б.
Жоғарыда аталған негізгі өрнек түрлерінен бөлек қазақ шеберлері көп қолданатын ою - өрнек элементтерінің мынадай атаулары бар:
А) Аспан әлеміндегі құбылыстарға байланысты өрнектер: ай, күн, жұлдыз, айшық, аймүйіз, құс жолы, жұлдызша, кемпірқосақ т. б.
Ә) Заттардың атауына байланысты өрнектер: балға, балта, тарақ, балдақ, күмбез, табақ, қармақ т. б.
Б) Эпиграфиялық өрнектер – яғни жазуды өрнек тәріздендіріп, белгілі бір заттың бейнесіне келтіре әдемілеп, астарлап жазу.
В) Ру таңбалары мен ел таңбалары және малға салынатын ен таңбаларға байланысты ою - өрнек элементтері: тұмар, айшық, босаға, абақ, тарақ, көз, шөміш, шылбыр, көсеу, ашамай, т. б.
Әр өрнектің астарында мағына болады. Мысалы: «қошқар мүйіз» оюы молшылықты меңзейді, «ағаш» оюы ынтымақ бірлікті, «ирек» оюы адамның өмір жолы, судың белгісі, «шеңбер» оюы жарық өмір жолы дегенді білдіреді. Қошқар мүйіз бен арқармүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік, пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес, бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «жұлдыз гүл» т. б. аттарымен аталады. Ою - өрнектің атауы мен түрлері өте көп. Бүгінге дейін ғалымдар 350 - дей түрін анықтаған. Солардың ішінде көп тараған түрі – мүйіз тектес ою. Ою - өрнектің бұл тобын «оюдың төркіні» деуге болады. Көне заманда тастарға салынған ою - өрнек қазақ халқының тұрмыс салт - дәстүрін бейнелеп келген. Ұсақ түрін зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек сияқты нәзік істерге қолданса, ірі түрін кілемге, алашаға, текеметке, сырмақ пен жиһаздарға салған.

Мысалы: жұлдыз өрнегі - аспандағы жұлдыз көрінісіне ұқсайды. Ол көбіне кілемдерде жиі қолданылады.
Мүйіз тектес өрнектер - мүйізді бейнелейтін өрнек. Олар ұлттық киімдерде, киіз, алаша бұйымдарында кездеседі.
Геометриялық өрнектер және гүл өрнегі - ағаш бұйымдарында т. б. кездеседі.
Ақындар да қазақ оюларына арнап өлеңдер шығарған. Соның бірі жерлес апамыз Ф. Оңғарсынованың мына бір өлең жолдарына назар аударайық.

«Оюлар сыры»
Түрін - ай текеметтің! Асыл қандай?
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
“Келе ғой, қошақаным, өзіме!” - деп,
Әжем кеп сипағандай шашыма жай.
Күйімді кешсеңдер - ау сол беттегі.
Тұрғандай ана – көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан - жағымнан,
Қазақтың қошқармүйіз өрнектері.
Аңсаумен күнім өтті қанша менің,
Желбауда, басқұрда ма аңсау емім.
Әжемнің көзіндей бұл оюларды,
Таба алмай дала кезіп шаршап едім.
Елестеп көз алдымда сән шақтарым,
Келгендей құлағыма аңсатқан үн.
Түрінен текеметтің көріп тұрмын,
Әжемнің тарамысты саусақтарын...

ІV. Атырау суретшілері туралы мағлұмат.
Қазақстанның танымал суретшілерінің бірі Табылды Мұқатов 1947 жылы Атырау облысы Исатай ауданының Орпа ауылында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін 1968 жылы бітірген соң И. Федоров атындағы Львов (Украйна) полиграфия институтын тәмәмдап 1975 жылдан бергі уақытта «Жазушы» баспасында көркемдеуші редактор болып қызмет атқарады. 1979 жылдан ССРО (ҚР) Суретшілер одағының мүшесі. Табылды ағамыз қазіргі таңдағы кәсіби тәжрибесі толысқан көркем полиграфия ісінің майталман шебері десек те болар. Өйткені ширек ғасырдан астам уақыт бойына кітап көркемдеу ісімен үзбей айналысу ол, тек ғана табандылық емес сонымен қатар кәсіби шыңдалу мен поэтикалық дүниетанымның айқын көрінісі. Табылды ағамыздың ақындық қасиеті де жоқ емес. Оған куә 2003 жылы суретші Табылды Мұқатовтың шығармашылығына арналып шығарылған альбомның эпиграфы ретінде алынған «Арнау» өлең жолдары туған жерді поэзия тілінде суреттеудің ерекше көрінісі деп айтуға әбден болады. Суретші ағамыздың көркем графика саласымен қатар кескіндемедегі шығармалары да бір төбе дүниелер. «Жылқышы ауылы», «Жайлауда», «Орпа ауылы», «Әжеммен бірге», «Батырлық дастан» атты жанрлық композициялар өз - алдына ерекше қайталанбас жазылу техникасында орындалып Қазақстан кескіндемесінде өзінің лайықты бағасын алған шығармалар. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Құм жазуы» атты қолжазба өлеңдер кітабы 2003 жылы ЮНЕСКО - ның алтын медальімен марапатталған болатын.

Мәдір Қуандық Насихатұлы 1965 жылы 10 шілдеде Атырау облысы, Нарын құмы етегінде туған. Суретші, композитор. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2005), доцент. 1983 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Еңбекші орта мектебін, 1990 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет - графика факультетін бітірген. 2006 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ - дың экономика институтын «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1990 жылы институтты жақсыға аяқтаған оны білікті мамандар оқытушылыққа қалдырды, содан күні бүгінге дейін осы салада жұмыс істеп келеді. Республикалық облыстық, конкурстардың лауреаты (Алматы, 1995 ж., Орал, 2001 ж.). 1997 жылдан БҚО «Өнер» қоғамдық қорының президенті. «Талбесік» атты кітабы жарық көрген (Орал, Полиграфсервис, 2003). Қ. Н. Мәдірдің әндері мен сурет туындылары, ғылыми, әдістемелік, танымдық мақалалары республикалық бүқаралық ақпарат қүралдарында, әртүрлі ғылыми журналдарда, жинақтарда басылып жүр. 15 - ке тарта оқу - әдістемелік құралдары, сурет альбомдары, т. 6. баспадан шықты.

Биыл қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар дара дарын, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Сариев Шаймардан Тілемісұлының туғанына (11 қазан, 2012 жыл) 75 жыл тойлап өттік. Еліміздің барлық аймағындағы суретшілер шығармасын насихаттау мақсатында құрылған жоба аясында Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайында атыраулық суретші Кәмила Жапалованың да «Өмір әуендері» атты сурет көрмесі ашылды. Атырау облысындағы өнер жайын таныстыратын суретшінің бірқатар туындылары 2008 жылы Астанада көрмеге қойылған еді. Ә. Қастеев атындағы Шымкент көркемөнер училищесін бітірген Кәмила Жапалова бала жастан сурет салуға құмартып, бейнелеу өнерінің қыр - сырын жетік меңгеруге ұмтылды. Сол жолда талмай ізденіп, тынбай еңбектенді. Батикпен майлы бояуды үйлесімді қолдана білген оның әр картинасы өзіндік мазмұнымен тартымды. Оның қаламынан туған дүниелердің әрқайсысы суретшінің ішкі әлемінен хабар береді. Оның ұлттық дәстүрді берік ұстанатынын да шығармалары арқылы танып - білуге болады.

Суретке талғаммен қарайтын Кәмила Астана көрмесіне қойған 45 картинасында қиялға ерік берген, қайсысына көз тастасаңыз да суретшінің шабыт шағын бірден байқауға болады. Соның ішінде Кәмиланың өзі ағаштармен жұмысты оңай, әрі үздік деп бағалайды. Шынында да, қиял - ғажайып қызықтарына толы, асыл мұрат, биік мақсатты терекке теңеген «Үш арман» атты еңбегі – сәтті шыққан туындылардың бірі. Жан - жануарлардың тылсым дүниесі де суретші шығармаларында кеңінен көрініс тапқан. Тарихи оқиға желісі негізінде туған «Алтын қайық» картинасы ескі қала Сарайшықтың өткенінен сыр шертеді. Жалпы, Кәмила туындылары сан қырлылығымен ерекшеленеді, оның әр бояуды орынды қиюластыратын шеберлігі барлық суретінде шырай беріп келеді.......

V. «Жалғастыр ойыны»
Ойлана білмеген…….. жалғастыр ( ою оя білмейді).
Талаппен бастап,..... аяқта (талғаммен)
Өнер – таусылмас азық,... (жұтамас байлық)

VІ. Топпен жұмыс.
Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам,
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям – деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай біз де кезекті сарамандық жұмысымызды бастайық.
1 - топ «Бүршік» оюын
2 - топ «Айшабибі» оюын
3 - топ «Қошқармүйіз» оюын дәптерге бейнелейді
VІІ. Оқушыларға тапсырма: қағаздан өрнек қию, содан кейін дәптерге бейнелейді.
Техника қауіпсіздік ережелерін еске түсіру.

VІІІ. Сабақты бекіту (кестемен жұмыс)
1. Ою - өрнек сөзі қандай ұғымды білдіреді?
2. Ою - өрнек неше топқа бөлінеді?
3. Қошқармүйіз өрнегі қандай бұйымдарда қолданылады
4. Көбіне қолданылатын өрнек?
ІX. Сабақты қорыту
Оқушылардың жұмыстарын талдау.
X. Үйге тапсырма. Оюлар түрін бейнелеп үйрену.
XІ. Бағалау
22 689
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ою - өрнектер сыр шертеді
Ою - өрнектер сыр шертеді
Балаларды халық мәдениетіне үйрету, қазақ халқының әдет – ғұрыптарын тереңірек ашу және дамыту, балалардың бойына сіңіру. Балалардың қызығушылығын арттыру арқылы, шығармашылық қабілетін дамыту
Қағаздан ою - өрнектерді қию әдістері
Қағаздан ою - өрнектерді қию әдістері
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы №6 орта мектептің технология пәні мұғалімі Рыскалыев Жанболат Ондасынович
Сәндік қолданбалық өнер
Сәндік қолданбалық өнер
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылы Г. Орджоникидзе атындағы №1 мектеп – гимназия Технология пәнінің мұғалімі: Кадирбаева Мереке Ашимхановна
Ою-өрнек түрлері
Ою-өрнек түрлері
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылы, №113 «Қаракөл» қазақ орта мектебі директордың бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Байсалбаев Дархан Абдуллаұлы
Ұлттық киімдер
Ұлттық киімдер
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы, № 24 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: Шамуратова Куралай
Ою өрнек және сәндік декор
Ою өрнек және сәндік декор
Авторы: Бирманов Нуржан Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Нұрбұлақ ауылы Тақырыбы: Өрнектер және сәндік декор
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×