Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Әйел аты - ұлылық

28 ақпан 2016, Жексенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Химия пәні мұғалімі Жумакулова Гулбану Жолдиевна

Тақырыбы: «Әйел аты - ұлылық»
Мақсаты: баланың анаға деген құрметін дәріптеу; адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу; ананы сүю арқылы еліне деген сүйіспеншілікті арттыру; ұстаз, ата – ана, оқушы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Көрнекіліктер: шарлар, гүлдер, нақыл сөздер жазылған плакаттар, музыкалық орталық құрылғылары, т. б.
Ашық тәрбие сағатының түрі: әдеби сазды монтаж.
Әдіс – тәсілдер: сұрақ – жауап, ойындар.
/Ашық тәрбие сағаты 11 – класс оқушыларына арналған./
Нақыл сөздер: 1. Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең, әйел деп сүрін.
Әлемге сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.
Авторы: Ж. Ерман.

2. Мұхаммед пайғамбарға зор күнә істеген бір адам келіп: «Енді маған тәубе ету мүмкін бе?» - деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Анаң бар ма? Болса, анаңа және анаңа, тағы да анаңа қызмет қыл» - депті. Бұл хадис – шариф әкеден ананың хақы үш есе артық екенін көрсетеді.
Ашық тәрбие сағатының өту барысы: (Музыка жәй ойнап тұрады.)

Мұғалім: - Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар? Қош келдіңіздер!
Сәулелі әлем төрінен
Сыр – сезім тасып төгілген.
Әйелдің пәк жанында
Бір патшалық бар
Пайымда:
Балауса балғын бағында
Тәңір берген аманат
Сенім, Үміт, Махаббат
Үш пірі отыр тағында!
Шұғылалы шалқар көңілден
Ақжарқын пейіл өрілген
Анаңның пәк жанында
Бір патшалық бар
Пайымда:
Миуалы жомарт бағында
Тәңір берген аманат
Сенім, Үміт, Махаббат
Үш пірі отыр тағында!
Авторы: Нәзікен Алпамысқызы.

Иә, жас кезінде Сенім, Үміт, Махаббат атты үш патшалықта өмір сүріп, одан кейінгі ғұмырында әр ісіне сабырлылықпен қарап, ұрпаққа үлгі – өнеге қалдырып, қамшының сабындай қысқа ғұмырда өзінен кішілерге мархабат деп жол көрсетіп төрден орын алатын және де Құдайдың бергеніне шүкіршілік ететін Әйел қауымына үлкен құрметпен бас имеске болмайды.
Әйел – Ару. Әйел – Ана. Әйел – Әже. Әйел – ұрпақ жалғастырушы. Әйел болмаса өмір де болмайды. Сондықтан да бүгінгі ашық тәрбие сағаты ретінде өткелі отырған «Әйел аты - ұлылық» атты балаларыңыздың әдеби – сазды мерекелік тартуын қабыл алыңыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын!
(Кезекті сөздер оқушыларға баріледі.)
Гауһар: - Мереке демекші, бұл мереке әйел қауымына оңайлықпен келмегенін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Тарихқа көз жіберсек…

Шынболат: - 1908 ж. 8 – наурыз. Көктемнің жаңбырлы күні. Нью – Йорк жұмысшы әйелдері жұмыс уақытын қысқыртуды, жалақыны көбейтуді талап етіп демонстрацияға шықты.
Қуандық: - Осы оқиғадан соң 1910 ж. Копенгагенде жиналған социалист әйелдердің 2 – халықаралық конференциясы 8 – наурызды Халықаралық Әйелдер күні ретінде мерекелеуге шешім қабылдады.

Айсұлтан: - 1911 ж. Германияда, Австрияда, Швейцарияда, Данияда, 1913 ж. Петерборда Халықаралық Әйелдер күні мерекеленді.

Гүлшат: - 1917 ж. наурызда әйелдер: «Балаларға нан берілсін!», «Соғыс жойылсын!», «Патша жойылсын!» - деп талап етсе, 1945 ж. 26 – қарашада Парижде тұңғыш рет халықаралық әйелдер конгресі болды. Конгресте әйелдердің халықаралық федерациясы құрылды. Әйелдер әлемдегі бейбітшілік үшін айбынды үн көтерді. Ана – бейбітшілік. Екеуі егіз ұғым.

Нұржауған: - Осындай бейбітшілікті жақтаған күрескер аналардың бірі сол дәуірде Германияның және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері, Германия коммунистік партиясын құрушылардың бірі, 1890 ж. Германияда социалистік – демократиялық әйелдер қозғалысын басқарған Клара Цеткинді айтпай кетуге болмайды.

Ләззат: - Иә, дұрыс айтасың. Әрбір адам баласы тыныштық пен бейбітшілікті қалайды. Сонау өткен «Тар жол – тайғақ кешу» замандарында елінің тыныштығы мен бостандығы үшін ерлермен қатар жүріп маңдай терін, күш – жігерін, тіпті өздерін де өлімге қиған апаларымыз да аз болмаған.

Мұғалім: - Елі үшін еңіреген Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира, т. б. апаларымыздың орны ерекше. Сонау бағзы заманда да әйелдердің елінің қорғаны болғандығы жөнінде аңыз әңгімелер жетіп артылады. Солардың кейбіреулеріне тоқталсам:
- Бір кезеңде қазақ ханының сұлу қызына жоңғардың батыры құда түсіпті. Он алтыға жаңа толған ару қыз орыс князының ұлын бұрынырақ көріп ұнатып қалған екен. Өзі батыр, өзі кескінді орыс жігіті қазақтың сұлуына ғашық болып, енді айттырғалы жүргенде жоңғар құда түсіп, қыз әкесі қимаса да елдің тыныштығын ойлап келісімін беріп, құда болысып, қол алысқан. Бұл жайды естіген орыс жігіті: «- Сүйіктім жоңғарға кететін болса бүкіл қазақ баласын өмірім жеткенше ойран етемін.» - деп аяулысының алдында ант етіпті. Қыз жүрегінің қалауымен кете барса ата – баба жерін жойқан жоңғар жаулары хақ. Жоңғарға кетсе, екінші бір азулы ел ел – жұртына қол салғалы тұр. «- Көрмеген рақатым, татпаған ләззатым халқымның, жерімнің амандығынан садаға!» - деп жас ару балғын тәнін Еділдің асау толқынына берген екен.
- Ал енді келесі бір аңыз былай өрбиді: Ерте замандардың бірінде қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бұл күнде құм астында қалған бір қаланы қоршап алыпты. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып, қорғаннан өте алмаған жау қамаудағы халықтың берілуін күтіпті. Қала жым – жырт. Бірнеше күн өтсе де қалаға кіргізер нышан байқалмапты. Сонда дұшпанның әскербасы жарлық шығарған: « - Қаладан көтергендерінше зат алып әйелдердің кетулеріне рұқсат! Ерлері жоқ әйелдер бәрібір ұрпақ өрбітпейді. Бұл халықты осылай құртамыз.» - деп жау өз үкіміне масайрапты.
Қаланың байлығын таласа – тармаса бөліскен жау енді еркек атаулыны құрту үшін азаматтарды іздесе, қаланың бірде бір үйінде жан жоқ. Әйелдер бір – бір ер азаматтарды қапқа салып алып кеткен екен. Бір халық осылай аман қалыпты дейді аңызда. Сонда бұдан шығатын қорытынды: кейде ерлеріміздің әлі келмей жатқан нәрсеге нәзік жандыларымыз оңтайлы әрекет етіп жатады. Әрқашан да әйелдер ақылды болып жатады. Сондықтан да жағдайға сай олардың ақылдарымен санасып, сыйлап, мүдделерін қорғауымыз керек.

Елубай: - Қазіргі таңда елімізде осы нәзік жандылардың жоғын жоқтап, сөзін сөйлеп жүрген әйелдердің құқықтарын қорғайтын орталықтар баршылық.
Құралай: - Ендеше осынау жыл сайын жастыққа, балауса балғын шаққа тән жалынды тынысымен дүниені тағы да қайта түлетіп, бүкіл тіршілік атаулыға жасампаздық қуатын, мәңгілік өмір тынысының жаңа, жарқын лебін ала келетін көктем қанатымен ілесе келген, табиғат заңдылығындай жарасымды әсер беретін Халықаралық Әйелдер күні құтты болсын дей отырып, аналарымызға арнап О. Иманәлиевтің сөзіне жазылған, Е. Хасанғалиевтің әні «Анаға сәлемді» тарту етеміз.

Ән: «Анаға сәлем» /хор/
Мұғалім: - Өте тамаша, балалар! Енді барлығымыз да мына өлеңге көңілімізді аударайықшы.
(Музыкалық құрылғыдан ана тағдыры туралы ән жіберіледі.)

Гүлшат: - …О, дариға, аспан астында анаңның барын, жер басып жүргенін сезінуден артық бақыт бар ма? Күн нұры, таң самалы, гүл иісі… осының бәрі сені тапқан анаңның қасиетінен таралған, мейірімінен жаралған рахат екен ғой. Тіршіліктің бар қызығы анаңның саған дымы қалмай, діңкесі құрып, елжіреп қараған көз шарасына сыйып, көз шарасында тұрады екен – ау! Жер үстінен анаң кетті дегенше осынау жарық дүниеге деген жылылығын жарымы қараң қалды десейші!

Құралай: - Ана, ана!… Сені қолымен жасап, саған жарық көрсетіп, бір рет кешер ғұмыр берген құдіреті күшті құдай ғой ана деген… Құдайшылдар не қылған құдай атқандар еді? Құдайы жерде, үйінде отырғанда аспаннан іздеп, ғасырлар бойы босқа сандалып келген. Құдай деген Ана! Сені жаратушы да, қашан өзіңмен өзің болып кеткенше жаныңды сақтаушы да сол Ана!

Жаңылай: - Сен дүниеге келдің, айғай сала жылап, бұлданып келдің. Кімге жылап, кімге бұлдандың? Әрине, анаңа жылап, анаңа бұлдандың. Ал анаң үшін сенің соныңның өзі бақыт: қансыраған, қирап қалған денесін әрең қозғап жатып, сенің айғайыңа жүйкесі босап, жан жүрегі елжіреп, мәз болады. Қайран ана, анажан, мейірімді көзі мөлт – мөлт етіп, елеңдеп, күш жияды, медет қылады соны…

Ләззат: - Сен беймаза ғана емес, бейкүнә нәрестесің. Сенің бұл халде жер тепкілеп жылаудан басқа не білерің бар? Сонда сені алақанына салып, жерден алғаш көтерген, ыстық құшағына алып бауырына басқан аяулы ана ғой. Шіркін – ай, дүниеде ана кеудесінен асқан жұпар хош иіс, кең тыныс бар ма?!

Елубай: - Егер сен таңғы ауадай таза, кең болсаң, кеудең қасиетке толы майталман болсаң, жөргегіңде ана көкірегімен еркін тыныстаған екенсің, азамат!
Егер сен бықсыған шаладай тымырсық, тар болсаң, кеудең бір уыс күйкі болсаң, ешқашан ана көкірегінің хош иісін сезбеген сығыр екенсің, жазған!

Қуандық: - Сен жарық дүниеге тұңғыш рет көзіңді аштың, көргенің өзіңе күле қараған анаңның ақ дидары болды. Сен тұңғыш рет тыпырлап, өзіңнің тірлік иесі екеніңді таныттың, тепкілегенің анаңның кеудесі болды. Сен тұңғыш рет дәмге ұмтылдың, аузыңа салғаның анаңның ақ мамасы болды.

Гауһар: - 9 ай құрсақта көтерді. Сен анаңның мүсінін бұзып, түрін алдың ба, қайттің? Жоқ, жоқ, анаңның ең сұлу шағы сол сені көтеріп жүрген кезі. Солай емес пе? Жер үстінде аяғы ауыр әйелдің дене бітімінен артық қандай сұлулық бар? Анадан туған адам ананың бұл сұлулығын тебірене ұғып білмес пе!

Шынболат: - 9 күн толғатып жүрді. Сен анаңды азапқа салдың ба, қайттің? Әрине, сен анаңды өмір мен өлімнің шегіне апарып қойдың. Сен анаға жасар ғұмыр бойғы рақымың оның осы тұста тартқан азабының бір минутына тұра ма? Жоқ. Олай болса, сен анаға мәңгі бақи қарыздарсың.

Нұржауған: - Ана сені жылдар бойы түн ұйқысын төрт бөліп бесікте тербетті. Қаз тұрғызып, қасына ертті… Сен өзіңе өзің кел, өз қолың өз аузыңа жетсін, адам бол, ұядан ұш, жөніңде жүр… Бәрібір ана көзі сенде, ана тілегі сенің үстіңде. Анаң сенің құрбаның болуға әрқашан даяр…
Батырбек: - Сөйткен анаға сен не мінез көрсеттің? Көп ренжіткен жоқпысың? Ай, айналайын анажан – ай, бәрін кешіреді – ау! Және сен қандай тентектік жасасаң да бір жола ұмыта кешіреді – ау, ол!… Саған қараған көзінде әрқашан күдік емес, тап – таза үміт тұрады. Сол үмітті – ана үмітін қайтіп ақтадың? Немен ақтадың?!

Мұғалім: - Адамға ой салатын осы бір тебіреністер академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» романынан келтірілген үзінділер болатын. Ал енді жазушы ағамыздың сұрақтарына кім қалай жауап берер екен? Жалпы сен анңды қалай мақтан тұтасың? Және де жоғарыдағы тыңдаған ән мазмұнына өз пікірің қандай, нені түсіндің? Қоғамда осындай қатігез адамдарды болдырмау үшін не істеу керек? /Оқушылар өз ойларын айтады. Сыйлықтарын табыс етеді. Мұғалім де өз пікірін білдіреді./

Мұғалім: - Мынадай ойынға кезек берейік. Ол үшін ортаға үш ер баланы шақырамыз. Олар мына ыдыстардағы жемістерді сәнді етіп жеке – жеке тәрелкелерге орналастырулары қажет. Қалай жасағандары жөнінде түсінік береді. /Қажетті құралдар: жеміс – жидектер – 3 данадан, 3 тәрелке, 3 тақтайша, 3 пышақ, т. б./
Мұғалім: - Сіздердің құрметтеріңізге балаларыңыз келесі өнерлерін ұсынады. /Би билейді./
Мұғалім: - Класымызда гүлдей жайнап бойжеткен алты қызымыз бар, құдайға шүкір. Сіздерді де бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Класымыздағы жігіттеріміздің келесі өнерлері сіздерге арналады.

Шынболат: - Қыздар, қыздар – қызғалдағы көктемнің,
Жадыраған жарығындай төккен күн.
Қыз қараса жасарғандай дүние,
Жаңарғандай бәрі – бәрі өткеннің.

Елубай: - Қыздар сендер сезімдердің мөлдірі,
Сендер көңіл сарайының кеңдігі.
Сендер жоқта жауып әлем қабағын,
Керек болмай қалар өмір ендігі.
Қуандық: - Қыздар, қыздар – қуаныштың базары,
Әрбір таңның бірге туған ажары.
Қызғалдақтар гүл атыңдар санада,
Қыз болмаса дүние де азады.

Батырбек: - Қыздар сендер – арқауы да ән – күйдің,
Ақ жансыңдар пәктігіндей сәбидің.
Қандай теңеу айтса – дағы жетпейтін,
Қыздар сендер – қызғалдағы әр үйдің.
Бұл өлеңдердің авторы Қадір Жүсіп.

Айсұлтан: - Қыздар, қыздар, сұлу қыздар –
Неткен ғажап сұлусыңдар,
Дархан көңіл, дәру қыздар!
Қыздар, қыздар, сұлу қыздар –
Аққу мойын, ару қыздар,
Қыздар, қыздар, сұлу қыздар –
Өлең авторы: Г. Өмірбекова.

Мұғалім: - Бүгінгі мерекелік сағатымыздың басты қонақтары өздеріңіздің аналарыңыз. Енді сол кісілерді де сөзге тарта отырайық. Әуелі ортаға үш анамызды шақырайық. Олар мына сөздермен аяқталатын өлең жолдарын құрастырулары керек.
……………. арманбысыңдар,
……………. алғанбысыңдар?
……………. аққуымсыңдар,
……………ұшыңдар!
Негізгі мәтіні: Ә. Қалмырзаұлының өлеңі:
Аққанат ару арманбысыңдар,
Жанымды жаулап алғанбысыңдар?

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
4 691
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ана туралы мақал-мәтелдер жинағы
Ана туралы мақал-мәтелдер жинағы
Ақылды әйел ішінде, алтын бесікті ұл жатар.
Анаға құрмет - балаға міндет
Анаға құрмет - балаға міндет
Ананы сыйлауға, құрметтеуге үйрету. Ананы туралы өлеңдердің, мақал - мәтелдердің мағынасын түсіндіру. «Анаға құрмет - балаға міндет» екенін түсіндіре отырып, адамгершілікке тәрбиелеу.
Ана - өмірдің гүлі
Ана - өмірдің гүлі
Ана - өмірдің гүлі, анаға тек ұлылық тән екенін ұғындыру. Анаға деген бала махаббатын ояту: Анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Оқушыларды аналардың еңбегін бағалай, құрметтей білуге тәрбиелеу.
Тамырын жайып тереңге
Тамырын жайып тереңге
Отбасы құндылықтары, ата - баба дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы туралы білімдерің кеңейту
Рахмет саған, Анашым
Рахмет саған, Анашым
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Жанкелдин орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсім Әжібаева
Бар ізгілік бір өзіңнен тарайды
Бар ізгілік бір өзіңнен тарайды
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс селосы, Чкалов атындағы орта мектебі Мемлекеттік тіл пәні мұғалімі Есениязова Жанат Какимқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×