Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47

Алтай

14 сәуір 2017, Жұма
Категориясы: География
1. Алтай
Сабақтың тақырыбы: Алтай
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: Алтайдың географиялық орны, жер бедері, табиғат жағдайы, пайдалы қазбалары, климат жағдайларының ерекшеліктері, өзендері мен көлдері, табиғат зоналары, өсімдіктері мен жануарлары, аймақтың экологиялық жағдайы жайлы білімдерін бекіту.
2. Дамыту: сұрақтарға жауап беру арқылы білім жинақтауына, түрлендірілген тапсырмалар арқылы оқушылардың таным қабілеттерін, географиялық ой - өрісін, пәндік сөйлеу стилін дамыту.
3 Тәрбиелік: Тақырыптың аймақтық рөлін пайдаланып оқушы бойында Отанына, туған еліне сүйіспеншілік, құрмет сезіміне, бірлесіп жұмыс істеуге, жолдасының пікірін тыңдай білуге, табиғаттың сұлулығын аялауға тәрбиелеу. тәрбиелеу.
Сабақ түрі: іскерлікті қалыптастыру сабағы
Сабақ әдісі: интерактивті, баяндау, картамен жұмыс, тест.
Көрнекі - құрал жабдықтар: Қазақстанның физикалық картасы, атлас, кесінді суреттер, шартты белгілер, слайд, ақын, жазушы, зерттеушілер шығармалары.
Пәнаралық байланыс: тарих, биология, әдебиет, сурет.

Сабақтың жоспары:
І. Ұйымдастыру
ІІ. Қызығушылықты ояту
ІІІ. Шолу тапсырмалары. «Ой сергіту».
IV. Қорытынды. Бағалау.
V. Кері байланыс
VI. Үйге тапсырма беру

Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру. (1мин) Оқушылар зейінін сабаққа аудару.
ІІ. Қызығушылықты ояту. (3 мин) Оқушы Алтай тауы атауының шығу тарихымен таныстырады.
«Алтай» атауы аңыз ізімен: Таудың тарихи атауы жөнінде әртүрлі пікірлер бар. Біріншісі – моңғолдардың «алтын» деген сөзінен шыққан, екіншісі: Алтай - қазақтың
«алты ай» деген сөзінен шыққан.
Екі жолаушы сапарға шығыпты. Оның бірі таудың бір жағының адамы да, екіншісі - екінші жағындағы елдің адамы екен. Екеуі таудың үстінде кезігіп, бір - бірінен: «Сен қайда барасың?»- деп сұрайды. Жолаушылардың сөздері бірдей болып шығады. Екеуі де бір - біріне:«Осы тауды жағалап, келесі жағына жетуді көздеп келемін»,- дейді. Сонда жолаушылар «бұл таудың ол жағы мен бұл жағы алты айлық жол екен» деседі. Таудың аты осыдан келіп шыққан десе - ді жұрт. Алтай ертеден өзінің байлығымен басқа елдерге «Алтын таг» болып жайылып, кейіннен қазақ ұлыстарының өз ішінде «Алтай» аталып кетуі мүмкін. Оған дәлел: қазірдің өзінде Шығыс Қазақстандықтар өздерін басқа жаққа шықса, «кенді Алтайдың» адамдарымыз дейді.

ІІІ. Шолу тапсырмалары. (30 мин)

1 - тапсырма. «Бір минутта»
1. Алтай тауының қай бөлігі Қазақстан аумағында орналасқан?
2. Алтай жер бедерінің ерекшеліктеріне қарай қандай аудандарға бөлінеді?

2 - тапсырма. Анықтамалар қай тау жүйесіне сәйкестігін табыңыз.
Кенді Алтай
Оңтүстік Алтай
Қалба жотасы

1. Алтай тауларының Ертіс өзенінен батысқа қарай 400 км – ге созылған жалғасы
2. Асу жотасы мен Сарытаудың аралығында 1449 м биіктікке Марқакөл қазаншұңқыры орналасқан тау
3. Үлбі (2300м), Иванов (2775 м), Үбе (2100 м) тау жоталарынан тұрады
4. Шығыс бөлігі қатты тілімденген, шыңдарын мәңгі қар, мұздық жапқан биік
5. Ең биік нүктесі – Сарышоқы (1558 м)
6. Ертіс аңғары оны батыс жағынан Қалба жотасынан бөліп тұрады.
7. Пайдалы қазбаға өте бай болғандықтан, атауы солай атанған.
8. Бұл тау жүйесі шығыстан батысқа аласарады.
9. Тау төбелері жұмырлау, батысында Сарыарқамен шектескен

Жауабы: Кенді Алтай: 3, 4, 7 Оңтүстік Алтай: 2, 6, 8 Қалба жотасы: 1, 5, 9

3 - тапсырма. Оқулықтың 69 - бетіндегі карта – суретті пайдаланып, Алтай тауының орографиялық сұлбасын сызыңыз.
Алтайдың өзіне тән орографиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай - ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді. Орталық және Оңтүстік Алтайдың басты жоталары мен тау тізбектері ендік бағытта, ал Батыс тау жоталары оңтүстік - шығыстан солтүстік - батысқа қарай, кейбірі бойлық бағытта созылған.
«Ой сергіту». (3 мин) Оқушы жатқа оқиды, басқалары мұқият тыңдайды.
Алтай
Көргенде көз көңілдің Алтайы еді
Алтайдың кен аңқиды, алған демі
Жерінен алтын, күміс жентектеліп,
Алтайдың кен құсады талай жері.
Алтайдың ең үстінде Ақтау биік,
Бойына бұлт жете алмай тартқан күйік.
Аңдары бұғы, марал ойын салып,
Секірген қиясында өршіл киік
Алтайды аялаған талай халық,
Жеріне, жемісіне мейір қанып.
Ұйғыр, ойрат, торғауыт қазақ, қалмақ,
Алқа тағып Алтайда жүргені анық.
Жалын жұтып, тас шайнап талай ердің,
Ханмен, бекпен күресіп өлгені анық.
Алмас қылыш, ақ семсер, көк сүңгімен,
Хан алдына батырдың көнгені анық. (Иса Байзақов)
Өлең арқылы оқушылар Алтайдың байлығы, кімдердің ата - қоныс мекені болғаны, Ақтау туралы біледі.

5 - тапсырма. Кескін картаға аталған кен орындарын белгіле.
Көргенде көз көңілдің Алтайы еді
Алтайдың кен аңқиды, алған демі
Жерінен алтын, күміс жентектеліп,
Алтайдың кен құсады талай жері. (И. Байзақов)
Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлең жолдары да осыны растайды.
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен
Алтайға бетегедей алтын біткен
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде алаш елі мекен еткен
Кен орындары: қорғасын, мырыш, қалайы, вольфрам, күміс, сынап, тас көмір, құрылыс материалдары және Нарын, Күршім жоталарында алтын мен сирек металл, Қалба тауында қалайы, вольфрам. Аса маңызды - полиметалл кен тастары.
Батыс Алтай кенге бай болғандықтан Кенді Алтай атанған.

6 - тапсырма. Алтайдың көл, мұздықтарын ауданы бойынша сәйкестендір
Атауы ----------------- Ауданы
1. Марқакөл -------- Б 5510 км²
2. Зайсан ----------- --А 89, 6 км²
3. Мұздықтар ------- Ә 455 км²

Жауабы: 1 - Ә, 2 - Б, 3 - А.

7 - тапсырма: Тест шешіңіз - «Алтайдың табиғат байлығы экологиялық проблемалары»
Алтай тауы қандай биік
Көз тартады қараса.
Әттең, бірақ адамдар бар
Бауырында аласа...
1. Алтайдың 1976 жылы құрылған қорығы.
А. Марқакөл Ә. Батыс Алтай Б. Алакөл в. Барсакелмес
2. Марқакөл қорығының мақсаты:
А. бағалы аңдарды Ә. өсімдік, балықтарды Б. табиғатты В. бәрін қорғау
3. Қорықта өсетін асқазан мен жүйке ауруларын емдеуге қолданатын дәрілік шөп
А. Алтын тамыр Ә. сексеуіл Б. өрік В. раушан
4. Құнарлы қара топырақ тараған аймақтар
А. Тау етегі Ә. Тау басы Б. Аласа таулар в. Шөлейт зонасы
5. Жем азықтық базасы басқасына ұқсамайтын мал шаруашылығы
А. түйе Ә. Қой Б. жылқы В. омарта – ара
6. Алтайдың «Қызыл кітапқа» енген тағысы
А. қоян Ә. қасқыр Б. қар барысы В. түлкі
7. Археологиялық туризм орталығына айналған Берел қорымы орналасқан Алтайдың бөлігі
А. Оңтүстік Алтай Ә. Қалба Б. Кенді Алтай В. бәрі
8. Шығыстағы Алтай орман алқабының азаю себептері.
А. өрт Ә. Ысырап ету Б. бақылаусыз кесу В. бәрі
9. Көрікті Алтайда туризм дамуына кедергі
А. Сапасыз жол Ә. Туризмдегі маман тапшылығы Б. сапасыз қызмет В. бәрі
10. Алтай табиғатының экологиялық проблемалары
А. кен қалдығы Ә. Металлургиялық зауыттар Б. кен қорытудағы технологиялық кемшілік В. бәрі

Жауабы: 1 - А, 2 - В, 3 - А, 4 - А, Б, 5 - В, 6 - Б, 7 - А, 8 — В, 9 - В, 10 - В.

8 - тапсырма: Топпен жұмыс. Қанатты сөздердің мәнін ашыңыз.
1 - топ. Тау баласы тауға қарап өседі
2 - топ. Асқар таудай алып бол,
Әппақ күндей жарық бол.
3 - топ. Биік таудың басы қыс, бауыры жаз.
4 - топ. Таудың биіктігін төбе аңғартады

ІV. Қорытындылау.(1 мин) Оқушыларға «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» екенін айта отырып, табиғатты аялауды әрқайсымыз өз өлкемізден, өзімізден бастаудың маңызын түсіндіру.
V. Бағалау.(3мин) Өзін, жолдастарын бағалату. Талаптарың таудай болсын! – деп, тілек айта, жиынтық баға қою.
VІ. Үйге тапсырма: (1мин) «Алтай» сөзжұмбағын құру.
«Алтай туризмі - табыс көзі». Ойтолғау
VІІ. Кері байланыс: (2мин) «Екі жұлдыз, бір тілек».

Шығыс Қазақстан облысы,
Өскемен қаласы әкімдігінің «Ахмет Байтұрсынов атындағы
№ 20 орта мектебі» КММ география пәні мұғалімі
Жандыкенова Жайнагүл Мағатайқызы (құжатта: Жайнагул Магатаевна)

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
7 184
0
1 дауыс
Оқи отырыңыз
Еуразия жағалауындағы мұхиттар мен теңіздер
Еуразия жағалауындағы мұхиттар мен теңіздер
Сабақ мақсаты: Оқушыларға Еуразия жағалауындағы мұхиттар мен теңіздер, мұхиттардың материкке тигізіп жатқан әсері, жағалауындағы ағып жатқан ағыстар, мұхит пайдалы қазбалары, тіршілік дүниесі, мұхиттардың ластану деңгейі туралы мағлұмат беру
Африканың аймақтарына шолу
Африканың аймақтарына шолу
Африка материгі бойынша өткен тақырыптарды, географиялық орнына, зерттелу тарихына, жер бедері мен климатына және ішкі сулары мен табиғат зоналары, елдері мен халқына сипаттама бере отырып еске түсіру, оның табиғаты үшін маңызын түсіндіру.
Тәуелдік жалғауын пысықтау. Қазақстанның табиғаты
Тәуелдік жалғауын пысықтау. Қазақстанның табиғаты
Тәуелдік жалғауы туралы түсініктерін пысықтау. Қазақстан табиғаты тақырыбы бойынша білімдерін толықтыру. Сөздерді тәуелдеу арқылы оқушылардың логикалық ойлау өрістерін, есте сақтау қабілеттерін, сөздік қорын, ауыз – екі сөйлеу тілдерін дамыту.
Африка материгін қайталау
Африка материгін қайталау
Африка материгі туралы алған білімдерін жинақтап, өткен сабақтан алған білімдерін жүйелеу. Оқушылардың ойлау қабілетін, зейінін, танымдық қабілеттерін дамыту.
Батыс Сібір жазығы
Батыс Сібір жазығы
Батыс Сібір жазығының географиялық орны, жер бедері мен пайдалы қазбалары, климаты, өзендері мен көлдері туралы танымын қалыптастыру.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.