Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ақсақ құлан

07 желтоқсан 2015, Дүйсенбі
Категориясы: Музыка
Музыка пәні мұғалімі Сапиева Лəззат

Сабақтың тақырыбы: Ақсақ құлан
Мақсаты: а) қазақ халқының аңыз - күйлерін, ертегі - дастандарын тыңдауға қызығушылығын арттыру. Музыка тыңдау ережесін еске түсіру;
ә) музыканың түп - тамыры халық музыкасында жатқанын ұғындыру. Ән үйрену кезінде есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту;
б) музыканы сүюге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: композиторлардың суреттері, «Ақсақ құлан» аңыз - күйі бойынша суреттер, музыкалық аспап.

Барысы:
Ұйымдастыру бөлімі
Үй тапсырмасын тексеру.
1. Күй деген не?
2. Күй қандай аспаптармен орындалады?
3. Күйдің сөзі бола ма?
4. Неліктен халық күйі деп аталады?

Музыка тыңдау. Н. Меңдіғалиев. «Тепеңкөк»
Н. Меңдіғалиев 1921 жылы Орал облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор.
Н. Меңдіғалиев халық аспабы домбыраның мәнерлік мүмкіндігін классикалық фактура тұрғысында беруге ұмтылған алғашқы қазақ кәсіби пианиношысы. Ол көптеген миниатюра, фортепианолық концерттер жазған. Оның «Домбыра туралы аңыз» концерттік пьесасы қазақ фортепианолық музыкасында кең танымал.
- Ал енді балалар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбын ашу үшін алдымен «Ақсақ құлан» аңыз - күйін тыңдайық.

Күйдің шығу тарихына тоқталайық.
Ертеде бір ел билеген ханның жалғыз ұлы болған екен. Бір күні ханның ұлы аң аулауға шығып, жазық далада жайылып жүрген бір топ құланға кезігіпті. Аңшылықтың қызығына берілген жігіттің садақтан атқан оғы үйірді бастап жүрген құланды жаралайды. Жанына батқан жарақатын ауырсынған құлан ызыланып, аңшыға қарсы шауып келіп, тұяғымен теуіп өлтіреді.
Баласын бірер күн күтіп, аңшылықтан оралмаған соң бір сұмдықтың болғанын сезген хан: «Кімде - кім ұлым туралы жаман қайғылы хабар жеткізетін болса, көмейіне қорғасып ерітіп құямын», – деп халыққа жар салыпты.
Бұл хабарды естіген халық ханның алдына барып, көңіл айтудан да қаймығады. Не істерлерін білмей қатты қиналған уәзірлер ел ішіндегі атақты күйшіге келіп қолқа салыпты. Күйші еңсесі түсіп, күйзеліп отырған ханның алдына келіп, оның рұқсатын алған соң домбырасын қолына алып, бір күйді ойнай жөнеледі. Күңіренген күйдің сазымен ханның көз алдынан аңшылық көрініс, ашулы құландардың тұяқтарының дүрсілі, жалғыз ұлының ғайып болып, көз жұмғаны өтіп жатады. Күйдің құдіретінің арқасында хан болған жайды түсініп, егіліп жылайды. Бір кезде есін жиған хан: «Ұстаңдар мына күйшіні!» – деп уәзірлеріне әмір беріпті. Сонда күйші: «Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой сізге естірткен», – депті. «Олай болса, домбыраның шанағына құйыңдар қорғасынды!», – дейді хан.
Міне, содан бері қазақ домбырасының шанағында тесік пайда болыпты. Бұл күйді естірткен күйші Кетбұға деген күйші екен.
«Ақсақ құлан» күйін тыңдау.

Сергіту сәті
«Көңілді музыкант» қимыл - қозғалыс ойыны. Бұл ойынды ойнау барысында әр аспаптың үніне, ойнау мәнеріне, дыбыс ерекшеліктеріне назар аударылады.

Ән тыңдау
Б. Әлімжанның «Күйші» әні тыңдалады.
- Әннің мазмұны «күй» деген атаудың өзінде үлкен құдіретті күш, шабыт жатқанын жырлайды.
Өмірдің қыры мен сырын күй тілімен сөйлеткен Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина сынды күйші - композиторлар есімі халық арасында ұмытылмай сақталып келуінің өзі – халқымыздың өнер мұрасын қастерлейтіндігін көрсетеді. Ән болашақ ұрпаққа аманат ретінде, күй өнерін жоғалтпауға, қастерлеуге, қадірлеуге шақырады. Ән көңілді, шарықтап, орташа екпінде орындалады.

Ән үйрену.
- Балалар алдымен ән үйренбес бұрын дауыс жаттықтырып алайық. Дауыс жаттықтыруын жасау, «До, ре, ми» әнін орындау. Әннің авторының өміріне қысқаша тоқталу.
Дүйсекеев Кеңес Дүйсекеұлы (1946) — композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1994). Алматы консерваториясын бітірген (1974). 1974 — 1976 жылдары “Гүлдер” ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1975 — 1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен “Тамаша”, “Халық — талант қайнары”, “Шабыт”, “Жастарға арналған музыкалық кештер”, “Музыка әлемінде”, т. б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды.
К. Дүйсекеевтің «Туған жер» әні көңілді, жайдары, орташа екпінде орындалады.

Туған жер.
1. Жайлау гүлге тұнатын,
Атам, әжем тұратын.
Мен ауылды,
Мен ауылды сүйемін.

2. Көше гүлге тұнатын,
Папам, мамам тұратын.
Мен қаланы,
Мен қаланы сүйемін.

3. Атам, әжем мекені,
Папам, мамам мекені.
Туған жерді,
Туған жерді сүйемін.

Шығармашылық жұмыс.
Үйренген ән мазмұнына байланысты сурет салу.
Сабақты қорытындылау.
Үйге тапсырма: «Туған жер» әнін жаттау.
10 981
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Аңыздан жаралған аспаптар
Аңыздан жаралған аспаптар
Ән әуеніне қызығушылығын арттыру, ұлттық музыканы сүюге, үйренуге, тыңдай, білуге баулу
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Тайынша қаласы, №5 орта мектептің музыка мұғалімі Есмуханова Самал Жанатлековна
Сал – серілік дәстүр және кәсіби музыка
Сал – серілік дәстүр және кәсіби музыка
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, №42 бастауыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Ахметова Гауһар Жылқыбайқызы
Күй құдіреті
Күй құдіреті
Қарауылкелді орта мектебінің музыка пәні мұғалімі: Жазымова Задаш
Дәстүрлі күйшілік өнер
Дәстүрлі күйшілік өнер
Ақтөбе қаласындағы №34 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Оразова Алтынай Махметжановна
Ақсақ құлан
Ақсақ құлан
Атырау облысы,Исатай ауданы, Жанбай селосы, Х. Наубетов атындағы орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Есқалиева Ақзагүл
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×