Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абай Құнанбаевтың лирикасы

11 сәуір 2013, Бейсенбі
Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбаевтың лирикасы
(әзірлеген, өткізген Самбаева Б. Ш.- қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі)
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Абай өлеңдерінің мазмұны мен идеясын меңгерту арқылы оқушылардың сөздік қорын молайту, өлеңнің тіл ерекшелігіне оқушылардың назарын аудару, көркемдігін түсіндіру. Әдеби теориялық түсініктер беру.
2. Дамытушылық: Өлеңнің мазмұнын түсіну, әдеби - теориялық түсініктерді ұғына білу қабілеттерін дамыту, мәтінмен жұмыс істей білуге төселдіру, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын түсіне білу қабілетін дамыту.
3. Тәрбиелік: Абайдың ұлылығын терең сездіру, адамгершілік қасиеттерге баулу, Абай мұрасына қызығушылықты арттыру, оқып - білуге, тани түсуге ұмтылдыру.

Түрі: таным сабағы
Пәнаралық байланыс: тарих, орыс әдебиеті, қазақ тілі
Әдістері: жинақтау, талдау, салыстыру, сұрақ - жауап, қорытынды жасау,
Көрнекіліктері: электронды слайдтар, кітаптар, интерактивті тақта, Абайдың портреті, ақын туралы жазылған кітаптар, ақын өлеңдерінің жинақтары;

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру: Сәлеметсіздер ме, балалар! Балалар бүгін бізде ерекше таным сабағы өтеді. Бұл сабағымызға қонақтар келіп отыр.
Үй тапсырмасынтексеру: 1. Балалар, біз өткен сабағымызда ұлы ақын Абайдың өмірбаянына тоқталдық. ( Оқушылармен өтілген тақырып бойынша, жаңа сабаққа кіріспе ретінде блиц - турнир өткізіледі)

Сұрақтар:
1. Абай Құнанбаев -..................(ақын, ойшыл)
2. Қай жерде дүниеге келген.................(Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыстаудың бауырында)
3. Ол қай жылы туылған..................( 1845 жылы)
4. Алғаш хат таныған....................... (ауыл молдасынан)
5. Абай оқыған медресе....................(Семейдегі Ахмет Риза)
6. Абайдың шын аты...................(Ибраһим)
7. Абайдың арғы атасы.....................(Өскенбай)
8. Өз әкесі...............................(Құнанбай)
9. Абайдың шешесі...............,(Ұлжан) әжесі....................(Зере)
10. Абайдың әкесі Абайды.........................(ел билеуге үйретеді))
11. Абай мен әкесі арасындағы келіспеушілік................(ел билеушілердің халыққа жасаған қиянатын көргенде басталады)
12. Абай оқыған шығыс ақындары....................... Низами, Сағди, Хафиз, Фзули)
13. Абай дос болған орыс демократ ғалымдары.........................(Михаэлис, Долгополов)
14. Абай шығармаларын оқыған философтар.........................(Платон, Сократ, Аристотель)
15. Абай шығармаларын оқыған орыс жазушылары мен ақындары..........(Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Салтыков - Щедрин, Добролюбов, Чернышевский)
16. Абайдың ақын екенін танытқан алғашқы көркем өлеңі..................(Қансонарда)
17. Ол қай жылы жазылған..................(1882жылы)
18. Абай оқыған орысша журнал.................(«Русский Вестник»)
19. Абай рухани байлық алған үш саласы.....................(шығыс әдебиеті, орыс жазушылары, халық ауыз әдебиеті)
20. Қай жылы дүниеден озды?............... (1904 жылы)

2. Үйде сіздер кестені толтырып келулеріңіз керек еді, тапсыруларыңызға болады.
Жаңа сабақ: Кіріспе сөз:
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!

Осы бір ауыз өлеңде - бүкіл Абай атамыздың өмірінің терең сыры жатыр. Мұңы қараңғы елдің мылқау күшімен арпалысқан аяулы жанның кейінгіге жолдаған арызы деуге де болады. Бұрынғы қазақ елінің әлеуметтік халін білмей, Абай Құнанбаевтың туған айналасын өмір ұясының кім екенін түсінбей жоғарыдағы Абай атамыздың жұмбағын шешу де қиын.
Балаларға интерактивті тақта арқылы Абай Құнанбаев туралы жасаған слайд презентацияны көрсету арқылы өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы түсінік беріледі.
Абай өмір сүрген кезең Салмұқанова Зарина дайындап келген мәлімдеме тыңдалады.

Біріншіден: Абайдың өз отбасы қандай еді?
Абай орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбай ұлы Құнанбай өз заманындағы атақ - даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Болыстық, аға сұлтандық қызметтер атқарған. Абайдың арғы аталары - Өскенбай мен Ырғызбай да өз заманының белгілі билері болған. Құнанбайдың жеті баласы болған. Соның ішінде ерекше көзге түскені Абай болған. Әкесі үлкен үміт күтіп, ел басқару ісіне баулыған. Осылай жүріп Абай сол кездегі атақты адамдарды, би - шешендерді көреді. Сөз айтуды үйренеді, халықтың тұрмыс - тіршілігімен танысады. Ел билеген әкімдердің қара халыққа қиянатын көреді. Халқына пайдалы болудың жолын іздейді.

Екінші: Абайды қоршаған әлеуметтік орта қандай еді?
Абай өмір сүрген дәуір қазақ даласы толықтай Ресейдің отарына айналған, халық екі жақты қанауда болған, өзінің еркін даму мүмкіншілігінен айрылған кезі еді. Үстем тап өкілдері ескі азиялық құрылысты сақтап қалуға тырысса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылық, демократиялық тарихи әлеуметтік дамуды алға қойды. Абайдың шығармалары нақ осы бағытты алға ұсынды.

Балалар, Абай өлеңді 1882 жылдан жаза бастады. Өздеріңіз атап өткендей оның ақындық күшін танытқан өлеңі «Қансонарда» деп аталады. Абай өзінің 22 жыл өмірін шығармашылыққа арнады. Бүгін біз сіздермен қазақ халқының бас ақыны Абайдың лирикасына тоқталамыз. Дәптерлеріңізді ашып, жазыңыздар

Желтоқсанның он төрті
Тақырып: Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың лирикасы
(ұлы ақынның лирикасына арналған танымдық сабақ)
Өлең дегеніміз не?
Өлең - белгілі бір өлшеммен қиыстырып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін сөз жүйесі.
Бірінші анықтап алайық: Лирика дегеніміз не?
Лирика - адамның көңіл - күйін, қуаныш - реніш сезімін білдіретін поэзия. Лирика бес түрге бөлінеді.
1. Табиғат лирикасы
2. Махаббат лиракасы
3. Философиялық лирика
4. Саяси лирика
5. Көңіл - күй лирикасы

Абай лирикасын осы анықтама тұрғысынан қарап көрейік. Оқулықпен жұмыс.
199 беттен 2 абзацтан оқимыз. Оқушыларға оқулықтан Абай лирикасына арналған бөлімді теріп оқыту, мазмұнын түсіндіру.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» - өзінің білім - ғылымға кеш ұмтылғаны, «Әбдірахман өлгенде», «Оспанға» – көңіл күй туралы өлеңдері
«Ғылым таппай мақтанба» – философиялық лирика, білімнің, ғылымның маңыздылығы туралы
«Интернатта оқып жүр» - оқыған жастардың мақсаттары туралы, саяси лирика
«Әсемпаз болма әрнеге» - өмірдің өтпелілігі, өз орныңды таба білу, қате баспау туралы ой тастайды, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес – философиялық лирика
«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Құлақтан кіріп, бойды алар» - сөздің, ән мен жырдың құдіреті туралы, философиялық лирика,

«Жазғытұры», «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай», «Қыс» Абай табиғатты шебер жырлаған, өзінше ерекше жырлаған. Оның табиғаты жанды, үнемі қозғалыста. Бұл табиғат лирикасы
«Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат»ойын бос жүріс, алдымен білім алу керектігін жастарға айта білді. - философиялық лирика

«Болыс болдым мінекей...», « Сегіз аяқ», «Мәз болады болысың», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» - Абай халқының дауын даулап, мұңын жоқтады. Бұл оның саяси лирикасы
Абай адам жанының нәзік қылы, ғашықтықты да жеріне жеткізе жырға қосты. Оның куәсі «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қаламқас», «Татьянаның хаты» өлеңдері
Сонымен, балалар, өздерің көріп отырғандай Абай лирикасы өмірдің барлық саласын қамтиды.
Абай өлеңдері екі жүзді алмас сияқты. Жібектей жұмсақ, жанға жағымды, екінші жағынан тілі алмастай өткір. Абай шындықты шынайы жырлады. Қазақ әдебиетіне сыншыл реализмді алып келген Абай болды. Абай өлеңдерінің тақырыбына тоқталып өттік. Енді бір өлеңін. Әдіскер Нұрша Оразақынованың әдеби шығарманы сатылай кешенді талдау технологиясы бойынша талдап көрейік

Қазақ поэзиясын сатылай кешенді талдаудың толық үлгісі
1. Авторы
2. Тақырып – бұл өнер туындысының іргетасы. Бұл –шығарма. Әдеби шығарма дегеніміз белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі.
3. Жанр түрі – поэзия(өлең). Өлең дегеніміз – белгілі бір өлшеммен қиыннан қиыстырып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі.
4. Идеясы - автор тақырып арқылы шындық өмір көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді. Сол арқылы мақсат, мүддесін, арманын білдіреді.
5. Шумақ – аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді.
5. 1. Бір шумақты
5. 2. Екі шумақты

6. Тармақ - өлеңнің әр жолы.
6. 1. Екі тармақты
6. 2. Төрт тармақты т. б.

7. Бунақ – белгілі бір дауыс ырғағымен бөлінуі.

8. Буын саны - сөздің құрамындағы дауысты дыбыстардың санына байланысты
8. 1. 3 - 4 буынды
8. 2. 6 - 7 буынды
8. 3. 8 - 9 буынды
8. 4. 11 - 18 буынды, т. б.
8. 5. Аралас буынды

9. Ұйқас
9. 1. Қара өлең ұйқасы(- а - а - б - а)
9. 2. Шұбыртпалы ұйқас (- а - а - а - а)
9. 3. Ерікті ұйқас (а - б - в - г - д)
9. 4. Кезекті ұйқас (- а - б - в - б)
9. 5. Шалыс ұйқас (- а - б - а - б)
9. 6. Егіз ұйқас (- а - а - б - б)
9. 7. Аралас ұйқас (- а - а - б - в - б - в - б - б - б)

10. Әдеби теориялық ұғымдар
10. 1. Троп
10. 2. Фигура
11. Түсіндірме сөздік
12. Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні.

«Желсіз түнде жарық ай» өлеңін сызба бойынша талдау
1. Авторы Абай Құнанбаев
2. Тақырып – бұл өлең табиғат туралы. Өлеңде ақын
табиғат пен махаббатты үндестіре суреттейді.
3. Жанр түрі – поэзия(өлең).
4. Идеясы - Адам да табиғат сияқты, табиғат көрінісі қандай әдемі, нәзік болса, адамның жан дүниесі де сондай нәзік. Сұлулықты, сезімді құрметтеуге, сезіне білуге жетелейді.
5. Шумақ –.
5 бес шумақты
6. Тармақ
20 тармақтан тұрады
7. Бунақ – Бір бунақты
Буын саны -
7 - 8 буынды
8. Ұйқас
Шалыс ұйқас (- а - б - а - б)

9. Әдеби теориялық ұғымдар. Троп
1. эпитет - Желсіз түн, жарық ай, қалың ағаш, құлпырған жасыл жер, терең сай
2. Кейіптеу - су дірілдейді, жапырақтар сыбырласады, тау жаңғырығады, ән қосады,
3. Риторикалық сұрақ – келмеп пе едің сол жаққа?, тұрмап па еді сүйеніп?

10. Түсіндірме сөздік
Айтақ – окрик – иттің үргеніне ілесе дауыс қосу
Елең қағу - пугливо озираться - алаңдау
Бөгелу - задерживаться – тоқталу, аялдау

11. Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні.
Сұлулықты түсінуге, көре білуге, табиғатты, сезімді құрметтеуге тәрбиелейді. Адамның жан дүниесін рухани байытады, көркемдейді.

Эпитет - бір заттың не бір
құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтау үшін қолданылатын бейнелі сөз
эпитет деп аталады.
Кейіптеу - табиғат
құбылыстарын жандандырып, тірі кісі кейпінде суреттеуді кейіптеу деп атаймыз.
Кейіптеу Абайға дейін қазақ әдебиетінде болмаған, ол әдіс орыс және батыс
Европа әдебиетінде кездеседі. (Мысалы, Некрасовтың «Мороз, красный нос» өлеңімен салыстыруға
болады). Өлеңді оқушыларға оқып беремін. Мұнда қыс - «Воевода - әскербасы» болып көрінсе, Абай атамыздың суреттеуінде –«Кәрі құда»
Риторикалық сұрақ - ойды, сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы өзінен - өзі айқын нәрсені әсерлі леппен, сұрау түрінде айту.

Қорытынды: Балалар бүгін
біз Абай атамыздың лирикасымен таныстық. Енді сабақты қорытындылай келе
қазір сендермен «Сиқырлы конверт» ойынын
ойнаймыз. Ойынның шарты: Балалар «Балдырған» өзі келе алмай «сиқырлы
конверт» беріп жіберіпті. Оның іші толған төрт пен бес. Ол бағаларды алу үшін
кеспе қағаздардағы тапсырмаларды орындау керек.
1. Лирика дегеніміз не?
2. Абай өлеңдерінің тақырыбы қандай?
3. Лирика неше түрге бөлінеді?
4.. Махаббат туралы қандай өлеңдері бар?
5. Абайдың табиғат лирикасына арнап жазған өлеңдері қандай?

Үйге тапсырма: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін өз бетінше сызба бойынша талдап келу.
Абайдың қара сөздерінен біреуін оқу.
Бағалау: Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды бағалау

Абай Құнанбаевтың лирикасы. жүктеу
89 458
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Абай Құнанбаев ʻʻҚысʼʼ
Абай Құнанбаев ʻʻҚысʼʼ
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушылардың Абай Құнанбаевтың өмір оның шығармалары туралы білімін кеңейту. «Қыс» туралы өлеңнің мазмұнымен идеясын ашу.
Абай және орыс әдебиеті
Абай және орыс әдебиеті
Абай, оның өмірі, шығармашылығын қалай меңгергенін анықтау. Өз бетінше іздендіруге, шығармашылық жұмысқа үйрету. Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту, сөздік қорын байыту.
А. Құнанбаевтың табиғат лирикасы
А. Құнанбаевтың табиғат лирикасы
Абай Құнанбаевтың табиғатқа байланысты өлеңдерінің тақырыбы мен идеясын, көркемдік ерекшелігін меңгерту. Өлеңді түсініп, мәнерлеп оқи білуге дағдыландыру.
Абайдың өлеңдері
Абайдың өлеңдері
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, «Н. Г. Чернышевский атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектеп» Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмағұлова Бибінұр Бекенқызы
Абай Құнанбаевтың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі
Абай Құнанбаевтың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі
Маңғыстау облысы,Түпқараған ауданы, М. Әбдіхалықов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Көшербай Тілектес Серікбайқызы
Абайдың табиғат лирикасы
Абайдың табиғат лирикасы
РФ Алтай Республикасы, Қосағаш ауданы қазақ тіл мен әдебиет пәндерінің мұғалімі Актанова Токжан Мудиновна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×