Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Күз туралы өлеңдер топтамасы

25 қазан 2022, Сейсенбі
Категориясы: Ақын-жазушылар
Күз туралы өлеңдер топтамасы
Күз — Жұбан Молдағалиев

Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,
Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.
Қызылы да, қызу да жаз сарқыны,
Тоңазытқан таңғы шықтар салқыны,
Күз де менің елу жасым сияқты
«Ертең» емес, «кеше» болған сол күні.
Жалт ойнайды нажағайлар жырақта.
Шөмелелер өртенбейді бірақта.
Күз де менің елу жасым сияқты
Дірілдейді қарап айна бұлаққа.
Бірде жарқын, бірде бұлттар құрыстап,
Бірде жаңбыр, бірде қары тыныстап.
Күз де менің елу жасым сияқты
Жаз бен күздің шекарасын тұр ұстап.
Сарғыш тартып, бақтың жүзі тұр сынып,
Бұйра талдар болады ғой құр сырық.
Күз де менің елу жасым сияқты
Әлденені жоқтағандай күрсініп.
Далада да сайраңдаған сары елес,
Сары сурет алтын таңның сөрі емес.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Не жігіт жас, не еңкейген кәрі емес.
Ағаш басып, тау мен түздің таз жонын
Қыздыратын қытып жұмсап аз шоғып,
Күз де менің елу жасым сияқты
Біледі ғой бір жылда екі - жаз жоғын.
Күзде, бірақ жайрап жатыр жемістер.
Күзде шынар жылдық істер, жұмыстар.
Күздер менің елу жасым сияқты,
Алаңы жоқ шаруадай жұмыскер.

Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн — Мұқағали Мақатаев
Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой - хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой - хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Жүрші, жаным, қоңыр күзде серуендейік жырақта,
Қайтқан құстың әуенімен қоштасайық қыратта,
Күз өткенге кейімеймін, сағынамын бірақта.
Қайтып бара жатыр, әне, сағыныштар - тырналар,
Ақ қайыңдар, тал, теректер… алтын сары сырғалар,
Туған жердің кеудесінде тұнжырайды жылғалар.
Қайда кеткен жасыл алқап, жасыл орман, жасыл маң?
Қайда кеткен жақұт гүлдер паң далаға шашылған?
Қайда кеткен, қалай өткен, кімге барып бас ұрған?!
Қалай біздер қапелімде аңғара алмай қалғанбыз?!
Әттеген - ай, неткен аңқау, неткен аңқау жандармыз?
Келіп қапты - ау сағыныштай сап - сарала арман - күз…

Күз — Қалқаман Сарин
Күңіренген, күрсінген күздің ауыр,
Мінезіне үйренген біздің ауыл.
Бұйра шаңын көтеріп қырат - қырдың,
Берекесін бір сәтте бұзды дауыл.

Жанарымда жабырқап жаз жылады,
Жылағаны емес пе, қаздың әні?!
Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың,
Қанатынан үзілген сазды ұғады.

Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік,
Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып.
Жылы өлкенің жамалын жасқа шылап,
Қара аспанның көзі тұр қарауытып.

Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті. Құс жүдеу, ұя салқын.
…Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын.

Сап - сары жапырақтар — Мұқағали Мақатаев
Сап - сары жапырақтар…
Сал - сары жапырақтар…
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап - сары жапырақтар жоғалуда.
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей құстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты; гүлі.
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
Басына бар ғаламның түсті мұңы.
Сап - сары жапырақтар,
Сап - сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа.

Тағы күз туралы өлеңдер
Күз туралы тақпақтар
Күз
Қазан
Күз​​​
17 054
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Алтын күз
Алтын күз
Алтын күз Күз – бұл ғажайып мезгіл. Күз мезгілі адамның көңіл – күйі секілді құбылмалы. Бірде жаңбыр жауып жатса, енді бір күн шайдай ашылып тұрады. Күзде білім күні басталады. Бұл күнде енді мектеп табалдырығын аттайын деп жатқан балалар қуанады.
«Алпамыс батыр» жыры – ерліктің дастаны
«Алпамыс батыр» жыры – ерліктің дастаны
Сабақтың мақсаты: Ата - бабамыздан қалған өшпес мұра «Алпамыс батыр» жырын жаттау, батыр туралы әңгімелей отырып, топпен жұмыс жасау, қызығушылықтарын арттыра отырып, сөздік қорын, таным - ықыласын дамыту. Оқушыларды батылдыққа тәрбиелеу.
My family
My family
Сабақтың мақсаты: - “Отбасы” кұндылығының маңыздылығын ашу. Отбасы туралы түсініктерін кеңейту. Отбасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Инабаттылық пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Эссе. Менің таңдауым педагог
Эссе. Менің таңдауым педагог
Ермухамбетова Алтынай Серикбековна
Менің аты- жөнім
Менің аты- жөнім
Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылы «Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Кадырбекова Данира Чапаевна
Класс жетекші және оқушы (сайыс)
Класс жетекші және оқушы (сайыс)
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Мойылды ауылы, Горячкин негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Хамзина Армангүл Серікқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×