Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сұлтанмахмұт Торайғыров "Бір адамға" өлеңі

20 қаңтар 2013, Жексенбі
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Полатова Айнұр Мүслімбекқызы

Сабақтың тақырыбы: Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Бір адамға» өлеңі

Сабақтың мақсаты: Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірі, шығармалары туралы түсінік беру. Өлеңнің реалистік сипаты, сюжетке құрылуы. Патшадан шен таққан ел билеуші бай арқылы халық үстінен байыған дүниеқоңыз, шенқұмар жандарды өлтіре сынаудағы өлеңнің әлеуметтік өткірлігі. Өлең арқылы ізгілікке, мейірімділікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу. Оқушы шығармашылығын, ізденімпаздығын дамыту.

Сабақ түрі: жаңа тақырыпты меңгерту
Сабақтың көрнекілігі: «Қазақ әдебиеті»9 - 11 сыныптар (жалпы курс), электрондық оқулық,. Сұлтанмахмұт Торайғыров. Шығармалар, 2 томдық, 1том. Алматы. «Жазушы», 1967
Сабақ әдісі: Сұрақ - жауап, шығармашылық жұмыс, ой қозғау, топтастыру стратегиясы
Пәнаралық байланыс: тарих, география

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: 1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
1. А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет.
2.«Ақын ініме» өлеңін мәнерлеп оқу, талдау.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Бір адамға»өлеңі
Ой қозғау стратегиясы.
- Сұлтанмахмұт Торайғыров кім, қандай өлеңдерін төменгі сыныпта оқыдық?(оқушы жауабы тыңдалды)
І. 1. Ақын өмірімен таныстыру.(электронды оқулықтан) Қазақ әдебиеті 9 - 11сыныптар (жалпы курс)
2. Ақын шығармаларын тірек-сызба арқылы айтып шығу.

Сұлтанмахмұт Торайғыров
(1893 - 1920)
Романдары: «Қамар сұлу», «Кім жазықты?»(өлеңмен жазылған)
Өлеңдері: «Оқып жүрген жастарға», «Оқуда мақсат не?»,«Шағымын тірі болсам, адам болып»,«Ендігі бет алыс»,«Мен қазақ»,«Анау-мынау»,«Бір адамға», Шәкірт ойы,«Туған еліме».
Әңгімесі: «Ауырмай есіммен жаңылғаным».
Мақалалары: «Өлең және айтушылары»,«Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан»,«Әлиханның Семейге келуі».
Поэмалары: «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс» (аяқталмаған), «Қайғы»

І. «Бір адамға» өлеңі.
Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар?...»

Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан қып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты!

Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған - ау, баққан халқын!»
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын?

Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз,
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».

Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағына қойдым таяп:
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?»
Демейінше болмады, қарап жай - ақ!

Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» деп,
Кесені қолыма алып қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?» деп.

1. Мәнерлеп оқимын.(Интерактивті тақтада өлең мәтіні тұрады)
2. Оқулықпен жұмыс. Оқушыларға мәнерлеп оқытамын
(3 - 4 оқушы)
3. Өлеңнің мазмұнына тоқталу.
- өлең қандай адамға, кімге арналған деп ойлайсыңдар?
- өлең мәтіндегі мысқыл, кекесін мағынада қолданылған жолдардан нені байқадыңдар?
Ақынның «Күнделік дәптерінен» (Сұлтанмахмұт Торайғыров Шығармалар, 2 томдық, І том Алматы «Жазушы», 1967 111 - бет)
1914 жылы 7 жолдаспен Шорман ауылына өзімді қазақшылық айнасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ. Іздеп барған Сәдуақас барған жерден мені түссіз буа сөйледі.
Мен ауыл оныкі һәм үміт болған таза жауап қайырмай, ұтқызыңқырап отырдым. Жанаспайтын ауыл екен деп елдегі жайшылық қалпымды бұзбадым. Бәлкім, онан көрі ілтипатсыз отырдым. Білдім: ол ішінен менің бұл мінездерімнің жалғызын жақтырған жоқ.. Бояма қалпы жылтырады. Жүрерде осы бойымша аттансам қалпе деп ойлар һәм бояма алданбағанымызды білдірейін деп:

Шоң, Шорман едік,
Бір-бірімізге қорған едік.
Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары
Бұтағына келіп қонған едік.
Онымызға қарай сіз де:
«Кім келіп, кім кетпеген ауыл едік»
Деп, бауырлығыңды білдірмей,
Арқаңның жауырлығың білдірдің.
Шоң, Шорманға бастамасаң да,
Ілтипатыңнан тастамағаныңа рахмет -
«хош»,- деп, қолын ұстап амандасып жүре бердім.
Былай шыққан соң жолдастарым: «Құрметтеді»деп мақтасып сөйлескенде, менің жаным ауру, жайым жайсыз еді.

Мұнан былай:
Малға басым имеске,
Рия тоным кимеске.
Кісі құрметін сүймеске,
Өз ісіме тимеске,
Кісі тіліне ермеске,
«Қазақшылыққа» енбеске,
Аштан өлсем адамға,
Намысымды бермеске,
Май тамызса тілінен
Еш адамға сенбеске,
Өз ақылымнан басқаға... көнбеске.
Кәміл уағда етілді! – дедім.

Қосымша: Жастарды оқуға, мәдениетке бастайтын «Шоң серіктігі» деген мәдени-ағарту ұйымын құрмақ болып, аталас туысы Шорман баласы Садуақастан көмек сұрауы халқына қызмет көрсету жолындағы үлкен қоғамдық бастама еді. Ойлағаны болмай, Шорман тұқымдарына көңілі қалған ақын елдегі мықтылардан қайыр болмайтынына көзі жетеді. Шорманның Садуақасына арналған «Бір адамға» өлеңі осылайша шығарылады.

5 Ирония.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1914 жылы ел аралап жүріп, Павлодар маңының атақты шонжары Шорман аулына түседі. Байлығына мастанған Шорман ұрпақтары ата тегінің патша өкіметінен алған шен-шекпендерін, халықтың көзі жасымен жиналған қазына-мүлкін көрсетіп, мақтаныш білдіреді. Мұны жақтырмаған ақын осыған байланысты «Бір адамға» өлеңін шығарады. Бай үйінің асыл жиһаздарын көрген ақын:

Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын!»
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын?!- дейді.

а) Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар...
ә) Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан қып, қымбат емес кемге алыпты.
б) Ойладым. «Оңдырған - ау, баққан халқын!»
в) Қай момынның малы бар бұл аяқта?
г) Кесені қолыма алып, қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?» деп,-

деген жолдардың астарлы мағынасын ашыңдар. Бұл сөздер, бір қарағанда, мақтау сияқты көрінгенімен, олардың астарында зілді кекесін жатқанын байқау қиын емес. Келесі шумақтың мазмұны да осылайша астарлы келекеге негізделген.
Міне, осы сияқты сөздерді қарама - қарсы мағынада, кекесін мағынасында қолдануды ирония дейміз.

Сатира (оқулықпен жұмыс)
Сұлтанмахмұт «Бір адамға» өлеңінде ел ішінде байлығына масаттанған бір адамның басқаларға істеген қиянатын, озбырлығы мен жиіркенішті қылықтарын батыл әшкере етеді. Өлең ащы мысқыл, зілді кекесін түрінде берілді.
Көркем шығармада өмірдің бір жағымсыз жақтары мен құбылысын осылайша күлкі ете, мысқылдай суреттеуді сатира деп атайды.

6. Өлеңді жолдау арқылы ақынның өзекті ойын ашу. (өлең мәтінінде қолданылған әрбір жолдарына мән беру, оқушыға талдату)
- Шал байлығын қалай таныстырды, қандай сезімін байқадыңдар?
- «Қай момының малы бар бұл аяқта?»,..
Кесені қолыма алып қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?»- деп деген жолдардан не ұқтық нені байқауға болады?

7. Өлеңнің құрылысына талдату (тақтамен жұмыс),
Бір үйде // жиюлы екен // қазына мал,
Көрсетті // бәрін бізге // ақсақал шал:
«Бұрынғы //атамызға // сыйға берген,
Біздерде //мынадай бар, // мынадай бар?...»
(оқушылар интерактивті тақта арқылы орындайды)

6 шумақ, 4 тармақ, 11 буынды, 3 бунақты, қара өлең ұйқасы.

ІІІ. Ахмет Байтұрсынұлының «Ақын ініме» өлеңі және Абай Құнанбаевтың «Қараша, желтоқсан мен сол бір - екі ай» өлеңдерін еске түсіру арқылы салыстыру.
(интерактивті тақтамен жұмыс)

ІҮ. Тарих деректерге сүйенсек...,
Ол – Шормановтардың тарихта кім болғандығы туралы. «Баянауыл мен Павлодар уездерінің шаруалары қоғамдық жерлерді арсыздықпен алған ірі байлар мен помещиктерге қарсы ашық күреске шықты,- деп жазады тарихшы Б. Сүлейменов,- олар Шормановтар тәрізді ірі феодалдардың жерлерін конфискелеп, жері жоқтарға бөліп беруді талап етті. Шаруалар Шормановтардың ауылына шабуыл жасап, олардың жылқыларын қуып кеткен кездері де болды. 1906 - 1907 жылдары жиі болып тұрған осындай толқуларды басу үшін патша үкіметі жазалаушы отрядтар жіберіп отырды» (Сүлейменов Б. Қазақстан в первой русской революций Алма - ата, 1949. 19 – бет)
(Т. Жабағин. С. Торайғыров «Шығармаларын мектепте оқыту методикасы». Алматы «Рауан» 1991)

Ү. Кеше, бүгін, ертең...
Оқушы пікірін тыңдау
ІV. Жаңа сабақты бекіту.
Сабақты пысықтау
Қорытынды: «Бір адамға» өлеңі - ақын шығармашылығындағы ең негізгі шығармалардың бірі. Өлеңге бір дәуірдің негізгі шындығы сыйғандығын ақын қарапайым тілмен жеткізе білген. Сол кезеңдегі қазақ даласында шын реалистік өмірден, нақты өмірлік фактіден алынғандығы.

V. Үй тапсырмасын беру:
С. Торайғыров «Бір адамға» өлеңі.
Өлең мәтіні арқылы инсценировка құрап келу.
VІ. Бағалау.
63 895
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам, адам болып», «Мен – қазақ»
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам, адам болып», «Мен – қазақ»
Өлеңді көркемдік ерекшеліктеріне қарай талдау дағдыларын дамыту, тақырып бойынша өз ойын ашық айтуға дағдыларын жетілдіру; Оқушыларды оқу - білімге деген құштарлыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Арыстан мен тышқан. Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Арыстан мен тышқан. Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірімен таныстыра отырып, «Арыстан мен Тышқан» арасындағы мысалды оқып, жеке қабілеті мен белсенділігіне сүйене, мысалдағы түйінді ойды ашуға жағдай жасау.
Сұлтанмахмұт Торайғыров, "Бір адамға"
Сұлтанмахмұт Торайғыров, "Бір адамға"
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Қуанова Ләззат
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Арманым»
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Арманым»
Павлодар қаласы, Инновациялық үлгідегі гимназиялық сыныптары бар №39 жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Минап Гүлбарша
Арыстан мен тышқан
Арыстан мен тышқан
Бастауыш сынып мұғалімі: Мусина Айнұр
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 - 1920)
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 - 1920)
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 23 октябрь күні қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×